Мектепті тәмамдаған соң үш жылға таяу (1857-1859 жыл аралығында) Ыбырай Орынбор шекаралық комиссиясы тағайындаған қыпшақтардың ұзын руының әскери старшыны атасы Балғожа Жаңбыршыұлына тілмаштық қызмет атқарады. Кейіннен, 1859 жылғы тамыздың 1-ші жұлдызынан бастап Орынбор облыстық басқармасында кіші тілмаш қызметінде болады. 1860 жылы облыстық басқарма оған Орынбор бекінісінде (Торғай қаласында) қазақ балаларын оқытатын бастауыш мектеп ашуды жүктейді әрі өзі сол мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып тағайындалады.
Шалғай жатқан қалашықта мектеп ашу ісі оңайға түспейді: қаражат, мектеп үйі, оқулық дегендер атымен жоқ еді. Бұл маңызды іске облыстық басқарма да, жергілікті орындар да салғырт қарайды. Алайда бұл кедергілер Алтынсаринге тосқауыл бола алмайды. Ағарту ісіне жан-тәнімен құлшына кіріскен ол ауыл-ауылды аралап халыққа білім берудің маңызын түсіндіреді. Әрі қолдау да табады. Жергілікті халықтан қаржы жинап алған соң мектеп үйін салуға шұғыл кірісіп, көп ұзамай салынып бітеді. Бұл ғимарат күні бүгінге дейін сақталған. Құрылыс ісі жүріп жатқан кезде бекініс комендантына тілмаштық қызмет атқара жүріп, Ыбырай ауылдан 4 бала алдырып өз үйінде оқыта бастайды. 1864 жылы қаңтардың 8-ші жұлдызында көп халық жиналып салтанатты түрде мектеп ашылады. Ақындар айтысып, той жасалған бұл мерекеде 14 бала мектепке жазылады. Біраз уақыт өткен соң тағы екі бала қосылады. Халықтан жиналған қаржы есебінен мектеп жанынан балаларға интернат ашылады.
1864 жылы наурыздың 16-шы жұлдызында Ильминскийге жазған хатында былай дейді: «...балаларды оқыту ісіне мен құлшына кірістім, мені ерекше таңдандырған нәрсе – бұл балалар не бары үш айдың ішінде оқуды тіпті орысша, татарша жазуды да үйреніп алды».
Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметі осылайша басталған еді...
Ыбырай Алтынсарин дүниетанымының қалыптасуы помещиктердің езгісіне қарсы өрістей түскен шаруалар көтерілісінен сескенген патша өкіметінің крепостниктік тәртіпті жоюға мәжбүр болып отырған кезеңіне тұспа-тұс келеді. Россиядағы крепостниктік правоның жойылуы капиталистік өндірістің жылдам дамуына, революциялық демократиялық қозғалыстың күшеюіне әкеліп соқты. Н.Г.Чернышевский, И.А.Добролюбов, А.И.Герцен және басқа да Россияның түрлі демократиялық интеллигенциясы орыс халқын самодержавиеге қарсы күреске үндеді; экономикалық демократиялық мәдениет пен өнердің даму жолдарын нұсқады. Белинскийдің «Гогольге хаттары», Чернышевскийдің «Не істеу керек» романы, Некрасовтың «Орыс әйелдері» поэмасы алдыңғы қатарлы интеллигенция арасында кеңінен танылып зор беделге ие болды.
Россияның алдыңғы қатарлы қоғамдық ой-пікірі Белинский, Герцен, Чернышевский идеяларының ықпалымен дамыды. Бұлардың идеялары ХІХ ғасырдағы аса көрнекті қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтарға да өзінің зор ықпалын тигізді. Қазақтың бұл ағартушыларының көзқарастарының қалыптасуына негіз болған алдыңғы қатарлы орыс мәдениеті мен демократиялық саясаттының дүниетаным қалыптасуының енді бір көзі – сол кездегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік жағдайлар еді. Сондай-ақ олардың көзқарасына алдыңғы қатарлы шығыс халықтарының мәдениеті де әсер етпей қойған жоқ.
Бұлар өзара бірін-бірі білуші ме еді деген заңды сұрақ туады. Бұл, әрине, арнайы зерттеуді керек ететін мәселе. Алайда бұл тұрғыда бір-екі ауыз айта кеткен орынды тәрізді. Біздің ойымызша, олардың бірін-бірі білуі, яғни жарияланған еңбектері арқылы тануы шүбәсіз нәрсе.
Санкт-Петербург университетінің оқытушысы, татар оқымыстысы Құсайын Файзхановтың Н.И.Ильминскийге жазған екі хаты бізге белгілі. Алғашқысында, қазанның 4-де жазған хатында ол, сол жылы жазда Орынборда болған кезінде Орынбор шекаралық комиссиясының аға тілмашы Ыбырай Алтынсаринмен танысқанын айта келіп, Ильминскийден Алтынсаринге жазған келесі бір хатында (1862, қаңтар) Қ.Файзханов өзінің қазақ досы Ыбырай Алтынсарин жайында аса жылы лебіз білдіреді.
Ыбырай Алтынсарин мен Фаизхановтың танысуы Уәлихановтың Петербургте болған кезеңімен тұспа-тұс келеді екен. Ол осы Ильминскийге жазған екінші хатында Петербургте Ш.Уәлихановпен болған кездесуі жайында жазады. Уәлиханов туралы жылы лебіз білдіре отырып Қазан гимназиясындағы оқитын оның кіші інісіне қамқор болуын өтінеді. Бұл деректерден Ш.Уәлиханов пен Ы.Алтынсарин бір-бірін сөзсіз білді деген қорытынды жасауға болады.
Орыс-қазақ мектептерінің оқытушыларына көмекші-құрал ретінде Алтынсарин орыс жазушылары мен педагогтарының еңбектерін ұсынатын: Ушинскийдің «Балалар әлемі», Бунаковтың «Әліппе және мектеп пен үйдегі оқу кітабы», Крыловтың «Мысалдары», Кирпичниковтың «Грамматикасы», Тихомировтың «Грамматиканың бастапқы курсы. Дұрыс жазу емлесі», Л.Толстойдың «Әліппе және оқу кітабы», Водовозовтың «Оқу кітабы», Лубенцтің «Арифметикасы», Евтушевскийдің «Арифметикасы», Пуцыксовичтің «Географиясы», Острогорскийдің «Орыстардың қысқаша тарихы», Беллярминовтың «Жалпы тарихы», Гуревичтің «Тарихи хрестоматиясы», Фармаковскийдің «Орыс тарихы», Сент-Илердің «Зоологиясы», Гердтің «Минералогиялық қысқаша курсы», Оливердің «Ботаникасы», Крюгердің «Элементарлық физикасы» т.б.
Мектептен тыс оқылатын оқулық ретінде мына педагогтардың құралдары пайдаланылатын: Филье «маңызды жаңалықтар мен өнертабыстар», Зубов «Табиғат жайлы әңгіме», Константинович «Химиялық әңгімелер». Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің шәкірттеріне арнап екі оқу құралын жазуды аса қажет деп біледі. Оқулықтарды құрастыру ісіне ол Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалмастан бұрын кіріседі. Бұл оқулықтарды құрастыруды ол 1879 жылы тамамдайды да сол жылы облыстық инспекторлық қызметті атқара жүріп «Қазақ хрестоматиясы» және «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастапқы құралы» деген кітаптарды жарыққа шығарады.
Бұл екі кітапты басып шығару үлкен еңбекті қажет етеді. Өйткені ол кезде Орынборда қалыптасқан полиграфиялық база жоқ еді, оның үстіне Алтынсарин енгізген орыс графикасына негізделген жаңа қазақ алфавитімен қазақ кітабын басып шығару оңай болмайтын.
Орыс графикасына негізделген қазақ алфавитін жасауға Торғай және Ырғыз бекіністеріндегі далалық ағарту мектептерінің мұғалімдері мен жоғары класс оқушыларын тарта отырып, Алтынсарин бұл іске 3 жылдай уақытын жұмсады.
Корректор болмаған себепті Алтынсарин кітаптың басылымын өзі қадағалап, кітап жарыққа шыққанша корректурасына дейін өзі оқуына тура келді.
«Қазақ хрестоматиясы» мен «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» екі мың дана тиражбен жарық көрді де, Қазақстанның түкпір-түіпіріне тарап кеткен-ді.
«Қазақ хрестоматиясы» К.Д.Ушинскийдің «Балалар әлемі» және басқа да орыс классикалық педагогикасының үлгісінде жасалды. Ол мынадай бөлімдерден тұрады:
1. Тақпақтар, балаларға арналған әңгіме, ертегілер, оқушылардың туысқандарына хат жазу үлгілері;
2. Үлкендерге арналған әңгімелер;
3. Ауыз әдебиетінің үлгілері;
4. Мақал-мәтелдер.
«Қазақ хрестоматиясының» кіріспе мақаласында Алтынсарин: «Бұл тұрғыда жазылып отырған алғашқы еңбек ретінде хрестоматияның бәлкім кейбір кемшілік жақтары бар шығар, алайда бұл кітап ізсіз қалмас, алғашқы оқу кітабы ретінде өзінің міндетін орындай алар деген үміттемін» деп жазады. Автордың бұл сөздерінен кітаптың нендей мақсатта жазылғаны айқын аңғарылады.
Алтынсариннің «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» кітабы 8 бөлімнен тұрады:
1. Зат есім;
2. Сын есім;
3. Сан есім;
4. Есімдік;
5. Үстеу және шылау;
6. Көмекші сөз;
7. Етістік.
Сондай-ақ қазақ тілінен орыс тіліне аударудың кейбір үлгілері енген. Бұл қазақ балаларына орыс тілін үйрететін алғашқы оқу құралы еді. Және өзінің түсінікке жеңілдігімен, орыс грамматикасының негізгі ережелерін анық жеткізе білуімен ерекшеленетін.
Ыбырай Алтынсарин бұл екі кітабының Қазақстан мәдениеті тарихында жазба әдебиет ескерткіші ретінде де, ғылыми негізде жасалған оқу құралы ретінде де аса маңызды орынға ие болып отыр.
Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық қызметінде балаларды оқыту және тәрбиелеу жұмысы ерекше орын алады. Мектептердегі оқыту мен тәрбие процесінің басты қозғаушысы ретінде мұғалімдердің ролін ол аса жоғары бағалайды. Халық мектептері үшін мұғалім – бәрі де болып табылады деп жазды ол; олармен ешбір керемет педагогикалық басшылық та, мұқият инспекторлық бақылау да теңесе алмайды».
Мұғалімдер өз шәкірттерін сүйе білуі және олардың ата-аналарына сүйікті бола білулері керек деп есептейді ол. Тек сонда ғана тәрбие мен білім беру ісінде алға қойған мақсаттарға жетуге болады.
Алтынсарин мұғалімдерге әкелік қамқорлық жасап, оларға әр уақытта, тіпті жеке мәселесінде де кеңес беріп отыратын, сөйте тұра балаларды оқыту мен тәрбиелеу жұмысында аса қатаң талап қоя білетін.
Мұны біз Алтынсарин мұғалімдерге кіммен істес болып отырғанын ұмытпау керегін есіне салып отыратын. Сен балалармен жұмыс істеп отырсың, егер де оқушы бірдемені түсінбесе олардың өзіне сілтемей, түсіндіре алмағаныңды өзіңнен көруің керек, әрбір пәнді шын көңілден жаттанды тіркестер мен қажетсіз терминдерсіз қарапайым тілмен шыдамдылықпен түсіндір, өйткені оқудың көнекілігі оқытудың қарапайым әдісі мен мұғалімнің түсіндіре білуіне байланысты».
Алтынсарин балаларға өнегелі тәрбие беру аса маңызды іс деп білетін. Ол шәкірттерді адамгершілікке, адал еңбекке, Отанды сүюге тәрбиелейтін. «Барлық күш-жігерімді олардың мінез-құлқына да ықпал етуге жұмсаймын, кейін парақор біреу болып шықпауы үшін» - деп жазады ол.
Ыбырай Алтынсарин балаларды тәрбиелеу мен оқыту ісін заңды түрде алғаш бастаушы, революцияға дейінгі Қазақстанда педагогикалық ой-пікірдің негізін қалаушы болып табылады.