Юристлингвистиканың еліміздегі ахуалы
Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген халықтар өмірінде көптеген ғасырлар бойы астан-кестен оқиғалар және өзгерістер болды. Осындай қилы тарих шырмауынан көне дәуірдің мұрасы ретінде ұрпақтар үшін қазақтар екі мәңгі құндылықты сақтап қалды, ол – Сөз құдіреті және Заң құдіреті.
Шындыққа тура қарасақ, юристлингвистика ата заманымыздан бері келе жатқан, бірақ термині жаңа ғана қалыптаса бастаған сөз. Мысалға айтсақ, ант пен ант беруге, айтылғанның ақиқатын дәлелдегенде, сондай-ақ сот отырысына қатысушылар берген куәгерлердің айғақтарында юристлингвистиканың көріністерін тамашалай аламыз. Дәлел ретінде Қасым ханның қасқа жолы деп аталатын жарлығында үзінділерге сай қазақ халқында бірнеше мақал-мәтелдер қалыптасқан. Солардың бірі «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін».
Есім хан тұсында «хан болсан, ханға лайық заң болсын», Тәуке ханның «Жеті жарлығында» «Әділ билік – алтын таразы» сияқты нақыл сөздер тараған.
Алайда, біздің дәуірімізге дейін де, алғашқы ғасырларда да жарық көрген ежелгі құқықтық мәдени ескерткіштердің болуына қарамастан, сот ісін жүргізу мен заңнаманы дамыту, тіл мен заңның арақатынасындағы мәселелеріді дүниежүзінде ғалымдар ХХ ғасырдың соңында ғана жүйелі және жан-жақты зерттей бастады.
Тікелей қазақ тіл біліміндегі стилистика мәселелерінің зерттеулеріне келер болсақ, әдеби стильдің функционалдық стильдерге тарамдалу тарихы, стильдердің жеке-жеке түрлерінің пайда болуы, әсіресе XIX ғасырдың II жартысындағы, XX ғасырдың бас кезендеріндегі бұнын жай күйі біршама зерделеніп, жүйеленді деп айтуға болады.
Бұған қазақ тілші ғалымдарының – А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Р. Сыздықова, Ә. Қайдар, Е. Жанпейісов, Б. Әбілқасымов, Ш. Сарыбаев, Р. Әмір, Х. Кәрімов, Н.Қарашева, М.Серғалиев, Н.Ерғазиева, сондай-ақ, соңғы 10-15 жыл көлемінде Ө. Айтбайұлы, Ж.Әмірова, Б.Шалабаев, А. Алдашева, О.Бүркітов, Б.Момынова тәрізді ғалымдардың еңбектері елеулі үлес қосты.
Қазақ халқы үшін қоғам өмірінің қай қыртысында да әділдік тізгінін «уысында» ұстаудың сенімді құралы сөз құдіреті болатын. Оны құқықтық тұрғыдан «көмкеруге» әлбетте заңи нормалар мен институттардың үлес қосқаны анық. Осындай қазақ қоғамындағы құқықтық маңызы зор институттардың бірі, сөз теңдігін қамтамасыз етуші құқықтық механизм – «дат» институты болды.
«Дат» институтының көшпелілер қоғамындағы рухани өмірдің маңызды факторы деп танылған сөз құдіретінің өзіндік қасиеттері мен мән-мазмұнын, қоғам өміріндегі рөлін айқындап, оның орындалуын қамтамасыз етудегі маңыздылығы бұл институттың құраушы бөліктерінен анық көрінеді.
1990 жылдарға дейін қазақ ресми-әскери стилін зерттеу мәселесі өзекті болған жоқ. Ресми-әскери стиль әлемдік лингвистикада қалыптасқан дәстүрлі анықтамалық сипатқа сәйкес қазақ әдеби тілі функционалдық стильдердің қатарында аталып жүрді, оның стильдік белгілері функционалдық стильдің түрлерінен талдауына қатысты ішінара, жаңылмай көрсетіледі. Қазақ тілтанымында көркем әдебиет стилі мен публицистика стилі доминант стиль ретінде танылды. Оның себебі – өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарынан бастап ресми-әскери стиль стильдер шеңберінде бәсең көрінді; өйткені, біріншіден, 1930-1940 жылдардан бастап қазақ тілінде жазылатын ресми құжаттардың көлемі төмендеді, бұл құжаттар орыс тілінде жазылды да, қазақ тіліне аударылды; екіншіден, ресми іс-қағаздардың тілі мен стилі басқа стильдерге қарағанда барынша шектеулі, «тұйық» осы жағынан және сөзбе-сөз аударылғандықтан, тілдік стандарттары мен құрылымы тұрғысынан өзге тілдердегі осы тармаққа ұқсас.
Құқықтық сананы құқықтық мәдениетті құраушы компоненттердің бірі деп қарасақ, құқықтық мәдениет сөз өнерімен тығыз байланыста болды. Өйткені, сөз өнері, сөз мәдениеті құқықтық мәдениеттің рухани негізі болатын. Сондықтан да оларды бірі-бірінен ажырату мүмкін емес еді.
Негізінде көшпелі қазақ қоғамының құқықтық мәдениетінің белді құраушы компоненті сөз мәдениеті болған.
«Қазақ қоғамында құқықтық өмір арнасы түптеп келгенде ауызша сөйлеу мәдениетіне негізделген еді. Сөз өнері құқықтық жүйенің негізгі рухани тіректерінің бірі, мәйегі әрі құралы болды. Құқықтық болмыс сөз өнерінің шуағы мен қуаты аумағында болып, соның нұрынан суарылып, толып – толысып отырды». [1,56]
Достарыңызбен бөлісу: |