Тақырып: Кіріспе. Білім беру философиясы Білім беру – кәсіби іс-әрекет жүйесі мен құзыретті маман қалыптасу нәтижесі Мақсаты



бет39/57
Дата15.12.2023
өлшемі231,15 Kb.
#138247
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   57
Тақырыбы: Болашақ педагогтің шығармашылық іс-әрекеті
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1. Шығармашылық ұғымы
2. Мұғалім шығармашылығы және озық педагогикалық тәжірибе
3. Шығармашылыққа үйрену жолдары
Дәрістің қысқаша мазмұны: Шығармашылық ұғымы. Философиялық тұрғыдан қарастырғанда шығармашылық – жаңа сапалы материалдық және рухани құндылықтарды жасаудағы адамның белсенді іс-әрекеті ретінде қарастырылады. Педагогикалық энциклопедияда шығармашылық – адамның өзіндік және белсенді іс-әрекетінің жоғарғы формасы ретінде түсіндіріліп өзінің әлеуметтік маңыздылығымен және жаңашылдығымен бағаланады. Мысалы қазіргі кездегі ғылымның, техниканың жетістіктеріне (компьютер, Интернет, ұялы телефон, медицинадағы ультрадыбыстық диагностикалық аппараттар, лазер сәулелері арқылы емдеу, т.б.) көптеген ізденуші ғалымдардың шығармашылық іс-әрекеттері арқылы ғана қол жеткізіп отырғанымыз анық.
Шығармашылық процесс әрқашанда көпшілікке белгілі қалыптасқан білімдер жүйесінен ерекшеленуімен, бір құбылысқа жаңаша көзқарасты қалыптастыруымен, бірі біріне ұқсамайтын құбылыстар арасындағы ұқсастықтарды анықтай алуымен, мәселелерді шешудегі тиімділігімен құнды. Шығармашыл тұлға әрқашанда еркін, өзін-өзі жан-жақты дамытуға дайын, бәсекелестікке қабілетті, құзіреттілігі мен белсенділігі жоғары адам. Шығармашылықпен айналысуда адамның тек ақыл-ойы ғана емес, сонымен қатар оның табандылығы, бастаған істі аяғына дейін жеткізе алуы, ойдың еркіндігі мен батылдығы, болжам жасай алуы, өз күшіне деген сенімділігі сияқты тұлғалық қасиеттері өте маңызды. Яғни, шығармашылық адамның тұлғалық қасиетіне жатады, сондықтан мұндай қабілетті әр адам жас кезінен өз бойында дамытқаны жөн. Ал өз күшіне сенімсіз, жасықтау адамдар ешқашанда өз беттерінше үлкен жаңалықтарға қол жеткізе алмайтынын Людвиг Фейербахтың: «Адам тек... өз күшіне сенген жағдайда ғана дегеніне жете алады» - деген сөздерімен түйіндеп кетуге болады.
«Шығармашылық» ұғымына қатысты қазіргі психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік ғылымдар саласында шығармашылық ойлау, шығармашылық қиял, шығармашылық іс-әрекет, шығармашылық ойын, шығармашылық қабілет сияқты терминдер жиі қолданылуда.
Қазіргі кезде адамдардың іс-әрекеттерінің сипатына байланысты шығармашылықтың мынандай түрлері ажыратылады:

  • ғылыми шығармашылық (бұрынғы ғылыми білімдерге қарағанда артықшылығымен бағалы жаңа білімдер жүйесі);

  • көркем шығармашылық (жаңа көркем әдебиет туындылары);

  • техникалық шығармашылық (жаңа техникалық құралдар мен жаңа технологиялар);

  • педагогикалық шығармашылық (жаңа мазмұн, педагогикалық әдістер, қағидалар, педагогикалық жүйелер т.б.).

Көптеген зерттеушілердің пікірінше шығармашылықтың жемісті болуына адамның сезім күштерінің әсері өте зор. Бір мәселені ұзақ зерттеу барысында адам өзінің ішкі күштерін толық соған жұмылдырып, жүрсе де, тұрса да ойымен сол бағытта белсенді жұмыс істесе, шабытының шырқауы арқылы шығармашылық шыңына жетуі мүмкін. Ғалым-зерттеушілердің ғылыми шығармашылықтарына байланысты В.И.Павлов: «Ғылымға адамның бүкіл өмірі сарп етілуі керек екенін ұмытпаңыздар. Екі есе өмір сүрсең де аздық етеді. Іс жүзінде, ізденіс үстінде ынтық сезіміңіз суымасын» - деп жазады. Иә, зерттеушілік іс-әрекетте ғалымдарды арман-мақсаттарына жетелейтін негізгі күштердің бірі – олардың сезіммен қанаттанған ақылы, қиялға толы құлшыныстары екені рас.
Сол сияқты көркем шығармашылыққа әбден берілгендіктен бұл саланың ісмерлері де өздері суреттеп отырған кейіпкерінің көңіл күйіне бөленіп солардың уайым-қайғысын бірге кешкендей сезінеді. Осыған байланысты айтылған орыс мүсіншісі Антокольскийдің: «Сезім жоқ жерде көркем шығарма да жоқ» деген ойы нағыз шеберлердің өз істерін үлкен құштарлықпен атқаратынының дәлелі.
Енді осы жоғарыда қарастырылып отырған шығармашылық түрлеріне талдау жүргізіп, олардың өзара айырмашылықтарын қарастырайық. Ол үшін «Педагогикалық шығармашылықтың басқа шығармашылықтардан айырмашылығы неде?» деген сұраққа жауап іздестірейік. Әрине, бұл біраз ойландыратын сұрақ. Мысалы, суретшінің шығармасы - оның салған керемет суреті, композитордың шығармасы – оның шығарған әсем әуені, ақынның шығармасы – оның әсерлі өлеңі делік. Олардың шығармашылық туындыларының негізгі ерекшеліктерінің бірі олардың аяқталғандығында, сол күйінде өзгермей сақталуында. Ал педагогикалық шығармашылықтың туындысы - үнемі дамып өзгеру үстінде болатын оның тәрбиелеп отырған шәкіртінің тұлғасы. Педагогы жақсы болса ондай шәкірттер жылдан жылға шыңдалып өздері-өздерін жетілдіре береді. Осы аталған шығармашылық түрлерінің барлығы кәмелеттік жасқа толған жастар және ересек адамдар үшін қарастырылса, балаларға қатысты «балалар шығармашылығы» деген ұғым көп қолданылады. Шығармашылық іс-әрекетпен адам баласы жастайынан таныс болады. Балалардың шығармашылығы олардың негізгі іс-әрекеттері болып табылатын ойындарынан-ақ байқалады. Әсіресе мектеп жасына дейінгі шағында балалардың өте тынымсыз, танымдық белсенділіктері жоғары, үлкендердің істеріне қызығушылықтары мол, қиялшыл, арманшыл болатыны және көп ермекті талап ететіні байқалады. Олардың талаптары биологиялық, физиологиялық тұрғыдан орынды да, заңды да талап, себебі осындай талаптары арқылы олар қоршаған ортамен тереңірек танысады, дене күштерін дамытады, әлеуметтік ортаға бейімделе бастайды. Қарапайым еңбек түрлерінде де балалар түрлі шығармашылық қасиеттерін көрсетеді. Мысалы кіші жастағы баланың ешнәрсеге қарамай конструкторлардан үй, кеме, көлік түрлерін құрастыруының, дымқыл құмнан небір қайталанбас мұнаралар, үңгірлер, таулар, жолдар, көпірлер жасауларының өзі қарапайым шығармашылық іс-әрекет екені түсінікті. Осындай ойындар барысында бала өз ойынан шығарған қиял әлемін елестетіп ерекше бір сезімдерге бөленіп, үлкендерге еліктей бастайды (ұл балалардың «ағаш атқа» отырып шабуы, қыз балалардың топырақ пен гүлдерді араластырып «тамақ» әзірлеулері, т.с.).
Егер ата-аналар баланың осындай қиялының шарықтауына, өзін әр түрлі іс-әрекеттерде сынап көріуіне шектеу қоймаса онда бала ертеңгі мектептегі оқу-танымдық іс-әрекетінде де белсенді, тапқыр, шығармашыл тұлғаға айналуы ықтимал. Сондықтан бала өз бойынан байқатқан қабілеттерді одан әрі дамытуға жағдай жасап, осы жас кезінен көрсеткен талпыныстарының барлығы оның болашағының негізін қалайтынын ұмытпағанымыз абзал.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   57




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет