1.1 ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның әлеуметтік экономикалық дамуы XIX ғасырдың аяғы мен – XX ғасырдың басында Ресей империализм дәуіріне аяқ басты. Қазақстан орыс өнеркәсібі үшін бұрынғысынша өнім өткізетін аймақ, арзан шикізат көзі болып қала берді. Пайдалы кен орындарының байлығы, жұмыс күшінің арзандығы орыс және шетел капиталын өзіне тартты. Таукен кәсіпорындары (Оңтүстік және Шығыс Қазақстанның көмірі, мысы, полиметалдары, Ембінің мұнайы) солардың қолында болды. Жер байлығын игеру жыртқыштықпен жүргізілді.
ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан өнеркәсібінің негізгі салалары: тау-кен өнеркәсібі (Орталық, Шығыс Қазақстан) және ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу салалары.
Қазақстан отарлаушы Ресей империясының экономикалық жағынан артта қалуынан зардап шекті. Қазақ өлкесі халықаралық капиталдың қанау объектісіне айналды. Ресейге шетел капиталының енуіне байланысты орыс және шетел капиталы арасында шикізат көздерін иелену жолында күрес басталды. Бұл күресте Ресей кәсіпкерлері жеңіліс тауып, Қазақстандағы өздерінің кәсіпорындарын шетелдіктерге сатады.
ХХ ғасырдың басында Қазақстанда жедел дамыған тау-кен өнеркәсібі болды. 1902 ж. өлкеде осы саланың 197 кәсіпорны жұмыс істеп, оларды 18 695 адам жұмыс істеген. Көбінесе ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеумен айналысқан өңдеуші өнеркәсіптің 690 кәсіпорнында 7 297 адам жұмыс істеді. Осы кездегі ең ірі кәсіпорындар: Қарағанды шахталары, Орал-Ембі мұнай өндірісі, Шығыс және Орталық Қазақстандағы түсті метталургия кәсіпорындары шетелдік, соның ішінде ағылшын, француз, американ кәсіпкерлерінің қолында болды. Мысалы, "Спасск мыс кендері" акционерлік қоғамының төрағасы ағылшын парламентінің мүшесі Артур Фелл, вице-президенті - француз президентінің туысы Эрнест Жан Карно болды. Екібастұз және Риддер Орыс-Азия корпарациясы аты ағылшын компаниясының иелігіне өтіп, оның акционерлерінң қатарында болашақ американ президенті Герберт Гувер, ағылшын қаржыгері Уркварт болды.
Өнеркәсіптің дамуы жол қатынасын жетілдіруді талап етті. 1905 жылы ұзындығы 1 656 км Орынбор-Ташкент темір жолы пайдалануға беріліп, оның бойында 30 мың теміржолшы жұмыс істеді. 1917 ж. өлкеде темір жолдың жалпы ұзындығы 2 793 шақырымға жетті.
Темір жолдардың салынуы Қазақстандағы отарлық қанауды бұрынғыдан да күшейтті. Темір жолдың болмауы Ресей капиталының Қазақстанға кең көлемде енуіне кедергі келтіріп, оны отарлық империяның шикізат және азық-түлік қоймасына айналдыру үрдісін кешеуілдетіп келген еді. Темір жол жүйесі өлкенің байлығын жеделдете игеру үшін және орыс шаруаларын жаппай қоныстандыру үшін аса қажет болды.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы кен өндірісі жергілікті қажеттіліктермен байланысы болған жоқ. Бүкіл байлықтың бәрі шетелге шығарылды, пайданың шетелдік акционерлер көрді. Сондықтан Қазақстанның кен өндісі өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал жасады деп айта алмаймыз.
Қазақстан өнеркәсібінің екінші саласы жергілікті қажеттіліктерді өтеумен тікелей байланысты ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу өнеркәсібі. Өңдеуші өнеркәсіптің негізгі екі бағыты болды:
1. Ресейдің еуропалық бөлігіне және шетелге шығару үшін мал шаруашылығы шикізатын өңдеу жөніндегі кәсіпорындар. Олардың қатарында - Семей, Ақмола, Торғай, Сырдария, Жетісу облыстарында – тері илеу, мақта өңдеу, ет өндіру кәсіпорындары және т.б.
2. Ауыл шаруашылық өнімін жергілікті тұтыну үшін өңдейтін кәсіпорындар - Семей, Ақмола, Жетісу облыстарында – ірі диірмендер, май шайқау, сабын қайнату, былғары, май шайқайтын, спирт-арақ зауыттары, темекі фабрикасы және т.б)
Ақмола, Семей, Жетісу облыстары аумағында орналасқан жүн жуатын кәсіпорындардың барлығы түгелдей дерлік Ресейдің мәуіті зауыттарының иелігінде болды. Оларда шығарылған өнім тікелей әскери ведомствоның қажеттіліктерін өтеу үшін пайдаланылған болатын. Сонымен қатар Қазақстанның далалық аймақатындағы тері илеу, былғары өңдеу кәсіпорындарының өнімдері Ресеймен қатар АҚШ, Германия, Франция елдеріне де шығарылып отырылды.
Жергілікті қажеттіліктерді өтейтін кәсіпорындардың басым бөлігі тамақ өнеркәсібімен байланысты болды. Мысалы, осы кезеңде Қазақстанда диірмендер көптеп салына бастады. Мысалы, 1911 жылы Семейде 22 диірмен жұмыс істеген болатын.
Жайықта, Сырдарияда, Ертісте, Бұқтырмада, Балқаш пен Зайсан көлдерінде, Арал теңізінде, каспий жағалауында балық өнеркәсібі дамыды. 1913 жылы Қазақстан бойынша ауланған балық 34,5 мың пұтқа жетті. Бұл Ресейде ауланған бүкіл балықтың 11%-ына жуығын құраған болатын.
Өндірістік кәсіпорындардың дамуы, сауда жүйесінің кеңеюі қалалардың қалыптасуына барынша ықпалы тиді. ХХ ғ. басында Қазақстандағы қала тұрғындарының саны едәуір өсті. Мысалы, Семей қаласында 1903 жылы 27 334 адам тұрса, 1909-1910жж. – 31 382, 1914ж. – 35 000 адам тұрған. Қала тұрғындарының саны негізінен Ресейден келген қоныс аударушылардың есебінен өсіп отырды. Құрамына қарай олар дворян өкілдері, офицерлер, саудагерлер, қазақтардың дәулетті бөлігі және жәй еңбекшілерге (мещандар, шаруалар, жұмысшылар) бөлінді.
ХХ ғасырдың басында Қазақстан халқының 90% дан астамын ауыл тұрғындары құрады. Патша үкіметінің аграрлық саясаты нәтижесінде дәстүрлі қазақ шаруашылығы күйзеліске ұшырады. Қазақстанның далалық облыстарында 1880-1905 жылдар аралығында қой мен ешкі саны 24,9 пайызға, 1905-1914 жылдар аралығында жылқы саны 4,1 пайызға кеміген. Осы деректердің өзінен ақ патшалық отарлау саясатының ауыр салдарын көруге болады.
ХХ ғ. басынан бастап империя көлемінде қоныстандыру ісі белгілі бір жүйеге түсті. 1904 ж. Петербургте Қоныс аудару және жерге орналастыру Бас басқармасы құрылды. Ал келесі бір-екі жылдың ішінде бұл басқарманың мекемелері губерния, облыс және уез деңгейінде барлық қазақ жерлерінде құрылды. Мемлекет тарапынан үлкен және нақты қолдау алған бұл мекемелердің құқықтық статусы жоғары болды және олардың негізгі міндеті "артық" жерлерді анықтап, ол жерлерге ішкі Ресейден орыс шаруаларының көшіп келіп орналасуына жағдай жасау еді.
ХХ ғасырдың басында шаруалардың Ресейден Қазақстанға шұбыруы бұрынғыдан да күшее түсті. Ресейдің орталық губернияларында аграрлық мәселенің шиеленісуін бәсеңдетуді көздеген патша өкіметі Қазақстанға, Сібірге, Қиыр Шығысқа орыс шаруаларын жаппай қоныстандыру ісіне кірісті. Қазақстанға қоныс аударушылар толқыны, әсіресе 1906жылы Столыпинның аграрлық реформаларын енгізгеннен кейін көбейді. Егер 1893ж. мен 1905ж. аралығында 12 жылда Ресейден қоныс аударғандар үшін қазақтардан 4 074170 десятина жер алынып, ол жерлерге 294 296 мың шаруа көшіп келген болса, одан кейінгі жеті жылда (1906-1912жж.) 17 млн.астам жер тартып алынды. 1906-1910жж. аралығында тағы да 700 мыңнан астам шаруа қоныс аударып келді. 1917 жылға дейін Қазақстанның 45 млн. десятина жеріне ие болған қоныс аударушылардың саны 1,5 млн. жетті. Өлке халқының үштен бірін Ресейдің орталық аудандарынан, Украинадан, Еділ бойынан көшіп келген келімсектер құрады. 1897 жылғы халық санағы бойынша орыстар Қазақ өлкесіндегі халықтың 20 пайызын құраса, 1917ж. 1 қаңтарына қарай олардың үлес салмағы 42 пайызға жетті. Осылайша патша өкіметінің қоныс аудару саясаты Қазақстанда жер мәселесінде қайшылықтардың шиеленісуіне, еңбекші қазақ бұқарасынаң жерсіз қалып күйзелуіне алып келді.
Натуралдық шаруашылықтың ыдырауы қазақ шаруаларының кедейленген бөлігін "қосымша табыс іздеуге" мәжбүр етті. Олар үшін өндірісте жұмыс істеу ақша тауып күн көрудің көзіне айналды. 1917 ж. жұмысшылардың саны 65 мыңға жетті, олардың 60 пайызы қазақтар, қалғандары басқа ұлттың өкілдері болды.
Сонымен, ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу – Ресей мен батыс Еуропа елдерінің қазақ халқының ұлттық байлығын талан-таражға түсіргенін, жерінен айырып, қазақ дәстүрлі шаруашылығын күйзеліске ұшыратқанын көреміз.
ХХ ғасырдың басында тұрақты сауда жүйесінің дамуына байланысты жәрмеңкелердің саны азайды, қазақ даласына шығатын керуендер саны да сиреді. Оның есесіне қалаларда тұрақты сауданың тарамдалған жүйесі пайда болды, қоймалар, дүкендер қатары өсті.
Қазақстанға өнеркәсіп капиталымен бірге Еуропа елдерінің сауда капиталы да тереңдеп ене бастады. Омбы қаласында Морозовтардың, Ряушенскийлардың үлкен сауда қоймалары болды. Петропавлда американ, ағылшын, неміс, фирмалары жергілікті өнеркәсіп иелерімен, көпестермен сауда операцияларын жүргізді. Қалалардағы сауда жүйесінің тарамдалған сипатын мына деректермен анық байқауға болады. 1915ж. Петропавлда 445 сауда орны - 8 млн.390 мың сомның, Көкшетаудағы 53 сауда орны - 876 мың сомның, Атбасардағы 71 сауда орны - 1 млн.106 мың сомның тауар айналымын жасаған.
Бұрынғысынша жәрмеңкелер де елеулі рөл атқарған. 1917 ж. қарсаңында Қазақстанда (Сырдария, Жетісу облыстарын қоспағанда) жылдық сауда айналмым 150 млн. сомға тең болатын 128 жәрмеңке жұмыс істеген
Дамып келе жатқан тауар-ақша қатынасында банк қызметі елеулі орын алды. Облыс орталықтары мен ірі қалаларда мемлекеттік банк бөлімдері жұмыс жасады.
Өндірістік кәсіпорындардың дамуы, сауда жүйесінің кеңеюі қалалардың қалыптасуына барынша ықпалы тиді. ХХ ғ. басында Қазақстандағы қала тұрғындарының саны едәуір өсті. Мысалы, Семей қаласында 1903 жылы 27334 адам тұрса, 1909-1910жж. 31382, 1914ж. 35000 адам тұрған. Қала тұрғындарының саны негізінен Ресейден келген қоныс аударушылардың есебінен өсіп отырды. Құрамына қарай олар дворян өкілдері, офицерлер, саудагерлер, қазақтардың дәулетті бөлігі және жәй еңбекшілерге (мещандар, шаруалар, жұмысшылар) бөлінді.