Стилистика және тіл мәдениеті пәні (предметі), оның негізгі мәселелері
мен зерттеу әдістері
Қай ғылымның болмасын негізгі мәселесі – оның зерттеу нысаны мен зерттеу пәні (предметі). Стилистиканың зерттеу нысаны – басқа да тіл ғылымы салаларындай, мәтін түрінде көрініс тапқан тіл болып табылады. Бірақ әр сала сол жалпы нысанның өзіне қажетті жағын алып қарайды. Мысалы, деңгейлік тұрғыдан лексикология өзіне қажеттісін, грамматика өзіне қажеттісін алып тексереді. Немесе белгілі бір қырынан, көзқарас тұрғысынан (мыс., тарихи грамматика, әлеуметтік лингвистика, тіл семантикасы) қарастырады.
Стилистиканың пәні әлі бір жақты шешімін таппаған күрделі мәселе деуге болады. Бұл ең алдымен оның зерттеу нысаны мен пәнінің күрделілігінен, одан тысқары зерттеу пәнінің аумақ- көлемінің кеңдігінен, анық еместігінен (оған, мысалы, әдебиеттану ғылымының мәселелері де кірігіп кетеді) келіп шығады.
Стиль – стилистика ғылымының ең басты категориясы. Тілшілер бұл ұғымды жалпы да кең мағынада – тілдік тұлға – бірліктердің, жалпы тілдік жүйенің тек хабар беріп қоймай, оны әсерлі түрде беретін сапаларымен байланысты алып қарайды. Сөйтіп, стиль сөйлеудің сапалылығы, экспрессивтілігі, белгілі бір сөйлеу жағдайы мен түріне, қатынас жасау мақсатына анағұрлым сай келетін бейнелеу құралдарын пайдалануы дегенді білдіреді. Бұндай жағдайлар үнемі қайталанып, ал қатынас саласы типтеніп отыратындықтан, стиль сол салалар мен жағдаяттарға тән анағұрлым типтенген тілдік құралдар мен сөйлеу сипаттарын да көрсетеді, ал бұл өз кезегінде қарым-қатынастың тиімділігін арттырады. Сонымен, стиль сөздің (тілдің) қарым- қатынастың міндеттерінен туындайтын және ол міндетті табысты орындау үшін жұмылдырылған сипатты белгісі екен.
Тілдің осы стилистикалық сипатты белгісі қалай көрінеді? Ол тілдік жүйенің барлық деңгейін қамти ма? Оны анықтау үшін мынадай алғышарттарды белгілеп алуымыз керек:
Тілдегі «стилистикалық» «лексикалық», «грамматикалық» сияқты ерекше деңгейді құрамайды (яғни, тілде «стилистикалық деңгей» деген арнаулы деңгей жоқ). Ол тілдің барлық деңгейлерін қамтиды. Сондықтан стилистиканың пәні (предметі) тілді зерттеудің өзіндік аспектісі деуге болады (яғни, тілді ерекше көзқарас тұрғысынан зерттеу дегенді білдіреді). Г.О.Винокур: «Стилистика обладает тем свойством, что она изучает язык по всему разрезу его структуры сразу, т.е. и звуки, и формы... но зато с особой точки зрения. Это особая точка зрения и создает для стилистики в чужом материале ее собственный предмет» - дейді.
Әдеби тілдің стилистикалық жүйесі өте күрделі және біркелкі сипатқа ие емес, көп қырлы. Л.В.Щербаның пікірінше, оған (стилистикалық жүйеге) әлеуметтік және жергілікті диалектілердің сипаттамалары, жазба тілдің әртүрлі формалары (мыс., көркем әдебиет тілінің, ресми тілдің формасы, ғылыми стиль т.б.) кіреді. Қоғам «жіліктенген» сайын, ол «қоғамның әдеби тілінің стилистикалық құрылымы да күрделене түседі». Әрбір ерекшеліктің өмірге келуі қарым-қатынастың міндетінен туындайтын жұмсалымдық сәйкестілік болғанда ғана жүзеге асады. Стилистикалық құрылымда, Л.В.Щербаның пікірінше, «сөздердің сәйкесті төрт қабаты ерекше орын алады», олар: салтанатты мәнге ие сөздер, бейтарап, тұрпайы (фамильярный) және дөрекі (вульгарный) сөздер (мыс., лик – лицо, морда – рожа). Ол орыс әдеби тілінің стилистикасын негізгі және ерекше бояуларға ие бірнеше қосымшалардан тұратын шоғырланған топ ретінде алып қарап, яғни, тілдің синонимдік қатарын стилистикаға тірек етіп ала отырып, бірақ стилистиканы тек синонимия құбылысымен шектемейді.
Стилистикада, сонымен, мынадай үш жағдайды атап өту керек: 1) стилистиканың құрылымының біркелкі еместігі, демек, оның зерттеу пәнінің құрылымы да бірдей емес, әркелкі; 2) қарым- қатынастың қажеттілігінен, тілдің ойды және сөйлеушінің эмоционалдық күйін бейнелеудегі икемділігінен туындайтын әртүрлі реңдерді беру мүмкіндігінің молдығы; 3) «стилистикалық» тілдің қоғамдағы қызметімен, қарым-қатынастың міндеттерімен байланысты қалыптасады.
Қазіргі стилистика ғылымы тіл жүйесіндегі стилистикалық ресурстарды мәтіннен тыс түрде қарастырудан гөрі, тілді қарым-қатынастың әртүрлі саласында қолдану кезінде туындайтын заңдылықтарды, соның нәтіжесінде пайда болатын тілдік ерекше ұйымдасуларды зерттеуге көбірек көңіл бөледі.
Тілдің (сөйлеудің) функционалды стильдерін бейнелеу құралдарының қарым-қатынастың әртүрлі саласы бойынша қатысымдық тұрғыдан мақсатқа сай қалыптасқан жүйесі десек, олар бір мезгілде пайда болмайтынын, тарихи тұрғыдан әбден пісіп жетілген кезде ғана пайда болатынын көреміз.
Жоғарыда айтылғандарды жинақтай келгенде, стилистиканың зерттеу пәні, біріншіден, тілдің әртүрлі деңгейлерінің мәнерлегіш құралдары мен мүмкіндіктері, олардың стилистикалық мағыналары мен бояулары; екіншіден, қарым-қатынастың түрлі салалары мен жағдайларындағы тілді қолданудың заңдылықтары және соның нәтижесінде пайда болатын әр салаға тән сөздің (сөйлеудің) ұйымдасу ерекшеліктері болады. Біріншісі – стилистиканың әріден келе жатқан дәстүрлі зерттеу саласы болса, екіншісі кейін пайда болды. Алайда, осы соңғысы қазір стилистиканың негізгі зерттеу пәніне айналып барады.
Стилистиканың зерттеу пәні мәселесіне байланысты ғалымдардың арасында тілдік деңгейлердің қатарында стилистикалық деңгей жеке бөлінеді, оны фонетикалық, лексикалық, сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік деңгейлермен бір қатарға қоюға болады деген де көзқарастар болды. Мұның себебін көбінесе әртүрлі стилистикалық тәсілдердің көптігімен, олардың жиынтығын бір деңгей етіп алуға болатындығымен түсіндіреді. Алайда, стилистикалық тәсілдер тілдің қызмет етуі барысында пайда болып, мәтін құрамында жұмсалым процесінде қолданылады. Олардың қолданысы қатысым міндетіне қолданылады. Олар құрылымдық жағынан да түрлі сипатқа ие: лексика – семантикалық, фразеологиялық, сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік, композициялық сипаттағы дайын, немесе белгілі бір үлгідегі, немесе жаңадан туындаған тәсілдер болуы мүмкін. Демек, стилистикалық тәсілдер тұлғалық және сапалық әркелкілікке ие бірліктер мен құбылыстарға жатқандықтан, тілдің айрықша деңгейін құрай алмайды. Олар сөзде тек қызметтерінің тұтастығына байланысты, яғни айтылымның тиімділігін арттыру үшін бірігеді.
Қолданым кезіндегі стилистикалық құбылыстардың жүзеге асуы, яғни айтылым стилінің қатысым міндетіне сай болуы (дұрыстығы, мәнерлілігі, тиімділігі) айтылымда, мәтінде орындалады. Сөздің реңі контексте соның қай мәнде қолданылғаны белгілі болады. Мысалы, жеке бір сөздің бірнеше мәні, бояуы болуы мүмкін (ит, шошқа т.б.). Контексте соның қай мәнде қолданылғаны белгілі болады. Тілдік тұлғаның мәні, бояуы мәтінде ашылатындықтан, мәтінді стилистикалық деңгей ретінде алуға болатындай көрінуі де мүмкін.
Стиль шынында да мәтінмен тығыз байланысты. Алайда шын мәнінде мәтін стильдің жүзеге асатын материалы болып табылады. Мәтіннің ұйымдасуы стилистикалық сипатқа мазмұнына сай келетін мәнерлілікке, тиімділікке, әсерлілікке қол жеткізгенде ғана ие болады. Сондықтан мәтінді стильдің көрініс табатын жері, мекені деуге болады.
Мәтін, оның бірліктері мен категориялары басқа да деңгейлердің бірліктерімен бірлікте стильді бейнелеуші құрал болып табылады. Сонымен қатар жеке бір мәтін белгілі бір стильдің көрінісі, стильдің нақты өзі де бола алады. Бірақ, көбінесе, стильді мәтіннің көптеген қасиет-сапаларының, қырларының бірі деп қана қарау керек.
Сонымен, стилистиканың пәні тілді қолдану брысында қолданымның түрлі жағдайлары мен салаларына байланысты мәтін көлемінде жүзеге асатын тілдік құбылыстар екен.
Стилистиканың негізгі мәселелерінің қатарына мыналарды жатқызуға болады: стиль, функционалды стильдерді анықтау, олардың мәнін, жүйелік сипатын ашу; қарым-қатынастың әртүрлі саласында тілдің қолдану заңдылықтарын анықтау; стильдегі объективтілік пен субъективтілік мәселесі; функционалды стильдер мен сөз түрлерінің ара қатынасы; стильдердің өзара әсері мен әдебиеттік стилистиканың ара қатынасы; көркем әдебиет тілінің функционалды стильдерге қарым-қатынасы; силистикалық норманы және оның тарихилығын анықтау; силистикадағы диахрония мен синхрония мәселесі т.б.
Стилистиканың зерттеу әдістеріне келетін болсақ, олардың бастыларына мәтінді талдаудың мағыналық-стилистикалық әдісі, салыстырмалы әдіс, сөз-образ, эксперимент жасау және статистикалық әдістер жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |