«Функционалдық стильдер – белгілі бір елеулі әлеуметтік салада адамдардың қоғамдық-сөйлеу тәжірибесі нәтижесінде қалыптасқан әдеби тілдің түрі. Функционалдық стильдің тууы тілдің қызметімен, атап айтқанда, оның қарым-қатынас жасаудағы, бір нәрсе жайында хабарлаудағы және адамдардың санасына ықпал етудегі қызметімен және осы қызметтің үнемі кеңейіп отыруымен байланысты. Бұдан басқа функционалдық стильдің тууына қоғамдық сана, әлеуметтік қарым-қатынас, өндірістер сияқты тілден тыс факторлар әсер ететін мемлекеттік орындарда, ресми не жеке адамдардың сөздері (автор сөзі) мен олардың тыңдаушылары арасындағы қарым-қатынас та маңызды рөл атқарады. Функционалдық стиль тіл дамуының әр дәуірінде әлеуметтік, тарихи сипаты өзгеріп отыратын категория болып табылады. Функционалдық стиль ауызша және жазбаша түрде дамиды, оның ерекшеліктері лексика, фразеология, сөзжасам, грамматика, фонетика салаларынан, эмоционалды-экспрессивті сөздерден көрінеді.
Осы күнгі әдеби тілдердің көпшілігінде: күнделікті-әдеби, публицистикалық, ресми-іскерлік, өндірістік-техникалық, көркем әдебиет және ғылыми функционалдық стильдер қалыптасқан. Күнделікті-әдеби стиль – күнделікті бейресми қарым-қатынаста кең қолданылатын және әдеби тілдің «бейтарап» түрі болып табылатын сөз қолданыс қызметін; публицистикалық стиль – қоғамдық, саяси өмірмен байланысты адамдардың санасына ықпал ету мақсатындағы сөз қолданыс қызметін; ресми-іскерлік стиль – құжаттар мен экономика, құқық, дипломатия салаларындағы, мемлекеттік орындардағы қарым-қатынас қызметін; өндірістік-техникалық стиль – өндіріс, техника саласындағы сөз қолданыс қызметін; көркем әдебиет стилі – көркем әдебиетте (проза, поэзия, драмматургия) сөз қолданыс қызметін; ғылыми стиль – ғылым салаларында сөз қолданыс қызметін атқарады ...» [1, 390-391 бб.].
Тілдің кітаби стильдерінің ішінде ресми-іскерлік стиль басқалардан өзінің тұрақтылығы мен тар шеңберлі қолданыс ерекшелігімен сипатталады. Әрине, уақыт өте мазмұн сипатына орай ол өзгерістерге ұшырап отырады, алайда оның көптеген белгілері, тарихи тұрғыдан қалыптасқан жанрлар түрлері, ерекше лексикасы мен фразеологиясы, синтаксистік құрылымдары, жалпы оған консервативтік мәнде өзгешеленуін айқындайды.
Кез келген әдеби тіл дамуының ішкі заңдылықтары, ең алдымен оның мынадай салаларынан көрініс табады: сөздік қордың толығуы, яғни сөзжасам, синтаксис және семантика. Осы тұрғыдан алғанда, әрбір тілдің ұлттық сипатта қалыптасуы тілдегі өзгерістермен байланысты. Бұл саладағы өзгерістер сөз мағынасының, құрылымының, қызметінің өзгеруімен сипатталады. Сөз мағынасының өзгеруі мен жаңа сөз орамдары, терминдердің пайда болу себептерін тіл мамандары екі факторға негіздеп қарастырады: біріншісі – экстралингвистикалық фактор, бұл фактор қоғамда, саяси, мәдени т.б. өзгерістерге байланысты жаңа атаулар мен сөздердің қалыптасуына әсер етеді. Екінші фактор – лингвистикалық деп аталады, яғни тілдегі бұрыннан бар сөздер мен атаулардың уақыт өте мағынасы өзгеріп басқа қызметке жұмсалуы болып табылады.
Белгілі бір ұлттың қоғамдық-саяси, мәдени өмірінде болып жатқан өзгерістердің барлығы ресми тілде де көрініс табады. Тілдің даму тарихын халық өмірінде болған өзгерістермен байланыстырып қарау қазіргі тіл білімінің негізгі зерттеу ұстанымы болып табылады. Сол себепті біз ресми тілді қоғам өміріндегі өзгерістермен тікелей байланыста қарастырамыз. Өйткені қоғам қашанда қозғалысқа, өзгеріске, дамуға бейім тұрады. Осыған орай тіл де дамиды.
Кез келген тілдің кәсіби, ресми тілінің лексикасы, оның даму жолдары, қалыптасуы жан-жақты зерттеуді талап етеді. Өткен ғасырлардан бастап қазіргі заманға дейінгі аталмыш лексикалық топ атаулары қалыптасуының ерекшеліктерін зерттеу тіл дамуындағы сыртқы және ішкі факторларының өзара әрекеттестігінің нәтижесінде туындайтын аталым тетігінің жалпы заңдылықтарын айқындауға мүмкіндік береді. Тіл білімі ғылымында қалыптасқан көзқарас бойынша қай тілдің болсын лексикасының дамуы сыртқы факторлардың әрекеттерімен бірге тілдің ішкі үрдістерімен анықталады. Бұл үрдістер тілдің дамуының екі қырын сипаттайды: бір жағынан, тұрақтылық үрдісі, екінші жағынан, экспрессивтілік үрдісі. Осы аталған үрдістер тілдік жүйенің түрлі деңгейлерінде бір-бірімен күрделі өзара әрекеттестікте болып, басқа да категориялармен өзара байланысқа түседі. Мысалы, мұндай категориялар қатарына мыналарды жатқызуға болады: дәстүр, тілдік бедел, әдеби норма, әдеби стандарт.
Ресми-іскерлік стильдің ең басты белгісі ретінде оның көптеген сөйлеу стандарттары, яғни клишелері қабылданады. Егерде басқа стильдер үшін шаблонды құрылымдар стилистикалық жетіспеушілік болып саналса, ресми-іскерлік стиль үшін олар қалыпты, қажетті құбылыс ретінде қабылданады. Іскерлік құжаттардың басым көпшілігі материал берілуі мен баяндау формаларының жалпы қалыптасқан түрін айқындайды. Ал бұл өз кезегінде, оларды қолдану тәсілінің жеңіл әрі қарапайым болуын қамтамасыз етеді. Мәселен, іскерлік тәжірибесінің кейбір жағдайларында олардың тек толтырылуын қажет ететін дайын бланкілер қолданылады. Оның үстіне конверттердің өзін белгілі бір тәртіпте ғана толтыру қажет. Бұл сол конвертті толтыру үшін де, пошта қызметкерлері үшін де өте тиімді болып саналады. Сол себепті де кез келген сөйлеу клишелері іскерлік коммуникацияның жылдам жүзеге асуы мен жеңіл жүргізілуіне ықпал етіп, олардың құжаттарда орын алуы заңды болып табылады.
Жалпы алғанда, ресми-іскерлік стиль – бұл түрлі құжаттардың стилі: халықаралық келісімшарттар, мемлекеттік актілер, заңдар, үкімдер, жарғылар, нұсқаулықтар, қызметтік хаттар, іскери қағаздар және т.б. Ресми-іскерлік стиль өзінің түрлі жанрлары мен мазмұндарына қарамастан, барлығына бірдей бірнеше ортақ белгілермен сипатталады. Олар:
- тілдік құралдардың үнемді пайдаланылуы, ықшамдылық, шағындылық;
- материалдың стандартты орналастырылуы, белгілі бір форма болуының міндеттілігі (жеке куәлігі, түрлі дипломдар, туу және неке туралы куәліктері, ақшаға байланысты құжаттар және т.б.);
- терминологияның, атаулардың (заң, дипломатия, әскери, әкімшілік және т.б. терминология) кеңінен қолданылуы, ерекше лексика мен фразеология (ресми, кеңселік) қорының болуы, қысқарған сөздер мен аббревиатуралардың мәтінге алынуы;
- ерекше грамматикалық құрылысын, түрлі тұрақты сөз тіркестерінің қолданылуы;
- түрлі аталымдық сөйлемдердің санамалау негізінде пайдаланылуы;
- бір фактілердің басқаларға қисынды тәуелділігін айқындайтын күрделі сөйлемдерді қолдану үрдісі;
- эмоционалды-экспрессивті сөйлеу тәсілдерінің толық немесе мүлдем болмауы;
- стильдің төмен индивидуалдануы.
Жоғарыда келтірілген аталған стильдің ерекшелігі ретінде терминологияның басым қолданылуы атап көрсетілген, яғни терминологиялық бірліктер бұл стильдің ең бір маңызды айрықша сипаты қатарына жатқызылады. Ал, ғылыми дәстүр бойынша, қазақ терминологиясының даму кезеңдері үшке бөлінеді:
І кезең – «Қазақ терминологиясының қазан төңкерісіне дейінгі және кейінгі кезеңі (1910-1935 ж.ж.);
ІІ кезең – Қазақ терминологиясының терминдер қалыптастырудағы жалпыкеңестік кезеңі (1935–1990 ж.ж.);
ІІI кезең – Тәуелсіз Қазақстан терминологиясы дамуының бағыт-бағдарын айқындау кезеңі (1990 жылдан бергі уақыт).
Осы мәселеге байланысты профессор Б. Әбілқасымов былай деп жазады: «1808 жылы жазылған бір құжат «Билет уа йахуд бүтүкнама» деп аталыпты. Бұл құжат Орынбордың коменданты полковник Тарарикин атынан Жайық өзенінің ішкі Бөкей Ордасына жаз жайлау үшін өткен адамдарға берілген рұқсат қағаз болғанға ұқсайды. Бұл құжат тілдік жағынан өте ауыр, түсініксіз. Оның басты себебі, лексикасының басым көпшілігі – араб және парсы сөздері. Мәтіндегі 225 сөздің 113-і, яғни тең жартысынан артығы – араб және парсы сөздері. Түркі немесе қазақ сөздерінің саны 70-тей яғни 30-35%, қалған 15 пайыздайы орыс сөздері мен ономастикалық атаулардың үлесіне тиеді. Араб және парсы сөздерінің ішінде сөйлеу тілінде айтылмайтын кәндір, ғалишан, мужиб, бинан, азуланмиш, т.б. тәрізді лексемалар мен дахил уа малақат, ғалиасиаға муафих сияқты сөз тіркестері ұшырайды»