Т. У. Есембеков Көркем мәтінді талдау негіздері Оқу құралы Алматы


Көркем мәтінді талдау мен бағалаудың әдістемелері



бет8/26
Дата08.03.2023
өлшемі0,63 Mb.
#72495
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   26
3 Көркем мәтінді талдау мен бағалаудың әдістемелері

Көркем мәтінді талдау мен интерпретациялау туралы жазылған зерттеулер көп, бірақ олардағы әрқилы көзқарастар мен ұсыныстарды, тұжырымдар мен қорытындыларды бірден қабылдай қою оңай емес. Сондықтан бұл іске біртіндеп, бірізділікті сақтай отырып жүйелі түрде кірісудің маңызы зор. Келесі бөлімдерде көркем мәтіннің мазмұны мен пішінін сабақтастыра, байланыстыра отырып кезең-кезеңге бөліп талдаудың жоспары ұсынылады.


Талдау барысында дүниетаным мен шығармашылдықтың күрделі қарым-қатынасы, нақты тарихи көзқарас, жүйелілік қағидаты сияқты басты методологиялық негіздер пайдаланылады.
Назарларыңызға ұсынылып отырған еңбекте ғылыми зерттеу үш кезеңге топтастырылған. Біріншісі көркем шығарманың жазылу тарихы мен мәтінін жазушының шығармашылық қызметі және өмірінің арасындағы сан алуан қарым-қатынастарды қарастыруға арналған.
Екінші кезеңде әдеби мәтіннің құрылымына тұтас талдау жүргізіледі. Соңғы үшінші кезеңде оны басқа мәтіндермен салыстыру, әдеби-тарихи, тарихи-функциональдық, типологиялық аспектілерде қарастыру көзделеді.
Әдебиеттануда қазіргі кезеңде қолданылып жүрген талдау түрлері ғасырлар бойы қалыптасып, дамып келген, бірақ оларды әр бағыттағы ғылыми мектептер өзінше пайдалануда. Біреулері көркем шығарма тұтас дүние, ендеше оны бөліп-жарып талдау, түсіну мүмкін емес десе, екіншілері тек жалаң мәтінге мән береді, ал үшіншілері шығарманы талдаудың биографиялық жолын қолдауда.
Студент негізгі ғылыми бағыттар мен мектептер, әдеби категориялар, терминдер жөніндегі алғашқы ұғым-түсініктерді «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен алып, кейін оларды әдебиет тарихы мен теориясы бойынша өтілетін курстарда толықтырады.
Қазақ әдебиеттану ғылымында поэзиялық үлгілерді талдаудың әдістемесі біршама қалыптасқан, ал проза мен драматургиялық шығармалардың мән-мазмұнын кеңінен ашатын, олардың мәтінін тереңірек тануға бағытталған оңтайлы әрі орнықты зерттеу амалдары көп сөз бола қойған жоқ. Осыны ескере отырып, қолдарыңыздағы көмекші құралда прозалық мәтінді оның тектік ерекшеліктерін ескере отырып талдаудың жолдары сөз етіледі.
Тағы бір айта кететін мәселе – көркем шығарма тек жеке мәтін тұрғысында ғана емес, сонымен қатар жазушы шығармашылығы мен әдеби үдеріс аясында немесе автор өмірінің белгілі бір кезеңіне байланысты қарастырылса, онда талданатын мәтіннің тақырыбының, образдарының, құрылымының шығармадағы орны мен қызметі нақтырақ анықталады. Демек, бұл - жазушы ойының дамуы, оның дұниетанымының ерекшеліктері, шығарманың көркемдік-эстетикалық мазмұны да назарда болуы қажет деген сөз.
Нақты бір шығарманы талдауға кірісуден бұрын «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінде айтылған негізгі қағидаларды, терминдерді еске түсіріп алған жөн.
Әдебиеттің болмысты танудың ерекше формасы екендігін үнемі есте ұстаған жөн, ендеше оның өнердің бір түрі ретіндегі ерекшеліктерін де жақсы тани біле түсудің қажеттілігі мол.
Аталмыш пәннің негізгі міндеті – студентке көркем шығарманы талдау мен бағалаудың жүйелі ғылыми негіздерін айқындап беру, тиімді жолдарын көрсетуге ұмтылу.
Оқып-үйренуге ұсынылған ғылыми зерттеулер мен мақалалармен танысу үстінде олардың өзі де белгілі бір тарихи кезеңнің, сол кездегі ілім мен білімнің даму дәрежесінің көрсеткіші екенін естен шығармау керек. Сондықтан әдеби-тарихи тұжырымдарға, көркем шығармаға әр кезеңде қойылған талаптарға, қолданылған ғылыми терминдерге тарихи тұрғыдан қарауға, әр пікірді құрметпен қабылдауға, обьективті бағалауға тырысып, ғылыми тұрғыдан ұстамды болуға талпыну керек.
Студент әдеби ұғым-түсініктердің даму-өзгеру табиғатына, мағыналық жөн функционалдық дәлдігіне, олардың арасындағы байланыстарға, терминологиялық атауларға ерекше мән беріп қарауы қажет.
Библиографиялық негіздерді тез анықтау және іздеп табу, оларды жүйелеу, мәтінтану мәселелерін, әдеби зерттеулермен жұмыс істеу єдістерін, конспект, реферат жазу ережелері сияқты өткен тарауларда қарастырылған жәйттерді де бір сүзіп шыққан дұрыс.
Жүйелі қайталау мен тереңдетілген теориялық дайындықтан кейін ең негізгі мәселе – көркем шығармамен жақын танысуға, жүйелі талдап-таразылауға кірісуге болады. Бұл оқу құралындағы материалдар мен зерттеу кезеңдері бірте-біртелілік, жалғастық, сабақтастық логикасына сәйкес түзілген.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет