Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті
Т.У. Есембеков
Көркем мәтінді талдау негіздері
Оқу құралы
Алматы
«Қазақ университеті»
2009
Сөз басы
Көркем мәтін көптеген ілім салалары үшін ұзақ уақыттан бері тұрақты зерттеу нысаны болып келе жатыр. Оны қабылдау, тану, талдау, бағалау хақында жазылған еңбек көп, теориялық қағидалар да аз емес. Мәтінтанудың методологиялық негіздері де әжептәуір айқындала бастаған әдістемелік амал-тәсілдер төңірегінде жинақталған зерттеулер де біршама.
Филологияның жетекші салаларының әр кезеңдегі өз жетістіктері мен тұжырымдарын тиянақтап қорытындылап, жинақтап саралап отыратын тәжірибесі бар. Ғылыми ойдың әрбір жаңа сатысы өткенді жетілдіруге тырысатыны, өз тезіне салып түзетуге ұмтылатыны жөнінде тарихи тағылым жетерлік, тың тұрғыдан қайта қарауға мүдделі болуы да бек мүмкін. Мұндай үдерістің қозғаушы күштері қатарында сыртқы және ішкі факторлар жататыны белгілі. Осындай еңбектің нәтижесінде адамзат тарихында әлеуметтік жады» деп аталатын ерекше құбылысқа айналған өзекті ғылыми көзқарастар мен пікірлердің жалғастығы мен сабақтастығы пайда болып, құндылықтар құрайды екен. Осы тұтастық пен бірлік әрбір келесі ұрпақты өзіне құрметпен қарауға мәжбүр ете алатын күшке айналатынына да дәлел көп, сондықтан филологиялық ойдың тарихи даму барысымен жақын танысу, оны етене меңгеру студенттің ғылыми мәдениетін, кәсіби біліктілігін қалыптастыруға оң әсерін тигізетіні жөнінде талай мәрте айтылған, қайталап тағы бір рет айтқан артық емес.
Модернистік ғылыми көзқарастардың негізінде тың теориялық тұжырымдардың жататыны – анықталған жағдай, бірақ қалыпты зерттеу нысандары мен дәстүрлі ұғым-түсініктердің жаңа ғылыми көзқарасқа сәйкес болмайтыны немесе жедел өзгере алмай қалатын кездері де болады, сондықтан категориялар мен терминдердің, зерттеу амал-тәсілдерінің өзгеріп, түрленіп отыратынына түсіністікпен қарау қажет, бірақ бұрынғыларын да ұмытпаған жөн. Әрбір ғылыми зерттеудің нәтижесі ортақ қазынаға қосыла береді, білім көзіне айналдырудың тиімді әдістері мен оңтайлы жолдарын іздеп отыру өте маңызды.
Есте ұстайтын мынадай мәселе бар: әдебиеттану әрбір кезеңге сәйкес ғылыми ойлаудың стилін қалыптастырады, ол іргелі категориялар мен жетекші ұғымдардан, негізгі әдістер мен әмбебап қағидаттардан құралады. Сауатты зерттеуші бұлардан толық хабардар болғандығымен ерекшеленеді. Назарларыңызға ұсынылып отырған еңбек осындай мақсаттар көздейді. Алдымен студенттер мен магистранттарды әдебиеттанудың тарихындағы аса маңызды методологиялық жүйелермен таныстыру міндеті тұр. Єрине, бұл оқу құралының көлемі университет оқулықтары мен арнаулы пәндердің бағдарламаларының орнын басуды мақсат етпегенімен «көркем әдебиет және оны зерттеудің тарихы» деген тақырыпқа қызығушылық тудыруға қызмет қылса деген ой бар.
Жекелеген теориялыќ тұжырымдарға қатысты әр кезеңде деген түрлі пікір кездесіп отырады, бірақ бағалау білімнің арқасында жасалса ғана орнықты болмақ, ал ол үшін өткен тарих пен нақты тәжірибеге жүгінуге тура келер.
Оқу құралының ғылыми-әдістемелік тұрғыдан өз көздегені бар. Әдеби мәтінді зерттеудің жалпы филологиялық мәселелері, оларды шешудегі әр саланың қызметі нақтыланған. Сонымен бірге мәтінтанудың алғашқы баспалдақтары туралы жүйелі әңгіме айтуға ниеттендік, яғни зерттеу тақырыбын таңдау, оған негіздеме жасау, библиография түзу, дерек пен дәйекпен нәтижелі жұмыс істеу жолдары сөз етіледі.
Көркем мәтіннің сыртқы және ішкі құрылымын жүйелі зерттеудің жобасы ұсынылып, соған сәйкес зерттеу амалдары мен талдау жолдары таныстырылады. Кітаптың соңғы бөлімінде жетекші әдістерге шолу жасалып, олардың тірек ұғымдары мен теориялық негіздері сөз болған.
Оқу құралында ұсынылған талдау түрлері мен жолдарын схема түрінде дәл қайталаудың немесе оларды әмбебап әдіс-амал ретінде ойланбай қолдана салудың жөні жоқ, өйткені көркем мәтіннің жанрлық табиғатын, стильдік бітімін, құрылымын есепке ала отырып талдауға кірісуді ережеге айналдыру қажет. Олар зерттеушінің ойына ой қоссын деген ниеттен және өзінше ізденуге септессін деген жанашыр тілектен туғанына назар аударылғаны дұрыс шығар.
Достарыңызбен бөлісу: |