Сөздің тазалығы. Сөздің тазалығы дегеніміз – сөйлеушінің немесе жазушының әдеби тіл нормасын сақтаумен бірге, ана тілінің мүмкіндігін пайдалана білу.
Тіл тазалығының да тілдің дұрыстығына ұқсас жерлері кездеседі. Тіл мәдениетінің ең басты коммуникативтік сапаларының бірі болғандықтан, сөздің тазалығына ерекше мән беріледі. Дәлірек айтқанда, сөзді қолданғанда, баламасы бар сөздердің әдеби тілге қатысты бірден-бір ұғынықты ана тілінің тазалығын танытатын сөзді таңдай білу керек. Былайша айтқанда, тілді шұбарлауға бармаған жөн. Ал, тілдің тазалығын бұзатын, оған нұқсан келтіретін факторлар аз емес. Оларға, мәселен, ана тіліндегі баламасы бола тұра, басқа тілдерден енген сөздерді қалай болса солай жұмсау (варваризмдер), жергілікті мәні бар сөздерді (диалектизмдер) талғамсыз қолдану, мамандыққа байланысты шағын ортада кездесетін сөздер (профессионализмдер), сондай-ақ құрбы-құрдастардың, әзіл-қалжыңы аралас адамдардың арасында сөзге кірістірілетін тілдік құралдар (жаргонизмдер) сияқты жайлар жатады.
Тіл тазалығына кедергі келтіретін ілгеріде айтылған жайлардың бірі – варваризмдер. Қазақ тілінің қазіргі қолданылуы жағдайында басқа шет ел тілдерінен тілімізді шұбарлап жатқан құбылысты байқау қиын. Айталық, өткен ғасырларда орыс тілін француз тілі шұбарлағаны белгілі. Біздегі кемшіліктердің біріне кейбір қазақ қыздары мен жігіттерінің орыс сөздерін оңды-солды жұмсай беретіндігін жатқызуға болар еді. Бұдан, қазіргі, әсіресе, соңғы жылдары мерзімді немесе кәсіби баспасөздерде жиі айтылып жүргеніндей, орыс тілін жат тіл немесе зиянды тіл деп атауға негіз жоқ.
Тіліміздің байлығының көрінісі бола тұра, диалектизмдердің қолданылуында белгілі заңдылықтың сақталғаны дұрыс. Атап айтқанда, жергілікті ерекшелігі бар сөздерді бірден әдеби тіл ретінде қолданудың біршама қиындығы бар, себебі тыңдарманға немесе оқырманға бірден түсінікті бола бермейді. Тіпті әңгіме диалектизмнің түсінікті немесе түсініксіздігінде ғана емес, дағдыдағы қолданыста болмаған соң, тіл шұбарлаушылық көзге ұрып тұрады. Кейбір жағдайда күлкі туғызуы әбден мүмкін.
Тіл мәдениетіне біршама нұқсан келтіретін тағы бір жай ілгеріде айтылғандай, жаргонизмдер. Бұлар жолдас-жораның, қатар-құрбының арасында немесе үлкен-кіші болса да, әзілдері жарасқан адамдардың бір-бірімен тіл қатысқанда айтатын қалжың-оспақ сөздері болып табылады. Бір-бірін түсінетін мұндай адамдар ондай сырт көзге байқалатын оспадар, дөрекі сөздерге мән бере қоймауы мүмкін, бірақ ондай сөздерді қалың қауымға, көпшілік ортасына арнап айтудың қисыны жоқ. Демек, жаргонизмдер шағын ортада пайдаланылады, сондықтан да оларды көпшілік орындарда қолданудың әдепсіздігі өзінен-өзі белгілі болып отырады.