«Ұстаз институты»


Ыбырай Алтынсарин – жазушы, этнограф – ғалым



бет6/8
Дата20.02.2023
өлшемі210,5 Kb.
#69621
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Ыбырай Алтынсарин курстық жұмыс

1.4 Ыбырай Алтынсарин – жазушы, этнограф – ғалым

Ыбырай Алтынсарин тек ағартушы ұстаз, қоғам қайраткері ғана емес, сондай-ақ жазушы, этнограф-ғалым болған адам.


Оның қаламынан шыққан «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, той жасау әдет-ғұрыптарының очеркі» және «Орынбор ведомоствосы қазақтарының кісі жерлеу және ас беру рәсімдерінің очеркі» атты қос еңбегі «Императорлық орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімі жазбаларында» (1870 жыл 1-ші щығуы) жариялан «Орынбор ведомоствосы қазақтарының кісі жерлеу және ас беру рәсімдерінің очеркі» атты қос еңбегі «Императорлық орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімі жазбаларында» (1870 жыл 1-ші щығуы) жарияланған. Ал 1874 жылы Ыбырай Алтынсарин осы қоғамның мүше-қызметкері болып сайланды.
Ыбырай Алтынсарин қазақтардың құда түсу және той жасаудағы әдет-ғұрыптарын бекерден-бекер арнайы зерттеп жүрген жоқ, себебі бұл арқылы патриархалды-феодалдық қоғамдағы аса күрделі, бір-бірімен астасып жатқан рулық қарым-қатынастарды көрсете алар еді.
Құдандалы болу қазақтарда ертеден келе жатқан, қоғамдық қатынастардың түрі, «дос – жар адамдар өздерінің достықтарын туысқандықпен» бекіте түсу үшін әлі дүниеге келмеген балаларын атастырмақ боп уағдаласып қоятын деп жазады ол. Алтынсарин құдалықтың көптеген жөн-жоралғыларын сипаттай отырып, олардың аймақтық, әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалын көрсетеді.
Одан әрі Алтынсарин ауыл мен ауылдың арасындағы ұзақ уақ дау-шарға созылатын кейде тіпті ру мен ру арасында барымта мен кісі өліміне дейін апаратын жоқ-жітікті жоқшылыққа ұшырататын әмеңгерліктің жағымсыз жақтарын көрсетеді. Мұндайда жесір дауы бірінші орында тұрады, жесірінен айрылған қазақтың момындығы да, дау-шардан басын алып-қашқысы келгендігін де бұл жерде бөгесін бола алмайды. Жат біреудің озбырлығы зәбір көрген адамға ғана емес, бүкіл рудың сүйегіне түскен таңба болып есептеледі. Сондықтан да бүкіл ру болып қуғындайды, қарсы жақтың алған бетінен қайтпауы ру жанжалына апарады, оның арты барымта, кейде тіпті ашық шайқасқа шығуға да соғады.
Халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, оларды жүйелеп, жариялауға да Алтынсарин аз еңбек сіңірген жоқ. 60-шы жылдары Торғай қаласында мұғалімдік қызметті атқарып жүргенде ол ауыл-ауылды жиі аралап көп уақытын халық арасында өткізер еді, қариялармен әңгімелесіп, олардың аузынан халық аңыздарын, мақал-мәтелдерді, өлеңдерді жиі жазып алатын. Сәл кейінірек, 1870 жылы ол өзі жинаған материалдарының бір бөлігін «Қазақ хрестоматиясына» енгізеді.
Бұл жинақта біз халық аңыз ертегілері негіз болған шығармаларын жарияламақпыз. Оларға жататындар: «Сәтемір хан», «Ізбасты», «Жәнібек батыр», «Жиренше шешен», және т.б. Айта кету керек, кейін Ыбырай Алтынсарин дүние салған соң, қолжазбаларының бір бөлігі Торғай облысы мектептерінің жаңа инспекторы А.В.Васильевтің қолына тиеді, ол «Қазақ хрестоматиясының» (1906) 2-ші басылымына қолжазбадағы дайын тұрған («Қара қылыш», «Тазша бала», «Алтын тұлым») халық ауыз әдебиеті сюжеті негізінде жасалған шығармаларын енгізеді.
Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының тарихына қатысты материалдарды да жинайды. Ол «Қазақ хрестоматиясының» тарих, география және техникалық пәндерге арналған екінші бөлімін даярлайды. Бірақ автордың дүние салуына байланысты жарыққа шықпайды да, оның бұл ізденістері аяқсыз қалады.
Қазақ даласында ғылым мен білімді таратуды және оны насихаттауды ғана іс жүзіне асырып қойған жоқ, сонымен бірге Алтынсарин ақын ретінде де ғылым мен ойдың мән-маңызын өзінің өлеңдерінде үгіт-насихат етіп таратады. Ол қыздар мен жігіттерді білімді игеруге шақыра отырып, оған тек мектептен оқу арқылы ғана қол жететінін көрсетеді.

«Оқысаңыз, балалар


Шамнан шырақ жағылар
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар,
Бір құдайға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық...»
Тек өлеңдерінде ғана емес, сондай-ақ прозалық туындыларында да Алтынсарин надандықтың зиянын, ғылымның қоғамдық маңызын түсіндіреді. Бұл, әсіресе, «Талаптың пайдасы», «Қалай баюдың жолдары» және т.б. әңгімелерінде анық көрінеді.
Алтынсариннің ақындық таланты оның табиғат лирикасында бар күшімен көрініс тапқан. Мәселен, «Жаз», «Өзен» өлеңдері өзінің нәзік лиризмімен ерекшеленеді.
Ақын бұл жерде табиғат көрінісін жалаң қызықтаумен шектелмейді, адам өмірімен, қоршаған ортамен тығыз байланыста жырлайды. Реалист-ақын жеткен шеберлік шыңы да осы тұста көрінеді.
Ақынның көптеген өлеңдері гуманизм идеяларына толы. Ол қарапайым адамдардың намысына қозғау салуға тырысады, «ешкімге алақаныңды жайма» дейді. Сондай-ақ діннің керітартпа жақтарын, оның ақыл-ойдан, ғылымнан алшақ жатқанын өзінің әңгімелерінде бейнелі түрде ашық көрсетеді. Халық аңызына негізделген «Лұқпан әкім» әңгімесінде діндар Лұқпанды адамдарды емдегені үшін жазғырады. Алланың әміріне, оның ішінде ауруға да қарсы тұруға болмайды. Лұқпанға ара түскен халық бір ауыздан оған: «Лұқпан әкім бақытсыздарға қол ұшын берді, ал көрсете алмасаң, өзіңді қазыға апарамыз» дейді. Әңгіме сюжетіне автордың ағартушылық идеялары арқау болған Лұқпан бұл жерде халық мұңының жоқшысы ретінде көрінеді.
Сондай – ақ Алтынсарин қаламынан шыққан балаларға арналған бірқатар өсиет әңгімелер де бар. Бұл істе үлгі болған белгілі орыс педагогтары мен жазушылары еді. Бұл кітапқа енбей қалған үздік аудармасы И.А.Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалы еді. Ал «Мұңсыз адам», «Силинші деген ханым», «Үш ұры», «Әділ қазы» әңгімелерінің аңыздық сюжетін Л.Н.Толстойдың оқу кітабынан алады. Мұнымен қоса Л.И.Толстойдың «Жақсылыққа жамандық» атты әңгімесін қазақ тіліне аударады.
«Үндіс», «Сауысқан мен қарға» әңгімелерінің сюжеттік негізін аса көрнекті педагогы К.Д.Ушинскийдің оқулық кітаптарынан алады.
Белгілі орыс тәсілші-педагогы, «Учитель» журналының редакторы әрі шығарушысы И.И.Паульсонның (1825-1898) кітабынан ондаған әңгіме сюжетін алып пайдаланады. Бұл жинаққа Алтынсариннің бірнеше аударма әңгімелері енбей қалып отыр. Олардың қатарында «Ешкі мен түлкі» (К.Д.Ушинскийдің кітабынан аударылған), «Қайырымды ұл мен қыз», «Асыл шөп», «Ұлы Петр қазы алдында» (И.П.Паульсонның кітабынан аударылған) әңгімелерін атауға болады. бұлар Алтынсариннің аударуымен «Қазақ хрестоматиясында» жарияланды.
Ыбырай Алтынсарин қазақ жазба әдеби және әдеби тілінің негізін салушылардың бірі болып табылады. Оның шығармалары қазақ әдебиетін мазмұн жағынан байытты. «Қазақ хрестоматиясы» қазақ халқының жазба әдеби және әдеби тілінде жазылған айрықша ескерткіш – мұра. Алтынсариннің өлеңдері мен әңгімелері жалпы халыққа түсінікті қарапайым тілмен жазылған.
Шығармаларында оның өнерге деген ықылас-ілтипаты анық байқалады. Өзінің өлеңдері мен әңгімелері арқылы ол жас жігіттер мен қыздарды қоршаған табиғаттың әсемдігін, адам сезімін қабылдап, түсіне білуге тәрбиелейді. Әдебиеттің мақсаты қоршаған болмысты шынайы бейнелеу, ал жазушының міндеті халық пен қоғам өмірімен тығыз байланыста деп біледі. Оның пікірінше, ағарту ісі, жас- ұрпақты тәрбиелеу, қазақ қоғамындағы патриархалды-рулық тұрмыстың қалдықтарын жою мәселелері әдебиетте көрнекті орын алуға тиіс. Мәселен, «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде еңбекші халықты кедейшілікке ұшыратып, орасан зор зиян келтіретін барымтаны әшкерелей отырып, іс жүзінде ол феодалдық-патриархалдық қоғамның әдет-ғұрпына, соны жасаушыларға үкім шығарады.
Сыншыл релизм рухында жазылған көркем шығармалармен Ыбырай Алтынсарин қазақ әдебиетіне бағалы әрі зор үлес қосты. Көркем туындыларында көшпенді халықтың отырықшылыққа бейімделуі, егіншілікпен айналысуы, феодалдық-патриаохалдық өмірдің ыдырай бастауы айрықша орын алады («Өсиет», «Арнау» өлеңдері, «Қыпшақ Сейітқұл», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Киіз үй мен ағаш үй» және т.б.).
Өзінің өсиет әңгімелерінде оқырмандарын, әсіресе, орыс-қазақ мектебінің оқушыларын адамгершілікке үндейді. Оның өлеңдері мен ғибрат әңгімелері болашақ жас ұрпақтарды тәрбиелеу мен оқытуда күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Ыбырай Алтынсарин қазақ мерзімді баспасөзін алғаш жолға қоюшы да. Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметінде жүріп ол отарлық әкімшілік орындары мен басқа да жоғарғы орындар алдында қазақ газетін шығару туралы мәселе қойды. Бұл өтінішке «Қазақ газеті» деген атпен 1883 жылдың қаңтарында өз қолымен жазған алғашқы номердің текстің қоса ұсынады. Газет 4 беттен (2 парақ), әрбір парақ 2 қатардан тұрады. Бірінші бетте орыс әрпімен жазылған қазақша текст, екінші бетте осының орыс тіліндегі аудармасы, үшінші бетте қазақша текст, төртіншіден орысша берілген. Газет «Өкімет жарлықтары», «Ішкі жаңалықтар» және «Шет ет жаңалықтары» дейтін үш бөлініп шығып тұрған.
Бірінші бетке тән қасиет көбінесе мұнда өкімет орындарының жарлықтарынан гөрі қазақ даласының ішкі өміріндегі жаңалықтарға баса назар аударылатын («Таңсық әңгімелер»); екінші бөлімнің де басым бөлігінде аңыз, әңгіме, т.б. жарияланатын.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет