Сүлеймен пайғамбар жан-жануардың тілін білетін. Сиырдың
мөңірегенінен, есектің ақырғанынан, қарағанынан, не айтып
тұрғанын біліп қоятын.
Бір кісі Сүлеймен пайғамбарға өтініш айтты: «Жануардың
тілін үйретші», – деп жалынды. Бірнеше айдан соң үйреніп алды.
Әлгі кісі үйіне келіп, қораның сыртынан тыңдады. Сөйтсе,
есек пен өгіз сөйлесіп жатыр екен. Есек:
– Өгіз, бауырым, халің қалай? – дейді.
Өгіз:
– Ауыр жұмыстан шаршадым. Қожайыным мені аямайды, –
деп ыңырсиды.
Есек оған ақыл айтады:
– Сен бүгін шөп берсе жеме, су берсе ішпе. Ауырып қалған
екен деп, жұмыстан қалдырады, – дейді.
Өгіз айтқанды орындайды. Шөп те жемей, су да ішпей жатып
алады. Екеуінің сөзін есіткен қожайыны құлына айтады:
– Ертең өгізді қалдыр да, есекті жұмысқа жек! – дейді.
Ертеңіне өгіздің бар жұмысын есекке салады. Арба да
сүйрейді. Отын да тасиды. Өлердей шаршайды. Кешке аяғын әзер
сүйретіп қораға кіреді.
Өгіз болса, тынығып қалған еді. Қутың-қутың еді.
– Халің қалай, достым? – дейді есекке.
Әбден шаршаған есек күйіп кетіп:
– Сені қожайын сойып жеймін деп жатыр. От оттап, су
ішпесең, ертең сояды, – деп алдайды.
Қорқып кеткен өгіз дереу шөп жеуге кіріседі. Қораның
сыртынан тыңдап тұрған қожайыны есектің қулығына әбден
күледі.