ҚАРАТӨБЕ СЪЕЗІНЕН КЕЙІН ОРАЛ АЙМАҒЫНДА Қаратөбе съезінде құшақтасса да Ғұбайдоллалар «Алашорда» бастықтарымен отаса алмады. Бұлар — Ғұбайдолла Әлібекұлы, Әлиасқар Әлібекұлы, Кенжеұлы, Қасаболатұлы, Жолдыбайұлы, Қаратілеуұлы, Мырзағалиұлдары жиылып, бөлек партия ашты.
Партияларының атын «Ақжол» қойды. Партия қара бұқараны қолдамақ болды. Партияның қысқаша негізін, жоспарын белгіледі. Негіз жобасы бұқарашыл болу (демократия).
Бұлар өзара сөйлесіп, Ипмағамбетұлы, Кенжеұлы. Қаратілеуұлын Темір уезіне жіберді. Қасаболатұлы, Мырзағалиұлы, Әлиасқар Әлібекұлын Орал (Теке) қаласына жіберді. Өзгесі Жымпиты маңайында «Алашорда» төңірегінде қалды.
Ипмағамбетұлы, Қаратілеуұлы, Кенжеұлы Темірге барып, біраздан соң орыстармен бірігіп, Совдеп ашып, Жымпитыдағы «Алашордаға» бағынбай әрекет қылып жатты.
Қасаболатұлы, Мырзағалиұлы, Әлиасқар Әлібекұлы Орал қаласына келді. Ол кезде, 1918 жыл, жазғы салым, Орал қаласында үкімет казак-орыстың (атты казак, власть войскового казачьего правительства) қолында. Бірақ казак-орыс үкіметімен жарыса большевиктер Совдеп жасамаққа әрекет қылып жатқан еді. Большевиктерге бірен-саран қазақтар да қосылып, Совдеп жасау ісіне қатысып жатқан еді. Бұл қазақтардың белгілілері ақсақал Бақытжан Қаратайұлы мен Әбдірахман Әйтейұлы, екінші, Ипмағамбетұлы, Қангерейұлы еді.
Қасаболатұлы, Мырзағалиұлы, Әлібекұлдары Оралға барып, сол Қаратайұлдарына жолығып жатқан. Мылтық сатып алмақ болған. Бір-екі винтовка сатып алып келіп отырғандарында, пәтерлерінде бұларды казак-орыстар (арестовать етіп) тұтқынға алған. Сол беттерінде казак-орыс Совдеп құрмақ болып жатқан съезді бұзып, қуған. Съезд мүшелерінің қолға түскенін қамап тастаған.
Қолға түскен съезд бастықтарының Колостов деген жолдасты бас қылып, бірнеше адамды атып тастаған. Қолға түспегендері қашып кеткен. Қаратайұлы қолға түсіп, казак-орыстардың түрмесіне жабылған. Ипмағамбетұлы қашып жүргенінде атылып қалған. Бұлар Оралды 1919 жылы қызылдар келіп алғанша жарыққа шыға алмаған.
Казак-орыстар тұтқынға алған Қасаболатұлы, Әлібекұлы, Мырзағалиұлдарын ертеңінде жауап алып босатты. Сонан соң бұлар Жымпитыға қайтты.
Жымпитыда Досмұқамбетұлдары «Алашорда» үкіметін жасап, дүрілдетіп іске кірісті. Үкіметтерін «Күнбатыс Алашорда» атады. «Күнбатыс» дегені — барлық Қазақстанның күнбатыс жақ жарымының үкіметі дегені. Милиция лезде-ақ әскер болды. «Алашордаға» бағынбай жатқан Темір советін барып қуып жіберді. Ондағы Қаратілеуұлы мен Кенжеұлы қашып Торғай барып, Торғай «Алашордасына» қосылып, әкім болып кетті.
Сонан кейін «Күнбатыс Алашорда» дәуірлей берді. Сібірде Совет үкіметі құлап, әкімшілікті Колчак алып, жан-жаққа әмірін жүргізе бастағаннан кейін, «Алашорда» да тіпті күшейіп, қоқырақтап алды. Әскерді көбейтті («Армия Алашорда»). Біраздан соң Ойыл қаласында офицерлік «Первая казахская кавалерийская юнкер школа» ашты. Оған «құдайынан екі еді оқа тілеген» қазақтың оқыған жігіттерін жинап алды.
Күллі Сібірді Колчак алғаннан кейінгі шыққан «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы, 12 қазандағы 57-ші нөмірінде Орал облысы, Жымпиты қаласындағы «Күнбатыс Алашорданың» жасаған әскері туралы бүй дейді:
— «Орал облысы «Алашорда» жарлығы бойынша Орал облысынан екі мыңнан артық қазақ әскері жиылды. Бұларға Самар комитетінен екі мың мылтық, 38 пулемет, екі зеңбірек, екі автомобиль алып берілді», — дейді.
Және сол нөмірінде «Күнбатыс Алашорданың» Ойыл қаласындағы офицерлік школасынан оқып шыққан қазақ офицерлері туралы мынандай хабар жазды: