Дәріс№15
Тақырыбы: Балконда өсірілетін сәндік өсімдіктер
Сағат саны: 1
Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары
1. Балконды көгалдандыру. Гүл өсіретін ыдыстар және оларды орналастыру.
2. Өсімдік отырғызу, тұқымын себу және күту.
3. Балконда өсірілетін сәндік өсімдік түрлері: агератум, алиссум, антерринум, хош иісті бадана, барқытгүл, бегония, бәйшешектер, хош иісті бұршақ.
4. Вербена, виола, георгина, гладиолустар, годеция, ипомея, жұлжызшешек- левкой, лобелия, маргаритка өсімдіктеріне сипаттама.
5. Шырайгүл, сальвия, темекі және флокс өсімдіктеріне сипаттама.
Сәндік өсімдіктердің биоалуантүрлілігі – оларды тек ашық грунтта ғана емес, сонымен қатар балконды көгалдандыру ісінде де кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Көктемгі аязды күндер өткеннен соң, күзгі салқын түсе бастағанға дейінгі аралықта балкондарды кішігірім гүлбақшаға, терезенің сыртқы жағын гүл жүйегі түріне айналдыруға толығымен болады. Осылайша гүлдендірілген балконның көз тартарлық әдемілігінен басқа, көптеген басқа да пайдалы тұстары бар. Балкон өсімдіктерін жиі өсіріп, олардың жапырағымен балконды, терезені қалқалап, көшеден келетін транспорттың, адамдар шуының, дыбысының әсерін бәсеңдетуге болады. Әрі даладан кіретін шаң-тозаң, жазғы ыстық азайып, тазалықты сақтауға ықпал етеді. Таңертең және кешке мезгілдерде есік ашқанда балконнан келетін таза ауаның сапасы мен өсімдіктердің хош иістері адам ағзасына оңтайлы әсер ететіні ешбір талас тудырмайды.
Балконды көгалдандыру гүл өсіруші әуесқойлардың өз ісіне шебер болуын талап етеді. Көгалданған балконға назар аудармайтын адам кемде-кем. Балконды бір түрлі өсімдікпен ғана қымтап тастау мәдениеттілікке жатпайды. Көгалдандырылған балконның ауа келіп тұратын ашық жақтары болуы керек. Ашық орындарға ұзақ гүлдейтін өсімдіктер отырғызылады.
Балконды көгалдандыруға бөлме өсімдіктерімен қатар, гүлзарлық түрлер де кеңінен пайдаланылады. Балконда күн сәулесі мен ауаның мол болуы қысқы уақытта бөлмеде таршылық көріп шыққан өсімдіктердің жақсы өсуіне мүмкіндік жасайды.
Балконда гүл өсірудің ерекшеліктері бар. Төменде осы ерекшеліктер туралы және балконды өсімдік орналастыруға лайықтау, өсірілетін өсімдіктер жайында әңгімеленеді.
Гүл өсіретін ыдыстар және оларды орналастыру. Әдетте балконда өсірілетін гүлдер үшін үлкен жәшіктер қолданылады. Олардың қарапайым және су жиналатын орны бар күрделі түрлері болады. Оның қайсысы болса да ағаштан (қарағай не шырша), сырты сырмен боялғаны дұрыс теп танылады. Жәшік боялған сырдың түсі үйдің сыртқы қабырғаларының бояуына сәйкес келуі керек. Жәшік жасайтын тақтайдың қалыңдығы 1,5-2 см болады. Дайын болған жәшіктің биіктігі 22-25 см, ені 25 см болуы керек. Орналастырылатын орынның жағдайына қарап жәшіктің түбі мен аузының ені не бірдей болады, не түбі енсіздеу келеді, ұзындығы 1м кем және 1,5 м артық болмауы керек. Айтылған мөлшерден кем ыдыстағы өсімдіктер судан тапшылық көреді.
Ауыр ыдыстарды түсіп кетпейтіндей етіп берік орналастыру оңайға түсе бермейді. Жәшік мықты болуы үшін оның ішкі бұрыштарына ағаштан жуандығы 4х4 см төрт қырлы құрсау қағылады. Дәл осындай екі құрсаулы жәшіктің түбінен шеткерірек етіп қағады. Ал артық құйылған су сарқылу үшін диаметрі 1 см, әрқайсысының ара қашықтығы 15-20 см етіліп жәшіктің түбі тесілуі керек. Күрделі жәшіктің де құрылысы дәл осындай. Тек жәшіктің астындағы бірнеше ұсақ тесіктердің орнына оның екі шетінен көлденеңін 6 см, ұзындығын 10 см етіп екі үлкен төрт бұрышты тесік жасайды. Осындай жәшікке артық су сарқылатын темірден жасалған ыдыс қапталады. Мұндай ыдыс балконның тазалығын, топырақтың үнемі ылғалды болуын қамтамасыз етіп тұрады.
Топырақ әзірлеу және оны жәшікке салу. Гүл өсіруге қолданылатын топырақ бұрын қолданылмаған жаңа болуы керек. Топырақ қоспасын 1 бөлік шым топырақтан, 1 бөлік жапырақ топырақтан және 1 бөлік құмнан жасайды. Осы қоспаға аздап шым тезек қосып әбден араластырады. Топырақтың кұнарын арттыра түсу үшін оған аздап қи, шірінді қосады. Дайын топырақты жәшікке салар алдында оның түбіндегі тесіктерге дөңесін жоғары қаратып құмыра сынықтарын салады. Содан кейіп жәшіктің жоғарғы жиегіне 1-2 см жеткізбей топырақты салып, жеңіл ғана шайқау арқылы ойы тығыздайды. Осыдан кейін су құйып өсімдіктерді отырғыза береді.
Жәшіктегі топырақты жыл сайын ауыстыра берудің қажеті жоқ. Күзде солған өсімдіктердің қалдығын және ауру өсімдіктерді жиып өртейді. Топырақтың бетін қобарсытады. Көктем басталарда топырақтың беткі қабатын алып, орнына жаңа топырақ салады.
Сурет 1. Күрделі гүл жәшігі (цифрлар мөлшерінде):
1- көлденең кесіндісі; 2 - АВ межесіндегі көлденең кесінді; 3 - ВГ межесіндегі көлденең кесінді; 4 - жәшіктің түбінен қарағанда, артық су сарқылатын қобдиша; 5 - ұзыннан кесілгенде; 6 - көлденең кесілгенде; 7- жоғарыдан қарағанда; 5 - тесіктің ішкі қалқалары; 9 – сақтағыштың жалпы көрінісі.
Өсімдік отырғызу, тұқымын себу, куту. Отырғызылалатын көшет әлді болу керек. Жазғы өсімдіктердің көбін гүл бүрін атқанда, ал ақкекіре, маргаритка, анюта гүл сияқты өсімдіктерді гүлдеп тұрған уақытында отырғыза беруге болады. Көшетті мамыр, ал екі жылдық өсімдіктерді – сәуір бойы отырғыза береді.
Көшетті бұлтты күні, не кешке отырғызады. Ол үшін алдымен өсімдіктің орнын шұқырлайды. Көшеттің тамыры зақымданбас үшін оны өзінің топырағымен отырғызады. Көшет отырғызылып, оның тамырын топырақпен жапқаннан кейін ғана мол суарады. Ал қазтамақ - герань, гелиотроп, лобелия сияқты кейбір өсімдіктерді жәшікке кұмырасымен отырғыза береді.
Көктемгі аяздар бітіп күн жылыған кезде балконда өсетін өсімдіктердің тұқымын себе беруге болады. Қажетті тереңдікке себілген тұқымның үстін ұсақ топырақпен, не құммен жабады. Мұндай жамылғыштың қалыңдығы тұқымның қалыңдығынан 2-3 есе артуы керек. Осыдан кейін өте ұсақ бүркіп мұқият суарады да, көген пайда болғанша оның бетін қағаз не марлімен жауып қояды.
Өсімдікті жиі суарып тұрады. Топыраққа су сіңіп, бетіне іркіле бастасымен суаруды тоқтатады. Су құйылған топырақ біраздан соң құрғап, оның беті қата бастайды. Сондықтан өсімдіктердің тамыры зақымданбайтын тереңдікке дейіп топырақ бетін қопсытып отырады. Осы уақытта оған өскен арам шөптерді отайды, жиі өскен көгендерді сиретеді.
Топырақты әрдайым тыңайтып отыру керек. Ол үшін топырақ бетіне қалыңдығын 3-5 см етіп сиырдың көңін жаяды да, үстінен жұқарақ етіп тағы топырақ себеді. Осыдан кейін мол етіп суарады. Сонымен бірге жаздың бірінші жартысында, өсімдіктердің гүлдер алдында, тыңайтқыш ертінділерін қолданады. Өсімдіктердің қураған бөліктерін кезінде алып тастап отыру қажет.
Сурет 2. Терезенің сырткы бойын көгалдандыру әдістері: а) терезеге ілінген жәшік, б) терезнің түбін тегістеуге арналған бекініс; в) тегістелген терезенің түбіне қойылған жәшік; г) терезенің бойына жәшік ілуге арналған темір тұғыр.
Өсімдіктерді орналастыру. Балконда өсірілетін өсімдіктердің сапасы оның қай жақта орналасқанына байланысты. Оңтүстік жақтағы балкондарда жарықты жарататын ақкекіре -горчак, қазтамақ-герань, қалампыр-гвоздика, нарқайсар-вербена, нарғызгүл-георгина, жұлдызшешек-левкой, флокс, арыстанауыз-(антиринум) львиный зев, шырайгүл-петуния, сәлбен-сальвия, өрмелеуші настурция, ипомея сияқты өсімдіктер ылғалдан тапшылық көреді.
Жартылай көлеңкелі шығыс не батыс жақтағы балкондарда агератум, барқытгүлдер, бальзамин, иісті темекі, түйінді бегония, фуксия, гелиотроп, шашақгүл-резеда сияқты өсімдіктер өсіріледі. Көлеңке жақтағы балкондарда бальзамин, түйінді бегония, иісті темекіні ғана өсіруге болады.
Балконда өсірілетін өсімдіктерді орналастыруда оның биіктігін, гүлі мен жапырақтарының әдемілігін де ескеру керек. Оларды биік, орташа, аласа деп үшке бөледі. Биік өсімдіктерге георгиндер, иісті темекі, кореопсис, кейбір есінектер (львиный зев) жатады. Орташа өсімдіктердің бастылары - есінек, ақкекіре, тұқымдық нарғызгүлдер, шабо қалампыры, жұлдызшешек т. б. Аласа өсімдіктер - лобелия, шашақгүл-резеда, алиссум, барқытгүлдер, маргаритка, үш түсті шегіргүл-анютиный глазки (фиалка трехцветная).
Өрмелеуші және ампельді өсімдіктер. Өрмелеушілерге түрік бұршағы, ипомея, иісті бұршақ, өрмелеуші настурциялар, ампельді өсімдіктерге - түпті настурция, балкон шырайгүлі, жайылма фуксия жатады.
Ұзындығы 100 см, көлденеңі 25 см жәшікке ірі өсімдіктерді екі қатардан артық орналастыруға болмайды. Әр қатарына 4 өсімдіктен отырғызса бір жәшікке 8 ірі өсімдік отырғызылады екен. Орташа өсімдіктерді үш қатардан, әр қатарына 5 өсімдіктен отырғызуға болады. Сонда мұндай жәшікте 15 шақты орташа өсімдік өсіріледі. Ал аласа өсімдіктер үшін қатардың санын үштен асырмай, әр қатарға 7 өсімдіктен отырғызады. Сонда олар жақсы өсетін болады.
Әдетте, жәшіктің көшеге қараған жағына бір қатар ампельді өсімдіктер, ортаңғы қатарға -орташа, ал ішкі қатарға - биік өсімдіктер, болмаса өрмелеуші өсімдіктер отырғызады. Ал жәшік терезенің алдына қойылатын болса, өрмелеуші өсімдіктерді жәшіктің екі шетіне ғана отырғызып, терезе тұсын ашық қалдырады. Жәшікке өсімдік отырғызудың жоғарыда айтылған тәртібі бірнеше түрде өзгертілуі мүмкін. Ол жағдайға, гүл өсіруші әуесқойлардың мамандығына байланысты.
Сурет 3. Жәшікті балконның жиегіне орналастыру: а) орналастырудың жалпы көрінісі; б) темір тұғыр; в) орналастырьілған жәшіктің көлденең көрінісі.
Өсімдіктердің гүлдейтін уақытына карап, оларды көктемдік, жаздық, күздік деп бірнеше топқа бөледі. Көктемдік өсімдіктерге бәйшешек -подснежники, нәркес-нарцисс, сүмбілшаш-гиацинт сияқты жуашықты өсімдіктер, ботагөз-незабудка, үш түсті шегіргүл, маргаритка, түрік қалампыры, жазғы өсімдіктерге - есінек, шырайгүл, барқытгүл, жұлдызшешек-левкой, күзгі өсімдіктерге – ақкекіре-горчак, настурция, қырмызыгүлдер(ноготки) жатады. Хош иісті өсімдіктер ретінде гелиотроп, жауылша,жұмыртамыр-алиссум (бурачок), иісті темекі, шашақгүл-резеда, иісті бұршақ, жұлдызшешек-левкой, қалампыр өсімдіктерін пайдалануға болады.
Балконды көгалдандыруға арналған өсімдіктер. Өсімдікті үйде өсіруге қарағанда, балконды көгалдандыру үшін өсірудің ерекшелігі бар. Өйткені кең-байтақ республикамыздың оңтүстік, орталық, солтүстік, батыс және шығыс облыстарының климаттық, температуралық және топырақ жағдайлары әр алуан. Көп облыстарда балконды көгалдандыру үшін гүл өсіру кең етек алмаған деп санауға болады. Негізінен балконда өсіруге болатын сәндік өсімдіктерінің ерекшеліктерін қарастырамыз.
Ageratum-Агератум Asteraceae тұқымдасының туысы. Шыққан жері - Мексика. Балконды көгалдандыруға арналған әсем гүлдейтін өсімдік, биіктігі 15-30 см жетеді. Гүл шоғырлары өте жиі және ұсақ. Гүлдері көкшіл. Өсімдік маусым-қазан айлары аралығында гүлдеп тұрады. Бұл өсімдіктің тұқымын ақпан-наурыз айларында себеді. Сәуір-мамыр айларында, көктемгі аяз бітісімен, көшетін араларын 20 см жеткізіп, балкондағы жәшікке отырғызады. Күн сәулесі мен жылылықты керек етеді. Қайтадан отырғызуға көнгіш.
Brassicaceae тұқымдасынан Alyssum –Алиссум туысы. Оңтүстік Европадан шыққан, гүл шоғыры масақша, түсі ақ, көкшіл хош иісті, гүлі мол өсімдік. Балконды көгалдандыруға маусым айынан қазан айына дейін гүлдейтін биіктігі 8-15 см жететін түрлері қолданылады. Олар күннің көзіне шыдамды келеді. Тұқымдарын сәуір-мамыр айларында себеді. Мамыр айларында көшетін араларын 10-15 см етіп балкондағы жәшікке отырғызады.
Amygdalus-Хош иісті бадана-миндаль. Гүлі өте көп, әрі хош иісті, биіктігі 1-1,5 см жететін шырмауық өсімдік. Жаз бойы гүлдейді. Гүлі әр түсті. Күннің көзі мен жылылықты қажет етеді. Тұқымды сәуір-мамыр айларында бір ұяға 3-5 тұқымнан салып егеді. Ұялардың арасы 30-60 см болуы керек. Себер алдында тұқымды 12-15 сағат бойы жылы суға салып қояды. Сабағы өсе бастасымен оны тіреуге бойлап жоғары өрлеп өсетін етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |