Студенттердің терең білім алуы үшін бірқатар пәндердің кейбір тақырыптарын меңгеруіне тура келеді


Стилистиканың негізгі ұғым, категориялары



бет20/106
Дата16.10.2023
өлшемі1,24 Mb.
#116524
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   106
Байланысты:
367986 (2)

Стилистиканың негізгі ұғым, категориялары

Стилистика өзіне тән ұғымдар мен категорияларға ие. Мысалы, стиль, функционалды стиль, стилистикалық бояу, стилистикалық құрал, стилистикалық белгі, стилистикалық мағына, стилистикалық норма, стиль құраушы факторлар, стильдің тілдік жүйелілігі. Бұлардың ішінде стилистикалық бояу, стилистикалық құралдар, стилистикалық мағына бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар.


Тілдік қабаттардың бірліктері (әсіресе, лексикалық қабаттың) өздерінің негізгі мағыналарынан тысқары, әрқилы реңктерге ие болып келеді. Стилистикалық табиғаты жағынан олар бірдей емес. Тілдік құралдар, осындай ерекшелігіне орай, алдымен бейтарап және стилистикалық бояулы болып бөлінеді.
Тіл жүйесіндегі стилистикалық бейтарап, яғни ешқандай қосымша реңксіз құралдар қатынас жасаудың барлық саласында кеңінен қолданылады. Олар стилистикалық бояуға ие болмайды. Мысалы, лексика: үй, қол, адам, тау, оқу, т.б. сөздер. Стилистикалық бояуға ие құралдар осындай стилистикалық бейтарап құралдардың аясында ғана айрықша көзге түсіп тұрады. Сондықтан олар стилистикалық нөлдік деңгейді құрайды.
Стилистикалық бояудың екі түрі ажыратылады: эмоционалды-экспрессивті және функционалды. Бұл жағдайда, стилистикалық бояуға ие тілдік құралдарға өздерінің негізгі атаулық, заттық-логикалық, грамматикалық мағыналарына үстемелей, белгілі бір экспрессивті немесе функционалды мағыналарды қоса білдіретін тілдік құралдар жатады. Тілдің ондай қосымша сапа-қасиеттері әлгі құралдардың қолданылу өрісін шектеп, қарым-қатынастың белгілі бір саласында ғана жұмсауға мәжбүр етеді. Мысалы, жалмауыз, шошқа, сүмелек, шаһар, сөлектеу, желкебай, тыраштану т.б. Бұлар эмоционалды-экспрессивті бояуға ие тілдік құралдарға жатады.
Функционалды бояуға ие тілдік құралдар да болады. Бірақ олардың ара-жігі экспрессивті бояуға қарағанда ондай айқын емес. Экспрессивті-эмоционалды бояу тілдік тұлғаның табиғи қасиеті болса, функционалды бояу тілдік тұлғаны қарым-қатынас жасаудың белгілі бір саласында көп қолданудан барып пайда болды. Соңғы жағдайда тілдік дәстүрдің де ролі бар. Тілдің тұлға-бірліктерінің мағыналық-стилистикалық жағы мен оларды белгілі салада көбірек қолдану дәстүрі арасында қатаң тәуелділік бар. Белгілі салада тұрақты қолданудың нәтижесінде тілдік құралдың мағынасы белгілі стилистикалық мәнге , бояуға ие бола бастайды да, кейін тұрақты бекітіледі. Мысалы, ресми стильде қалыптасатын штамптар («жоғары жетістікке жетті», «қаулы қабылдады т.б.) осындай қолданыстың нәтижесі.
Демек, даму барысында функционалды стилистикалық бояу да бірте-бірте тілдік тұлға-бірліктердің олардың мағыналарына о бастан тән, табиғи қасиетіне айнала береді. Сондықтан функционалды стилистикалық бояу тілдік құралдың мағынасынан бөлініп қаралмайды.
Ескерер бір жай: стилистикалық бояулардың ара-жігі қолдану барысында тұрақты болмай, жылжымалы болып келеді. Стилистикалық бейтарап құралдардың өзі кей кезде белгілі бір контексте стилистикалық өң алады. Ал кейде тілдік құралдың бұрын әбден қалыптасқан стилистикалық бояуы мүлдем басқаша сыйпат алуы мүмкін. Мысалы, еркелету немесе құптау мағынасы (бояуы) керісінше мысқылды мағынаға (бояуға) айналуы мүмкін, т.б. (Осы жерде «қатын» сөзі бояуының тарихи өзгеруін еске алуға болады). Сонымен қатар, бір тілдік құрал өзінде әрі эмоционалды-экспрессивті, әрі функционалды бояу сақтауы мүмкін. Мысалы, тілдің публицистикалық (функционалды бояу) құралдары салтанаттылық, поэтикалық, риторикалық немесе ирониялық мазақтау реңктерге ие болып келеді. Көпшілік жағдайа экспрессивті бояу мен функционалды бояу осындай бірлікте келеді. Енді кей жағдайда тілдік құралда экспрессивті бояу болғанымен, функционалды бояу бар болып келеді. Мысалы, терминдерде (ғылыми стиль) экспрессивті бояу жоқ, функционалды бояу бар.
Қазақ тілінің стилистикалық құралдары дегенде тілдің стилистикалық бояуға ие тұлға-бірліктерінің жиынтығы негізге алынады. Бірақ стиль тілдің стилистикалық бояуға ие емес, бейтарап элементтері арқылы да жасалатын ескерсек, бұл мәселенің әлдеқайда күрделі екенін түсінеміз. Сондықтан кез келген тілдік тұлға-бірлік (әсіресе, көп мағыналы түрлері) стилистикалық құрал болуы мүмкін.
Белгілі бір тілдік тұлға-бірлікті белгілі сөйлеу жағдайында қолдану дәстүрі,оның белгілі бір қарым-қатынас саласына тәндігі сол тұлға-бірліктегі стилистикалық бояудың көрінісі болады. Тілдік тұлға-бірліктің мағыналық белгілі бір салада қолдануға бейім болып келеді. Тілдік тұлға-бірліктердің стилистикалық мүмкіндіктері қызмет ету процесінде ашылады және оның көрінісі белгілі тілдік құралды нақтылы тілдік жағдайда қолдану ерекшелігімен анықталады. Тілдің құрылымдық және функционалдық жақтарының диалектикалық бірлігі мен байланысы осыдан көрінеді.
Стилистикалық бояуының сипатына орай, тілдік құралдар функционалды бояулы және экспрессивті бояулы болып бөлінеді.
Функционалды бояулы құралдар функционалды стильдердің түр-түріне сәйкес өзіндік ерекшеліктерге ие болып келеді. Мысалы, ғылыми стильдегі терминдер, көркем әдебиет стиліндегі троптар мен фигуралардың түрлері, ауызекі сөйлеу стиліндегі қарапайым сөздер мен диалектизмдер функционалды бояулы құралдарға жатады.
Экспрессивті құралдарға тілдің салтанаттылықты білдіретін немесе мысқылды білдіретін я болмаса әшкерелеуші реңге ие т.б. құралдар болып келеді. Бұлар, әсіресе, жекелеген сөздерге тән. Ол бояулар сөздердің контекстен тыс жағдайына да табиғи түрде тән болып келеді. Бұдан грамматикалық тұлға-бірліктерге қарағанда лексиканың эмоционалды-экспрессивті бояуы кең екенін көреміз. Оның үстіне грамматикада лексикадағыдай стилистикалық бояулардың белгілі бір тұлға-бірліктерге тәндігі, айқындығы жоқ. Алайда, бұл грамматикалық құралдардың экспрессивтік мүмкіндігі әлдеқайда шектеулі дегенді білдірмейді. Мысалы, синтаксис бейнелеудің әртүрлі эмоционалды-экспрессивті бояулы мүмкіндіктеріне кеңінен ие. Бірақ онда эмоционалды-экспрессивті бояу бір ғана тілдік тәсілге бектітілмеген. Ол көптеген тәсілдердің жиынтығынан барып құралуы мүмкін (мысалы, сөздердің орын тәртібі, бірыңғай мүшелер, синтаксистік паралельділік).
Стильдік құралдар туралы мәселе синонимия мәселесімен тығыз байланысты. Көптеген зерттеушілердің көзқарасы бойынша, «тілдік құралдардың синонимикасы – стилистиканың орталық мәселесі». Стильдердің өмір сүруінің өзі белгілі мөлшерде синонимдердің бар болуымен белгіленеді. Бірақ стилистиканың ресурстары синонимдермен ғана шектелмейді.
Жалпы, тілдің синонимикалық құралдары мен функционалды стильдердің ара-қатынасы мәселесі – әлі толық зерттелмеген іргелі мәселе. Функционалды стильдерді тілдің синонимикалық байлығы әртүрлі дәрежеде пайдаланылады. Мысалы, көркем стильде синонимдер кең пайдаланылса, ғылыми, ресми стильдерді керісінше аз жұмсалады, тіпті мүлде қолданылмайды десе болады.
Стилистикалық мағынаға келетін болсақ, ол – стилистиканың негізгі ұғымдарының бірі.
Сөздің мағынасы оның тек заттық ұғымын ғана белгілеп қоймайды. Онда сонымен қатар сөздің стилистикалық қызметіне қатысты мағыналық реңктері де болады.
Стилистикалық мағына мен стилистикалық бояу ұғымдары бір-біріне жақын. Стилистикалық мағына стилистикалық бояуға қарағанда тұрақты да жалпы.
Стилистикалық мағына – тілдік тұлға-бірліктің мағыналық құрылымындағы оның лексикалық, заттық, грамматикалық мағыналарынан тысқары қосымша белгісі. Бұл қосымша мағына тұрақты болып, тілдік қолданымның белгілі жағдайларында туындап отырады. Сөздің стилистикалық мағынасы оның ұғымдық мағынасына әсер етіп, сөз мағынасын белгілі бір бояуларымен қоса қабылдауға көмектеседі.
Сөйтіп, стилистикалық мағына тілдік тұлға-бірліктің мағыналық құрылымының белгілі бір бөлігін құрайды. Бірақ ол тілдік тұлға-бірліктердің әрқайсысында әртүрлі дәрежеде көрінеді. Экспрессивті бояуға ие құралдарда айқын байқалса, кейбіреулерінде тереңде жатады, тек белгілі контекстік жағдайда ғана анық көрінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   106




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет