Т. У. Есембеков Көркем мәтінді талдау негіздері Оқу құралы Алматы


Филологиялық пәндердің аударматанудағы қызметі



бет3/26
Дата08.03.2023
өлшемі0,63 Mb.
#72495
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
1.1 Филологиялық пәндердің аударматанудағы қызметі

«Мәтін» категориясының барлық филологиялық ғылым салаларына ортақ екені дау тудырмаса, онда аударматанудағы зерттеулердің де мәтінді негізгі нысан ететіні сөзсіз. Сонымен қатар аударма мәтінді сараптау барысында лингвистикалық білік пен әдебиетшінің өресі бірдей керек сәттер аз болмайды. Ендеше болашақ аудармашы-филолог бұл екі ғылым арасындағы қарым-қатынастан, әсіресе олардың мәтінтанудағы ортақ мүдделері мен өзіндік мақсаттарын жақсы хабардар болғаны жөн.


ХХ ғасырдың екінші жартысында «мәтін теориясы» атты жаңа филологиялық пән пайда болды. Мәтіндегі жалпы жүйе мен жалқы ереже арасындағы түйіткілдерді пәрменді зерттеу үшін аталмыш бағыт ортақ филологиялық заңдылықтарға, әмбебап қағидаттарға сүйенеді. Сонымен қатар негізгі мақсаты адамдар арасындағы аралас-құраластықты тиімді ұйымдастырудың алғышарттарын және оны дамытудың жағдайларын анықтау болғандықтан, «мәтін теориясы» салааралық типологияны көп қолданады.
Аударматануда түпнұсқа мен аударма мәтінді салыстыра қарастыру барысында олардың арасындағы сәйкестік, эквиваленттілік деңгейлерін дәйекті бағалау үшін лингвистика мен әдебиеттанудың көмегіне сүйену зерттеудің сапасын арттыра түсетінін естен шығармау керек. Ең алдымен, мәтіндегі басты жүйелілікке – оның тіл заңдылықтарына сәйкес құрылуына баға беріледі. Әрі қарай тілдік құрамның қарастырылып отырған мәтіндегі жалқы қолданыстарына назар аударылады. Ал оның варианттарының әрқайсысының мәтіннің тұтастығы мен ішкі байланыстығы не кері, не оң әсер ететінін анықтау оңай емес, сондықтан модуляция, вариация, маневр деген сөз қолданыстарына қатысты ұғымдарға үрке қарамау керек. Тағы бір назар аударатын мәселе бар: ол – мәтіннің сыртқы тұтастығы мен ішкі байланыстарының арасындағы аса күрделі қатынастар табиғаты туралы. Оған қоса мәтін – жалпы мен жалқының, жүйелілік пен даралықтың бірлігі деп санайтындардың пікірімен есептесудің де айыбы жоқ.
Мәтін ұғымы алдымен лингвистикада арнайы зерттелген болатын. Лингвист үшін мәтіннің кең және тар мағыналары бар. Кең мағынада мәтін аяқталған ойды білдіретін ретті құрылым, ал тар шеңберде ол - тіл арқылы мағыналық қабаттар мен қатарларды өрнектеу деп түсіндіріліп жүр. Осыған байланысты «сөздік шығарма» және «айтылым» деген ұғымдар пайда болған, алғашқысы – аяқталған ойды білдіретін сөз қатары, соңғысы – тілдік қарым-қатынас түрі делініп отыр, осының бәрі - мәтін лингвистикасы атты арнайы ғылымның еншісінде.
Компоненттердің іштей тығыз байланысы, бірізділік, коммуникативтік ілкімділік сияқты мәтіннің тұрақты қасиеттері – филологиялық ғылымдардың ортақ зерттеу мәселесі. Мәтін бөліктерінің шекаралары әдейі ажыратылатыны – бөлу арқылы тұтастық құрау деген пікірге негізделгендей. Мысал келтірейік: А.С. Пушкин. Капитан қызы. Әрі қарай эпиграф берілген: «Арыңды жастай сақта». Емле арқылы бөлінген, өз алдына үш түрлі жеке мағына бере алатын бөліктерді тұтас мәтінге айналдыруды автор осылай шешкен. Екінші мысал: Мүсірепов Ѓ. Кездеспей кеткен бір бейне. Романтикалық поэма. Көзге көрініп тұрған шекарасы анықталған үш жеке мәтінді тұтастыру үшін жазушы ұсынған ойлау жүйесі қандай? Мұндай структуралық түрде бөлініп тұрған компоненттерді рамалық деп атайды, бұларды «мәтіннің күшті позициясы» ретінде бағалау да бар, мұндай күшті позицияға мәтіннің аумағын анықтап тұратын рамаларға жақын тұстардың бәрін жатқызуға болады. Әдеби мәтіндегі ерекше мағына мен эстетикалық мәндер де осыларға қатысты. Аударма барысында осындай «күшті позицияларға» жете назар аудару қажет. Негізгі тақырыптың жүйелі бейнеленуі үшін фразааралық, мәтінаралық сөздер, тіркестер, сөйлемдер мәтінге аса қажет, олардың семантикалық мағыналары дәл осы жерде анық болмауы мүмкін, бірақ мәтінді тұтас қарағаннан кейін бәрі көп нәрсе белгілі болады. Мәтіннің тұтастығын оның мағыналық, оқиғалық аяқталуымен шатастырмау керек. Романның бір тарауының аяқталуы шығарманың тұтастығын бұза алмайды, келесі тараулар да солай. Негізгі тақырып пен микротақырыптар қатынасына да осылай қарау керек. Эпилог, пролог сияқты функционалдық салмақ көп түсетін бөліктердің де мәтін структурасындағы орны мен маңызына мән берген ұтымды. Образдың тұтас эстетикалық қарымын көрсету үшін автор мәтіннің белгілі-бір компоненттеріне ерекше салмақ артады, тіпті мәтінде оларды бөліп көрсету, емле белгілері арқылы дәріптеу де осы үшін керек. Қорыта келгенде, мәтіннің тұтастығы да, шектеулілігі де – шартты. Мәтіндегі дискреттілік көріністеріне назар аудара отырып, оның бас-аяғын бүтіндеп тұратын рамалар көркем мәтінді ұлттық әдебиеттің тұтас бір бөлігі етіп тұратыны да шындық, яғни рамалық компоненттерді мәтіннің тұтас бөлігі, немесе бөліктің тұтасуы деп қарауға негіз болады.
ХХ ғасырдың екінші жартысында «мәтін теориясы» әдебиеттануда басқаша бағалана бастады. Көркем шығарманың предметтік-образдық аспектісі (шығарманың әлемі) және идеялық-мағыналық аумағы (көркем мазмұн) оның тілдік қорын қоса отырып, көркем мәтін құрайды. М. Лотман «Анализ поэтического текста» (Л.1972) деген еңбегінде көркем мәтін мен әдеби шығарма бір емес деген көзқарасын айта келіп, мәтіннің көркем шығарманың бір компоненті екендігін өзінше дәйектеген. Әдеби мәтіннен автордың идеясын, концепциясын, яғни көркем мазмұнды іздейтін ғалымдар «мәтін» мен «шығарма» синонимдер деп есептейді. Дегенмен көркем мәтінді ерекше ұйымдастырылған, сабақтас бөліктерден тұратын тілдік құрылымдар жүйесі деп бағалау басым. Әдеби мәтінді негізгі және жанама (атауы, ескертулер, эпиграфтар т.б) деп бөлу осыған байланысты. Зерттеушілердің көркем мәтіннің осындай болып ажыратылып жүрген себебін білгені дұрыс.
Мәтін талдауда кездесетін тағы бір қиындық – оның кейбір бөліктерінің автордың санасы мен стиліне кереғар болуы, яғни ойлауы мен сөзі бөтен адамдардың тілінің бір мәтінде қатар қолданылуы. Бұлардың қатарында бөгде сөздер, ауызекі сөйлеу көріністері, пародия, стилизация, еліктеу, реминисценция бар, оларды зерттеу үшін ғылым «мәтін» ұғымынан туындайтын мағынасы әр түрлі терминдер енгізе бастады. Астарлы мәтін (подтекст), үстіңгі мәтін (надтекст), контекст, интермәтін т.б. ұғымдар ғылыми айналымға дендеп еніп кеткен. Үстіңгі мәтіннің мәні уақыт, заман, ортаға байланысты мағыналар арқылы ашылады, ал контекст – мәтіндегі әдеби түсініктер мен құбылыстардың арасындағы сан алуан байланыстарды зерттейді. Интермәтін – өте күрделі ұғым. Р. Барт өзінің «Избранные работы. Семиотика. Поэтика» (М. 1989) еңбегінде кез-келген мәтінде басқа мәтіндердің бөліктері омонимдік сипатта, яғни тырнақшасыз, немесе бейсана қалыпта ырықсыз алынатын бөліктермен араласып жүре беретінін айтып, автор еңбегіне күмәнмен қараған, бірақ жаңа мәтіннің бұрынғы мәтіндермен арасындағы репликаларды сараптаған.
Соңғы жылдары «мәтін» термині музыкада, театр мен кинода жиі қолданылуда, олар мәтінді «байланысқан белгілер жүйесі» ұғымы ретінде қарастыруды қолдайды.
Мәдениеттану мен аксиология мәтінді белгілі бір жағдайдан тыс тұрғанда ғана есепке алады.
Мәтін болғаннан кейін оның авторын қайдан іздеу керек деген сұраққа жауап көп. Автор мәтін ішінде, сыртында әр түрлі кейіпте өмір сүре береді дейді көпшілік (Бюлер, Бахтин), ал біреулер (Деррида, Борт) автор жоқ, ол өлген деп айтып кеткен. Мәтіннің авторы оқырман деген пікірді қуаттаушылардың (Гумбольдт, Горнфелд, Потебня) да өз уәжі бар.
Мәтінді талдау мен талқылау барысында автор образы ерекше маңызды. Бұл, әсіресе, көркем мәтінмен жұмыс істеу кезінде анық байқалады. Сонымен қатар «жағалауы жоқ мәтін теориясы» бойынша: «Скриптор жазады, ал оқырман ол мәтінде еркін серуендеп жүреді, бірақ ештеңе ойламайды және одан ештеңе алмайды, себебі ол – мәтіннің иесі» (Р. Барт) деген көзқарас қазіргі модернистік мәтіндерге арналғандай. Әртүрлі ғылым салаларының «мәтін» категориясына деген көзқарастарына шолу жасау барысында автор ұғымының әмбебап функцияларына, ортақ қасиеттеріне назар аударылды.
Көркем мәтінді зерттеуде әдебиеттану мен лингвистикалық көзқарастардың көп ретте түйісетін жєне екеуінің нәтижелі септесетін ортақ филологиялық пәні – стилистика. Лингвистер «көркем әдебиет тілі», ал әдебиеттанушылар «әдеби тіл» деп атап кеткен ортақ зерттеу нысанын тілшілер тілдің қолданылуының бір түрі десе, әдебиетшілер бұл ұғымды - мәтіннің мазмұнды пішіні деп түсінеді.
Көркем сөздің теориясын зерттеуде формалистер мектебі (Р. Якобсон, Б. Эйхенбаум, В. Жирмунский) әдеби норма мен жалпы халықтық тілдің арасындағы қатынастарға ерекше назар аударды. Олар тілдің лексика-фразеологиялық құрамын жіктеп, әдеби қолданысқа қажеттерін анықтады. Сонымен қатар сөйлеу семантикасына, ассоциация түрлеріне астарлы мағына беретін тілдік құбылыстар аталды. Бұл бағыттың өкілдері оған қоса «есту филологиясының» қағидаларын дамытты, ономатопея және мағыналы дыбыс құбылыстарына, интонацияның мағыналық қырларына көңіл бөлінді. Осындай әдеби тілді жалпы халықтық тілден бөліп алу немесе оған қарсы қоюға талай мәрте қадам жасалған. Бұл қатардағы зерттеулерден Ц. Тодоровтың «Семиотика» (М., 1983) атты кітабын бөліп атауға болады. Ғалым дискурсты ғылыми, практикалық, ресми, көркем-әдеби деп жіктеп, олардың әрқайсысының өз нормалары, ережелері, пайда болу жолдары барлығын діттейді, бұл дискурстардың арасындағы шекаралардың жылжымалы екендігін, бір-біріне ауысу мүмкіндіктері мол екенін көп мысалдармен дәлелдеген. Ол әдеби тілді жалпы халықтық тілге қарсы қоюды қолдамаған. Ғалым көркем мәтіндегі эксплициттік, имплициттік мағыналардың, символдардың негізін әдебиеттің негіздерінен іздеуді ұсынды.
Көркем мәтіннің стилистикалық ерекшеліктерін талдауға әдебиеттану мен лингвистиканың жұмыла кірісуінің қажеттілігі бар екендігін Д.С. Лихачев өзінің «О филологии» (М., 1989) еңбегінде қадап айтқан. Тілдік-образдық жүйенің шығарманың эстетикалық пішіні екеніне ден қойған зерттеуші жеке авторлық стиль мәселесін тұрақты образдық жүйе, ажарлаушы-айқындаушы амалдармен байланыстырады, оның сюжеттілік, суреттілік, және психологизм де мәтіннің маңызды стильдік белгілері сыңайлы деген пікірлері ойландырады. Ғалымның көркем композиция стильдік доминанта бола алады деген көзқарасы да назар аударарлық.
Осы тенденциялардың бәрі көркем мәтінді тануға бағытталған әдеби, лингвистикалық, стилистикалық талдауларды біріктіретін «Көркем мәтінді филологиялық талдау» атты жаңа пәннің қажеттілігін көрсетеді.
Түйіп айтқанда, филологиялық талдау мен талқылаудың негізінде мына мәселелер жатуы қажет:
а) көркем мәтінді лингвистикалық тұрғыдан жүйелі талдауды жүзеге асырып алу;
є) тілдік құрылымдарды қолданудағы автордың жеке стилін анықтау үшін стилистикалық әдістерді қолдану
б) көркем мәтінді тарихи-әдеби факт және эстетикалық құбылыс ретінде әдеби тұрғыдан талқылау мен бағалау. Филологиялық талдау – аталған негіздердің құр жиынтығы немесе жай қосындысы емес, қазіргі филологиялық пєндердегі интегративтік ізденістерді біріктіруге және пәнаралық түйткілдерді ортақ мәселе тұрғысынан шешуге бағытталған кешендік талдау. Сонымен қатар ол - басқа да ғылым салаларымен әр түрлі байланыс жасауға мүдделі ғылыми сала.
Көркем мәтінді филологиялық талдау тіл мен әдебиеттің түп қазығына тартатын ортақ қасиеттерге сүйене отырып, сөз бен мәтінге филологиялық негізгі жєне дәстүрлі обьектілер ретінде қарайды.
Филологиялық талдаудың методологиялық қағидаты ретінде көркем мәтін – динамикалық структурасы бар бір бүтін құрылым деген көзқарас алынған. Мұнда әрбір элемент пен аспект айналасындағылармен бірлікте ғана емес, сонымен қатар ондағы мағыналар қатарының идеяға беттеген бағыттары да қарастырылады. Көркем мәтінді талдау - бір-бірінен туындайтын, бір-бірін айқындап тұратын мағыналар мен символдар арасындағы иерархияны көру, тану, түсіндіру, бағалауға жақындайды. Бұл көзқарас көркем мазмұн мен пішіннің құрамын оның грамматикалық формаларынан бастап образдарына, мотивтеріне, жанрлық-құрылымдық ерекшеліктеріне дейін қарастыруды көздейді. Көркем мәтіннің маңызын ашу үшін филологиялық талдау автор образына, оның түрлі көріну бейнелеріне де ерекше мән береді, авторға байланысты әрбір сәтті ұқыпты қарастырады.
Барлық филологиялық талдаулардың бәрі мәтіндегі ең басты мәселе – көркем образ туралы ұғымға тәуелді. Образға жалпы мен жалқы, типтік пен даралық туралы түсініктер қатысты, олар тұтаса отырып көркем мәтін құрайды екен. Филологиялық талдау үшін мәтіндегі ұсақ-түйекті тәтпіштеу мақсат емес, мәселе – көркем мәтіннің ең маңызды қасиеттеріне баса назар аудару. Оған қоса Д.С. Лихачевтің «мәтіндегі жеке сөздің ғана мағынасын емес, бүтін мәтіннің көркемдік мәнін тану керек» деген сөзі ойлана қарауды қажет етеді
(Д. Лихачев. О филологии. – М., 1989. – Б.205).
Филологияда мәтіндерді жүйелеуге деген ұмтылыс үнемі жүріп жатады. Соңғы жылдары бір кездегі К. Бюлердің теориясына негізделген көзқарас бел алып отыр. Бұл функционалдық теория бойынша мәтіндегі салмақ ең көп түсетін компоненттер – стиль мен жанр, осыған қарап мәтіндерді ақпараттық (ғылыми, ресми стильдердегі мәтіндер), экспрессивтік (көркем мәтіндер), ақпараттық-экспрессивтік (публицистикалық мәтіндер) деп бөлуге болады. Өз алдына бөлек мәтіндер қатарына ораторика (соттағы сөз), гомилетика (уағыз, насихат) жатқызылады.
Аударматану да мәтінтанумен тығыз байланысты, өйткені мәтінді аудару үшін алдын-ала дайындық жасаудың қалыптасқан қғидалары, жүйеленген ережелері, арнайы дағдысы мен машығы бар. Алдымен мәтіннің табиғатын, түрін, көлемін, мазмұны мен пішінінің ерекшеліктерін анықтап алған дұрыс. Әдеби мәтіннің анықтамасы көп: ол – шабыттың құпия еңбегінің нәтижесі, авторлық талдау мен талқылаудың нәтижесі, мәдени феномен, лингвистикалық жүйе, архетиптік әлем, психолингвистикалық нақтылық, автор мен оқырманның кездесу алаңы; автор, актор, нарратор, бенефицарий, скриптор, рецептор арасындағы делдал; семиотикалық құрылым, автордың өмір туралы көзқарастары мен дүниетанымының көрінісі, мәдениеттің ұжымдық жады, тарихи тағдырдың ойыны (Горнфельд), субьектіден тыс структура (Р. Барт). Әр анықтама мәтіннің белгілі бір қырына, сырына, парқына, сапасына, қызметіне негізделгені көрініп тұр, аудармашының әрі қарай мәтінді оқу, қабылдау, түсіну, талдау, бағалау, һашиялау (интерпретация) сияқты амалдардың ретін, байланыстарын айқындап алғаны өзіне оңтайлы. Ғалымдар мәтінде кем дегенде мынадай үш анық негіз бар деп жүр: обьективтік, авторлық, оқырмандық. Ал әр мәтіннің өзі жеке тұрып та негіз бола алады деп жүргендердің пікірі назар аударарлық. Бұл пікірлердің ақпараттық, мағыналық сипаттарын жоққа шығаруға болмас.
Мәтіннің шектеулілігі (тұйықтығы) мен шексіздігі туралы теориялардан хабардар адамның оның көп мағыналылығы, көпқабаттылығы, әрбағыттылығы, өзгермелілігі туралы пікірлерге ден қойқаны абзал. Демек, көркем мәтінді тәржімалауға дайындықтың да қиындығы аз емес екен.
Әдеби мәтінді оқудың түрлері мақсат-мүддеге тәуелді, осы оқуда тілдік тұтастық пен қисындық сабақтастықты түсіну, оқиға мағынасы мен мәнін аңғару, авторлық идиостильді айқындау барысы мен нәтижесі маңызды болғандықтан, оны рецептивті эстетика, коммуникативтік поэтика, әлеуметтану сияқты ғылым салалары арнайы зерттейді, олар оқырманның білімі, жасы, табиғи қабілеті, ортасы тақылеттес факторлардың көркем шығарманы қабылдауға, түсінуге, бағалауға тигізетін әсер-ықпалын сараптайды. Сонымен қатар мәтінді түсіну тілдік-семантикалық жүйені, одан кейін ой мен қиял өрнектеген көркемдік нақтылықты, яғни автор бейнелеген дүниені, уақыт пен кеңістікті көру, елестету деген ойдың да жаны бар, бұған қоса зерттеушінің сөздің астарлы мәнін, жасырын мағынасын ұғынуға, ондағы түс, дыбыс, сезім, әрекет, қимылды қабылдауға мүдделі болуы керек, яғни әдеби антропологиялық көзқарастар туралы дайындығы болғаны жарасады.
Әдеби шығарманы талдау обьективтік негіздерге сүйенеді, белгілі амал-әдістер арқылы жүргізіледі, мұнда өнер атаулыға тән жалпы заңдылықтар да ескеріледі. Талдау әдебиет теориясы мен мәтін поэтикасына тығыз байланысты болғандықтан мәтіннің шығармашылық тарихы, автор тұлғасы, дәстүр, жанр мәселелері назардан тыс қалмауы керек. Талдау «қарама қарсы ағыстар» теориясына сүйене отырып мәтіннің ішінен сыртына, тысынан ішіне қарай жүргізілсе тіпті өнімді болмақ.
Мәтін интерпретациясы герменевтика мен рецептивтік эстетикаға сүйенгені абзал, өйткені ол - саналы-интуитивті әрекет, сондықтан интерпретатордың еркіндігі, субьективтілігі, өзіндік оқшау пікірге құмарлығы міндетті түрде мәтін арқылы дәйектеліп, дәлелденіп, нақтыланып отырғаны орынды. Түйіп айтқанда, мәтінді интерпретациялау түсініп отырып талдау және дәйекті бағалау дегенге жақын. Көркем мәтінде бірнеше шығарма қатар өмір сүре алады деген пікірге ойлана қарағанның айыбы жоқ. Аударматануда мәтінді, оқу, түсіну, талдау, бағалау бір-біріне байланысты түрде жүзеге асырылса, түпнұсқа мен аударма мәтінді идентифрикациялау барысы нәтижелі болады деп есептейді.
Көркем шығарманы тәржімалау барысында «мәтін» ұғымы бір-біріне тәуелді бірнеше нысанға бөлінеді: а) мәтін – түсіну нысаны, яғни мағыналар тудырушы; є) «түпнұсқа – яғни басқа тілге аударуға, өзгертуге болатын мәтін; б) аударма мәтін – басқа тілдегі өзгертілген, лайықталған, бейімделген нұсқа;
в) аударма негізі – гносеологиялық байланыстары аса маңызды бұл түсінік ғылымда «текстуалитет» деген термин арқылы анықталады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет