Бекіту сұрақтары:
1. Ежелгі Қазақстан аумағындағы архаикалық мәдениет үлгілеріне мысал келтір?
2. Көшпелілік (номадизм) дегеніміз не?
3. Сақ ойшылдарының (Токсарид, Анахарсис) мәдениетке қосқан үлесі?
Тақырып 6. Орталық Азияның ортағасырлық мәдениеті. Түркілердің мәдени мұрасы
Тақырыптың жоспары:
1.Жібек жолы: Қазақстан – Шығыс пен Батысты байланыстырушы ретінде. Ортағасырдағы түркі мәдениеті.
2.Философия мен ортағасырлық ғылым мен медицинаның дамуы.
3.Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар:
Жібек жолы: Қазақстан – Шығыс пен Батысты байланыстырушы ретінде. Орталық Азия аймағындағы мәдениеттер байланысы. Түркі және қазақ мәдениеті архетипіндегі ирандық компоненттер. Үнді және Орталық Азия мәдениеті сұхбаты. Үнді мәдениеті мен түркі өркениетінің өзара ықпалы. Түркі және ислам мәдениеттерінің өзара әсері мен өзара әрекеті. Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар: Исфиджаб (Сайрам), Баласагұн, Отрар, Суяб, Тараз, Шаш (Ташкент), Шымкент. Олардың ортағасырлық Қазақстандағы мәдени өмірдің дамуындағы рөлі. Орталық Азиядағы қалалық мәдениеттің гүлденуі. Нишапур, Хорасан, Систан, Термез, Самарқан, Бұхара, Хорезм ғылым, білім, сәулет өнері және өнер орталықтары ретінде.
Ортағасырдағы түркі мәдениеті. Философия мен ортағасырлық ғылымның дамуы. Әл-Фараби: философиялық, әлеуметтік-этникалық және эстетикалық көзқарастары. Ортағасыр мәдениеті мен ғылымының қалыптасуындағы әл-Фарабидің үлесі. Математиканың дамуы. Өнер, әдебиет, сәулет өнері, техниканың дамуы. Ортағасырлардағы Қазақстан мен Орталық Азиядағы білім. Ғылым мен медицина дамуы. Хорезми ұлы ортағасырлық ғалым-математик. Әбу Рейхан Бируни және Ғалам. Әбу Рейхан Бируни математик және мәдениет тарихшысы ретінде. Әбу Әли ибн Сина және оның «Емдеу ғылымдары каноны» еңбегі. Орталық Азиядағы қоғамдық және жаратылыстанулық ғылымдар. Университеттердің дамуы.
Орталық Азия қалалары діни (буддизм, зороастризм, несториандылық, манихейлілік және т.б.) білім беру орталығы ретінде. Орталық Азия қалаларының сәулет өнері. Орталық Азияның сарайлық мәдениеті. Еуразиялық ұлы дала кеңістігінде орын алған этностардың өркениеттік дәстүрін жалғастырушы түркі өркениетінің өзіндік болмысы айрықша сипатқа ие. Отырықшы, жартылай отырықшы және көшпелі өмір салтын үйлестіре білген түркі мәдениетінің негізінде номадалардың мәдени-дүниетанымдық философиясы жатыр. Қарапайым мысал ретінде Қорқыт ата туралы аңызды алып көрейік. Аңыздың мазмұнына терең үнілсек көшпеліліктен бастау алатындығын көреміз. Себебі, Қорқыт ата болған жерлерді отырықшы адам түсіндіріп бере алмаған болар еді. Өйткені көшпелілерге тән ерекшеліктің өзі осы көшпелі халық болғандығында.
Қазақ аңыздары бойынша, Қорқыт ата өзінің желмаясына мініп алып, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген. Ол философиялық өте маңызды мәселе өлім мен өмірдің мағынасы туралы, шектеулікті жеңіп шығудың жолдары туралы талай тамаша пікірлер айтады. Енді Қорқыттың философиялық ғақлия сөздеріне жүгінейік: «Қорқыт ата сөйлейді: Ажал уақыты жетпейінше, ешкім де өлмес. Өлген адам тірілмес, шыққан жан кері келмес. Ер жігітке қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес. Гүрілдей шұбыра сулар тасыса теңіз толмас. Тәкаппарлықты тәңір сүймес. Көңілі пасық ерде дәулет болмас. Жат баланы қанша сақтасаң да ұл болмас. Ол ішіп-жер, киер де кетер, бірақ, көрдім демес. Қар қаншама қалың жауғанмен – күзге бармас. Гүлденіп өскен бәйшешек – күзге бармас.тозған мақта бөз болмас, ежелгі жау ел (дос) болмас. Ат қиналмай жол шалмас. Қайыспас қара балтасыз жау алынбас. Маңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағлым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге жарамайды. Ананың көңілі балада болар. Жақсы ана үшін бала – екі көздің сыңары. Ұлың өсіп жетілсе, ол отбасының мерейі, бас-көзі. Атадан қалған малы болмаса, баланың күні қараң. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ. Уа, хан ием, сізді тәңірім сондай ісінің сәті түспегендерден сақтасың»
Мәңгі өмір іздеген Қорқыт үнділік Будда сияқты, қайда барса да көр қазып жатқандарға жолығады, көктем-жаздағы жас желек күзде сарғайғаны тәрізді, өмірде де, «өлмейтін нәрсе жоқ» екендігі туралы қорытындыға келеді. Енді ол мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді. Ең ақырында қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарға өлмес күйлерін қалдырады.
Қорқыт жайында қазақ халқының жадында талай аңыз-мифтер бар. Олардың бірі «Қазақ мәдениетінің ғарышы» атты кітапта суреттеледі. Авторлар Қорқыт бейнесінің шым-шытырақайдан пайда болған үйлесімділікпен байланыстырады және терминологиялық талдау арқылы ізгілік пен жамандықтың мәңгілік күресі деп (құт және қор) түсіндіреді.
Қорқыт туралы бір аңыз бойынша, оны анасы үш жыл құрсағында көтеріпті. Қорқыт туылар алдында әлемді қара түнек басып, сұрапыл қара дауыл соғыпты. Аталмыш кітапта былай дейді:
Қорқыт туар кезінде
Қара аспанды су алған,
Қара жерді күл алған.
Ол туарда ел қорқып,
Туған соң әбден қуанған.
Қысқаша айтқанда, «Қорқыт ата кітабы» түрік халықтарының алтын қорынан тиісті орнын алып отыр. Мәдениеттанулық әдебиетте өркениеттік уақыт Ренессанс идеясымен байланыстырылады (А.Тойнби, Н.Конрад, А.Қасымжанов және т.б.). Бұл сөздің тікелей мағынасы «мәдени қайта жаңғыру» ұғымын білдіріп тұр және антикалық мәдениетті қайта жаңғыртқан итальяндық қайта өркендеу дәуірінен бастау алады. Алайда бұл ұғымды рухтың дүмпуі, этномәдениеттегі гумандық негіздердің гүлденуі, пісіп жетілген мәдени жемістерді адамның өз игілігіне қолдана дәуірі алу мағынасында да талдауға болады. Яғни – Ренессанс идеясы мәдениеттің кеңістік пен уақыт өрісінде өрлеу, шарықтау, гүлдену кезеңін білдіреді. Ренессанстық уақыт жаңа гуманизмді қалыптастырады: адамның ерікті және бақытты болуға, теңдік, әділдік және парасатқа ұмтылуына құқығы бар. Гегель Ренессанс идеясын бүкіл адамзаттың «алтын таңы», жер жүзі мәдениетінің жаңа дәуірі деп атаған. Мәдениеттің өрлеу уақытын барлық өркениетті халықтар өз басынан өткізген.
Ренессанс құбылысы Орта Азияда Х-ХІІІ ғасырларда биік деңгейге көтерілгенін жоғарыда айтып кеткенбіз. Ал оның алғышарттарының бірі – VIII-Х ғасырлар арасындағы түрік тайпаларының мәдени жетістіктері. Ренссанс идеясының алғашқы нышандары Қазақстан жерінде осы ғасырлар арасында көріне бастады. Бұған Жетіу, Оңтүстік Қазастан, Сыр бойларындағы қалалық мәдениеттің өркендеуі, материалдық және рухани өмірдегі елеулі жетістіктер айғақ бола алады. Осы кезде Қазақстан жеріндегі қарахан, қыпшақ, оғыз мемлекеттерінде ірі тұлғалар талай мәдени туындыларды ұрпақтарына мұра етіп қалдырды. Олардың ішінде оғыз-қыпшақтардың «Оғызнеме» және «Қорқыт ата кітабы», қарахандағы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» айрықша орын алды.Шығыс ренесансының талай елдерді қамтыған және 500 жылдан артық өркендеген типі мұсылмандық мәдени өрлеу дәуірі екендігі белгілі. Оның әл-Кинди, әл-Фараби, ибн-Сина, Фирдауси, Ж.Баласағұн, Қожа Ахмет Иассауи, Омар Хайям сияқты өкілдерінің рухани мұрасын меңгермей, қазір мәдениетті адам деп есептелу қиын. Бұл жерде осы ұлы құбылыстың мұсылмандықпен қатысы қанша деген сұрақ заңды туады. Оның негізі де бар.
Арабтар Орта Азия жерін 712 жылдан бастап жаулап алды. Осының нәтижесінде бүкіл афро-еуразиялық даланы біріктірген ортақ мәдениет қалыптасуына мүмкіндік туды. Бұл жағынан алғанда ислам діні осы елдердегі мәдениеттерді араластырып, қорытып жаңа үлгі шығаруға себепкер болды. Арабтар жаулап алған көптеген елдерде (әсіресе, Иран, Үндістан, Египет, Сирия) бұрынғы эллинистік өркениеттің рухы жоғалмап еді.
Осы кезден басталған мәдени өркендеуге мұсылманның рухани өміріндегі екі бағыттың бір-бірімен тайталасы Қазақстан жерінде де өзінің терең әсерін қалдырды. Бірінші бағыт Платон, Аристотель сияқты грек философтарына сүйенген Шығыс перепатетикасымен байланысты. Оның негізін салушы – дүниежүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы, ежелгі Отырар қаласында туған Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн әл-Фараби ат-Түрки. Әл-Фарабидің рухани мұрасы Қазақстандық және басқа ғалымдар тарапынан ойдағыдай зерттелген. Ал әл-Фарабидің өзі зерттеу жүргізбеген ғылым мен мәдениет саласы жоқ. Б. Ғафуровтың есебі бойынша, ол 200-ден астам трактат жазған. Әл-Фарабидің өзінің трактаттарын сол замандағы рухани-ғылыми құрал саналған араб тілінде жазылғанымен, өз Отанының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетінен әрқашан нәр алып отырған. Әл-Фарабидің ұлылығы оның өз отанының мәдени көңіл-қалпына ирандық, үнділік және антикалық мәдениеттерді ұштастыра білуі.
Әл-Фарабидің мәдениет туралы пікірлері араб мәдениетінің мына 4 тармағына байланысты:
1. Хақиқат (бір Алланың ақиқаттығын дәлелдеу)
2. Шариғат (мұсылмандық тұрмыс-салт заңдары)
3. Тарихат (Аллаға қызмет еткен әулиелер өмірі)
4. Маарифат (білімділік, парасаттылық идеялары)
Мыңжылдар тарихы бар Иран өркениетін бұл елді жаулап алған арабтар, осы мәдениеттегі өте терең парсылық әдебиетті меңгеру жолын әдеп деп түсінді. Әдепке жататын шығармалар өзінің қарапайымдылығымен, түсініктілігімен, ой ұшқырлығымен адамды баурап алды. Әдепті адам ілімін әл-Фараби өзіне тән гуманистік тұрғыдан қарастырады және осындай адамдағы бірінші қасиет деп оның парасаттылығын көрсетеді. Оның шығармаларында кездесетін адамды «хайуани ақли» (ақылды жан) деп анықтау кейінгі еуропалық ағартушылықтағы Homo sapiens-ке сабақтас. Ақылды жанмен қатар әл-Фараби еңбектерінде адамды «Хайуани мадани» (мәдениетті жан) деп анықтаудың да терең сыр бар.
Шығыс Ренессансы туралы сөз еткенде оның тағы бір бастауы сопылық бағыт (суфизм) жөнінде айтпай кетуге болмайды. Қазақстан жеріндегі ұлы ғұламалар Жүсіп Баласағұн, Сүлеймен Бақырғани, әсіресе, Қожа Ахмет Иасауи шығармашылығында сопылық сарын үлкен орын алған. Онан соң Ренессанс идеясын тек Платон мен Аристотельдің шығыстық ізбасарлары қолдады деу де сыңаржақтылық.
Сопылық бағыт ислам әлемінде о баста ресми дінге қарсы оппазициялық қозғалыс ретінде туады. «Суфь» термині арабтың «жүн шекпен» деген сөзіне орайластырып алынған. Сопылар – киім талғамайтын, бар ойы руханилық төңірегінде тақуа адамдар. Сопылық бағыттың тарауының бір себебі, әуелде ой бостандығын шектемеген араб халифаттарында Х ғасырдан бастап фанатиктер күшейе берді. Олар құранға қарсы деп әр түрлі ағым өкілдерін қуғынға ұшыратады. Әсіресе, иран, түрік және үнділердің көне мәдениетінен қалған мұралар алла сөзіне жат деп жарияланады. Осы қуғын салдарынан Иран, Араб жерлерінене көптеген сопылар (өздерін дәруіштер деп атаған) Түркістан жеріне қарай ағылады. Орта Азияда 300-400 мың дәруіш пайда болды. Сопылар құдайды парасатпен емес, жүрекпен түсіну керек деп жариялайды. Олар халыққа түсінікті ету мақсатында өз идеяларын жергілікті түрік тілінде уағыздайды. Осы бағыттың көрнекті өкілі, кейін мұсылман пірлерінің біріне айналған – Қожа Ахмет Иасауи. Оның ең үлкен жетістігі ғасырлар бойы қалыптасқан бай түрік мәдениетін мұсылман өркениетімен шебер байланыстыруында жатыр.Қожа Ахмет Исауи жазған негізгі шығарма – «Диуани хикмет» («Ақыл кітабы»). Қожа Ахметтің өмірде жасаған бір ерлігі оның 63 жасқа келгеннен кейін, «пайғамбар жасына жеттім, одан өмір сүру, жарық дүниені көру күнә» деп бар байлығын мүсәпірлерге таратып, өз еркімен жер астындағы үңгірде тіршілік етуімен байланысты. Оның пәк өміріне риза болған атақты Ақсақ Темір ғажайып Қожа Ахмет Иасауи ғимаратын салдырды. Яссауи туралы Ыбырай Алтынсариннің берген бағасын келтірейік: «Муштафид ғұламалар арасындағы ұлықтары төртеу: имам Ағзам, имам Мәлік, имам Шафиг, имам Ахмад Ханбал Иасауи. Бұл төртеуі шариғат мәнісін толық тексеріп, халыққа түсіндіріп берді».
Шығыс перипатетиктері – ақыл-ойды жоғары қойып, трактаттр жазса, сопылық бағыт мәдениеттің поэзиялық әдісімен өз ойларын насихаттаған. Есімдері әлемге белгілі Омар Хайям, Сағди, Хафиз, Низами, Руми тәрізді ақындар сопылықтың гуманистік идеяларын пайдаланып, ғажайып дастандар жазғаны белгілі. Олардың қатарында өзінің тиесілі орнын алатын, түрік тілдес халықтардың ортақ өкілі Иасауиға тоталитарлық жүйе кезінде мистик ақын деген айдар тағылып, халық мәдениетінен шеттетуге әрекеттер жасалды. Шын мәнісінде, суфийлік ағымды кертартпа мистикалық ілім деу қате.
Философиялық суфийлік ағымның негізін салушыларға әл-Ғазали мен Ибн-Араби жатады. Олардың ілімі бойынша, мәдениеттілік дегеніміз жан-жақты жетілген, толыққанды адамды үлгі-өнеге етіп қабылдау. Сопылық бағыттағы тағы бір гуманистік идея – ғарыш пенадамның тұтастығы. Кемеңгер, жетілген адамдар тұратын ғарыш мүмкін әлемнің ең жақсысы болып есептеледі. Осы тамаша ғарыш адам арқылы өз шегіне жетеді. Өйткені, адам – ғарыштың нұсқасы. Ежелгі гректердегі микродүние мен макродүниенің арасындағы үйлесімділік идеясы араб-парсы- түрік Ренессансында да осындай өз көрінісін табады. Осыдан келіп сопылық бағытт мистика деу идеологиялық жала екендігіне күмән жоқ.
Қазақстан жеріндегі Ренссанс көріністерінің бірі – Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі». Осыдан 9 ғасыр бұрын жазылған (1069-1070) бұл дастанда түрік мәдениетінің негізгі нышандары айқындалып, бақытты өмір сүру мұраттары тұжырымдалады. Жүсіп Баласағұн Хас-Хаджибтің бұл еңбегін шын мәнісінде ортағасырлық түрік мәдениетінің энциклопедиясы деп қарастыруға болады.
Жүсіп Баласағұн Шығыс Ренессансының кемелденген кезінде өмір сүрген және әл-Фараби бастаған шығыс перепатетикасынан, әрі сопылық поэзиядан нәр алған. Сондықта оны білгілі бір мәдениет ағымына үзілді-кесілді қоса салу мүмкін емес. Ол өзіндік бір дәстүр бастаған ұлы тұлғалардың қатарына жатады. Тарихи-мәдени талай арнадан қуат алады.«Құдатғу білік» (Құтты білік») – 6520 бәйіттен тұратын философиялық-тәлімдік шығарма. Дастанның аты Жүсіп Баласағұнның өмір тірегі құт, яғни парасатты, нұрлы өмір деген басты принципіне сүйенген. Жүсіп Баласағұнның түп-тамырларын тек Ренссанс идеяларынан ғана емес, ең алдымен тағдыры ұқсас түрік халықтарының ғасырлық мәдени мұралары төңірегінен іздеу керек. Яғни, «Құтты білік», кейбіреулердің айтатынындай, араб-парсы әдебиетінің көшірмесі емес. Дастанда X-XI ғасырлардағы Жетісу жерінде тұрған тайпалардың салт-санасы, әдет-ғұрпы, наным-сенімдері көп жырланған.
«Құтты білік» кейіпкерлерінің есімдерінде бұрынғы тәңірлік дін нанымдарына қатысты. Басты бейне Күнтуды - әділ ел басшысының рәмізі. Бұл бейне «Күлтегін» («Түркі қағанаты туралы сөз») жазуларынан басталып, әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи армандаған түрік мәдениетіндегі үлгі, мұрат тұлғаның бастыс.келесі кейіпкер әділ патшаның уәзірі, ақыл-парасаттылықтың иесі, елге бақ-дәулет, яғни құт әкелетін Айтолды бейнесі арқылы ашылған. Күн мен Ай қашаннан Кіндік Азия халықтарының пір тұтқан күш-қуаттары еді. Уәзірдің ақылды ұлы Ұғділміш – осы мәдениетке тән білімділік пен парасаттылықтың көрінісі. әдеп пен тәртіп, байсалдылық Ұғділміш бейнесінде философиялық тәсілмен суреттелген.Төртінші бейне – дәуріш Одғұрміш. Бұл жерде бірнеше терең ой айтылған. Ұғыну (Ұғділміш) пен Жүрекоттың (Одғұрміш) сұхбаттасуы бүкіл араб-парсы-түріктегі мәдени өрлеу дәуірін толғандырған нағыз дүниетанымдық ізденіс еді.Ақыл мен сезімталдықтың, парасат пен түсінушіліктің, ақиқат пен махаббаттың арасындағы үйлесімділік тек Еуропа ғалымдарын ғана емес, сонымен бірге Шығыс ғұламаларын да көп толғандырған. Дәруіш Одғұрміш өзін жерұйыққа – хан сарайына қашама шақырғанымен өзінің қасиетті әлемі – бас бостандығынан айырылғысы келмейді. Күнтуды үшінші рет шақырғанда ғана, сопы дәруіш сұхбаттасу мақсатымен хан сарайына келеді. Бұл жерде үлкен мәдени сыр жатыр және осынс түсіне білген Жүсіп Баласағұн адамзаттың өркениетті болашағына терең болжам айтқан. Хан сұрақтарына дұрыс жауап бере білген Одғұрміш пендешілік ләззаттардың желегіне ермей, ескі дорбасын асынып, тау-тасты аралап кетеді. Бұл мистика да, аскеттік те емес. Қайта рухани тәкаппарлықтың жеңісі. Күнделікті пендешілік өмір тауға тас көтеріп, беталды әуре болатын Сизифтің әрекеті сияқты. Бақытқы жету жолы байлық жинау емес, басқаны алдау емес екендігін бұдан талай ғасырлар бұрын ата-бабаларымыз білген.
Түрік тайпалары Шығыс Ренессансының жай ғана шеткі аймағы емес екенінің бір куәсі – Махмұд Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») атты туындысы. Бұл сөздікті тек тілтанулық құрал демей, сонымен бірге ортағасырлық түрік мәдениетінің озық өркениетке қосқан бір үлесі деп қарастырған жөн. Мұсылман әлемін баурап алған мәдениетке өзін әлемге таныту қажеттігі туды. Оны Махмұд өзінің теңдесі жоқ шығармасында ойдағыдай жүзеге асырады. Махмұд Қашқаридің негізгі зерттеген мәселесі – түрік тайпаларының мәдениеті.
X-XII ғасырлар Қазақстан жеріндегі мәдени өрлеудің шынайы айғағы ретінде белгілі. Алайда XIII ғасырдың бас кезінде Қазақстан мен Орта Азия мәдениеті үлкен сыннан өтті. Шыңғысхан шапқыншылығының салдарынан тамаша материалдық және рухани қазыналар жойылып кетті. Моңғол әскерлері гүлденіп тұрған қалалар мен елді мекендерді жермен жексен етті, бау-бақша мен егіс алқаптарын жойды. Дүниежүзілік өркениеттегі жоғары деңгейге жеткен Жетісу, Талас, Сыр аңғарлары қаңырап босқалды. IV Иннокентий папаның моңғол ханы Күйікке жіберген елшісі Плано Карпини, француз королі IX Людовиктің Мөңке ханға аттандырған елшісі Рубрук өз жазбаларында моңғолдарды мәдениет қиратушылары ретінде суреттейді.
Осы дәуір мәдениетінің басты ерекшелігін Қазақстан жерінде Шығыс әсерлерінің күшеюі деп қарастыруға болады. Шығыс Ренессансының ықпалы қазақтың төл мәдениетінде мығым орын алған. Фердауси, Омар Хайям, Низами, Әлішер Науаи шығармаларын білмеген, «Мың бір түн», «Тотынама», «Шаһнама» сияқты шығыс дастандарын оқымаған қазақ ғұламалары болмаған. Осы туралы Абай өз шығармашылығында тура айтады. А.М. Горький шығыс ертегілерін қызық та ғажайып, ол бізге гүлдей жайнаған шығыс фантазиясын танытады десе, шығыстанушы ғалым Е.Д. Бертельс шығыс хикаяттарының адамға терең ой салып, ғибрат беретінін айтқан. Қазақ хандығы құралар алдында қыпшақ-оғыз тілдерінде талай ұтымды мәдени туындылар жазылған. Алтын Орда ақындары Насыраддин Рабғузи «Қисса – сұл әнбия», Саиф Сараи «Гүлстан», Хорезми « Махаббатнаме», Құтбы «Хұсрау уа шырын», Дүрбек «Жүсіп-Зылиха» дастандарын дала халқына түсінікті тілде өңдеп, жазып шықты. Бұл кезде (XIII-XV ғғ.) Карпат тауларынан Қытай, Моңғол жерлеріне дейінгі үлкен аймақты мекендеген қыпшақтар тілін еуропалықтар да білуге тырысқан. Олар қыпшақтарды кумандар деп атады. Осы өркениеттен қалған ұлы мұра – «Кодекс Куманикус». Ол XII ғасырдың аяғында құрастырылған, авторы белгісіз, қыпшақша-парсыша-латынша сөздік еді. Бұл үш тілдің ол кезде мәдени қатынастық маңызы зор болды. Латын тілі – Батыс Еуропаның дін, ғылым, мәдениетер құралы; парсыша білген адам Шығыста өзін еркін сезінеді; қыпшақ тілі үлкен әлеуметтік-мәдени ареалдың тілі болды. «Кодекс Куманикус» тек сөздік емес, сонымен бірге халықтық мәдениеттің жинағы, түрік тайпаларының энциклопедиясы қызметін атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |