ол белгілі бір аумақта ерекше аппарат арқылы жүргізілетін билік;
мемлекетік билік өзінің арнайы күштеу аппартына сүйенеді;
мемлекеттік билік монополиялық сипат алады.
Билік мәселесін қарастырғанда саяси биліктің «субъектісі» мен «билікке иелік етуші» деген ұғымдарды ажырату қажет. Биліктің субъектісі бұл іс-әрекетті жасаушы. Объектіге ықпал етуші жеке адам, әлеуметтік топ, тап, партия, мемлекет. Саяси билікті жүзеге асыру үшін арнайы ұйымдар мен мекемелер құрылып, субъект оларға өкілділік береді. Олар билікті қолданушы, «иелік етуші» болып есептеледі, яғни субъект билікті «иелік етушілер» арқылы жүргізеді. Алайда тәжірибеде, тұрмыстық санада, кейде теориялық деңгейде саяси билікті қолданушылар ролі жоғары қойылады. Мұның себебі, билік субъектілері әлеуметтік қатынастарға тікелей ықпал жасай алмайды, ықпал тек нақтылы әдіс, құрал арқылы жасалады. Осыдан биліктің түрі, құралы, әдісінің ара-жігі бірігіп, халық оларды ажырата алмай жатады. Осыдан келіп саяси билікті қолданушы, жүргізуші адамға басқаның табынуы келіп шығады, оны саясаттануда билік фетишизмі дейді. Одан адамның әлеуметтік мәні төмендейді, саяси нигилизм туады, саяси енжарлық, адамның биліктен шеттетілуі пайда болады. Қазіргі заманғы демократиялық елдер тәжірибесі көрсеткендей, билік механизмі күрделі сатылық құрылымнан тұрады. Биліктің алғашқы субъектісі, көзі — халық болып табылады. Ол билік функциясын тікелей жүзеге асыра отырып, кейбір қызметтерінің бір бөлігін өзінің ресми өкілі — мемлекетке ұсынады (береді), бұны биліктің ұсынылуы дейді. Өз кезегінде мемлекет билік өкілеттілігін иеленушілер арасында бөледі. Бұл биліктің бөлінуі деп аталады. Биліктің бөлінуі идеясы европалық саяси ойлар тарихында Жаңа дәуірде (Дж.Локк, Ш.Монтескье, Ж.Ж.Руссо) пайда болып, алғаш рет АҚШ Конституциясында, Ұлы француз революциясының конституциялық актілерінде заңды түрде бекітіліп, көптеген елдердің саяси тәжірибесінде жүзеге асты. Француз ойшылы Ш.Монтескье саяси биліктің бөлінуін мемлекеттегі біртұтас биліктің болмауымен және бір-біріне тәуелсіз үш: заң шығарушы, атқарушы, сот билігінің болуымен түсіндірген. Ал Жан-Жак Руссо халық егеменділігі иедясын көтеріп, билік халықтікі, ал үш билік сол біртұтас халықтық биліктің көрініс табуы деп тұжырымдады. Адамзат тарихы бұл идеялардың өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Билікті заң шығарушы, атқарушы және сот өкілеттеріне бөліну принциптері ХІІ -ХVІІІ ғасырларда пайда болды. Сонымен бірге үш өкіметінің біреуінің басым болып кетпеуіне кепілдік беріледі. Бірақ, биліктің бөлінуін оның бір-біріне мүлдем тәуелсіз, автономиялық органдардың қолына бөліп берілуі және биліктің біртұтастығының бұзылуы деп түсінілмеуі тиіс. Биліктің бұл тармақтары бір-бірін бақылап, тежеп отыруы қажет. Саяси билікті бөлу теориясын қазіргі заманғы дамытушылар — америкалық мемлекет қайраткерілері А.Гамильтон, Д.Мэдисон, Д.Джей болды. Биліктің бөлінуі екі тұрғыдан жүргізіледі: горизонталь және вертикаль бойынша. Биліктің вертикаль бойынша бөлінуі мемлекетік басқарудың түрлі дәрежесінің субъектілерінің арасында билік өкілеттіліктерінің бөлінуі болып табылады. Осылайша биліктің орталық, аймақтық, жергілікті органдары құрылады. Биліктің горизонталь бойынша бөлінуі іс жүзінде үш тармаққа — заң шығарушы, атқарушы, сот билігіне бөлінуі жатады. Заң шығарушы билік — парламент болып табылады, ол заң шығарады, қаулы қабылдайды. Президенттік басқару формасындағы елдерде президенттің қаулылары мен жарлықтары да осы функцияны орындайды; атқарушы билік — үкімет, әкімшілік — мемлекеттік саясат пен экономиканы жүргізеді; сот билігі — заңның орындалуын қадағалайды, құқықтың жоғары болуын қамтамасыз етеді. Биліктің маңызды сипаттамасының бірі — оның нәтижелілігі, яғни биліктің өз міндеттері мен функцияларын орындау дәрежесі. Биліктің нәтижелілігі оның легитимділігіне (латынның «legitimus» — заңмен келісілген, заңды деген мағынадағы сөзінен) байланысты. «Легитимдік» терминін ғылыми айналымға неміс ғалымы М.Вебер енгізді. Оның айтуынша, кез келген билік өзін-өзі ақтауды, мойындауды, қолдауды қажет етеді. Легитимдікте азаматтардың биліке қатынасы көрінеді. Биліктің легитимдігі (көбінесе заңдылығы деп аударылады) деп — билікке халықтың, көпшіліктің сенім білдіруін, оны мойындауын, құрметтеуін айтады. Легитимдік халықтың билікпен келісімін білдіреді, яғни халықтың биліктің шешім қабылдауға құқығын ерікті түрде мойындауы. Легитимдіктің дәрежесі төмен болған сайын, билік күшке жиі жүгінеді. Легитимдіктен биліктің жариялылығын айыру қажет. Бұл заңдық ұғым, яғни биліктің заңдарға, құқықтық нормаларға сәйкес келуі. Мысалы, президенттің билігі заңды (жария), себебі ол заңды түрде сайланып, өз өкілеттілігін орындауда заңға сүйенеді, монарх билігі заңды, себебі тақты мұрагерлік жолмен иелену тәртібі бұзылған жоқ. Билік әрі жария, әрі заңды (легитимді) болмаса, онда бұл билік тұрақсыз, мысалы, заңды түрде сайланған билік өзінің уәделерін орындамай, оның жүргізген сәтсіз экономикалық бағыты халықтың тұрмысының төмендеуіне әкелсе, мұндай билік қоғам тарапынан қолдауынан айырылуы мүмкін. Мұны биліктің делегитимдігі дейді.