1.3 Ыбырай Алтынсарин – қазақ балалар әдебиетінің атасы Ұлы орыс халқының ХІХ ғасырда жасалған классикалық мол әдебиеттерімен танысқан Ыбырай Алтынсарин балаларды тәрбиелеуде, оқытуда, олардың ой-санасына қозғау салып жетілдіруде өзінің педагогикалық идеясын іске асыру үшін, алдымен балалар әдебиетін жасауға бет бұрды. Балалар әдебиеті тақырыбына жазылған орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды, оларды жас ұрпақтарымызға үлгі етіп ұсынды. Бұл қазақ халқы үшін, әсіресе, оның жас ұрпақ балалры үшін аса игілікті іс, жаңа бастама еді.
Ыбырай Алтынсарин И.Крыловтың «Егіннің бастары», «Қарға мен түлкі», «Қайырымды түлкі», Лев Толстойдан «Полкан деген ит», «Силинші», И.И.Дмитриевтен «Екі шыбын», орыс хрестоматияларынан, көбінесе Паульсонның хрестоматиясынан «Тәкаппаршылық», «Дүние қалай етсең табылады», «Талаптың пайдасы», «Үш ұры», «Алтын шеттеуік», «Аурудан – аяған күштірек», «Әке мен бала», «Білгеннің пайдасы», «Асыл шөп», «Бақша ағаштары», «Жаман жолдас», «Мейірімді бала» сияқты көптеген шығармаларды аударды.
Бұл шығармалардың барлығы да әрі қысқа, әрі мазмұнды, әрі көркем, баланың жас ерекшелігі мен білім көлеміне сай, түсінуге жеңіл, тәрбиелік жағынан шебер, құрылған шығармалар. Баланы тәрбиелеу аса маңыды, қажетті әрі жауапты мәселе екенін айта келіп, балалар кітабы тәрбиелеу үшін жасалады, тәрбие жұмысы ұлы мәселе, ол адам қатысуымен шешіледі дейді Белинский. Орыс классиктерінің балалар әдебиеті тақырыбына жазған кітаптарының барлығы да Белинскийдің осы қойылған талаптарына сай жазылған. Ыбырай Алтынсарин да осы тұрғыдан қарап, орыс классиктерінің балалар әдебиетіне тән еңбектерін ғана іріктеп ала білгенін, аударғанын көреміз. Белинскийдің балалар әдебиеті тақырыбына жазылған кітаптарға зор баға бере келіп, мұндай кітаптар отанына сүйіспеншілікпен, қайырымдылықпен қарайтын идеялармен толыққан болсын. Кітап қорқақтық, жасқаншақтық, өзімшіл, такаппаршыл болудан, өтірік-өсек айтудан балаларды жиренетін жаман қылықтарға қарсы күрес жргізетін дәрежеде жазылсын деген талаптар қояды.
Ыбырай балалар әдебиетіне тән көп шығармалар берді. Бұл шығармаларды жазуда алдына үлкен мақсаттар қояды. «Мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшыл тұрмыстың артықшылығына үйретудің өзі қазақ даласына тәрбиелік мәні бар жұмыс деп білемін» - дейді. Алтынсариннің барлық өлеңдері мен әңгімелерінің мазмұнында негізінен өзі айтқан осы идея баяндалып отырады.
Халықты және олардың жас өрендері оқуға, өнер-білімге шақыруд Ыбырайдың ұран салып, ту етіп көтергені, әрқашан жаңарып, түрленіп, құлпырып, оқыған сайын сүйсіндіріп отыратын, ескірмейтін еңбегі: «Кел, балалар, оқылық», «Өнер – білім бар жұрттар», «Әй, достарым», «Әй, жігіттер деген өлеңдері.
«Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!» -
деп ұран салады. Ыбырай бұл өлеңдерінде алдымен сауат ашу, оқыту мәселесін бірінші орынға қояды, баланы оқыту барысында тәрбиелеу керектігін түсіндіреді. Оның өлеңдері мен әңгімелерінің қай-қайсысы болмасын балаға тәртіпті, үлгілі, өнегелі кісі болуды уағыздайды. «Сауатсыз адам саясаттан тыс тұрады, оған ең алдымен әліппені үйрету керек. Онысыз саясаттың болуы мүмкін емес, онысыз тек ұзын құлақ өтірік, жоқ нәрсеге енушік қана болуы мүмкін, бірақ ол саясат болмайды» - дейді.
Баланы жан-жақты түсінігі бар, айтқанды тез ұғатын, қабілеті күшті азамат етіп шығару үшін, алдымен оқыту керек. Ол сонда ғана тәртіпке түсінетін, оған мойынсынатын саналы азамат болып қалыптасады. Оқудың пайдасы, оқу арқылы баланың көп нәрсеге жетілетіні жайында Ыбарай шығармаларында аз айтылмаған. Оқыған мәдениетті, азаматтың өмір сүруі де, еңбектенуі де анағұрлым жеңіл және көңілді болатынын ескертеді. «Өнер – білім бар жұрттар» деген өлеңінде өнер-білім, техникасының пайдасын айта келіп, балаларды, жас өспірімдерді мәдениетті ұлы орыс халқының қатарына қосылуға, соған жетуге, солардан үлгі-өнеге алуға шақырады. Ғылым табыстарын мадақтайды.
«Өнер – білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден
Көзіңді ашып - жұмғанша
Жылдам хабар алғызды», -
деп, радио, телефон,телеграфты айтса,
«Мың шақырым жерлерге
Аты жоқ құр арбаны
Күн жарымда барғызды», -
деп, поезд бен автомашинаны үлгі етіп көрсетті.
Мұнда бұрын естімеген, білмеген ұғымдар өмірге келді. Бұдан біз Ыбырай Алтынсарин қазақ балалар әдебиетіне көркем творчествоның жаңа түрін енгізгенін байқаймыз. Бұл өлеңнен адамды таң-тамаша ететін, кісі қызығарлық, соған құштарлығыңды арттыра түсетін техникалық эстетика көрініс тауып отыр. Осындай техникалық білім алу дәрежесіне оқу және үздіксіз оқу арқылы ғана жетуге болатынын оқымаған қараңғы халықтың жастарына дәлел етіп, үлгі етіп көрсетті. Ғылым адамды әр түрлі апаттан алып шығады, құтқарады. Сауатсыз, қараңғы адам жаратылыстың тілсіз сұрапылының құрбаны бола бермек, оған қарсы күресуге дәрменсіз. Мұндай дәрменсіздіктен арылу үшін, ғылым, тағылым табыстарын тез игеріп, орыс халқының ілімінен, мәдениетінен үздіксіз үйрене беру керек деп жар салды. Өзінің жас шәкірттеріне ғылым табыстарын мақтан ете жырлады. Білім мен техниканы өз шығармаларының арқауы етіп, әр түрлі жолдармен әрқашан ұқтырып отырды.
Ғылым, өнер, техника жайларын сөз еткенде, Ыбырай балалардың ұғымындағы түсініктерден алыс кетпейтін, өздерінің күнделікті естіп, біліп, айтып жүрген сөздері арқылы беруге ұмтылады. Ыбырай ғылым, өнер, техника, мәдениет жақтарын балаларға оңай түсіндіру үшін халықтық стильден алыс кетпеген.
Бала тәрбиелеуде Ыбырай Алтынсарин ананың роліне ерекше маңыз беріп, оның аналық махаббатын, бала өсірудегі үздік қызметін тамаша суреттеген. Баланың алғашқы тәрбиесі ананың қолында болатынын айтқан. Өйткені бала ананың бауыр еті, соғып тұрған жүрегі деп бағалаған:
«Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Қаймақты сүттей қалқытқан,
Суық болса жөргегін
Қорғасын оқтай балқытқан.
Айналасына ас қойып,
Изенді көлдей шалқытқан.
Қолын қатты тигізбей,
Кірлі көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан».
Бала тәрбиелеуде бұл ана еңбегін қадірлей білген үздік баға деуге болады. Балаға осындай өлеңдерді оқып берсе, өздеріне жаттатса, ана қадірінің теңдесі жоқ қымбат та қадырлы екенін сонда ғана сезіне бастар еді. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген сияқты ана еңбегін қадірлемеу, сыйламау, кейде тыңдамай кету болмас та еді. Балаға бірінші берілетін тәрбие әрқашан ата-анасын, өзінің жақын достарын сыйлауға үйретуден басталуға тиісті.
Ата-анасын сыйламайтын бала ол жолдасына да, қоғамға да ешқандай дұрыс қызмет ете алмайды. Өзін әлпештеп өсірген адамға немқұрайлы қараудан, анаға опасыздық етуден ауыр қылмыс жоқ. сондықтан ана қадірін түсіне білу керек дейтін жалпы халықтық қағиданы әрқашан баланың зердесіне салып отыру – әрбір тәрбиешінің борышты міндеті дегенді Ыбырай Алтынсарин көп ескерткен. «Мақтасақ әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді. Әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін, сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе...» деп совет әдебиетінің негізін салған М.Горький ана қадірін данышпандықпен таныта білген.
Ал «Ананың сүюі» деген өлеңі бала жанын тебірентерліктей мұнан да күшті, мұнан да әсерлірек жазылған.
«Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,
Қуанышқа қуанып, қайғыңа күйетұғын.
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын!
Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең.
Ұмытпа ең кемінде жұлдыз сайын,
«Хат жазып тұр төбесі көкке жетсін!» -
деп ана қадірін аяққа бастырмауға үндейді. Ана жүрегі, ананың аялы алақаны қашан да құдіретті екенін естен қалғысыздай етіп жадында сақтауды міндеттейді.
«Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше.
Сендер қайтып келгенше адам болып,
Еш арманым болмас ед өле-өлгенше!».
Әдебиет адам тану құралы дейміз ғой, Ыбырай Алтынсарин ана құдіретін, ана образын жас өспірімдерге әдебиет арқылы танытып отыр. Бұл жолдар баланы ананың жан дүниесіне үңілтеді. Ананың балаға берілгендік сезімі мен оған бақыт тілеген ізгі ниеті жас өспірімдерді тербіретінтіп жібереді. Оқушы қауыс мұндай өлеңдерден өздерінің толғаныс-тебіреністерін, ой-қиялын табады. Мұнда аналық мейірімнен туған аналық қасиеттің молдығын, асылдығын балаларға ұғындыру мақсаты көзделген. Ата-ананы сыйлай білген бала, оның қадыр-қасиетін, түсінген бала басқаның да қадір-қасиетін өз ата-анасындай құрметтей алатын боп өседі.
Балалар әдебиеті алдымен тәрбие жұмысымен тығыз байланысты болғандықтан, ол бір жақты дамымаған. Оның әр алуан саласы, тармақтары болады. Бала тәрбиелеу – балаға өмір жолын танытып, білім беру, сана-сезіміне қозғау салып, әр жақты тәрбиелеу болып табылады. Сондықтан Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған шығармалары да тәрбие жұмысына бағытталған дейміз.
Алтынсариннің «Жаз», «Өзен» деген өлеңдері де өлке тану, айналадағы табиғат құбылысына құрметпен зер салуға бағытталған тәрбиелік орны бар, баланы әралуан іске баулитын әсерлі шығарма.
«Көл бұзылып, көк шығып, қойнын ашса,
Қаңқылдап қонар оған қаз бен тырна», -
Деген шумақтар табиғат әлемінің әр алуан сұлу да көркем көріністерін көз алдыңа келтіріп, көңіліңе эстетикалық әсер қалдыру арқылы өмір танытады. Табиғаттың осындай мінсіз сұлулығын адам ғана түсіне алады. Творчестволық шабыттың қайнар көзі де теңдесі жоқ осы бір сұлулықтан, оның ерекше эстетикалық әсерінен табылмақ. «Өзен» деген өлеңінде:
«Таулардан өзен ағар сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта
Аралап тау мен тасты арқыраған», -
деп, Ыбырай өзенді оның сұлу көріністері үшін ғана тектен-тек суреттеп отырған жоқ. Әсемдік сезімі көкірегіне ұялаған, жақсылыққа жаны құмар, эстетикалық талғамы жетілген, әрбір адам табиғатты осылай қызықтайды. Адамның тіршілік тірегіне, шаруашылық экономикасына байланысты ондағы әржақты пайдалы белгілерін көрсетіп отыр. Бұл өлеңді оқыған азамат, әсіресе, жас өспірімдер жаратылысытың осындай байлықтарының көзін тауып, өзінің қажетіне жұмсай білсін, пайдасына асырсын, жайдан-жай ағып жатқан пайдасыз өзен екен ғой деп қарамасын дегенді үйретеді. Сонымен қатар адамның қандай қасиеттерін өтейтінін де саусақпен санағандай етіп, даралап көрсете білген...
Ыбырай Алтынсариннің «Жаз» деген өлеңі Абайдың «Жазғытұрым» өлеңімен көркемдік жағынан да, мазмұны жағынан да үндесіп отырады. Екеуінде де асыға келген алты ай жаз адам тіршілігіне қолайлы да шаруаға ыңғайлы кезең екендерін білдіреді. Бұл кезеңді елең-селеңмен бос өткізбей, шаруаның пайдалы жақтарына жұмсап, дұрыс пайдаланып, оның қадіріне жет дегенді ескертеді. Осының өзі жас өспірімдерге көп өнеге, көп үлгі...
Жас өспірімдерді өнер-білімге, оқуға, ұлы орыс халқының озық мәдениетінен үлгі-өнеге алуға шақырумен қатар, Ыбырай Алтынсарин балаларға отырықшылық тұрмыстың артықшылығын, белгілі бір мекен болудың жақсы жақтарын түсіндіруді мақсат етті. Жер, қолөнер кәсіптерімен айналысудың пайдалы жақтарын айтты. Ыбырайдың «Киіз үй мен ағаш үй», «Қыпшақ Сейітқұл» деген ықшам жазылған қысқа әңгімелерінде дәл осындай жағдайлар суреттеледі.
«Қыпшақ Сейітқұл» деген әңгіме көлемі жағынан өте қысқа жазылса да, мазмұны терең, күрделі істі, әлеуметтік мәселені қамтиды. Оның қызықты болатыны осындай қасиеттерінде деп түсінеміз. Дәл бүгінге дейін маңызын жоймай келе жатқаны осы себептерден деп білсек керек.
Сейітқұл дейтін отыз үйлі тобырды, жарлы-жақыбайларды қалай етсем байытам, қалай етсем халық қатарына қосамын деген ойға қалады. Сауда етуге малы жоқ, ұры-қарлықпен күн көруге болмайды. «Жортуыл басы жолда қалады» деген халықтың даналық сөзі жаман іске аяқ бастырмайды. Ақырында Сейітқұл тұрақты мекен іздейді. Торғай төңірегіндегі Қабырға деген өзен-судың жағасын ұнатып сол жерді мекен етеді. Жоқшылықтың зардабын көп көрген жалаңаш-жалпы кедейлерді сол жерге көшіріп келеді де, отыз үйлі кедейге кетпен ұстатып, егіншілік жұмысты кәсіп етеді.
Барымташы әдет еткен Сейітқұлдың ағасы бұл ынтымаққа көнбей, Түркістан жақта қалып қояды. Бір жерді тұрақты мекен еткен Сейтқұл ауылы бірден-бірге көтеріліп, шаруалары күйлене бастайды. Мұны көріп әрбір көшпелі елдегі жарлы-жақыбайлар жиналып, бес-алты жылдың ішінде Сейітқұл ауылы дейтін іргелі елге айналады. Шымнан биік-биік қорған салдырып, бұл жерді шаһарға айналдырып жібереді. Мұндай ынтымаққа көнбей Түркістан жағында қалып қойған Сейітқұлдың баяғы ағасы ұрлыққа аттанып жүргенде қолға түсіп, белгісіз біреулер өлтіріп кетеді.
Бұл әңгіме отырықшы тұрмыстың артықшылығын айта келіп, байларға жалданбай-ақ өз бетімен еңбек ету арқылы да дәулетті тұрмыс құруға болатынын дәлелдейді. Екіншіден, отырықшы халықтың ынтымағы да, бірлігі де, шаруашылық экономикасы да күшті болатынын суреттейді. Үшіншіден, мәдениет пен ғылым тек отырықшы халықтарда ғана болатынын айтады. Төртіншіден, оңай олжа табу үшін барымтамен күн көрудің баянсыз болатынын дәлелдеп, балаларды одан жирендіреді. Ыбырай шығармаларының тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, оқушысының санасын оятып, сүйсіндіре түсетін құнды жақтары осынысында. Балардың түсінігіне жеңіл тиетін ерекшелігі де осы тұрғыдан баяндалады.
Отырықшылық мәселесінің тиімді жақтарын айқындап, тереңдете түсетін Ыбырайдың екінші шығармасы – «Киіз үй мен ағаш үй» әңгімесі. Бір жерді түкпілікті мекен ету үшін киіз үйден ағаш үйдің пайдалы екенін айта келіп: «Мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшылық тұрмыстың артықшылығына үйретемін» - дейді. Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған қай шығармасын алсақ та, онан жас өспірімдерге үлгі-өнеге берерлік, болашағына жол сілтерлік, оларға өмір танытарлық және іс-әрекетке үйретерлік мол дүниенің есігі ашылғандай болады.
Ыбырай творчествосының үшінші көтеретін күрделі мәселесі – еңбек процесі. «Дүние қалай етсең табылады», «Бай мен жарлы баласы», «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Сәтемір хан», «Таза бұлақ» деген әңгімелері еңбектенсең ғана ойлаған мақсатыңа жетесің деген ойды жан-жақты дәлелдейді.
«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде атасы он жасар баласын жетектеп келе жатып, ұшқан құс, жүгірген аңдар тіршілігімен таныстырады, жұмыссыз жүрген бір жан жоқ екенін айтады. Бәрі де тіршілік тірегі - өмір қамын жасауда. «Сәтемір хан» әңгімесінде жеті жасында жетім қалған Сәтемір деген бала ақсақ шегірткенің үйдің төбесіне шығу үшін қаншама әрекет жасағанын көріп, өзінің жұмыссыз босқа ойнап жүргенін ақылсыздық деп табады. Артынша қалаға келіп, біреудің қолында жалшылық ете жүріп оқиды. Ақырында ірі оқымысты болып шығады.
Адамның барлық қабілеті мен іскерлігі, таланты мен талабы тек еңбек арқылы ғана көрінетінін айтады. Ыбырай әңгімелерінің қайсысын алсаңыз да оқушысын нақтылы сендіретін, соған қызықтыратын шынайы көрнекілік бар. Қай әңгіменің болса да оқи отырып, содан үлкен картиналар жасауға болады. Әңгіменің баланы қызықтыратыны, оларды ойға қалдырып, іс пен әрекетке бастайтын ізгі қасиеті де осында.
Еңбек процесі тақырыбына жазылған Ыбырай әңгімелері бірінен бірі асып отырады. Бірін-бірі қайталамайды, әр қайсысының өзіндік қызықты, тәрбиелік күшті жақтары бар. Мұны оқыған бала әрқашан пайдалы, өнегелі істерге үйренді, өнегесіз істерден жирене түседі. Әрқашан ата-анаға болысу борышты міндет деген қорытындыға келеді. Ал баланың өзінің жауапкершілігін түсіну сезімін біле бастауы еңбек етуге төселуден, еңбекті сүйе білуден пайда болады. Бұл әңгімелердің ескірмейтін, тозбайтын өмірлік белгісі осы жақтарында. Еңбек етсең ғана ойлаған мұратыңа жетуге болатынын, өмір сүру жеңіл болатынын ескертеді...
Ыбырай Алтынсарин еңбек еткен адамдарды өмір тәжірибесі мол, қандай жұмысқа болса да икемі бар, өздері кішіпейіл, мейірімді және ешқандай арамдық, зұлымдық істерді білмейтін, қалың бұқараның жайдары өкілі етіп көрсетеді. Ақыл да, терең ой да, оның әр нәрсеге икемділігі де, қиын-қыстау кезеңде жол тапқыштығы да еңбектену арқылы жинақталған өмір тәжірибесінің жемісі екенін білдіреді. Бұған қарама-қарсы еңбекті сүймейтін, ел үстінен күн көретін тоғышарларды, үстем тап өкілдерінің күйректігін суреттейді. «Бай мен жарлы баласы» әңгімесінде жастайынан шаруаға араласқан, еңбек еткен, жас болса да өмір тәжірибесін көп көрген кедей баласы Үсен көбіне тәжірибеге сүйеніп, ақыл-парасатқа салып, көшкен елдің жаңа қонысын тауып алады. Ата-аналарымен аман, сау табысады. Бұл әңгімеде де екі нәрсені бір-біріне қарама-қарсы қойып, салыстыра суреттеу тәсілі бар...
Балалар мен жас өспірімдерді өнер-білімге шақыру, отырықшылық тұрмыстың, жер кәсібімен айналысудың пайдалы жақтарын түсіндіру, оларға еңбек етудің артықшылығын ұғындырумен қатар, Ыбырай творчествосының көтеретін төртінші мәселесі – балаларды ұқыптылыққа, мейірімділікке, әдептілікке үйрету. Осы идеяның бәрі де баланы оқыту, үйрету, тәрбиелеу процесі арқылы іске асатынын Ыбырай дұрыс түсінген, дұрыс шешкен...
Ыбырай балаларға арналған шығармаларында қандай тақырыпта жазса да алдымен нені мысал етіп көрсетуге болар еді деген мәселеге тоқтайды. Балаға қызықты материал іздейді. Жазған әңгімесін өмірде кездесетін, баланың өзі назар аударатындай заттармен, іс-әрекеттермен байланыстырып отырады.
Ыбырай Алтынсарин шығармаларының барлығы да көркем, тілі шебер жазылған. Оны қарапайым, халықтық тілмен бейнелеген. Сол талаптарға орай мазмұны ықшам, оқиғасы қысқа әрі жеңіл, әрі қызықты болып келеді. Нысанаға дәл тиетін ойларды тұжырып айтады, бос сөздік, артық суреттемелер жоқ.
Қорыта айтқанда, баларға арналған көркем әдебиет Ыбырай Алтынсарин жазғандай жас өспірімдерді өскелең мәдениетке жетелейтіндей өмір оқулығы, отаны үшін алысқан күрес құралы болуға тиіс.