Дәріс. Жер атмосферасы
Атмосфераның газ құрамы және оның мәні. Атмосфера — Жер ғаламшарын қоршап тұрған ауа қабықшасы. Атмосфераның ішкі қабаты гидросфераны және ішінара жер қыртысын жабады. Сыртқы қабаты ғарыш кеңістігінің Жер төңірегіндегі бөлігімен шектеседі. Азот — 78%, оттегі — 21%, инертті газдар (аргон) — 0,94%, көмірқышқыл газы -0,03% — атмосфера ауасының негізгі т. б. газдары, сондай-ақ ауа құрамына су булары мен қоспалар (тозаң, мұз кристалдары, теңіз тұздары) — 0,03% кіреді. Жер ғаламшары өзара байланысқан қабықшалардан тұрады, олардың өзара әрекеттесуін атмосфера ауасының құрамы арқылы көрсетуге болады. Азот — атмосфераның негізгі газы және оттегі бөлетін өсімдіктердің тіршілігін қолдау үшін қажет.
Оттегі — таралуы жағынан атмосферадағы екінші газ, биосфера үдерістерінде маңызды рөл атқарады. Оттегі тірі организмдер тарапынан тыныс алу үшін пайдаланылады, органикалық зат (ақуыз, майлар, көмірсулар) құрамына кіреді. Жану және қышқылдану үдерістерін демейді.
Атмосфераның газ құрамы
Ал оттегіден түзілетін газ -озон Күннің тіршілікті жоятын ультракүлгін сәулелерін тежейді. Сондықтан атмосфера — Жер ғаламшарының қорғаушы қабықшасы. Келесі орында инертті газ келеді, алайда ғаламшар тіршілігінде оның маңызды биологиялың мәні жоқ.
Атмосферада көмірқышқыл газының рөлі маңызды, ол — фотосинтез барысында органикалық зат жасауға арналған негізгі құрылыс материалы. Көмірқышқыл газ күн энергиясын өткізетін және жылулық сәулеленуді тежейтін бірегей қабілетке ие. Осылайша Жерді салқындаудан қорғап, оның ерекше жылу «жамылғысы» болады.
Атмосфералық ауа — маңызды табиғи ресурстардың бірі, онсыз Жер бетіндегі тіршілік еш мүмкін болмас еді. Атмосфера газдарының ықпалымен литосферада мүжілу орын алады. Ғарыштағы метеориттердің басым бөлігі Жер бетіне жетпестен атмосфераның жоғарғы қабаттарында жанып кетеді.
Ғаламшарымызда атмосферасыз тіршілік неліктен болмас еді? Кем дегенде 5 дәйек келтіріңдер. Атмосфера ауасының табиғи және жасанды тектес кездейсоқ құрамдас бөліктерін атаңдар.
Достарыңызбен бөлісу: |