Тақырып Қылмыстық құқық түсінігі, міндеттері және жүйесі


Қылмыстық құқықтың міндеттері, қағидалары



бет2/5
Дата29.10.2022
өлшемі41,58 Kb.
#46140
1   2   3   4   5
2. Қылмыстық құқықтың міндеттері, қағидалары

Қылмыстық құқықтың ерекшеліктері мен мазмұны оның алдында тұрған міндеттерден көрініс табады.


ҚР Қылмыстық кодексінің 2-бабының 1-бөлімі қылмыстық заңнаманың міндетіне адам мен азаматтың құқықтарын, бостандығын және заңды мүдделерін, ұйымдардың меншіктерін, құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен кауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтык бүтіндігін, қоғам мен мемлекеттің қылмыстық қастандықтан заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігін қорғауды, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзшылықтардың алдын алуды жатқызады. ҚК-нің осы бабының 2-бөлігіне сәйкес бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін Қылмыстық кодекс қылмыстық жауапкершіліктің негіздерін белгілейді, адам, қоғам немесе мемлекет үшін қандай іс-әрекеттердің қылмыс болып табылатынын анықтайды, оларды жасағандық үшін жазалар мен басқа қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын белгілейді, яғни бұл міндеттер қылмыстық құқықтың реттеуші, қорғаушы функцияларының іске асырылуы барысында шешімін табады.
Сонымен, қылмыстық құқықтың негізгі міндеттері - жоғарыда көрсетілген әлеуметтік құндылықтарды қорғау және қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу (олардан сақтандыру). Қылмыстан сақтандыру заңда өзінше бөлек мақсат деп аталғанмен ол қоғамдық катынастарды қорғау міндетіне бағындырылған. Екі міндет өзара тығыз байланысты: қоғамдық қатынастарды қорғай отырып қылмыстық құқық жаңа қылмыстық құқықбұзушылықтардың жасалуының алдын алады, ал қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу арқылы қорғау функциясы орындалады.
Заң әдебиетінде, қылмыстық құқық, жоғарыда аталғандармен қатар тәрбиелік міндетті де көздейді делінген. Бұған келіспеуге болмайды. Ал, заң бұзбайтын азаматтарды қалыптастыру жалпы барлық құқық алдындағы мақсат. Яғни, азаматтык, енбек құқығы басқа құқықтар сияқты қылмыстық құқық та халыкқа тәрбиелік ықпал жасауға тиіс. Қандай да бір іс-әрекетті қылмыстық құқықбұзушылық деп танып, оны қолдану арқылы мемлекет қоғамдық қатынастар субъектісіне әлеуметтік дұрыс бағдар береді. ҚК-нің 2-бабында Қылмыстық кодексте мұндай міндеттің бар екендігі тікелей көрсетілмеген. Бірақ, ҚК-нің 39-бабы 2-бөлігінің талдамасына сүйене отырып қылмыстық құқықтың жазаға қатысты жалпы міндеттерін нақтыласақ, оның мақсатының әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзету, жаңа қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу екендігін көреміз, бұдан біз қылмыстық құқықта тәрбиелік міндеттер бар деген тұжырым жасай аламыз.
Конституция негізінде қылмыстық құқықтың бірқатар қағидалары пайда болды, олар қылмыстық заңнамада көрініс тапты (өзінше бөлек баптарға бөлінбесе де) және құқық қолдану практикасында іске асырылуы тиіс.
Бірінші кезекте, бұл - заңдылық қағидасы, оның мәні - қылмыскерлік пен іс-әрекеттің жазалануға жататындығы тек қылмыстық заңмен анықталатындығында.
Бұл ретте Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 10-тармақшасына сәйкес қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейді. ҚК-де бұл принцип 9-баптың 1-бөлігінде бекімін тапқан. Практикада бұл принципті іске асыру жасалған іс-әрекет қоғам үшін қауіпті болғанмен, онда қылмыстың нақты құрамының белгілері болмаса, оны қылмысқа жатқызудан бас тартуға мәжбүрлейді.
Қылмыстық құқықтың келесі қағидасы - азаматтардың заң және сот алдында теңдігі, ол Конституцияның 14-бабында жарияланған. ҚК-нің 14-бабынын 2-бөлігінде: «қылмыс жасаған адамдар шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жы-нысына, нэсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына, тұрғылықты жеріне немесе өзге де кез келген мән-жайларға қарамастан заң алдында бірдей» делінген.
Бұл қағиданың Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде берілген анықтамасы мен Ресей Қылмыстық кодексінде, ТМД елдері мамандары даярлаған Модельдік кодексте берілген анықтама арасында біршама өзгерістер бар. РФ ҚК-нің 4-бабында «қылмыс жасаған адамдар заң алдында тең, олар жынысына, нәсіліне, лауазымына, басқа да мән-жайларға қарамастан қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс» делінген. Егер қызмет бабы, басқа мән-жайлар қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселенің шешіміне ықпал етпейтін болса, онда депутаттық, дипломатиялык иммунитеттер, ақтамайтын мән-жайлар бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігі қаншалықты заңды деген сұрақ туады.
Бұл қағиданы Қазақстан заңнамасында берілген анықтамада қылмыстық жауапкершілікке қалайда тарту керектігі баса көрсетілмеген, ол қазіргі шындықтан туындаған, себебі бұл парақорлық, есірткінің заңсыз айналымы, ұйымдаскан қылмыстық қызметтер етек алып отырғанда мадақтайтын қылмыстық-құқықтық нормаларды қолдануға мүмкіндік береді.
Қылмыстық құқықтың маңызды қағидаларының бірі - қылмыстық іс-әрекет жасағандық үшін кінәлі жауапкершілік.
ҚК-нің 19-бабында бекімін тапқан бұл қағидаға сәйкес адам өзінің кінәлі екені анықталған, қоғамға қауіпті іс-әрекеті және оның салдары үшін ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Зиянды кінәсіз келтіргендік үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға жол берілмейді. ҚК-нің 23-бабында мұндай кінәсіз зиян келтіру ұғымына түсініктеме берілген. Қылмыстық заңнамада бұл принциптің болуы азаматтарды құқық қорғау құрылымдары тарапынан болуы мүмкін озбырлықтан қорғайды, олардың бұл принципті елемеуі қылмыстық істің қысқаруына алып келеді.
Бұл кінәлі жауапкершілік қағидасынан тікелей жеке жауапкершілік қағидасы туындайды, бұл дегеніміз, ҚК-нің 14-бабының 1-бөліміне сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тек жеке тұлға ғана тартылады және ол жеке өзі жасағанына ғана жауап береді. Бұл қағданың күші қылмысқа бірге қатысқандардың жауапкершілігін қарастырған нормаларда айқын көрініс тапқан (ҚК-нің 29-бабының 1-бөлігі, 30-бабы).
Қылмыстық құқықтың тағы бір негізгі - әділдік қағидасы. Ол заңның қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, айыптының жеке басын, оның қылмыстық құқықбұзушылық жасалғанға дейінгі және одан кейінгі іс-әрекетін, жауапкершілік пен жазаңы ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды, сондай-ақ тағайындалған жазаңың сотталғанның түзелуіне және оның отбасы мен асырауындағы адамдардың жағдай-тіршілігіне тигізетін әсерін ескеріп әділ жаза тағайындау жөнінде соттарға коятын талабынан туындайды. Сонымен катар, ҚК-нің 3-бабында бір қылмыстық құқықбұзушылық үшін қайтара қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайтындығы туралы Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 2-тармақшасында жарияланған талап бекімін тапқан.
Тікелей Конституциядан қылмыстық-құқықтық саясаттың тағы бір қағидасы туындайды. Бул - гуманизм қағидасы. Қазақстан өзін ең жоғарғы құндылық адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы деп жариялаған мемлекет екендігін өз Конституциясында көрсетті. Сондықтан да, қылмыстық қудалаудың қалай да қатаң болатындығын мойындап заң шығарушы оған нақ конституциялык шек қойды. Конституцияның 17-бабының 2-тармағына сәйкес «ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды».
Бұл конституциялық норма ҚК-нің 38-бабының 2-бөлігіндегі жазаға қатысты нақтыланған (жазалауда адамға күйзеліс келтіру немесе оның ар-намысын таптау мақсаты жоқ).
Қылмыстық қудалауды үнемдеу қағидасы гуманизм қағидасына жақын. ҚК-нің Ерекше бөлігін даярлағанда қоғам үшін қандай да бір қауіптілік тудыратын іс-әрекетті криминалдау немесе криминалға жатқызбау мәселесі біршама осы қағида тұрғысынан қаралады. Нәтижесінде іс-әрекеттердің кейбіреулері криминалдан алынып (мысалы, валютамен жасалатын заңсыз операциялар), әкімшілік қүкык бұзушылық санатына жатқызылды. 52-баптың 2-бөлігінде қылмыс жасаған адамға оның түзелуі және жаңа қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу үшін кажетті және жеткілікті жаза тағайындалуға тиіс делінген.
Егер жасалған қылмыстық құқықбұзушылық үшін тағайындалған жаза аталған мақсатқа жету үшін жеткіліксіз деп саналса, онда қатаңырақ жаза тағайындалады.
Келесі қағида - қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан құтылмаушылық қағидасы, бұған сәйкес қылмыс жасағаны үшін кінәлі әрбір адам қылмыстық жауапкершілікке және жазаға немесе ықпал етудің заңда көзделген басқа шарасына тартылады. Модельдік ҚК-де, сондай-ақ ҚР ҚК-нің жобаларының бірінде бұл принцип өзінше бөлек бапта көрсетілмекші болды. Ал Ресей Қылмыстық кодексінде бұл бап жайында сөз етілмеген. Қазақстан заң шығарушысы да бұл принципті тікелей заң жүзінде бекітеді. Себебі ол қылмыстық жауапкершіліктен иммунитет, сондай-ақ қылмыстық заңда көрсетілген мадақтау нормалары сияқты баптармен онша үйлеспейді. Бұл, бірінші кезекте, қылмыстық жауапкершіліктен босатудың шын өкіну, қорыққаннан немесе сасып қалып қажетті қорғану шегінен асып кету, жәбірленушімен бітісу сияқты негіздері бар нормалар. Сондықтан да, егер қылмыстык жауапкершілік пен жазадан құтылмаушылықты сөз еткенде, құқық қолдану процесінде, кейбір кездері, бұл принциптен ауытқу мүмкін екендігін ескеру керек.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет