Ыбырай Алтынсариннің сан салалы қызметі мен өмірі жайлы сақталған деректер мен материалдар өте көп, олардың дені ағартушының өз қаламынан шыққан.
Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы қазанның 20-шы жұлдызында (қарашаның 1-ші жұлдызы) Орта жүздің қыпшақ руында дүниеге келген (Қостанай облысының Затобол ауданы). Әкесі 1844 жылы Кенесары шапқыншылығы кезінде қаза табады да жас Ыбырайды атасы, белгілі би Балғожа Жаңбыршыұлы тәрбиелейді.
1844 жылы патша өкіметі Орынбор Шекаралық комиссиясының жанынан қазақ балаларын оқытып песірлер мен тілмаштар дайындайтын арнаулы мектеп ашу туралы шешім қабылдайды.
1846 жылы наурыздың 5-ші жұлдызында Балғожа Жаңбыршыұлы ашылмақ мектепке немересі Ыбырайды кандидат етіп қабылдау жөнінде Орынбор Шекаралық комиссиясының председателі генерал-майор М.ВЛадыженскийге өтініш жасайды. Орынбор шекаралық комиссиясының сол жылғы наурыздың 5-ші жұлдызындағы журналдағы қарары бойынша Ыбырай Алтынсарыұлы жаңадан ашылмақ мектепке кандидат болып қабылданады.
1850 жылдың көкектің 19 жұлдызында генерал - майор М.В.Ладыженский сұлтан-правительдерге бұйрық хаттарын жібереді, онда қазақ балаларына арналған мектептің ашылар уақыты таянғанын, сондықтан да мектептің ашылу күніне дейін оның болашақ шәкірттеріне қажетті киім мен аяқ киім тігіліп дайын болуы үшін оларды алдын ала жеткізу қажет делінген. Сұлтан- правительдер мектепке түсетін кандидаттар комиссияға шілденің 1-ші жұлдызына дейін келуі керек деп хабарлайды. Кейін бұл мерзім тамыздың 1-ші жұлдызына дейін шегеріледі.
Мектепке 8-12 жас аралығындағы балалар қабылданатын. Ыбырай 9 жаста еді. Атасы Балғожа Шығыс бөліктің сұлтан-правителі арқылы Шекаралық комиссиядан жол шығынын өтейтін қаржы алдырады. 1850 жылы шілденің 21-23 жұлдызы аралығында көп халықты жинап той жасап, сүйікті немересі әрі мұрагері Ыбырайға батасын беріп, өзінің сенімді көмекшісі Жетібай Өтемісұлымен (Кенесары шапқыны кезінде ол бесікте жатқан Ыбырайды өлімнен арашалап қалған) бірге Орынборға аттандырады. Бұлармен бірге аттанған 10 баланың ішінде Жанбайұлы Жұмағұл, Байдосұлы Момын, Амангелдіұлы Жақып, Айтоқаұлы Едіге, Байжанұлы Жолмұқанбет, Мұңсызбайұлы Нұрым, Ақсаратұлы Сегізбай, Қаржасұлы Құлжан, Көпбергенұлы Құдабай, Көшербайұлы Шамұрат бар еді.
Оқуға түсушілер Орынборға белгіленген мерзімде жетіп, алдын ала дайындалған жеке меншік пәтерге жайғасады. Мектеп ісінің қамқоршысы, колледж профессоры Плотниковтың қатысуымен 1850 жылы тамыздың 1-ші жұлдызында медициналық тексеруден өткізген Шекаралық комиссиясының дәрігері Майдел оларды оқуға жарамды деп табады.
Мектептің ашылу салтанатына үш бөліктің де, тіпті шалғай жатқан адайлардың да ру басылары келеді. Ашылу салтанатының программасына сай тамыздың 20-шы жұлдызы күні күндізгі сағат 12-де генерал-губернатор бастаған әскери және азаматтық мекемелердің шенеуніктері мектеп үйін аралап, сол жерде Орынбор Спас-Преображен шіркеуінің дін қызметкерлерімен бірге дұға оқиды. Бұдан соң олар мектептің шін, жатахана, асхана, аурухананы (изолятор) аралайды. Ал тамыздың 22-ші жұлдызында салтанатқа келген генералдар, штаб офицерлері, азаматтық шенеуніктер, құрметті көпестер және «азиялықтар» мектепті тағы да аралады. Орынбор күмбезді мешітінің ахуны Мұсаұлы Ғұсман бастаған «азиялықтар» намаз оқып, артынан мектеп бақылаушысы кеңесші Кукляшев орыс және татар (татар тілінде ахун) тілдерінде оқушылар мен олардың туыс-туғандарын мектептің ашылуымен құттықтайды. Бұдан соң унтер-офицер мен мектеп бақылаушысының қадағалауымен екі-екіден сапқа тұрған оқушылар мектеп асханасына барып мерекелік дастарханнан түстік ішеді, ал көпшілік жатахана үйінде дайындалған дастарханға шақырылады. Сөз сөйленіп, оркестр гимн ойнайды.
Ертеңінде қала сыртындағы татар слободкасында алыстан келген қазақтарға арнайы мереке ұйымдастырылып, түрлі ұлттық ойындар мен рәсімдерге жалғасқан үлкен қонақасы беріледі.
Орынбор өлкесінің отаршыл әкімшілігі мектептерде қазақтың салт-дәстүрлері мен рәсімдерін сақтау үшін барлық жағдайды жасайды. Осыған байланысты олар оқушыларды көшпенді тұрмыстан «аулақтатуға» емес, қайта дала өмірінің қатаң жағдайында оларды шынықтыруға бейімделеді. Осыдан келіп оқу процесі де қазақ ауылының көшпенді тұрмысына мейлінше жақындатылады.
Осы мақсатпен Орынбор шекаралық комиссиясы мектеп ашылар жылдың (1850ж) жазында оқушыларға арнап ішінде керек-жарақтың бәрі бар, ұлттық киім-кешек, көйлек-дамбал, аяқ киім, кітапханасы, денешынықтырумен айналысатын құралдары, мал дәрігерлік құралдары бар 4 ақ киізден жасалған 1 қоңыр үй (ас үй) және де бұларға арнап бір үйір сауын биелері мен керемет ер-тұрманы бар мініс аттарын сатып алды, бұл оларды салт атқа мінуге үйрететін әрі қымызбен қамтамасыз ету үшін керек болды.
Екі ай бойы олар Орынбор маңындағы далалы жерлерде (көшпелі тұрмыс жағдайында) оқитын; ал мектепте оқыған кездерінде оларға қазақтың ұлттық тағамдарын беруге барынша назар аударылатын.
Ыбырай мектепке қабылданған соң оның жанына еріп келген қамқоршысы Жетібай Өтемісұлының аулына қайтуына рұқсат етіледі. Алайда Ыбырай Шекаралық комиссиясының төрағасынан оның қала тұруын аса өтінеді. Оның бұл тілегі қанағаттандырылады. (Орынбор шекаралық комиссиясының мәжіліс журналы 1850 жыл, тамыздың 9-шы жұлдызы).
Орынбор әкімшілігінң Өтемісұлын үйіне қайтаруға жасаған кезекті әрекеттеріне қарамастан Алтынсарин үсті-үстіне асқан табандылықпен оны қайтармауын өтінумен болды, нәтижесінде әкімшілік Өтемісұлын әуелінде бір жылға, кейін оқу аяқталғанша, Шекаралық комиссиясының мәжіліс журналында жазылғандай, тұрмыс ақысын төлеп қалдыруға мәжбүр болады.
Мектеп оқушыларына (басқа пәндермен қатар) орыс, араб, татар және парсы тілдерін оқытатын. Бұл мектепті тәмамдаған қазақ баласы тәртіп бойынша аталмыш тілдермен қатар мұсылман дінінің қағидаларын да біліп шығатын. Мектеп бақылаушысының жылдық есебінде: оқушылар бүкіл оқу кезеңінде грамматикалық ережелерді қатаң сақтай отырып ауызша айтылғандарды жатқа жазумен айналысатын. Олар шығыстың яғни, татар, араб, парсы тілдерінде көркем жазу үлгісі бойынша жазатын. Мұсылман дінінің шариғаттарын Орынбор мешітінің ахуны Ғұсман Мұсаұлы үйретеді де, ал араб, парсы, татар тілдерін белгілі шығыстанушы Мірсалық Бекшораұлы оқытатын. Шәкірттер мұсылман дінінің иман-шарт пен сүреге енген барлық қағидалар мен заңдарын өтетін. «Құранды бүкіл оқылу ережелерін сақтай отырып жатқа оқитын» - делінген есептердің бірінде. «...олар (шәкірттер – Б.С) қасиетті кітап Мұхтасарға дейін оқитын және құранның сүрелерін түсіндіре алатын...» - деп көрсетілген тағы бір есепте.
Бүкіл оқу кезеңінде Алтынсарин тек қана «үздік» деген бағалармен оқиды, сол үшін оған әлденеше рет алғыс та жарияланады. 1853 жылы мамырдың 31-ші жұлдызында жазылған «Сынақ актісінде» - үздік үлгірімі мен көргенділігі үшін барлық оқушылар алдында Алтынсаринге алғыс жарияланады. Сол жылғы мамырдың 31-жұлдызындағы «Бітірушінің сынақ актісінде» былай делінген: «Сынаққа қатысушылардың қорытындысы бойынша, үздік үлгірім мен көргенділігі үшін мақтау қағазымен ІІІ кластан Құлыбеков, Қоспақов, Мұңсызбаев, Алтынсарин және Көшербаев, ІІ кластан 2 – ші Саматов наградталады». Мектепті алғаш бітіруші 20 оқушы болса, оның 8-і келесі жылға қалдырылады.
Мектепті тәмамдаған соң Ыбырай Алтынсарин оқыған пәндері мен олардан алған бағалары қойылған. Орынбор шекаралық комиссиясының председателі мен мектеп қамқоршысы әрі бақылаушысының тиісті қолдары қойылып, Орынбор шекаралық комиссиясы мен мектеп қамқоршысының мөрлерімен бектілген куәлікті қолына алады. Куәлікпен бірге 1857 жылы тамыздың 31 жұлдызында куәлікті алғаны жөнінде Мұхамеджан Жантөринге Алтынсариннің өз қолымен жазған қолхаты бізге жетіп отыр.
Мектеп бітірушілерді шығарып салудың ресми салтанатында сұлтан-правительдерге олардың қандай қызметке пайдаланатыны жөніндегі бұйрық тапсырылып, салтанатты аяғы тойға ұласады. Туған ауылдарына олар арнайы үлгімен тігілген киімдермен оралады.