Байланысты: Тақырыбы Орталық ортағасырлық Азияның мәдениеті. Жібек жолы Қа-emirsaba.org
7. Жүсіп Баласағұн және оның “Құтты білік” еңбегі. Жүсіп Баласағұни, Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни (шамамен 1017/1021–1075) -ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері. Туған жері - Жетісу жеріндегі Баласағұн қаласы. Бұрын бұл қаланы «Күз Орда» деп атаған.
Жүсіп атамыздың әкесі де ақын, өнерпаз кісі болған. Қараханидтер мемлекетінің астанасы Баласағұн қаласында хан сарайында өлең айтып, күй шерткен. Кейін ол іске баласын да тартып, Жүсіп әкесімен бірге хан сарайында қызмет еткен. Онда жүріп қоғамдық және жаратылыстану ғылымдарынан білім алады. Өмірі туралы мәліметтер аз сақталған. Замандастары мен өзінен кейінгі ұрпақтарға дарынды ақын ғана емес, ғалым ретінде де танымал болған. Философия, математика, медицина, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, т. б. ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан.
Жүсіп Баласағұнидың есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында «Құдадғу біліг» («Құтты білік») дастаны арқылы қалды. Ол бұл дастанды хижра есебімен 462 жылы, қазіргі жыл санау бойынша 1070 жылы жазып бітірген. Дастанды «хандардың ханы» - Қарахандар әулеті мемлекетінің негізін салушы Сатұқ Қара Бұғра ханға тарту етеді. Сол үшін хан өз жарлығымен Жүсіп Баласағұнға «хас хажиб» - «бас уәзір» немесе «ұлы кеңесші» деген лауазым берген. Дастанның бізге жеткен үш көшірме нұсқасы бар. Біріншісі, Герат қаласында 1439 жылы көне ұйғыр жазуымен (қазір ол Вена қаласындағы Корольдік кітапханада сақтаулы), екіншісі, 14-ғасырдың бірінші жартысында Египетте араб әрпімен (Каирдың Кедивен кітапханасы қорында) көшірілген. Ал Наманган қаласынан табылған үшінші нұсқасы 12-ғасырларда араб әрпімен қағазға түсірілген. Бұл қолжазба Ташкенттегі Шығыстану институтының қорында сақтаулы тұр. Ғалымдар осы үш көшірме нұсқаның әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктерді жинақтай отырып, «Құтты білік» дастанының ғылыми негізделген толық мәтінін жасап шықты. Дастанның көне қолжазбасы табылғанын әлемге тұңғыш рет хабарлап, 1823 жылы «Азия» журналында (Париж) Вена нұсқасынан үзінді жариялаған француз ғалымы Жауберт Амадес еді.
Дастанның әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан ғылыми мәні ерекше. Бұл шығарма бертін келе қазақ халқының этникалық құрамын қалыптастырған ру-тайпалардың орта ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін, әдет-ғұрпын, сөз өнерін, тілін зерттеп білу үшін аса қажетті, құнды мұра. «Құтты білік» поэмасы түркі тіліндегі энциклопедиялық шығарма. Шығарма тек саяси трактат көлемінде қалып қоймай, орта ғасыр дәуірінің ғылым, мәдениет салаларын да қамтиды. Адам тағдыры, өмірінің мәні, орны мен әлемдегі рөлі жайындағы мәселелер де қаралады. Сонымен бірге Баласағұни философиялық, шамандық, исламдық дүниетанымда да болды. Философияны поэзия арқылы жеткізу орта ғасырлық шығыстық үрдіс еді. Шығармада шамандық түсініктер көрініс тауып, исламдық идеология да елеулі орын алады. Бұл жайында А. Романов пен С. Иванов: «Жүсіп Баласағұнидің “Құтты білік” поэмасы ең алғаш, ең көне, әзірше жалғыз, мұсылман идеологиясының негізінде, осы идеологияны уағыздаушы ретінде түркі тілінде жазылған шығарма», - деп баға береді. Кітапқа көшпенділер тұрмысы мен аңшылық өнерін көрсететін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері де енген. Қазақ ғалымдары Б. Кенжебаев, Ә. Дербісәлиев, Ғ. Айдаров, Ә. Қоңыратбаев, М. Мырзахметов еңбектерінде бұл көне жәдігер әдеби, тілдік, стильдік, философиялық, педагогикалық, текстологиялық, әлеуметтік, тарихи, саяси, мәдени тұрғыдан зерттелді.
http://emirsaba.org