34
Бірінші сабақ шексіз аспанға қарай ұшқалы тұрған ғарыш
кемесінің «старт» алу сәтіне ұқсас. Ән айтқалы отырған адамның
домбыраның құлақ күйін дұрыс табуымен бірдей. Құлақ күйін
даусына лайық таппаған әнші мақсатына жете алмайды.
Бірінші сабақ – студент үшін де барлау сабағы. Сабақтың
мақсатын бағдарлайды, мұғалімді де сынайды. Мұғалімдері
туралы олардың ішінде еркін «пікір алмасу» жүріп жататыны
белгілі, одан қашып құтыла алмайсың.
Осы алғашқы сабақта-ақ қиындығымен қорқытып, ұзыннан-
ұзақ кітаптар тізімін беріп, студенттің жігерін құм қылып
жіберуге болады. Бұл мұғалім тарапынан көп ізденсін деген
ниетпен айтылады. Тізімнің жартысы бәрібір оқылмай
қалатынын біліп тұрсақ та, «түйе сұрасаң, бие береді» деген
аздаған «қулық» бар. Бірақ адам мүмкіндігінің шегі бар ғой. Әр
сабақтан үйіп-төгіп тапсырма алған студент оны орындауға
кіріспей жатып-ақ жүрегі шайлықпай ма? Өйткені адамның жан
дүниесінің талап-тілегі ескерілмеген.
Балалық кезді еске алайықшы: «Бір аптадан кейін қалаға
барасың!» – деген ауыл баласы үшін жақсы хабардың құлағына
тиюі мұң екен, оның қуанышында шек болмайды. Жол жүрген
қуанышын былай қойғанда, балмұздағын айтсайшы! Осы бір апта
баланың өміріндегі ең бір қымбат кездері болып есте қалады.
Сабақты қандай ықыласпен оқиды десеңші!
Не болмаса, әскердегі ұлы келе жатқанын естіген ата-ананың
көңіл-күйін елестетейік. Әншейіндегі ыңқыл-сыңқыл қайда
кеткен? Жер баспай, ұшып жүргендей, істің бәрі орын-орнына
келе қалатынын қайтерсің. Қысқасы, алдағы күнінен жақсы
нәтиже күткен адамның қиын жұмысты тез атқарып тастайтынын
өз өмірінде әркім-ақ сезінген болар. Олай болса, студентті де
адамдық табиғаты тілеп тұрған жақсы үмітке жетектетудің мәні
бар. Алдағы сабағының мақсатын, аумағын, оған өз күшінің қай
шамада жетер-жетпесін түсіндіргенде ғана одан нәтиже күтуге
болады.
Достарыңызбен бөлісу: