Т. У. Есембеков Көркем мәтінді талдау негіздері Оқу құралы Алматы


Дерек көздері мен көмекші құралдардың мәтінтанудағы орны



бет7/26
Дата08.03.2023
өлшемі0,63 Mb.
#72495
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   26
2.3 Дерек көздері мен көмекші құралдардың мәтінтанудағы орны

Мәтінтану - әдебиеттану мен аударматануға тығыз байланысты арнайы пәннің бірі, оның міндеті – қаламгердің шығармаларының мәтінінің канондық нұсқасын табу, түпнұсқаның шынайылығын анықтау. Мәтінтанудың өзіндік қағидалары, белгіленген ережелері, мәтінді талдап тексеруде пайдаланатын өз амалдары бар.


Көркем туындының сөз арқылы жүзеге асырылған күрделі идеялық-образдық жүйе екені белгілі, ендеше «мәтін» ұғымын автор ойының нақты сөзбен өрнектелген түрі деп ұққан дұрыс сияқты.
Әдебиеттану жєне аударматанудың негізгі мақсаттарының бірі – көркем шығарманың жазылу барысындағы барлық мәтіндерін зерттеу. Бұл автор ойының даму барысын толығырақ аңғаруға және оның творчестволық еңбегінің қыр-сырын тереңірек білу үшін қажет. Сондықтан мәтінтану түбегейлі ғылыми ізденістің басы және негізі болып саналатыны дау тудырмаса керек.
Мұндай жұмысты бастаудың негізгі шарты – көркем шығарманың мәтінінің барлық негіздерін, нұсқаларын тауып алу, талдау. Оларға жататындар: автордың баспаға ұсынған немесе басуға келісімін берген қолжазба материалдары, туындының жоспары, сұлбасы, өзінділері, кейіпкерлерінің сипаттамасы, қолжазбаның алғашқы және соңғы нұсқалары, басылған даналары, автордың өзі өзгеріс енгізген, корректура жасаған варианттары. Кей жағдайда зерттеушіге қаламгердің хаттары, күнделігі, естеліктері сияқты мәтінге қатысы бар құжаттар да көмектесуі мүмкін.
Қолжазба материалдардың ішіндегі ғылыми жағынан ең құндысы – автограф, яғни автордың өз қолымен жазылған мәтін, оның алғашқы және соңғы үлгілері болады, зерттеуші мүмкіндігінше екеуін мұқият салыстырғаны жөн.
Жұмыс үстіндегі қолжазбаны автор өзі үшін жазғандықтан онда жазушының шығармашылық ізденіс кезіндегі еңбегінің көрінісі айқындалады, ондағы ойлардың өзгеруі мен бөліктердің орын ауыстыруы жиі болғандықтан өшірулер мен сызулар көп кездеседі, оларға да мән беру керек.
Таза немесе автордың өз қолымен қайта көшірген нұсқасы да кейін өзгеріске ұшырауы мүмкін, дегенмен ол шығарманың аяқталғанынан хабар беріп тұрады, яғни автордың мерзімін өзі белгілегенін есепке алу қажет.
Туындының жұмыстық және қайта көшірілген таза нұсқаларының арасында айырмашылықтар бірде мол, кейде тіпті аз болады, кейбір қолжазбада алғашқы жєне соңғы варианттары қатар кездесіп те жүр.
Шығарманың мәтініне қатысы бар дүниелер қатарына көшірме мен тізім де жатады, олар жазылу мақсатына орай автографтан ерекшеленеді. Көшірме негізгі авторлық нұсқаның өзгертілмеген қолжазба түрі, ал тізім – түпнұсқаның дәлдігін сақтамай орындалған қолжазба. Автордың ауызба-ауыз айтуымен жазылған материалдар да көшірмеге жатқызылып жүр.
Көшірме мен тізімдер кейде автордың өңдеуінен өткізіліп те тұрған, бұл жағдайда олардың ғылыми мәні артады.
Қаламгердің мәтінмен жұмыс істеуінің соңғы кезеңіндегі корректураға, автор өңдеген алғашқы типографиялық басылымға да баса назар аудару керек. М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының алғашқы басылымдық данасы сақтаулы, соған қарап көп нәрсені байқауға болады.
Әдеби шығарманы текстологиялық тұрғыдан зерттеу оның әр түрлі нұсқаларының хронологиялық қатаң жүйесін, яғни ретін, санын, уақытын, түрін анықтайтын тізім жасаудан басталады. Әр нұсқадағы кішігірім өзгерістің өзі есепке тізім алынады, оның табиғаты зерттеліп, пайда болуының себебі ізделінеді. Жұмыс нєтижелі болу үшін қаламгердің өзіне тән жазу үлгісін, авторлық дағдыларын, машығын, мәнерін білуге ұмтылу керек, тіпті ол жазған қалам, сия, қағаз түрлері таныс болса, олардың да ой қорытуға пайдасы бар.
Көркем шығарманың жазылу тарихымен мұқият танысқаннан кейін зерттеуші өзіне қажет негізгі нұсқаны таңдап алады, ол автордың идеялық-көркемдік ойларын дәл әрі толық бейнелеген, оның үстіне қаламгердің өзі мақұлдаған мәтіні болғаны дұрыс. Әдебиет тарихында ақын-жазушылардың өздерінің шығармасының қай мәтінін басу керектігін өсиет еткен мысалдар аз емес. Ғылымда қалыптасқан көзқарастар бойынша әдеби туындының негізгі нұсқадан аздаған айырмашылығы бар мәтіндері варианттар деп аталады.
Көркем туындының мағынасын өзгертетін қосымшалар, авторлық өңдеулер редакцияланған нұсқа деген ұғымға саятын сияқты, олардың негізінен деректік мәні басым.
Негізгі мәтінді дайындау барысында авторлық селкеуліктер, терімшінің қателері, түсіп қалған бөліктер тексеріліп, түзетіледі, сөйтіп барлық зерттеушілер үшін ортақ канондық мәтін анықталады. Ғылыми ізденістегі аса маңызды істің бірі – шығарманың жазылған уақытын дәл анықтау. Автордың шығарманың алғашқы сөйлемдерінен туындының соңғы нүктесі қойылғанға дейінгі мезгілді, осы ортадағы әдеби хал-ахуалды, қаламгердің түпнұсқада өзі белгілеген уақыттың дұрыс-бұрыстығын анық білу – творчестволық процестің бағыт-бағдарын, басты кезеңдерін тап басып тануға қолғабыс беретін деректер. Әсіресе, автордың өз қолымен қойылған датаға ерекше назар аударған жөн. Әдебиеттану тарихы осыған байланысты көптеген қателіктерді анықтаған. Абай өлеңдерінің өмірге келген уақыттары әлі күнге дейін талас тудырып жүр.
Текстологияда абсолют /өте дәл/ және ықтимал /шамамен алынған/уақыт деген ұғымдардың болуы осындай жағдайларға байланысты.
Кез келген халықтың әдебиетінде авторлығы күмәнді немесе иесі белгісіз шығармалар бар, бұлардың нақты бір адамның шығармашылығына жататынын дәлелдеу – мәтінтанудың мәнді мәселелерінің бірі болып отыр, оны ғылыми тілде атрибуция деп атау қалыптасқан. Ал, әдеби нұсұаның қаламгердікі еместігін анықтау ататеза терминімен белгіленеді. Қазақ әдебиетінде әлі күнге дейін авторы анықталмаған немесе иесі бүркеншік атпен берілген, басылған уақыты дүдәмал шығармалар аз емес. Әсіресе, ХХ ғасырдың басындағы ақын-жазушылардың еңбектерінде анық емес сәттер көп-ақ. Осы жайларды ғылыми ізденістің мақсаты етіп қойған студент өз ойын дәлелдейтін құжат іздейді, мәтінді идеялық-көркемдік және стилистикалық тұрғыдан талдайды. Мысалы, Абай поэзиясын түбегейлі зерттеп жүрген ғалымдар ақынның алғашқы жинағындағы құрастырушыдан кеткен селкеуліктерді, кей өлеңнің ұлы ақынның машығы мен мәнеріне үйлеспейтінін орнықты дәлелдеп, оның өлеңдерінің одан да жарқырып көрінуіне үлкен үлес қосқан.
Шығармалар жинағындағы авторлығы күмәнді нұсқалар «Дивіа» /латын тілінен аударғанда – күмәндану/ деп аталатын бөлімге орналастырылады. Аталмыш бөлімге мәтіні күмәнді шығармалар жинақталады.
Мәтінтанудың практикалық саласы эдиция деп аталады, ол әдеби шығармалардың мәтінін басып шығарумен айналысады, мұндай еңбектің құрамына мына мәселелер кіреді: баспаның түрі, басылымның ішкі құрылымындағы туындылардың орналасу тәртібі мен реті, ондағы ғылыми-анықтамалық аппарат сипаты. Студент эдицияның негіздерін білгені артық емес, өйткені нәтижелі ғылыми зерттеуде қаламгер шығармасының ғылыми тұрғыдағы ең беделді мәтінін таңдап алу өте маңызды.
Негізгі әдеби мәтіндер мағынасы жағынан құжатты, сыни, көпшілікке арналған болып бөлініп жүр.
Құжатты нұсқада мәтін ешбір өзгеріссіз алынады, оның графикасы, әріптері, белгілердің орналасуы өзінің түпкі нұсқадағы көрінісінен айнымайды. Олар әдетте суретке түсіріледі немесе көшірмесі арқылы алынады.
Сыни басылымға дұрыстығы ғылыми жолмен дәлелденген канондық мәтін жатады, қызметі мен мәніне қарай олар академиялық, ғылыми, ғылыми-көпшілік деген түрлерге бөлінген.
Академиялық нұсқада қаламгер шығармаларының аяқталған я аяқталмаған барлық нұсқалары, көркем және публицистикалық, ғылыми және сыни еңбектері, шығарма жоспарлары, варианттары, редакциялары, күнделіктер, хаттар, т.б., яғни шығармаға қатысы бар барлық белгілі деректер басылады.
Ғылыми басылымға негізгі канондық мәтіндер мен варианттардың ішіндегі ең құндылары таңдап алынады.
Екі басылымда да барлық материал хронологиялық тәртіппен орналастырылады, ондағы ғылыми-анықтамалық деректердің дені мамандарға арналған. Редакциялық түсіндірме мақалада басылымның сипатына анықтама беріледі. Комментарий бөлімі преамбула деп аталатын жалпы кіріспеден басталып, жеке шығармаларға түсініктеме беруге ауысады. Текстологиялық шолуда мәтіннің тарихы мен оның басты нұсқалары сипатталады.
Студент мүмкіндігіне орай әрбір түсініктеменің зерттелетін шығармаға қарым-қатынасын, қосымша дәйектік мәнін жақсы меңгерсе, оның мәтінді дұрыс әрі орнықты бағалауына жол ашылады.
Қалың оқырман қауымға арналған ғылыми-көпшілік сипаттағы басылымдар елімізде кең тараған, олар да белгілі бір ғылыми сүзгіден өтеді, бірақ құрамында варианттар, редакциялар, жұмыстық нұсқалар болмайды, оның үстіне деректерді орналастырудағы хронологиялық жүйе де сақтала бермеуі ықтимал.
Көпшілікке арналған басылымда анықтама-деректер тіпті аз кездеседі.
Жазушының шығармаларының басылу түрлерінен толық хабардар студент ғылыми зерттеуде негізінен академиялық немесе ғылыми басылымның қолданылатынын білетін болады, бірақ басқа нұсқаларды таныған дұрыс.
Мәтінтану мәселелері бойынша студенттің есте ұстайтын деректері:
- мәтінтанудың негізгі зерттеу саласы мен мақсаты;
- қолжазбалар сипаты, олармен жұмыс істеу дағдыларын меңгеру;
- мәтінтануға байланысты қолданылатын негізгі ұғымдар мен терминдерді білу.
Ғылыми жұмыстың тақырыбын таңдап алғаннан кейін, зерттеудің дереккөздері мен анықтамалық құралдарын анықтаған соң студент енді жиналған материалды оқып-үйренуге кіріседі.
Әдебиеттанушы мен аударматанушының зерттеулерінің қорытындылары мен нәтижелері мәтінді талдап-таразылаудың арқасында шығарылады, зерттеу барысында өзіне дейінгі айтылған пікірлер есепке алынып, жетекші ойларға сүйенуге тура келеді, сондықтан зерттеу барысында көптеген құжаттармен жұмыс істеуге тура келгендіктен олардан алынатын әр түрлі жазбаларды реттеп, тізімдеп отырған жөн. Бұл жазбалар цитата, өзінді, сілтеме, теориялық категориялардың анықтамалары түрінде болады, оларды арнайы жасалған карточкалардың бір жағына жазып қою керек, ал оның сыртына зерттеушінің жұмыс барысында өз пікірін, бағасын, байқағандарын, ескертулерін, ұсыныстарын жазып қойғаны кейін көмектеседі.
Мәтіннен алған үзіндіні карточкаға жазған кезде мына деректер мен жайттардың ескерілгені тиімді:
1. Алынған, сөз, сөйлем, ойдың дәл түпнұсқадағыдай етіп берілуі;
2. Кітап авторының аты-жөні, баспаның атауы, шыққан жылы, беті.
Тақырыпқа қатысы бар үзінділерді бөлектеп, жүйелеп қоюдың өзі де зерттеуге пайдалы, өйткені жұмыс барысында бір мәтінге талай мәрте жүгінуге тура келеді, сауатты орындалған, жүйелі жиналған деректер еңбекті жеңілдетеді.
Студент алғашқы курстарда кітапқа аннотация жазуды дағдыға айналдырғаны жөн, яғни оң мазмұнын қысқартып жаза білуге үйренуі керек. Мұндай қысқа әрі нұсқа ақпаратта еңбектің жазылған уақыты, негізгі зерттеу нысаны, мақсаты кімге арналғандығы, қарастырылатын мәселелер ауқымы, құрылымы (тараулар саны, бөлімдер атауы) туралы деректер болады. Мысалы, Н. Келімбетовтің «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» /Алматы, мектеп, 1986/ аңбегіне берілген аннотациямен танысайық:
«Бұл кітап қазақ әдебиеті тарихының бастауларымен таныстырады. Автор VІ – VІІІ ғасырларда тасқа қашап жазылған дастандардан бастап, қазақ хандығы құрылған кезеңге /ХV ғасыр/ дейінгі түркі тілдес халықтардың бәріне ортақ болған әдеби мұраларға жан-жақты талдау жасайды. Кітап ежелгі әдебиеттің мынадай дәуірлерін қамтитын үш бөлімнен тұрады:
І. VІ-ІХ ғасырлардағы түркі әдебиеті ескерткіштері
ІІ. Х-ХІІ ғасырлардағы әдебиет
ІІІ. ХІІІ-ХV ғасырлардағы әдебиет.
Сондай-ақ мұнда көне түркі тілінде жазылған көркем шығармалардың қазақ әдебиеті тарихынан алатын орны, өзіндік ерекшеліктері, тәрбиелік және әлеуметтік мәні жүйелі түрде баяндалған.
Кітап жоғары оқу орындарының филология факультеттерінің студенттеріне, қазақ әдебиетінің ежелгі тарихын зерттеуші аспиранттар мен ғылыми қызметкерлерге және көпшілік оқырман қауымға арналған».
Әдебиет зерттеушісінің қол астында өзіне қажет басылымдардың аннотациясы болғаны дұрыс, бұл құжатта кітапқа, мақалаға қатысты өзіндік баға, қосымша, ескерту қоса жүрсе құба-құп. Жеке картотекадағы көрсеткіштер құрамында аннотация көп болуы жұмысты жеңілдете түсетіні сөзсіз.
Зерттеу тақырыбына орайлас еңбектерді тереңірек түсіну және тиімді пайдалану үшін олармен танысу және өзінділер жазып алу аздық етеді, осыған байланысты конспект (conspectus – қазақша «шолу») жазудың қажеттілігі туады.
Зерттеу жұмысы барысында жиі-жиі конспект жазуға тура келеді, ол оқылатын басылымның мағынасын жете түсінуге, негізгі қағидаларын жүйелі қабылдауға мүмкіндік береді. Сауатты жазылған конспект қарастырылатын еңбекке сын көзбен қарауды, негізгі және қосалқы пікірлерді айыра білуді талап етеді, оған қоса автор ойының даму логикасын бақылауды үйретеді. Зерттеу барысында әр түрлі тұжырымдарды дәлелдеуге құжаттар, үзінділер, сілтемелер қолданылады, оларды мәтіннен дәл, орнын ауыстырмай жазып алу өте маңызды.
Конспект жазудың негізгі кезеңдеріне тоқтала кетейік.
Қарастырылатын мәселе бойынша таңдап алынған еңбектен конспект жазбас бұрын, оның мәтінімен өте мұқият оқып-танысу қажет. Негізгі ой жүйесі, автор ұсынған шешім және оның дәлелденуі көңілге қонған соң еңбектің мазмұнын қысқаша өрнектеуге кіріскен жөн. Өкінішке орай, студенттердің көбі кітапты оқу барысында бірден өзіне ұнаған сөйлемдер мен абзацтарды қатарластыра көшіріп, үлкен қателік жібереді. Нәтижесінде ондай «конспект» қарастырылған басылымның жүйесіз көшірмесі немесе қисыны аз жеке үзінділердің жиынтығы болып шығады. Мұндай кемшіліктер – конспектінің табиғаты мен міндеттеріне қайшы, өйткені шолу деген сөздің мағынасы басқа ғой. Сонымен конспекті дегеніміз – ғылыми шығармашылық еңбектің жемісі, онда кітап пен мақала туралы анық және тұшымды баға да болуы керек.
Сауатты конспектілеудің кейбір дағдыларын атап өтейік. Конспектіні жеке парақтардың немесе библиографиялық карточкаларпдың бір бетіне жазудың тиімділігі көп. Бұл әсіресе, бір мәселеге байланысты әр түрлі еңбектерді салыстыра қарауға өте ыңғайлы. Жазудың өзі конспектінің сипатынан хабар бергені дұрыс. Ол үшін беттің оң жағынан 1/3 бөлігін ашық қалдыру, осында зерттеушіге тың болып көрінген тұжырымдардың астын сызу, дәлелдемелерді бөлектеп жазу, әр тарау мен бөлімді басқа сиямен белгілеп отыру ұсынылады. Конспектінің басында басылымның аталуы, кітапхананың орналасқан жері, ондағы кітаптың сақталу орны, шифры көрсетіледі.
Конспект жазылған беттің ашық қалдырылған тұстарына оқу үстінде ойға келген ескертулер, қарастырылып отырған нұсқаның кейбір пікірлеріне айтылған өзіндік сындар мен тұжырымдар жазылса, парақтың сырт жағына студенттің шығармаға берген бағасы, автормен пікірталасы егжей-тегжейлі түрде беріледі.
Кітаптың, құжаттың, мәтіннің аса маңызды жерлеріне назар аудру үшін ашық жерлерге латын аббревиатурасымен берілген NВ / Nota bene «жақсылап қара»/ белгісін қою қалыптасқан. Ал мәтіндегі сәйкессіздіктер мен қателіктерді айқындау үшін сұрақ белгісі немесе үш қатар леп белгісі пайдаланылып жүр. Конспектіде жазуы ерекшеленген, бөлектеп алынған, асты сызылған сөздер мен сөйлемдердің табиғатын, оларды бөліп көрсетудің себебін түсіндіруді ұмытпаған жөн, әрі оқылып отырған нұсқаның беттерін де белгілеп отыру керек.
Зерттеу тақырыбына қатысы бар монографиялар мен мақалалардан конспект жасау бір қарағанда оңай көрінгенмен, шындығында – қиын іс. Көлемді еңбектерде бірнеше мәселе қатар әңгіме етіледі, сондықтан конспект жазарда қажеті бар деген ойларды басқалардан бөлектеп алуға, бірақ оның бастапқы тұтастығын бұзбауға ерекше ыждаһатпен қарау қажет.
Конспект жеке цитаталардан, үзінділерден, сонымен қатар еркін баяндаудан тұруы мүмкін. бірақ еңбектегі ережелерді, қорытындыларды, тұжырымдарды өзгертпей тырнақшаға алып жазу – конспектіге қойылатын басты талаптың бірі, ал жалпы мазмұнды өз сөзімен қысқаша жаза беруге болады.
Конспектінің толық және үзіктерден таңдап алынған түрлері бар. Дәл цитата алып, оны түсіндіру мен мазмұндау арқылы келесі үзіндімен қисынды байланыстырып отыратын конспект түрі кеңінен тараған.
Негізгі ойлардың тезистерін, оларды зерттеу авторының дәлелдеуін жоспарға сәйкес еркін мазмұндайтын конспектінің де ғылыми құндылығы бар.
Бірнеше еңбекті салыстырудың нәтижесінде жазылатын конспектіде әңгіме негізгі проблема төңірегінде көбірек сабақталғаны дұрыс.
Жоғарыда айтылған талаптың орындылығы ғылыми жұмысты жазу үстінде расталады. Пікір жарыстыру, ой салыстыру үшін сілтеме, үзінді қажет болатыны сөзсіз, сол кезде конспектіге қарауға тура келеді. Егер онда мәтіннің аталуы, беті көрсетілмесе, үзінді дәл жазып алынбаса, тағы да кітапханаға баруға тура келеді, сондықтан конспект жазуда ерекше тиянақтылық керек.
Студенттің өзіндік ғылыми ізденісінің алғашқы сатылары реферат жазудан басталады, оны бір еңбек негізінде немесе нақты бір мәселеге байланысты бірнеше еңбекті қарастыра отырып дайындауға болады. Реферат құрамына аннотация мен рецензиялардан алынған үзінділер, конспектідегі цитаталар кіруі мүмкін. Шын мәніндегі реферат – ғылыми негіздерді оқып-үйренудің ең өнімді түрі және жеке ғылыми жұмыстың жоспары мен барысына айқын бағыт беретін негіз.
Реферат – латын тілінен енген сөз, оның мағынасы қазақша хабарлау, баяндау деген ұғымдарға жақын. Реферат жазу барысында энциклопедиялар мен анықтамаларға, библиографиялық көрсеткіштер мен көмекші құралдарға, арнаулы ғылыми еңбектерге назар аудару қажет болады. Бұл жұмстарға мұқият қараудың себебі бар, өйткені кейін курстық, дипломдық зерттеулердің бір бөлігіне айналатын, тақырыптың зерттелу тарихын көрсететін құнды ойлар сауатты жазылған рефераттан бастау алады.
Реферативтік мәтіннің мазмұн бірлігі ортақ тақырыптық, жалпы мәселенің бірізділікпен баяндалуына, қисындылығына тікелей тәуелді болғандықтан оның стилінің ғылымилығына, мағынасы тұтастығына ерекше мән беріледі.
Күрделі мәселеге арналған ғылыми зерттеудің рефератын дайындау бірнеше сатыдан тұрғаны оңтайлы:
1. Еңбектің тақырыптық конспектісін жасау.
2. Тақырыптық конспекті негізінде еңбекте көрсетілген библиографиялық тізімді толықтыру үшін жаңа зерттеулерді шолып шығу.
3. Зерттеу нєтижелерінің ішіндегі жалпы, негізгі, қосымша қорытындыларды ажыратып, әрқайсысына түсініктеме беру.
4. Рефератты дайындауда оның ғылыми стильге сәйкестілігін, қисындылығын, ондағы емле ережелерінің сақталуын мұқият қадағалап отыру – рефераттың бағасын жоғарылататын көрсеткіштер екенін де есте ұстау артық емес.
Реферат жазудың көпке ортақ үлгісі мынадай.
Кіріспе бөлімде қарастырылатын еңбектің авторы жөніндегі энциклопедиядан, анықтамалардан алынған деректер, басылымның түрі / ғылыми, ғылыми-көпшілік, көпшілік/ хабарланады. Одан соң басылымдағы материалдың игерілу ерекшелігін, берілу сипатын, негізгі мәселелердің сөз болу дәрежесін, терминологиясын, тілдік құрамын айқындайтын жанрлыќ түрін ажыратып көрсету керек. Монографияға қойылатын талаптар тұрғысынан көпшілікке арналған мақаланы бағалауға болмайтыны өзінен-өзі түсінікті, сондықтан қарастырылып отырған еңбектің сипатын атап көрсету, автордың осы бағыттағы ізденістерінің барысына шолу / алғашқы еңбегі ме, әлде бұрынғыларының заңды жалғасы ма?/ кіріспе бөлімде міндетті түрде болуы керек. Егер реферат бір еңбектің жеке бөлімін, тарауын қарастыруға арналса, онда сол бөліктердің жалпы құрылымдағы алатын орнын көрсетіп айта кеткен орынды.
Ең қиын да жауапты жұмыс негізгі бөлімге тиесілі.
Мұнда назарға алынған зерттеудің мазмұнын, мән-мағынасын, автордың идеясын, тұжырымдарының ерекшелігін, қолданған әдіс-амалдарының түрін айқындау мақсат етіледі. Бұдан кейін ой түйіндеуге негіз болған деректер мен дәйектер, оларды талдаудың ерекше жолдары туралы сипаттама беріледі. Егер студент мәселені шешудің оңтайлы жолын, автордың ой-өрісінің ерекшелігін, оның жазудағы өзіндік қолтаңбасы мен мәнерін байқаса, тіпті кей жағдайда пікір таластыруға жараса рефераттың құндылығы арта түсетініне дау жоқ.
Рефераттың қорытынды бөлімінде қарастырылған еңбектің жетістігі мен кемшілігі атап көрсетіледі. Автордың аталмыш мәселеге қандай жаңа ой қосқаны, оның көзқарасының басқалардың пікірлерімен қай тұрғыда байланысып, қай жерде ерекшеленетіні, қорытынды мен тұжырымының дәлелдену дәрежесі, дұрысы мен бұрысы туралы студенттің жазбаларына қарап, оның реферат жазуға қандай мән бергенін, оған қандай дайындықпен келгенін анық байқауға болады.
Конспект, реферат сияқты жазбаларда цитата жиі кездеседі, әрі олардың құндылығы орынды алынуына, тиімді пайдалануына байланысты екеніне көз жеткізу қиын емес. Citare сөзі латын тілінде үндеу, атау деген мағына береді екен.
Цитата – мәтіннен алынған сөзбе-сөз үзінді, ол - зерттеушінің өз ойларын деректермен, беделді ғалымдардың көзқарасымен, пікірлес адамдардың қорытындыларымен нақтылап, сабақтастыра, салыстыра дәлелдеп отыру үшін қолданылады.
Цитатаның басқалармен пікір жарыстыруға да жиі пайдаланылатыны белгілі. Бірақ зерттеу жұмысында басқа мәтіндерден алынған әрқилы үзінділердің оңды-солды қолданыла бергені жақсы емес. Мұндай жағдайда автордың ой-тұжырымдары басқа негіздерден алынған цитаталардың көлеңкесінде қалып қоюы да мүмкін.
Цитаталарға қойылатын басты талап – мәтіннен алынған үзіндінің дәл әрі сөзбе-сөз берілуі. Әдеби зерттеулерде кейде фактіні қисынсыз қолдану, тіпті қате тұжырымдарды дәлелдеуде тұтас мәтіннен тек өзіне керек тұстарын ғана бөліп алу тәрізді кемшіліктер кездесіп тұрады. Бір кездері Мағжан Жұмабаевты реакциялық романтизмнің өкілі және буржуазиялық ақын етіп көрсету үшін оның өлењдерінің жекелеген, сырттай қарағанда түсініксіздеу жолдары алынып, оларды талдау идеологиялық дайын қалыппен ж‰үгізілгенін білеміз.
Толқыннан толқын туады....,
Толқынды толқын қуады.... деген жолдар жеке алынғанда терең мағына бере қоймайтын сияқты, ал ақынныњ өлеңімен толық таныс оқырман бұл үзіндіге басқаша қарайтыны ақиқат және орнықты ғалымның бұл жолдарды өз еңбегіне осылай бөліп цитата етпейтіні тағы да талас тудырмайтын шындық. Үзіп-жұлып алынған жолдар ақынның құдіретін көрсетпек түгіл, оны жеріне жеткізе сынау үшін пайдаланылғаны көрініп тұр. Дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомалық үлгідегі пікірлерді нақтылау үшін цитата қолданылмағаны жөн. Көп зерттеулерде қолданыла беріп, топтаурын болған пікірлерді тағы да бір рет келтіргеннен гөрі, қажетіне қарай бұрын жұрт назар аудармаған тұстарды ғылыми ойды ұштауға пайдаланғанның нәтижесі жоғары. Өзінің қорытынды ойларының орнын басқа еңбектен алған біреудің цитатасымен ауыстыру да ғалымға абырой әпермейді.
Өзге мәтіннен алынған цитата аяқталған бір ойға негізделуі керек. Поэзияда ол – бір шумақ, драмада – эпизод, прозада – абзац, ғылыми еңбектерде – аяқталған сөйлемдер деп қабылдау қалыптасқан, студенттің мұны білгені дұрыс.
Енді цитатаны қолданудың ережелеріне тоқталайық. Цитата міндетті түрде тырнақшаға алынады. Егер ол қысқартылып берілсе, түсіп қалған сөз бен сөйлем орнына көп нүкте қойылып бұрыштама жақшамен қоршалады. Цитатаның қай еңбектен алынғандығын көрсететін сілтемені зерттеу жұмысында әсте ұмытуға болмайды. Ғылыми жұмыспен танысу барысында оқырманның үзінді алынған еңбекпен толығырақ танысуға, екі автордың ойларын салыстыруға ниеті ауатыны да жиі кездесетін нәрсе, баспаға дайындау үстінде редактордың да жұмысын жеңілдететін дәл алынған цитата екені айтпаса да түсінікті жәйт. Цитата алынған тырнақша жабылғаннан кейін оның реттік саны қойылады. Кезекті үзіндіні белгілеу жалпы жұмыс бойынша қабылданған ережеге сәйкес болғаны дұрыс.
«... Фархадтың өлімі оның жеңілгені емес, жеке басының трагедиясы болып табылады. Ал, Хұсраудың жеңісі – оның дєрменсіздігі мен рухани жеңіліске ұшырағанының белгісі еді» 6.184.
Егер бір еңбек әр тұста қайталанса, келесі сілтемеде оның авторын көрсетіп, аталуын қысқартып беруге де болады.
Әдеби мәтінді зерттеуде өлең текстерінен жиі-жиі үзінді келтіруге тура келеді, оны өрнектеудің мынадай басты түрлері бар:
а) Цитата тырнақшаға алынбай бағана күйінде де беріледі. Егер ол аяқталмаған ойды білдірсе немесе шығарманың тұрақты бөлігі болса, онда алдында көп нүкте қойылады.
Мысалы:
...Әрқашанда таза болсын ар-ожданың, жүрегің,
Өзгелер де саған адал, әділ болар білемін.
Зорлық қылсаң өзгелерге - өзің жєбір көресің
Қиянаттың құрбаны боп қорлықпенен өлерсің...
ә) Өлењ үзіндісі тұтас прозалық мәтін түрінде де алынуы мүмкін, ондай жағдайда әрбір тармақтың бірінші сөзі бас әріппен жазылып отырады. Жоғарыдағы өлең шумағын осы әдіспен жазып көрсетейік: «......Әрқашанда таза болсын ар-ожданың, жүрегің, өзгелер де саған адал, әділ болар білемін. Зорлық қылсаң өзгелерге - өзің жәбір көресің Қиянаттың құрбаны боп қорлықпенен өлерсің...
б) Үзіндіні тұтас мәтін түрінде бергенде өлең жолдарын параллель екі сызықпен бөліп отыруға да болады.
Соңғы кездегі сілтеме жасаудың жаңа түрлері мен жаңа стандарттың үлгілері пайда болды. Еңбектің соңында қолданылған әдебиеттердің тізімі ретпен көрсетіледі, олар не алфавиттік, не хронологиялық жүйеде жасалуы мүмкін. Еңбектегі цитатадан кейін жақша ішінде екі сан /27.405/ көрсетіледі. Алғашқысы әдебиеттің реттік санын, яғни оның библиографиялық тізімде 27-ші тұрғанын көрсетсе, екіншісі үзінді алынған 405-бетті белгілейді.
Үзінді келтірудің, сілтеме жасаудың әр түрлі жолдары болғанмен, бір жұмыста тек бір ережені негізге алған дұрыс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет