2. Тілдік стилистикалық талғамының төмендігінен болатын кателер: 1) Бояма сөздерге құмар болу: «Осы өлеңді оқысымен жүрегім дүр сілкінді». «Мақал-мәтелді оқығанымда сөздің құдіретін терең меңгеріп қана қоймай, санамызда мәңгілікке жатталады».
а) Сындық мәні бар сөздерді дұрыс таңдай алмау: «Осы жолмен жүріп келе жатқан әрбір елдің достығы биік шыңда»; «Ол болашақта өз мүдделері және күллі адамзат мүдделері үшін тиімді еңбек етеріне шынайы үміттеміз»; «Менің барынша құрметіме сендіруімді қабыл алғайсыз»;
ә) Әдемілік үшін ойланбай қолданылған сәтсіз метафоралар мен теңеулердің, бейнелі сөздердің болуы: «Кеудесін керіп, төсін төңкере жайылған кең жазық бетінде де көз тірер бір нүкте болсашы».
2) Түрлі стильдің лексикасын пайдалану, соның ішінде ауызекі, кітаби тілге тән лексиканы себепсіз қолдану: «Студенттерді қорқытып қойса болғаны екен. Көрмеген кітапхананың есігін ашып, өмірінде ұстамаған кітапты ұстап көреді»; «Бас Хатшының баяндамасы проблеманың барынша тереңдігін және байыптылығын алғаш көрген БҰҰ-ға мүше мемлекеттер өкілдерінің ерен әсерін туғызғанын атап кеткен ләзім».
3. Функционалдық стиль нормаларын ескермеуден жіберілетін қателер: 1) Ресмилік мәні басым сөздерді орынсыз қолдану: «Бұл жылдар сені аңсай сағыну, тосу жылдары еді. Мен бұл кезеңде адамдардың жүрегінде мәңгі-бақи өшпейтін бір сезім болатынын, ол – махаббат сезімі екенін ұқтым». «Саған «Ақша қарыңмен!» деп құттықтау айтқым келді. Сол себептен баяу аяңдап келіп, үйреншікті бұрыштан сені іздедім».
2) Ғылыми емес мәтіндерде термин сөздерді орынсыз қолдану: «Ананың мейірімі мен махаббаты шексіз. Ақын-жазушылардың романдарын оқығанда ананың жанашырлығы, балаға деген сүйіспеншілігі әсерлі суреттеледі. Себебі оның бір элементі болса да өмірден алынған».
3) Өзге стиль элементтерін орынсыз қолдану: «Үлкендердің алдын-ала ойластырылып жасаған бұл жоспарларының тамаша нәтижесі болғаны жұртқа жақсы белгілі»; «Ұстаздардың адамдық пен аярлыққа, әділетсіздік пен жалғандыққа, крепостнойлық тәртіпке қарсы ащы сындар айтып, мысқыл сөздерді боратуы кадеттердің ой-өрістерінің дамуына, өмірге, қоғам құбылыстарына қатысты біршама дұрыс көзқарастарының қалыптасуына едәуір ықпал етті».