Ғылыми баяндама дайындауға қатысты кеңестер: - баяндаманың мақсатын, міндеттерін анықтап алу;
- қандай адамдарға оқылатынын анықтау маңызды;
- қай жерде, қандай аудиторияда (таныс, таныс емес) оқылатынын білу;
- баяндаманың қандай сипатта оқылатынын анықтау (хабарлама, есеп, ғылыми баяндама, т.б.);
- баяндаманы әзірлегенде көп көлемді материалдарды ықшамдап жүйелеуге тырысыңыз;
- қосымша мәліметтердің барлығын қосып қарастырыңыз:
- баяндаманың жоспарын, жобасын құрастырып, негізгі түйін сөздерге сипаттама беріп кеткеніңіз дұрыс;
- қорытынды жасауға материалды іріктеп алыңыз;
- баяндамаға қажетті кестелер, диаграммалар, презентациялық слайдтар дайындау арқылы уақытты үнемдеуге болады;
- қосымша сұрақтарға жауап іздестіріп көріңіз.
Адам қызметінің ең күрделі түрі – ой еңбегі, себебі оған үйрену оңай емес, ол өте қиын міндет. Ойлау операциялары, ой әрекеттері адам көзіне көрінбейді, оның ой-өрісі қалай дамып жатқаны белгісіз. Мысалы, адам кітап оқып отырған уақытта да оның ойы мүлде басқа бағытта болуы мүмкін. Осы мәселеге байланысты зейін, есте сақтау қасиеттеріне тоқталып өту қажет.
Адам өз зейінін басқаруға үйренуіне болады. Зейіннің ең басты қасиеті – оның өте тез ауыспалы, жылжымалы, қозғалмалы сипаты. Зейін әрқашанда бір қозғалысты қадағалайды. Қадағалайтын ештеңе болмаса адам зейіні сейіле бастайды. Мысалы, қалың орманда адасып қалған адам зейіні барлық жаққа бірдей бөлініп, әрбір бұтақтың қозғалысына, әрбір сыбдырға назар аударуға тырысады. Сол сияқты кітап қызығына кіріп кеткен адам автордың ойын қадағалап, кітап кейіпкерлерінің образдарын бақылап, солардың сезіміне бөленгендей, тырп етпей отырып өзін қоршаған адамдардың не істеп, не айтып жатқандарына назар аудармайды.
Сондықтан адам жастайынан өз еркі бойынша зейінін шоғырландыруға машықтануы керек. Зейінді болу арқылы мұғалім сабақта түсіндіріп жатқан жаңа тақырыпты мұқият тыңдап, тез меңгеріп алуға болады. Керісінше, мұғалім түсіндірген материалды зейін қоймай тыңдаған студент, ол тақырыпты өз бетінше меңгеруде немесе үй тапсырмасын әзірлеуде өте көп уақыт жұмсауына тура келеді.
Қазіргі психологиялық-педагогикалық сөздіктерде зейін – адам санасының нақты бір нысанаға немесе құбылысқа шоғырландыратын танымдық процесс, оның нәтижесінде танымдық іс-әрекет толығырақ, анығырақ, тереңірек болады деп түсіндіріледі.
Адамның зейіні үнемі бірқалыпты бола бермейді. Ол адамның қызығушылығына, қажеттіліктеріне, ерік-жігеріне, темпераментіне, мінезіне байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар адамның денсаулығы, сол уақыттағы көңіл күйі, қоршаған ортада алаңдататын факторлар (қатты шыққан дауыстар, күлкі, т.с.с.) да көп рөль атқарады. Яғни, зейін деп адам санасының бір нәрсеге шоғырланып бағытталуын, басқа нәрселерден сейілун айтуға болады.
Сонымен, ой еңбегімен айналысқанда зейіннің қатысынсыз табысқа жету мүмкін емес екені аңғарылады. Ал табысты нәтиже қызығушылықты оятады. Ал қызығушылық көбейсе, адамның зейіні де арта түседі.