ҚАРАТӨБЕ СЪЕЗІ 1918 жылдың бас кезі. Қыстың күні. Съезге Қаратөбеге Орал облысының бар оқыған қазақтары жиылды. Бастықтары — екі Досмұқамбетұлы. Съезге жиналғандардың ішінде, соңынан коммунист болған осы күнгі өзіміздің Кенжеұлы, Қасаболатұлы, Мырзағалиұлы, Қаратілеуұлы, Жолдыбайұлы, Қангерейұлы, Ипмағамбетұлы, Әлібекұлдары бар. Бұлар онда большевик емес...
Съезд ашылды. Съездің басқармасына (президиумына) Досмұқамбетұлдары сайланды.
Қаралатын мәселелердің зоры: әскер жасау, үкімет құру, үкіметке қаражат ақша жинау. Әскер жасауға, үкімет құруға қарсы сөз болған жоқ. Ақша жинау мәселесіне келгенде съезд екі жікке бөлініп, айтысты да қалды. Бір жағы көп, бір жағы аздау. Көпшілік жағы Досмұқамбетұлдары жағы. Бұлар: ақшаны жинағанда «үй басына, от жаққан түндік басына жүз (100) сомнан салайық», — деді. Азшылық жағы Ғұбайдолла Әлібекұлы, Ипмағамбетұлы, Қангерейұлы жағы. Және бұлардың соңында Жолдыбайұлы, Қасаболатұлы, Кенжеұлы, Қаратілеуұлы, Мырзағалиұлдары бар. Бұлар «байға байша, кедейге кедейше салайық», — деді.
Бұлардың бүй дегеніне Сырым батыр ұрпағы әлгі белгілі Салық бай қарсы болды. Салық қарсы болған соң, Досмұқамбетұлдары да қарсы. Сөз қызды. Талас күшейді. Екі жақ бір-біріне көнбей екпіндеп, белсеніп айтысты. Екі жақ та өз ұйғаруларын дәлелдеп, съезге кезек-кезек баяндады. Съезд толқыды. «Дәлелдер» күшті. Досмұқамбетұлдарының ол кезде, ол съезде беделдері артық. Съезд олардың дегендерін теріс деп білмейді. Бірақ мына Ғұбайдолла Әлібекұлы, Ипмағамбетұлдары жағынын дәлелдері көкейге қонарлық. Адамшылық ұяты бар кісіні ұйытарлық. Екі жағының да сөздері қызу. Съезд толқып әбден қызды. Съезд мешітте. Мешіт лық толған. Үй іші әбден булықты. Есік берік. Съезге кіре алмаған жай бұқара халық анталап мешітті айналып алған. Ашық терезелерден бастарын сұғып, талас сөздерді тыңдайды. «Байға байша, кедейге кедейше салу керек. Жарлыға тіпті салмау керек...» — деген сөздер терезелерден сығалап тұрған кедей бұқаралардың қышыған жерлерінен шыққандай. Кейбіреулері қоштап, терезеден айқайлайды. Ақырында, Ғұбайдоллалар түндік басы салық бірдейлігіне ырза еместігін дәлелдеп, қағазға жазып әкеліп, басқармаға тапсырды. Бірақ оған Досмұқамбетұлдары болмады. Бұлардың бұл жазып әкеліп отырғандары «большевикке» қосыламыз дегендері деп сөйледі съезге. Олардың дәлелдері де қисынсыз емес. Олар былай дейді:
«Жамағат! Бұл жиылысты үлкен үмітпен, зор ниетпен жасап отырмыз... Россия аласапыран заманға кез болды. Үлкен толқынға ұшырады. Россияға үлкен пәле жабысты, жікке бөлініп, өзді-өзі соғысып, бірінің қанын бірі судай төгіп жатыр. Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы дегендей кер заманға кез болдық. Кезінде, уақтысында іс қылмасақ Россияның пәлесі бізді де қосақ арасында іліп әкетуі. Сүттен ақ ел болайық, жұрт болайық деп бұл съезді жасап отырмыз. Съезге келіп отырған «Алаштың инабатты адамдары — сіздер. Ұлттың шамшырағы тәрізді қазіреттер араларыңызда, ел ағасы ақсақалдар араларыңызда, жігіт ағасы азаматтар араларыңызда. Бәріңіз де «Алаштың» алдыңғы қатардағы адамдарысыздар. Бауырлар! Мұндай уақытта талас-тартыс дегенді қоялық. Алалық-құлалықты жоялық. Түнеугі күні Орынборда «жалпы қазақ» съезінде ел үшін, жұрт үшін «Алашорда» үкіметіне бізді сайлады. «Алаш» партиясын жасады. «Алаш» баласын ала-құлаға бөлмейміз деп ант қылдық. Кімде-кім ұлтын сүйсе, ала-құлаға бөлмейді. «Алаш баласымын» деген азамат мұны есінен тастамауы керек.
Міне, біз «Алаш» баласын алаламаймыз. «Алаштың» баласын тегіс бірдей сүйеміз. «Алаш» баласы неге болса да бірдей ортақ. Нені болса да бірдей көреді. Алашқа келген қандай жүк болса да, бай демей, кедей демей — бәрі бірдей көтереді...
Міне, сондықтан бай демей, кедей демей, жалпы елге, түндікке жүз сомнан салу керек. Алашты сүйген адам «Алаш» баласына алалыққа бармайды», — дейді.
Міне, бұл алаштың байын да, кедейін де бөлмей, бірдей сүйетін көсемдердің топқа ұсынған жобалары. «Алалық-құлалық жоқ», түндікке жүз сомнан!.. Қазақ баласын тегіс бірдей көреді!.. «Бөлмейді!», «Жармайды!», «Қазақ баласын бірдей сүйеді!» Қазақ баласының мұң-мұқтаж кемшілігін бірдей жоқтайды! Бай да, кедей де олардың бауыры. Бауырларына алаламай салықты бірдей қылып, жүз сомнан салады.
Міне, бұл қисынды дәлел емес пе?! Сөйтіп, екі жақ таласып, мәселені съездің көпшілігінің шешуіне дауысқа қойды. Съезд қақ жарылып дауыс қылды. Досмұқамбетұлдары састы. Тез, басқармада отырған өзді-өздері сыбырласып жіберіп, бұл мәселені кейін дауысқа қоюға, съезд мәжілісін түстен кейін ашуға тоқтатып тыныс қылды. Түстен кейін съезд мәжілісі қайта басталды. Басқарушылар съезді ашып, отырғандарға қарап:
— Жамағат! Мына Жанша Петербордағы мұсылмандар советінің қазақ атынан кірген мүшесі, съездегі кейбір ақсақалдардың өтінуі бойынша, сол мұсылман советінің істеп жатқан істері туралы қазір қысқаша баяндама қылады. Бұл мәселе, мына съезд қарайтын мәселелердің ішінде жоқ еді. Сөйтсе де, біраз адамдардың өтінуі бойынша, қазір айтылмақ болып тұр, — деді. Отырған жұрт:
— «Дұрыс! Дұрыс!..» — деп шулады.
Жанша шығып сөйледі:
«...Мұсылман советінде, ислам діні, дін мұсылман, барлық мұсылман бауырларымыз! Қорлық көрген, зорлық көрген дін мұсылман не көрмеді, дінді қорлай бастаған еді, құранды аяқасты қылатын еді...» — деп Жанша ағызды.
«Алашорда» көсемдерінің ішінде жұртты сөзбен ерітіп әкететін айрықша екі кісі бар. Бірі — Міржақып Дулатұлы; Бірі — Жанша Досмұқамбетұлы. Міржақып—жазу сөздің шебері. Жанша — ауызша сөздің шебері. Міржақыптың сөз әдістері жатық, майда шығады. Жаншанікі ірі, оғаштау шығады.
Сүйтіп, Жанша қызып, екпіндеп сөйледі. Толқып отырған съезд жым болды. Теп-тегіс қимылдамай қатып қалды. Бәрі бір кісідей көздерін Жаншаға қадады. Ұшқын атқан көздерін Жанша да айнала, әр көзге бір қадап, съезді билеп алды. Қайрат беретін жерде буындары сықырлап, жұдырықтары түйілді. Нандыратын жерде — сілкініп, қолдары созылып жайылды. Ұғындыратын, түсіндіретін жерде — қолдарын қанатша жұмсақ қағып, бір қолын бір қолына қаттады. Керекті жерінде қолын айбалташа жарқылдатып, орап сілтеді. Телміріп қадалып отырған жұртқа ұшқын атқан көзімен жағалай қарап, «әпсін» оқығандай, айтып тұрған сөзін, ойын, жүректегі сезімін жағалай құйды. Беті неше түрлі құбылды, даусы неше түрлі өзгерді. Айтып тұрған сөздерінің керекті жеріне қарай барлық денесі сөйледі.
Съезд әбден Жаншамен бірге еріп кетті. Тегіс рухтанды. Жұрт Жаншаның соңынан отқа да, суға да түсуге әзір болды.
«Жаншадай ұл жоқ, Жаншадай ер жоқ. Алаштың туын көтерген Жанша, ислам дінін қорғайтын Жанша, Алаш үшін бір жанын бәйгеге тіккен Жанша. Тар жол, тайғақ кешуде Алаш баласын аман алып өтетін Жанша...» Аз ғана уақытта съезді Жанша осындай иманға келтірді. Сөзінің ақырында Жанша:
«Петербордағы мұсылман советінде отырдық... Орыстың өзді-өзіне алалық кірді... Большевиктер қаланы кезіп, сыпыра оқтын астына алды. Мұсылман советіне де оқ жаудырды. Қала бықпырт тигендей аласапыран болды. Жұртқа жан қайғы болды. Мұсылман советі дін мұсылман үшін өлсек арманымыз жоқ деп отырдық. Дін мұсылманның қасиетті шамшырағы Осман қалипаның өз қолымен жазған исламның ең әуелгі құраны орыстың қолында, Петербордағы музейде сақтаулы болатын. Сол аласапыран уақытта басқа сап ете түскен ой — барып, сол құранды алып шығу еді. Советтегі өзге мұсылман ағзаларына айттым. Қорқып ешқайсысы батпады. Сонан соң бұдан аяған жан не болады деп, өзім тәуекел қылып жөнелдім. Көшеде жан-жақтан зуылдаған оқтың арасымен ұшып музейге келдім. Музейде астан-кестен екен. Айт-үйтке қарамай барып, неше бөгеттерден өтіп барып Османның жүрегінің қанымен жазған қара құранын құшақтап алып шықтым...
Сөйтіп, самсаған жаудың арасынан, жаңбырдай жауған оқтын ішінен осы қолыммен исламның қасиетті құранын мұсылман советіне әкеліп бердім...» — деді.
Еріп, балқып жылаған жұрттың кейбіреулері еңкілдеп қоя берді. Кейбіреулері:
— ...Өй, қарағым, Жанша-ай, қадіріңді білмейміз-ау!.. Саған да кейбіреулер сөйлейді-ау!.. — деді.
Қуанай қазіреттердің, Салықтардың жылағаны былай тұрсын, әуелі Балтанұлы, Жәленұлдары тәрізді «студенттер» жылады.
Жанша отырды. Манағы: «Ақша салығын байға байша, кедейге кедейше салу керек...» —
деген Ғұбайдолла Әлібекұлы, Жолдыбайұлы, Қасаболатұлы, Кенжеұлы, Қаратілеуұлдарында үн жоқ. Бұлар басқармаға таяу отырған. Жайды көріп отыр. Жанша сезді бітіріп отырған соң, ақша-салық әңгімесін басқарма қайта қозғады. Енді сөз қылмай, съезд төрағасы Жаншаның өзі болып:
— Қане, жамағат! Банағы ақша мәселесін бітірелік. Бұл туралы көп сөйленіп болды ғой, енді мен қазір мәселені дауысқа саламын. Манағы Ғұбайдолланың айтқанындай, «ақша жұрттың бәріне бірдей салынсын» дегендеріңіз қол көтеріңіздер, — деді. Ешкім қол көтерген жоқ. Тек жоғарғы айтылған он шақты адам ғана қол көтерді.
Жанша: — «Жарайды енді, манағы біздің айтқанымыздай, бай демей, кедей демей, түндік басына бірдей қылып жүз сомнан салынсын дегендеріңіз қолдарыңызды көтеріңіздер!» — деді.
Съезд тегіс қол көтерді... Ғұбайдоллалар бүктелді. Ғұбайдолла мен Қасаболатұлы тұрып, съезге және басқармаға қарап:
— Біз мұны дұрыс деп білмейміз. Біз бұл қарарға бағынбаймыз, — деді.
Съезд ду көтерілді:
— «Жап ауыздарыңды, Алаштың шырқын бұзатын бұзықтар!..—деді, ең алдыңғы қатарда отырған, әлгі Жаншаның сөзіне жылаған екі студент — Балтанұлы мен Жәленұлы екеуі еліріп, ұшып түрегелді. Балтанұлы қонышынан бір қанжарды суырып алып:
— Өлтіру керек бұл бұзықтарды! — деп тұра ұмтылды.
Съезд опыр-топыр болды.
— Кәне, өлтір!.. Қалай өлтіресіңдер?.. Байқап көріңдер! — деп, Ғұбайдолла Әлібекұлы, Қасаболатұлдары да қалталарына құнжындап қолдарын салды.
— Уай, шырағым, қарақтарым! Қойыңдар! — деп Жанша араға түсті.
Съезд у-шу болды. Кейбіреулер қаша жөнелді. Кейбіреулері аңырайып тұрып қалды. Қалел де бұғып шыға жөнелді. Қаратілеуұлы пешке сүйеніп тұрған бойымен аңырайып, қалшиып қарап тұрып қалды. Кенжеұлы отырған бойымен қисайып, бақырайып қатып қалды.
Бүктелгендердің кейбіреулері Жаншаға:
— Тоқтат, аналарды! — деді.
Жанша үстелге секіріп шығып, қолын жайып, басым дауыспен:
— Уа, жамағат,тоқта!.. Бұларың қалай? Сабыр қыл! Тоқта!.. — деді.
Жұрт басылды, тоқтады. Кейбіреулер жұртты ұялтып сөз сөйледі. Жұрт басылды. Сонан соң Қуанай қазірет шығып сөйледі.
— Өй, құдай-ай! Бұл не деген сұмдық?.. Қарақтарым-ай, бұл не қылғандарың? Бір туысқан елдің баласы, дін мұсылман бір-біріне ұмтылды деген масқара емес пе?.. Мына мешіттің ішінде бұларың қалай?.. Қой, шырақтарым. Тастаңдар араздықты! Бүйтіп бүлінбеңдер, бұларың масқара ғой! Туысқан емессіңдер ме, бауыр емессіңдер ме?.. Қой, тастаңдар араздықты!.. Кәне татуласыңдар! Ғұбайдолла, Нұрғали, Аспандияр! Қарағым, Есенғали, Молдағали, Сәлімгерей!.. Кәне құшақтасыңдар! Ана Жаншамен, ана Қалелмен, кәне, құшақтасыңдар!..—деді.
Жаңа жауласып отырған екі жақ айқасып, арсалақтап құшақтасты...
Бұдан кейін «Алашорда» құрыла бастады. Милиция, әскер жасала бастады. Түндік басына жүз сомнан ақша жинала бастады. Ақшаны бермеген жерлерге «Алашорда» азаматтары қамшы ойната бастады.