Кейбір стилистикалық амал-тәсілдер
Стилистикалық норманың иек артатын негізгі діңгегі – стилистикалық амал-тәсілдер. Мәдени коммуникацияда, көркем әдебиеттің эстетикалық-көркемдік сөз өзегінде стилистикалық безендіру модельдері стилистикалық амал-тәсілдер арқылы жиі байқалады. Стилистикалық амал-тәсілдердің табиғатына үңілген сайын оның басты ерекшеліктері көріне бастайды: 1. Көріктеу амал-тәсілдерінің синонимі ретінде алынуы. 2. Синтаксистік компоненттерге қатысты көрінуі.
Стилистикалық амал-тәсілдердің бірі – аверсия. Аверсия – риторикалық қаратпа сөз, стилистикалық амал-тәсіл ретінде ұлттық этика нормаларының жаңа «әуендерін» қалыптастырады, сондықтан бүгінгі мәдени комуникацияның «ізетті» стильдік мәнерін айқындайды. Мысалы: Отандастар, құрметті ағайын т.б. аверсия жансыз құбылыстарға да қаратып айтылады, мысалы: Мейірімді ай, мені дағы жаныңа алшы. Стилистикалық амал-тәсілдердің бірі – анантаподотон сөйлемнің синтаксистік конструкцияларының бұзылуы, сөйлемнің аяғы басталуымен қиыспайды. Анантаподотон стилистикалық амал-тәсіл ретінде көрінуінің 3 қызметін атап кету керек: жеке субъектінің ауызекі стиліне тән; жеке субьектінің тұрақты сөйлеу дағдысының қалыптасуынан болады; авторлық жаңашылдық ретінде стилистикалық норма аясына кіреді. Публицистикалық стильдің ауызша түрінде анантаподотон жиі байқалады. Бұл ежелгі дәуір әдебиетін түсіндіреді студенттерге. Көркем әдебиет стилінде акцентік категорияны береді.
Стилистикалық амал-тәсілдердің бірі – апозиопезис сөйлемдегі ойдың аяқталмауы, парцелляция құбылысымен синонимдес болып келеді, себебін бейвервалды тәсілдермен де түсіндіруге болмайды. Апозиопезис сөз актілерінде сөз этикасын сақтау үшін қолданылады. Мәтін мен дискурста апозиопезис сияқты аяқталмаған сөйлемдер синтаксистік компоненттері түгел қатысқан сөйлемдерден коммуникативті-прагматикалық және эстетикалық бағдары кем түспейді. Мысалы: ... Бірақ, бұл тырп ете алар емес... Апырау, мынау сиқыр көз қарасты кімнен, қайдан көріп еді... (Ә.Кекілбаев). публицистикалық стильде апозиопезис айрықша стилистикалық мәнер түзе отырып, қоғамның прагматикалық мәселелерінің сырын ашуға ықпал етеді. Апозиопезистің тағы бір ерекшелігі адам психологиясына тікелей байланысты. Адам санасына ықпал еткен хабардағы тілдік сигналдар адамның жеке физиологиялық болмысынан тежегіш күштерге ие болады, сондықтан апозиопезис сөйлемдер пайда болады. Жанайдаров жылан сорып жатқан құрбақадай табан асты шала-жансар күйге көшті. – Келсін... Келсін... Күтеміз... Сіз де келесіз бе? – Оның дауысына діріл араласты. – Ойбай-ау, онда... әрине. Бүгін кешке? Қайдан? Қалай-қалай?
Англиядан? О құдай сақ...құдай сақт... – Жанайдаров өзіне-өзі келем дегенше ана жақтағы адам трубканы қойып үлгерді (Д.Исабеков).
Достарыңызбен бөлісу: |