Бірыңғай тұрлаулы мүшелер
Бірыңғай мүшелер құрамы жағынан кемінде екі жəне одан да көп синтаксистік
қызметтері бар мүшеден құралады. Сондықтан бірыңғай мүшелі жай сөйлем құрамы
жағынан жеке мүшелі жай сөйлемге қарағанда жайылыңқы болады. Бірыңғай мүшелер
өзара тəуелсіз, бір-бірімен тең дəрежеде салаласа байланысады. Бірыңғай мүшелердің
арасында шамалы кідіріс болғандықтан, олар бір-бірінен үтір арқылы ажыратылады.
Қазіргі дəстүрлі ғылыми тұжырым бойынша бірыңғай мүшелі сөйлемдер жай сөйлем
болып есептеледі. Бірыңғай бастауыштар жай сөйлемде бір баяндауышты
бағындырады: Бейсен, Шымырбек, Қали құлаған жерді аршып жатыр (С.Ерубаев).
Бастауыш болатын сөздер тұлғалық жағынан бір тектес зат есімдер болуы немесе
бұған қарама-қарсы əр текті зат есімдер болуы мүмкін: Əйтсе де камерадағы ұйқысыз
түндер, мазасыз күндер, тергеушілердің кемсітуі, күзетшінің қорлауы, абақты тақсіреті
Дулатовтың күнбе күн сағын сындырып, жүйкесін жұқарта берген секілді (Д.Досжанов).
Кейде сергіген боп, кейде кергіген боп, бірде біреуге еріп, бірде біреулерді ертіп... Сен
ат шалдырмаған шат пен шатқал, қылта мен қуыс, жайдақ пен терең, құм мен шалғын
кем де кем (Сүлейменов). Оқта-текте айқай-ұйқай, аттың дүбірі естілді (С.Сейфуллин).
Сөйлемдегі бірыңғай мүшелер бірнешеу болғандықтан олардың көптігін білдіретін
көптік жалғау ең соңғы мүшеге жалғанады. Бұл тəріздес бірыңғай мүшелерге ортақ
формаларды, жалпылауыш сөздерді жинақтауыш тұлға немесе жинақтауыш сөз деп
атайды. Бұлар мынадай жағдайларда қолданылады:
1. Бірыңғай бастауыш кісі атттары болғанда олардың ең соңғысына көптік жалғау
жалғанады. Ондайда көптік жалғауы жинақтаушы қызмет атқарады. Үйде Қажекеңнен
басқа Сəбит Мариямен, ағайынды Риза, Шафық Шокиндер, Қалижан Жамалымен,
Тайыр Мунирасымен, Қажым, Жұмағали, тағы басқа достар болатын (Күш атасы).
2. Біркелкі бірыңғай бастауыштарды (кей басқа да мүшелерді) жинаушы сөз жинақтау
сан есімдері болады: Жұрт тарай бастағанда, Михайл, Айдынғали, Жақсылық-үшеуі
оңаша қалған еді (Ғ.Сланов).
3. Бірыңғай мүшелерді жинақтау қызметінде бəрі, барлығы да, осының бəрі, көптік
жалғаулы деген есімшесі тəрізді сөздер жиі қолданылады: Оның өз əкесі Құнанбай,
оның əкесі Өскенбай, үшінші атасы Ырғызбай – бұлардың барлығы да ірі феодал
болған, ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар (Б.Кенжебаев). Шегір көзді, сары
шаш, Бəрі тырдай жалаңаш, Жан-жағымды жын басты (М.Жұмабаев). Қызғалдақ,
жауқазын, сарғалдақ, бəйшешек дегендер... құлпырып жайнайды (М.Əуезов).
Бірыңғай бастауыш əр түрлі жақта тұрса, яғни бірінші, екінші, үшінші жақта тұрса,
баяндауыш бірінші жақта тұрған сөзбен көпше түрде қиысып айтылады. Ең соңғы
бірыңғай мүшеден кейін жалпылауыш сөз қосылады: Мен, сен Оспан-үшеуіміз кітап
магазиніне барамыз. Бұл мысалдағы үш жақтың да басым жағы бірінші жақ болады.
Сөйлемдегі бірыңғай екі бастауыштың біреуі бірінші жақ болса, қалған бастауышы
екінші немесе үшінші жақтың қайсысы болғанмен баяндауыш бірінші жақ бастауышпен
қиысады. Бірыңғай екі бастауыштың бірі екінші жақта, екіншісі үшінші жақта тұрса, бұл
бастауыштардың басым жағы екінші жақ болады да, жалпылауыш сөз де екінші жақта
тұрады, баяндауыш та екінші жақ бастауышпен қиысады: Сен, ол – екеуің ауланы
тазалаңдар. Бұл сөйлемдегі екінші жақ бастауыштың орны өзгергенмен,
баяндауыштың екінші жақ бастауышпен қиысуы өзгермейді. Ал үш жақтағы жіктеу
есімдігінен болған бастауыштар шылаулар арқылы байланысқан жағдайда баяндауыш
өзіне ең жақын тұрған бастауышпен қиысады: Не мен, не сен барасың, не сен, не мен
барармын, не сен, не ол бара, не ол, не сен барарсың. Яки мен, яки сен айтарсың, яки
сен, яки мен айтармын, яки сен, яки ол айтар, яки ол, яки сен айтарсың. Бұл
бастауыштар талғаулық мəнде қолданылып тұр. Мұнда басым жақ үш жақтың біреуі
болмайды. Себебі үш жақтағы бастауыштың біреуінің ғана қимыл-əрекеті іске асуы тиіс.
Баяндауыш бұлардың əрқайсысымен жеке-жеке қатынасып, жеке-жеке қиысып
құрмалас сөйлем құрып алады: Яки мен айтармын, яки сен айтарсың. Алдыңғы
баяндауыш ықшамдалғанда сөйлем бірыңғай жай сөйлемге айналады. Ал алғашқы
жалғаулықсыз байланысқан бастауыштары үш жақтағы жіктік есімдікті жай сөйлемде
үш бастауыштың тұтасып көпше бір жақта ғана тұруы шарт болады. Сондықтан
баяндауыш басым жақпен қиысып тұрады.
Бірыңғай бастауыштар біркелкі синтаксистік қызмет атқарады, белгілі-бір баяндауышқа
біркелкі қатынаста тұрады. Бірыңғай бастауыштар жасалған сөзінің құрамына қарай
дара, күрделі не үйірлі бола алады. Бірыңғай бастауыштардың соңғысының сөйлем
құраудағы синтаксистік қызметі басым, салмақты болады.
Бірыңғай баяндауыштың бəрі бірдей бастауышқа бағынады. Бірыңғай
баяндауыштардың барлығының мағыналық салмағы бірдей болғанмен, негізінен ең
соңғы баяндауыштың сөйлем құрауда синтаксистік қызметі ерекше болады. Бірыңғай
баяндауыштар етістікті жəне есімді болып келеді. Етістікті бірыңғай баяндауыштар
қимылдың бірінен соң бірі болып жатқан үдетпелілігін жəне мезгілдестігін білдіреді: Мұң
мен назы аралас Мұстапаның зарлы əні жорғадай тайпалып, құйындай екпіндеген
Жарылғаптың «Алтыбасары» Дəрменді де қыздырды, екілендірді (Ж.Аймауытов).
...Совет үкіметі тұсында шығармашылық шаруадан қашықтай бердім. Ғылыммен
айналыстым, қасиетті тілдің түп-төркінін ақтарып ғылым жасады (Д.Досжанов).
Бірыңғай баяндауыштарда көмекші етістік оларға ортақ болуы мүмкін. Олар негізгі
баяндауыштармен бірге қайта-қайта қайталанып отырмайды. Бірыңғай баяндауыштар
біркелкі жіктік жалғауын қабылдап тұрады. Бірыңғай мүшелер морфологиялық
тұлғалануы жағынан да алуан түрлі. Тұлғалаушы морфологиялық элементті олардың
кейде əрқайсысы жеке-жеке, кейде ең соңғысы ғана қабылдауы мүмкін. Жеке-жеке
қабылдауы оларға логикалық екпіннің түсуіне байланысты.
Есімді бірыңғай баяндауыштар субъектінің бір беткей əр түрлі сындық, не заттық
сапасын білдіреді. Бірыңғай есім баяндауыш болатындар көбінесе сын, зат есімдерден
жасалған баяндауыштар: Аттың желісі бір түрлі қатты, мазасыз (М.Əуезов). Бұрышта
Төлегеннің ілулі киімдері екі шалбар, бірі қара шұға, бірі көк диагональ, күзен ішік,
брезент сулық, шолақ кемзал, сырма шалбар (Ж.Аймауытов). Менің мұнда келетінім
баяғыдан белгілі, ұлтшылмын, алашордашылмын, Комиссарсыңдар, большевиксіңдер,
қызметтерің зор, наркомбыз деп шіренесіңдер, неге мұнда отырсыңдар?! (Д.Досжанов).
Əуе тып-тынық, тап-таза, жібектей жұмсақ (С.Сейфуллин).
Достарыңызбен бөлісу: |