Тақырып Мәдениет морфологиясы Тақырыптың жоспары



бет8/13
Дата10.12.2023
өлшемі128,51 Kb.
#136284
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Бекіту сұрақтары:
1. Мәдениет кеңістігі дегеніміз не?
2. Мәдениет формаларын ата?
3. Өнер генезисінің негізгі этаптары?


Тақырып 5. Қазақстан көшпелілерінің мәдениеті


Тақырыптың жоспары:
1.Ежелгі Қазақстан аумағындағы архаикалық мәдениет
2.Көшпелілік (номадизм) концепциялары.
3.Сақ, скифтердің ұлы көшпелілік өркениеттері.


Дәріс
Ежелгі Қазақстан аумағындағы архаикалық мәдениет: материалдық мәдениет ескерткіштері. Материалдық («технологиялық») мәдениеттің негізгі жетістіктері. Ежелгі әлемнің техникалық жетістіктерінің негізгі ескерткіштері. Көшпелілік (номадизм) мәдениет типі ретінде.
Көшпелілік (номадизм) концепциялары. Көшпелілік мәдениет типологиясы. Көшпелілік түрлері мен жіктеу (көшпелілер мәдениеті). Еуразиялық кеңістік көшпелілері мәдениетінің негізгі белгілері. Қазақстан аумағындағы ежелгі тайпалар мәдениеті: салт-дәстүрлері, культтері, наным-сенімдері. Сақ, скифтердің ұлы көшпелілік өркениеттері.
Сақ, скиф, массагет, ғұндардың көшпелілік мәдениеті. Салт-дәстүрлері. Аңызға айналған кейіпкерлердің бейнелері. Сақ, массагет, скиф, сарматтар өнері: қару-жарақтық, сәндік-қолданбалы, мүсін, сәулет өнері. Сақ, массагет, скифтердің жауынгерлік өнері. «Шу-батыр» поэмасы. Жазуы. Сақтар мен массагеттердің мәдени құндылықтары. Көшпелілік мәдениеттегі кеңістік пен уақыт. Табиғат ескерткіштері мен сақ, массагет, скиф, сармат, ғұндардың материалдық мәдениет ескерткіштері.
«Көшпенділер өркениеті» деген ұғымды Ә. Марғұлан, К. Ақышев, К. Байпақов сияқты археолог ғалымдар көбірек пайдаланып келді. Соңғы жьлдары К. Байпақов Еуразия сахарасыңда көшпенділер өркениетінің орнына «Дала өркениеті» деген ұғымды қолдануды орынды санайды. Ең алдымен «Дала» деген ұғымның басын ашып алу керек. Оны тек бір шөл деп ұғуға болмайды. Дешті Қыпшақ жерін басып не сан өзендер өтеді. Бір шеті Енесай, Лена, Онон, Керулен, Ертіс, Тобыл, Жайық, Объ, Каспий, Арал, Еділ, Дон, Дунай, Днепр ұлы сахараның сәні мен әні еді ғой
1. Алтайдан Донға дейін созылған Ұлы Дала екі құрлықтың басын қосты. Ол Европа мен Азияның қақпасы, тоқсан тоғыз жолдың торабы. А. Тойнби: «аңдарды үйретіп, қол малы жасауы, өсімдік жинауға үйреніп,оны өсіріп қорек етуден гөрі биігірек өнер, өйткені ол адамның, ақыл- ойы мен ерік-күшін қажет етеді, - дей келіп, - «көшпенділер ат болмағанда мұншама маң даланы бағындырып, керемет қатаң табиғи жағдайда өмір сүре алмас еді, олардың сұңғыла да ұстамды, күшті де төзімді болып келуі сол ат үсті өмірінен»
2. Сайын дала Әму мен Сыр бойы арқылы қытай, парсы, үнді, араб өркениеттерімен тоғысты.
3. Сыр мен Әмудария аралығында пайда болған Зәрдеш (зороастр) тәңірлік дүниетаным христиан, будда, ислам сияқты әлемдік діндердің өзекті қағидаларына негіз болды. Дала өркениетін рухы биік халық жасады. Олар тәңірге табынды. Әлемдік діннің қайсысы болса да сахарада орын алды.
4. Қыр баласы табиғи ортамен толық жарасымды болды. Дала перзенті ешбір шектелу дегенді білмеді, бостандықта өсті, төзімтал, өжет болып өсті. Оларға творчествалық эволюция тән еді.
5. Л. Н. Гумилев, т.б. зерттеушілер «көшпенділер» деген ұғымды абсолюттендіреді. Шын мәнінде ұлы сахарадағы халықтың негізгі кәсібі мал бағу болғаны рас. Сонымен бірге ол егін де екті, қолөнерін де дамытты, қала да салды. Қазақ мәдениетін қарастырғанда туатын маңызды мәселе шаруашылық-мәдени типтердің (ШМТ) өзіндік ерекшеліктерін анықтаумен байланысты. Шаруашылық-мәдени тип ұғымы соңғы кезге дейін этнографиялық және тарихи зерттеулерде көбірек қолданылып келді. Шаруашылық-мәдени типтердің нақтылы мысалдары: арктикалық аңшылар, тропиктегі аңшылар мен терімшілер, өзен аңғарларындағы егіншілер, оазистік дихандар, еуроазиялық көшпелілер және т.б. Өзінің мағынасы жағынан ШМТ ұғымы мәдениеттанудағы хронотоп үғымына жақын. Алайда хронотоп негізінен көркем әдебиеттен алынып, рухани мәдениеттің кеңістіктік және уақыттық бітімдерін білдірсе, шаруашылық-мәдени тип материалдық мәдениеттің көрінісін айқындайды. Әрине, ШМТ-тің руханилықпен байланысы жоқ деп сыңаржақты айтылған пікір дұрыс емес. Онда салт-дәстүрлер, сенім-нышандар, фольклор, дүниетаным шаруашылық әдістерімен тығыз байланыста әрекет етеді.XX ғ. басына дейін көшпелілік өмір салты қазақ халқында негізгі этноқұрастырушы белгі ретінде түсінілген. Яғни, «көшпелі» - «көшпелі емес» оппозициясы өте жақын түрік халықтарын бір-бірінен айырып тұрған және маргиналдық аймақтарда этностардың алмасуына себепкер болған. Мысалы, Тәшкент облысыңдағы құрамалар осындай этноөзгерістерді бастарынан өткізген. Бұл үдерістің өзі Орталық Азиядағы екі ШМТ-дің бір-біріне ауыса алатындығын көрсетеді.
Осы тұрғыдан алғанда Кіндік Азияның көшпелілік шаруашылық-мәдени типінің құрылымдық бітімдерін айқындау маңызды мәдениеттанулық мәселе болып табылады. Қазақта көшіп-қонудың тарихта белгілі «Көлденең бағыттағы», «Тіке бағыттағы» екі түрі болған. Олар ең алдымен жылжымалы шаруашылықтағы малдың құрамымен, көшпелі қауым өмір сүрген табиғи-климаттық жағдайларға байланысты болған.
Шаруашылық-мәдени типті динамикалық қимыл-қозғалыста, үнемі өзгерістер үстінде қарастыру керек. Яғни бұл типология тарихи типологияға жатады, шаруашылық-мәдени типтер уақыт ағынына тәуелді. Қоғамды «елдік» ұстаным бойынша ұйымдастыру жоғары деңгейде болған алғашқы түріктік мемлекеттерде оазистік ШМТ-тің үлесі қомақты еді. Кейін бұл өркениеттің ыдырау кезінен бастап, осы ұстаным күйзеліске үшырайды, онымен бірге отырықшы мәдениеттің де өрісі кеміді.
Көшпелілік шаруашылық-мәдени тип Қазақстан жеріндегі климаттық және ландшафтық ерекшеліктерді ұтымды пайдалана білген. Оны маусымдық жайылымдардың алмасуы деп атауға болады және ол Қазақстан территориясында номадалық типтің XX ғ. басына дейін басым болғандығын дәлелдейді. Жауын-шашыны молырақ және мал азығы жеткілікті Солтүстік Қазақстанның орманды-далаларын, таулы альпілік шалғындарды, өзен-көл аңғарларын халық жайлау ретінде пайдаланған. Қыста қары аз, тебінге қолайлы оңтүстіктегі және орталықтағы аймақтар қыстау үшін тандалып алынған. Көктеу мен күздеу мал қыстайтын жерлерге тікелей жалғасып жатқан. Қалыптасқан дәстүр бойынша маусымдық жайылымдар рулар арасында бөліске түскенімен, мал қыстайтын жерлерден басқасын елдің бәрі бірдей пайдаланған. Бұл көшпелілік ШМТ-тің тұтастығын және ынтымақтастығын арттырған. Осы жөнінде М. Әуезовтың «Абай жолы» трилогиясында шебер суреттелген көріністер көп.
1897 жылғы халық санағының деректері бойынша қазіргі Қазақстан территориясында қазақтардың тек 1,14% қалаларда тұрған. XX ғ. басында отырықшылардың жалпы саны 100-мың адамға ғана жеткен (қазақтардың сол кездегі жалпы саны шамамен 6 миллиондай адам).
Аталған санақ қазақтардың 77% негізінен номадалар болғанын, ал 18% – диқаншылықпен айналысқанын көрсетті. Mapгиналдану аймақтарында егіншілердің үлес салмағы жоғары болған. Мысалы, Тәшкент уезінде қазақтардың 88% диқаншылықпен айналысқан.
Негізгі шаруашылық-мәдени тип халық менталитетінде нық орын алған. Хал-жағдайды сүрау «Мал-жан аман ба?» дегеннен басталады. Бекерден-бекер «Шаруа көшсе - байыды» деп айтпаған. Яғни, көшпелілер мәдениеті көшпелілердің өзі үшін мұрат, үлгі болып есептелген. «Себебі, –дейді Ш. Ыбыраев, – көпшілік жаппай жақтырмайтын қоғам мындаған жылдар бойы өмір сүре алмайды, әйтеуір бір тарихи бүрылыста елдің бәрі одан үркіп шығатыны анық (әрине, күні кешегі жаппай қырғынмен зорлап отырықшы ету басқа мәселе)» (Эпос әлемі, 32 бет). Көшпелілік менталитетте шаруашылық тәсілін алмастыруға теріс баға берілген. Мысалы, «жатақ» деп өмірде табысқа жете алмаған аутсайдерді айтқан. Көшпелілік мәдени типтің күйзелісі қоғамда пауперлену тудырып, бұрынғы «ынтымақтастыққа негізделген адамдық тәртіпті» шайқалтқан. Табиғи биоценоздың тұтастығының бұзылуы адамдық қауымдасуға да кері әсерін тигізеді. Алайда, шаруашылық мәдени типтердің күрделене түсуіне байланысты адамдық топтастық табиғи ортадан тәуелсіз бола бастайды.
Шаруашылық мәдени типтің таксономикалық дербес бөліктеріне шаруашылық ұжымдары, тұрғын үй типтері, тұрмыстық қажетті өтеу бітімдері, құрал-жабдықтар, бос уақытты өткізу дәстүрі, әдет-ғұрыптар ж.т.б. жататыны анық. Мәдениетті материалдық және рухани деп бөлудің шартты екендігін ескерте кеткен жөн. Кез келген рухани құбылыс пен оның заттандырылған түрі – адамдық тұтас әрекеттің екі жағы. Қоршаған ортаға адамның сәулесі түсіп тұр, ал оның сезімдері мен ақыл-ойы әлемнен нәр алады. Осы тұтас мәдениет әлемін түсіну мақсатында ғылыми дәстүр бойынша әрқайсысы жеке талданады. Қазақ халқының материалдық мәдениеті осы аймақты мекендеген ертедегі көшпелі тайпалар мәдениеті мен орта ғасырларда өркендеген отырықшы және қалалық мәдениеттің дәстүрлерін жалғастырды. Ғылыми зерттеулер мен археологиялық қазбалар ХV ғ. кейін Қазақстан жерінде қалалар құлдырап кетті деген пікірді өзгертуге мүмкіндік берді. Жергілікті құрылыс мәдениетінің жоғары дәрежеде болғанына XV-XVII ғғ. Иассы, Сауран, Отырар, Сығанақ, Сайрам тәрізді қалалар, Орталық Қазақстандағы Домбаул, Алашахан, Жошыхан ғибадатханалары, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстаудағы сәулет ескерткіштері куә. Осы сәулет үлгілерін салуда халықтық мәдениеттің озық және тапқыр шеберлері жарасымдылықтың, үйлесімдік пен тұтастықтың шешімдерін таба білген. Ислам діні тірі жанды суретке түсіруге тыйым салғаны белгілі. Сонда да қыш құмыра әшекейлеріндегі түбі сонау сақтардың «аң» стилінен басталған қазақтың ою-өрнектері тіршілік иелерінің нобайын бейнелеген. Мысалы, Жошыхан ескерткіші тек өнер туындысы ғана емес, ол дәуір тынысын, дүние тылсымын жеткізіп тұрған ғимарат. Белгілі сәулетші Т.Бәсенов: «Өзін талдап түсінуге қуат болатын қазақ сәулет өнерінің ою-өрнек қазынасы жинақталған өзінше бір музей», - деп жазады. Бұл жерде айта кететін тағы бір жай бар. Кейбір мәдениет зерттеушілері Қазақстан жеріндегі ғимараттар Орта Азия сәулет көшірмесі дегенге саятын пікір айтады. Егер біз ғимараттарға көрік беретін күмбезге назар аударсақ, байқайтын нәрсеміз, күмбездік шатыр – жабын мен шаңырақтық құрылымдық бірлігі. Шығыстанушы А.Н.Бернштам күмбезді дарбазалы сәулеткерліктен кейін бүкіл Орта Азия сәулет өнерінің өзегі болған үш нәрсені – құрылыстық күмбезді қанқасын, портал мен ойма қыштардан құрастырылатын декорды ерекше бөліп қарап, мұндағы күмбез идеясы мен оны тұтас жүзеге асыру көшпелі-малшы қауым мекендеген солтүстіктен алмасқан деп есептеген.
Алайда, қазақ хандығының қалалық мәдениетінің одан әрі өркендеуіне сыртқы жағдай онша қолайлы болмады. Жоңғар шапқыншылығы, Орта Азия хандықтарының толассыз шабуылы, ең бастысы – батысынан және шығысынан шыққан екі империяның – Ресей мен Қытайдың жауынгершілік саясаты салдарынан қазақ халқы отырықшылықтан гөрі жылжымалы киіз үйге қайтадан көбірек көңіл бөлді. Киіз үй тек баспана емес. Ол халықтың өмірлік салт-дәстүрінің таңбасы қызметін атқарады. Шексіз даланы көк теңізге теңейтін пікірдің жаны бар: көкжиекте, көк аспанның астындағы шексіздікте ақшағала дөңгелек киіз үйлер аралдар тәрізді, олардың арасын дала кемелері – түйелер мен ұшқыр қайық-аттар қосып тұр. Қатал үскірік аяздан, шілденің аптап ыстығынан қорғайтын, тез жинап, тұрғыза қоятын баспанаға киіз үй өте сай келеді. Дөңгеленген сыртқы пішіні қатты желге орнықты болса, туырлықтар жауыннан кейін тез кебеді. Шаңырақ – шеңбер тәрізді шабағынан және күлдіреуіштен тұрады. Оның төбесін түндіктің жартылай ашық тұруы, бір жағынан, тұрмыс қажеттерінен туса, екінші жағынан, шаңырақ шексіз аспанның белгісі, мәңгілікке апаратын жол іспеттес. Егер киіз үйге жоғарыдан төмен қарасақ, онда шаңырақ күнге, ал уықкерегелері оның сәулелеріне ұқсас. Тұрғын үй адамның өмір салтымен, оның дүниетанымымен, әлемдегі алатын орнымен тікелей қатысты. Мысалы, орманды мекен ететін ағаштардың арасынан аспанды төртбұрышты бітімінде көреді, олардың үйлері де төрт қабырғалы, Кавказдың биік тауларындағы үй көшпелі шаруашылық типінде де әрекет етеді. Жазық дала тек көкжиекпен шеңбер тәрізді шектелген. Сондықтан көшпелілердің де тұрағы дөңгелек. Орталық Азиядағы күмбездік архитектураның бір бастауы –көшпелілердің киіз үйі. Бұл тағы да оазистік және көшпелі шаруашылық-мәдени типтердің түрік өркениетіндегі синхрондығын көрсетеді. Натуралдық шаруашылық жағдайында қазақ халқы қолөнер шеберлерін жоғары бағалаған. «Ағаштан түйін түйген», «Он саусағынан өнер тамған» сияқты шебер ұсталар, тоқымашылар т.б. іскер адамдар халықтың материалдық мәдениетінің тамаша үлгілерін жасаған. Халық өнері әсіресе киіз үй жиһаздары мен ұлттық киімнен айқын көініс тапты. Қазақ жерінде ХІХ ғ. айдауда болған поляк Бронислав Залесский былай суреттейді: «Бұл бір ғажайып көрініс: олар көш кезінде, мерекедегідей жасана киінеді, ең әдемі киімдерді, әсіресе байлардың алтын зер төгіп тікке шапандарын осы кезде көруге болады. Ауыл ақсақалы көш бастаса, ер-тоқымына қызыл шұғамен тысталған көпшік немесе кілемше жапқан атқа мінген зайыбы оның соңынан ериді... Атты, атқа салт мініп жүруді жақсы көретін бұл халық ең алдымен көлігінің әбзеліне көбірек көңіл бөледі. Ертұрман олар үшін барлықтың, байлықтың белгісіндей болып безендірілуге тиіс. Ердің алдыңғы қасын көбіне күміс қаптатып өрнектейді, тіпті қолы жеткендерінің асыл тас орнататындары да болады. Жүген, өмілдірік, құйыскан – бәрі де шебер өріліп, Шығыс үлгісіндегі өрнектермен безендіріледі».
Көшпелілерге кейбір зерттеушілер сияқты ертедегі феодализм өкілдері деп айдар таққанша, олардың кәсіптік ерекшеліктерін атап өткен жөн. Ғылыми әдебиетте көшпелілік өмір салтының мынадай типтік белгілері айқындалған: 1) мал бағу – шаруашылықтың басым түрі; 2) жыл бойы малды табиғи ұстауға негізделген шаруашылықтың экстенсивтік тәсілі; 3) жер жағдайында қарай маусымдық көшіп-қону; 4) қазіргі капиталистік ранчолардан өзгеше шаруашылықтың натуралдық әдістерінің басымдығы.Генетикалық-туыстық бірлік арқылы да, қарым-қатынастық байланыстардың негізінде де, жалпы типологиялық ұқсастықтардың нәтижесінде де пайда болған ұйымдасушылық типтері әрбір этномәдениеттің өзіндік болмысының төлтума белгілеріне жатады. Оларды айқындау үшін формациялық тәсілдің беретіні аз. Бұрынғыдағы «көшпелі феодолизм» ұғымы қазақ мәдениетінің әлеуметтік типтері онша жанаспайтындығы туралы соңғы кезде жеткілікті айтылды.
Егер шаруашылық-мәдени тип адамдардың қоршаған табиғи ортаны меңгеруінін тәсілі болса, онда әлеуметтік-генетикалық типтер жеке тұлғаның басқа әлеуметтік жүйелермен тұрақты және үйлесімді қарым-қатынаста болуының құралы іспеттес. Бұл туралы А.Тарақты өз ойын былай жеткізді: «Ұлы дала, көшпелі өмір салт, маңдайға жазылған соң, сол жазмышқа көндігудің бірден-бір кепілі-адамдар бірін-бірі жатсынбай, біріне-бірі арқа сүйеп қана өмір сүруі қажет. Бұл қажеттілікті терең сезінген көшпелілер «адамның күні – адаммен» деген принципті тіршіліктеріне тірек еткен. Сондықтан да әрбір көшпелі қазақ туыстық-қандастық жүйені тарата білуді өмір сүрудің нормасы, моральдық-этникалық критерий деп білген. Мұндай дәстүрдің бұлжымай сақталуына жеті аталық үрдіс ұйытқы болып отырған. Бұл орайда, жеті аталық үрдіске ұлттың этнобиологиялық және этномәдени тұтастығын қамтамасыз ететін ғажайып тетік ретінде ден қоюға тура келеді».Туыстық негізде қалыптасқан рулық-тайпалық адамдардың әлеуметтік бірлестіктері бүкіладамзаттың басынан өткізген ұжымдасу типіне жатады. Бұл туралы этнографиялық әдебиетте жеткілікті жазылған.Сондықтан бұл мәселенің кейбір жақтарына ғана тоқталып өтейік.
Жеті аталық әлеуметтік тип генеалогиялық дүниетанымды қалыптастыруға себебін тигізді. Арғы негізі ілкі атадан басталатын туысқандық қатынастар тармақтары бүкіл халықтың тұтастануының көрінісі болды. Бұл генеологиялық «ағаш» тек қазақ халқының туыстығын емес, сонымен бірге бауырлас түрік халықтарын да қамтиды. Туысқандық қатынастарды білдіретін кестелер де көп жарияланған.
Көшпелілердің мәдениетіндегі әлеуметтік-генетикалық ұжымдар, рушылдықтың қазіргі кездегі маңызы, трайбализм, патриархиялық үлкен отбасы және т.б. жөнінде әртүрлі көзқарастар бар.
Қазақстан егемен ел болғаннан кейін бұрын тиым салынған мәселе – рулық қатынастықтардың құндылық әлемі тарихшылар мен әлеуметтанушылар тұрғысынан жан-жақты зерттеулердің басты лбъектісіне айналды. Бұл заңды процесс. Жоғарыда айтылып кеткендей, жеті ата үрдісі қазақ мәдениетіндегі шежірешілдік дәстүрмен тікелей байланысты.Жеті ата үрдісін қалпына келтіру, әрине, рулық-тайпалық жікшілдік пен трайболизмге әкелмейді. Бірақ Л.Гумилевтің сөзін қайталасақ, рулық тартыс көшпелі түрік халықтарының тарихи қарғысы болды. Олардың тарихи дамудағы жемісті кезеңдері рулық-тайпалық ыдыраушылықты жеңіп, елдің бірлестікке жете алған уақыттарымен байланысты.ХІХ ғ. аяғында бір ғана тәуелсіз түріктік мемлекеттің тарихи аренада қалуына әсер етті.Көшпелі ауылдық қауымға негізделген қазақтардың төлтума әлеуметтік типінің құрылымдық элементтеріне де отандық әдебиетте тек соңғы жылдары дұрыс баға беріліп жүр. Бұрынғы маркстік қоғамтанудағы «феодал», «ауыл пролетариі», «қанау», «теңсіздік», және т.б. ұғымдары қазіргі кезде аз қолданылады. Ал «бай», «кедей», «хан», «би», «төре» сияқты ұғымдардың мазмұны мүлдем өзгерген. Туыстық қатынастарға негізделген шағын ауылда тап күресі болды деген, әрине, жансақтық. Тектік негізде ұйымдасқан ауылдық әлеуметтік қатынастарды идеализациялаудан да аулақпыз. Бұл қоғам қоршаған ортаның бірқалыптылығына тым тәуелді еді. Табиғи апаттар,әлеуметтік және саяси катаклизмдер жаугершілік,елдік бірліктің әлсіреуі, ел ел басқарушыларының халық мүддесінен жеке бастарының қамын жоғары қоюы, билік адамның топтасудың бұл типін күрт өзгерген ортада дәрменсіз қылды. Қатты қиысқан жүйенің морт сынатыны белгілі.
ХІХ ғ. екінші жартысынан бастап қалыптасқан күрделі жаңа жағдай қазақтың ауылдық әлеуметтік типін күйзеліске ұшыратқаны белгілі. Ол батыстық экспанцияға шыдай алмады. Осының нәтижесінде ұлы Абай суреттеп берген тозу, қақтығыс, азғындық, әдепсіздік көріністері ауылдық-тектік қоғамды жайлап кетті. Қазақ мәдениетінің негізгі архетипі – көшпеліліктегі тағы бір маңызды мәселе ондағы әлеуметті құрылымға қоғамдық ұжымдасу ерекшеліктеріне қатынасты. Мұндағы алдымен көзге түсетін нәрсе - қайымдық тұтастық. Егер еуропалық нарықтың қоғамда зат иелену мен азаматтық қатынастар шешуші қызмет атқарса, көшпелілерде туысқандық, рулық байланыстар ең құнды болып есептеледі. «Ата қоныс» ұғымы көшпелілер үшін қасиетті, ол өзінің тұтастығының кепілі және көршілес жатқан мекенднрге де қол сұғуға болмайтындығын мойындау. Қауымдық қатынас мекендер егемендігінен туады. Ата қоныстың әр жағрафиялық белгілері халық санасында киелі жерлер деп есептеледі, яғни қоршаған орта киелі таулардан, өзендер, көлдерден, аңғарлар мен төбелерден әруықтар жатқан молалардан т.б. тұрады. Олардың қасиеттілігі аңыз-әпсаналарда, жерлер мен көсемсөздерде болашақ ұрпақтарға мұра ретінде қалдырған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет