Стилистикалық норма – тарихи тұрғыдан қалыптасқан, сонымен қатар даму заңдылықтарымен жалпы қабылдаған тілдегі стилистикалық мүмкіндіктерді тарату жиынтығы. Тілдік норманың проблемалары тіл мәдениетіне стилистикалық норманың проблемалары стилистика мәселесіне барып тіркеледі. Стилистикалық норма дегеніміз – белгілі қолданыс аясында, функционалдық стильдерде оның барлық жанрларында стилистикалық ресурстардың мәнерлі әсемдік өрнегімен орынды қолдануын айтамыз. Н.Уәлиев сөз мәдениеті стильдік жағынан ұтымды талғау екенін айтады. Тілдік норма – тіл мәдениетінің қарастыратын мәселесі. Тіл мәдениеті дегеніміз – қарым-қатынас ситуацияларында коммуниактивтік сапаның жетістіктерін қамтамасыз ету үшін тілдік тәсілдерді дұрыс ұйымдастырып, тәртіпті әрі жүйелі пайдалану. Тіл мәдениеті тілдік норманың 3 түрін қамтиды. Олар тілдік норма (лексикалық, сөзжасамдық, грамматикалық, дыбысталу нормасы); этика – сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері); коммуниактивті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары).
Әлемдік тіл ғылымында тіл мәдениеті «сөйлеудің тиімділік теориясы» ретінде аталып, әсер ету әрекеттестік бағытында зерттеліп жатыр. Стилистикалық норма мен тіл нормасын салыстырғанда тіл нормасы белгілі жүйелік пен бірізділікке бағынады, ал стилистикалық норма жалпы тіл нормасының талаптарына бағынбайды, бірақ стилистикалық норма тіл нормасынан мүлдем бөлек дүние емес, ол тіл нормасының барлық тиімді жақтарын өз бойына жинақтай отырып, әр «тілдің табиғи заңдылығын бұза отырып» стилистикалық норманы қалыптастыруға күш салады. Стилистикалық норма жалпы тілдік нормаға ешуақытта қарсы қойылмайды, қайта соның аясында жетіледі.
Стилистикалық коннотация
Стилистикалық коннотация – бояу, қосымша мағына беретін стилистикалық тәсіл. Коннотация – экспрессивті бағалаушы категория, стилистикалық норманы құрудың негізгі тәсілі. М.Серғалиев стилистиканың басты ұғымдары мен белгілері коннотациядан тарайтынын айтады. Р.Авакова фразеологиялық коннотацияның прагматикалық әсері бар екеніне басты назар аударған.
Кез келген стилистикалық коннотация прагматикалық салмаққа ие болғанда таңбаның «іс-әрекетінің» мәнділік сипаты анық көріне алады. Егеменді жылдарда публицистикалық стильде жаңа қазақ, бай қазақтар деген сөздер қолданысқа енді. Жаңа қазақ сөзіндегі стилистикалық коннотация стилистикалық фреймдер арқылы адамның ассоциативті теориялық ойлау жүйесінен туындаған. Жаңа қазақ тіркесінің прагматикалық мәні тарихи-әлеуметтік жағдайдан пайда болады. Жаңа қазақ таңбасы адресант адресатқа төмендегідей прагматикалық мақсаттың нәтижесін бере алады: жаңа қазақ – ақылды, білімді, жаңа мемлекет өкілі. Жаңа қазақ – қазіргі кәсіпкер, жаңа заманның зиялы өкілі, сөйлеу жағдаяттарына және контекске байланысты адресант жаңа қазақ сөзін қоғамдық-рухани құндылықтарын жоғалтқан, тек дүниеге қызығушы, ақшалы адам ретінде айтуы да мүмкін. Автор жаңа қазақты қолданғанда контекстік және ситуацияға байланысты оның прагматикалық салмағының басқаша қасиеттері беріледі. Жаңа қазақ сөзінде прагматикалық фактор экстралингвистикалық факторлармен біте қайнасып жатады. Қоғамдық сананың қалыптасуындағы өзгеріс әлеуметтік ортаның ықпалы, қарым-қатынас аясының әркелкілігі де көрінеді. Адресат жаңа қазақ сөзінің прагматикалық ықпалынан өзінің де ой-сезімінің өзгеру әрекетін сезінеді. Жаңа қазақ адресаттық стилистикалық әсерге бөленуін қамтамасыз етеді. Егер адресат сол әлеуметтік ортаның өкілі болмаса, онда жаңа қазақтардың бар екенін санасында сақтайды, сол ортаның өкілі болса, онда стилистикалық бағалау көзқарасы пайда болады әрі адресаттың интеллектуалдық мәдениетіне байланысты жан-жақты ашылады.
Стилистикалық коннотацияның негізгі арқауы тапсырма, стилистикалық мағына, стилистикалық әсер. Стилистикалық мағына – экспрессивтік бояуға ие болатын тілдік бірліктер. Ресми стильде: нақтылық, дәлдік, міндеттілік іс-әрекеті; көркем әдебиет стилінде; дәлдік, көркемдік пен сенімділік; публицистикалық стильде: дәлдік, «автордың» субьектінің кәсіптік шеберлігі мен жоғары сапалы сөйлеу қағидалары; ғылыми стильде: ауыспалы осы шақ түрі т.б. стилистикалық мағына ретінде көрінеді.
Адресанттың өзінің сөйлеу жағдаяттарында стилистикалық мағына шартын тілдік бірліктермен алдын ала көркемдеп сөйлеу мақсатын ойластыруы – стилистикалық тапсырма болса, адресаттың қабылдауына ерекше ықпал ететін таңба – стилистикалық әсер. Стилистикалық әсер стилистикалық амал-тәсілдер арқылы адресатқа беріледі. Адресат өзі қабылдаған стилистикалық әсер арқылы өзінің де қолданыс тілінде стилистикалық коннотацияның негізгі мазмұнын құруға мүмкіндік алады.
Стилистикалық мағына, стилистикалық тапсырма, стилистикалық әсер.
Стилистикалық тапсырма автордан шығады, стилистикалық әсер қабылдаушыға бағытталынады. Стилистикалық тапсырма, стилистикалық мағына мен стилистикалық әсердің өн бойында прагматикалық мақсат анық және жасырын өтіп жатады. Стилистикалық тапсырма адресанттың және адресаттың жадында жиі ассоциацияланып тұрады. Стилистикалық тапсырма сұрақ-жауап арасында жиі байқалады. Сұрақ-жауап – адамдардың ойлауы мен қарым-қатынасының негізгі элементі. Сұрақ-жауап екі маңызды қызмет атқарады, бірі – танымдық, екіншісі – коммуникативтік. Танымдық адамның сыртқы әлем мен өзі туралы болса, коммуникативтік – адамдардың бір-біріне пікір білдіру, көзқарасын анықтау қарым-қатынасы. Сұрақ пен жауап қарама-қарсы құбылыс, бірақ бірін-бірі толықтырып отырады. Сұрақ-жауап риториканың аясында қарастырылған болатын. Сұрақ адресатқа, жалпы қабылдаушыға ерекше әсер етеді, сөзді тірілтеді, жандандырады. Мәселен, ресми стильде стилистикалық тапсырманың негізгі бірлігі болатын сұрақ нақты жауапты талап етеді. Публицистикалық стильде аудиторияның назарын өзіне аударуы, көпшіліктің, әр қабылдаушының сөзге қатысуға қызығушылығын тудырады.
Тіл ғылымының басқа салалары сияқты стилистика ғылымының да өзіне тән категориялары бар. Публицистикалық стильге тән образдылық, ғылыми стилде жалпы қорытындылар мен дерексіздік, ресми стильге тән нақтылық, міндеттілік болу т.б. стилистикалық категориялар М.Н.Кожина, Т.В.Матвеева, М.П.Котюрова, Л.В.Сретенская т.б. еңбектерінде сөз болған.