§1. Синтаксис жəне оның объектілері
Синтаксис (грекше syntaxis) – грамматиканың морфоло-
гия сияқты өзекті саласының бірі. Грамматиканың тең құқықты
əрі өзара тығыз байланысты бұл екі саласының қарастыратын
объектілері тілдің грамматикалық құрылысының мəселелері
болады: морфология сөздердің грамматикалық жүйесін, құры-
лысын, сөз таптарының грамматикалық жүйесін, құрылысын
зерттейді. Синтаксис грамматикалық ілім ретінде мынадай не-
гізгі екі салаға бөлінеді: 1. Сөз тіркесінің синтаксисі. Онда
сөздердің өзара тіркесу қабілеті, тіркесу тəсілдері мен формала-
ры, сөз тіркестерінің құрамы, олардың түрлері қарастырылады.
2. Сөйлемнің синтаксисі. Онда сөйлемнің құрылу принциптері,
сөйлемнің құрамы, олардың түрлері анықталады.
Синтаксис бұл мəселелерді сөздердің грамматикалық құ-
рылысы жөніндегі ілімнен бөліп алып, олардан оқшау тұрған
нəрсе деп қарамайды, өзара тығыз байланыста қарастырады.
Сондықтан сөздердің морфологиялық құрылысы синтаксистің де
грамматикалық талдауының негізі болады. Лексикология мен мор-
фология тіл ғылымының дербес салалары болуымен қатар, олар да
синтаксистен байланысын үзбейді.
Сөз тіркесі – сөйлем құраудың материалды негізі де, сөйлем –
адамның ойын айтудың негізгі формасы. Синтаксис сөз тірке-
сін, сөйлемді, олардың түрлерін, сөйлем мүшелерін жəне басқа
синтаксистік формаларды адамның ойын білдірудің граммати-
калық тəсілдері ретінде, өзара байланысты категориялар ретінде
зерттейді. Синтаксис сөздерді сөйлемнің бөлшектері ретінде,
ал жалғауларды сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен қиюластырып
тұратын морфологиялық-синтаксистік категория ретінде қарас-
тырады.
Сөйтіп, сөз тіркесінің, сөйлемнің грамматикалық құрылысын
зерттейтін ілімді синтаксис десек, тілдің синтаксистік құрылысын
да сол термин арқылы атаймыз.
534
Қазіргі қазақ тілі
§2. Синтаксис мəселелерін зерттеу тарихынан мағлұмат
Əрбір ғылым саласының басталу, жетілу, даму кезеңдері бола-
ды. Қазақ тілі білімінің бұғанасы бекіп қалыптасқан қай саласын
алсақ та, олардың əрқайсысының даму кезеңдері болған. Ғылым
салаларының даму барысында оның əдепкі біртұтас жүйесінің
жеке мəселелері жеке сала құрап немесе сол саланың дербес
бөлшегі болып та қалыптасуы мүмкін.
Қазақ тілі синтаксисі мəселелері о баста жалпы сөйлем
құрылысы орайында қаралып келсе, сол ғылым дами келе сөз
тіркесінің синтаксисі 1950 жылдары бой көтеріп, оның жеке
мəселелері көптеген ғылыми зерттеулердің объектілері бол-
ды. Қазір солардың жүйелі тармақтары айқындалып, жасалу,
жұмсалу заңдылықтары ашылды. Сөйтіп, сөз тіркесі жай сөйлем
синтаксисінен бөлініп, өз алдына синтаксис ғылымының бір сала-
сына айналды.
Сөз тіркесінің синтаксисі жайлы мағлұматты оның зерттелу та-
рихымен ұштастыра ұғынбайынша көп мəселенің байыбына бара
алмай қаламыз. Егер орыс тіл білімінде синтаксис ғылымының
бұл саласының ұзақ тарихы бар дейтін болсақ, қазақ тілі сөз
тіркесінің зерттелу тарихы 50-60 жылдардан əрі аспайды. Ол қысқа
тарихтың тіл біліміне қосары айтарлықтай мол болғанмен, сөз
тіркесі синтаксисі – енді ғана ғылыми дербестігімен оқшауланып,
бұғанасы бекіген сала. Қазақ тіл білімі үшін осылай болуының өзі
заңды.
Қай ғылымның даму тарихына көз жіберсек те, əдетте олар
жоқтан бар болып, тұтас қалпында дүниеге келеді де, соның
ілгері даму барысында оның тармақталған салалары пайда бола-
ды. Мысалы, химия о баста біртұтас ғылым болса, бұл күнде оның
органикалық, органикалық емес, биологиялық, катализ тəрізді
бірнеше салалары бар. Сол сияқты тіл білімін, оның бір бөлігі –
грамматиканы да, ертеде филологтар дəл бүгінгідей саралап, жік-
жікке бөліп қарастырмайтын. Фонетика да морфология, синтаксис
қатарында грамматиканың бір бөлігі деп есептелетін
1
.
1
Одан бұрын 1860 жылы Н.И. Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизско-
го наречия» (Ученые записки Казанского университета к. ІІІ-ІV) деген, одан кейін
1898 жылы «Грамматика киргизского языка» (Авторсыз). Н.Лаптевтің «Грамматика
киргизского языка» деген шағын кітаптары шықты.
535
Қазіргі қазақ тілі
П.М. Мелиоранскийдің 1894-1897 жылдары орыс тілінде шық-
қан «Краткая грамматика казак-киргизского языка» деген екі
кітабы олардан бұрын шыққан Казем-Бектің жəне миссионерлер
жазған «Алтай тілінің грамматикаларына» негізделгенмен, онда да
фонетика грамматиканың бір бөлігі болып, морфологияны «Эти-
мология» деп атап, оған синтаксис мəселелері де енгізілді. Син-
таксиске арналған кітабында морфологияға қатысты мəселелер
аралас беріледі. Бұл еңбектің сол кездегі түркітанушылардың тіл
мəселелерін ғылыми тұрғыдан қарастыру дəрежесінің бүгінгімен
салыстырғанда төмен болғанымен, екінші жағынан, өз заманының
қазақ тіл біліміне қосқан үлесі үлкен еді. Ол – қазақ тілі жайында
шыққан ең бірінші əрі көлемді грамматика. П.М. Мелиоранский
оны қазақ тілін өз ана тіліндей біліп, қазақ тілі материалдарын
зерттей жүріп, солардың қорытындысы ретінде жазбаған, «Ал-
тай тілінің грамматикасының» үлгісімен жазған, ол екі кітапта
баяндалған көп мəселелер əлі күнге дейін өзінің құнын жойған
жоқ.
1920 жылдары Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл – құралдары» (үш
кітап) оқу орындарында оқулық есебінде пайдаланылған елеулі
еңбек болды. Онда грамматикалық атаулар мен дыбыс, буын,
сөз, сөйлем құрылыстары жайында жүйелі түрде мағлұматтар
берілген. Синтаксиске қатысты бастапқы мағлұмат үшінші «Тіл –
құралында» баяндалады. Бертінде, 1930-1940 жылдары қазақ
тілінің бірнеше грамматикасы шықты, синтаксиске арналған
азын-аулақ зерттеулер мен шағын мақалалар жарияланды
1
. Олар-
да жай жəне құрмалас сөйлем синтаксистерінің негізгі мəселелері
біршама тəуір баяндалады да, сөз тіркесінің синтаксисі атаусыз
қалады.
1939 жылы проф. Қ.Қ.Жұбановтың, 1939 жылы С.Аманжолов
пен Н.Сауранбаевтың бірігіп жазған оқулықтары шықты. Бұларда
сөйлем мүшелерінің тіркесі жайында айтылғандарды сөз тіркесіне
де қатысы бар деп қарауға болар, бірақ синтаксистің еленбей жүрген
келелі саласы сөз тіркесі екенін де, оның жекелеген мəселелерін
де ол авторлар ғылыми зерттеудің объектісі деп танымайды жəне
1
Олар жайында толық мағлұматты Ш.Ш.Сарыбаевтың «Библиографиялық
көрсеткішінен» (1965) алуға болады.
536
Қазіргі қазақ тілі
сөз тіркесі мүлде ауызға алынбайды. С.Аманжоловтың жоғарыда
аталған кітабында «сөздердің тізбектері» (10) деген тақырып бар.
Ол лексика мен тұрақты тіркеске қатысты мысалдарды екі бөліп
баяндайды.
Дұрысында, 1940 жылдары қазақ тілінің грамматикалық
категорияларын айқындау жұмысы мектептерге əртүрлі бағ-
дарламалар, оқулықтар жазу үстінде жүріп жатты. Бізде ол жыл-
дары ғылыми-зерттеу жұмыстарының нəтижелерін жариялап
барып, солар, негізінде оқулық жазылған жоқ, бірақ оқулықтар
жазылу барысында көптеген ғылыми қорытындылар жасалып
отырды. Сонда қазақ тілін зерттеушілердің пікірталастары жоқты
бар ету бағытында болмай, көбінесе барды дұрыс түсіну, олардың
грамматикалық сыр-сипатын айқындау ыңғайында болды.Солар-
ды игеріп алмай тұрып, əрине, жаңалыққа қол созу оңай емес-
ті. Əйтсе де, проф. Қ.Қ. Жұбанов қазақ тілінің грамматикасын
жаңаша құрастырып, бірқатар грамматикалық атауларды жаңаша
атап, көптеген мəселелерді өзінше дұрыс бағдарлап баяндауға ты-
рысты. Сол бағытта орта мектепке арнап 1936 жылы грамматика
оқулығын шығарды, соған байланысты «Ауыл мұғалімі» журна-
лында «Жаңа грамматиканың жаңалықтары» деген мақала жа-
риялады. Қ.Жұбановтың мектеп тəжірибесінен ғылымға шұғыл
бет бұруының айғағы есебінде автордың көмекші етістіктер
жайындағы
[1] жəне сөйлем мүшелерінің орналасу тəртібінің та-
рихы жайындағы
[2] еңбектерін айтуға болады. Соңғы кітабында
Қ.Жұбанов сөйлем мүшелерінің бұл күндегі орналасу тəртібінің
ертеде өзгеше болғанын дəлелдейді. Сондағы ғылыми болжаулар
мен келтірілген деректердің сөйлем мүшелеріне ғана емес, сөз
тіркестері тарихына да тікелей қатысы бар.
Мектеп тəжірибесінен бастау алған ой-пікірлер проф. С.Аман-
жоловты да «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсын»
жазуға итермеледі. Бұл студенттер үшін жазылған бірінші оқу
құралы болғандықтан жəне автордың синтаксис мəселелерін
ғылыми тұрғыдан баяндау мақсатын көздегендіктен, кезінде
филолог-студенттердің қажетіне жарады. Автор ол кітапта
сол кездегі «жаңа ілім» қағидаларын қазақ тілі синтаксисімен
ұштастырмақ болды. Кітапта қазақ тілі материалдарына сүйеніп
айтылған, дұрыс қорытқан мəселелер де бар. Ол мəселелер
537
Қазіргі қазақ тілі
соңғы жылдары басқа авторлармен бірлесіп жазған орта мектеп
оқулығынан
[3] тиісті орын алды. 1953 жылы шыққан орта мек-
теп синтаксисінде авторлар сөйлемге мынадай анықтама береді:
«Тиянақты ойды білдіретін бірнеше сөз тіркесін сөйлем дейміз»
(1,3-бб.). Бұған қарағанда, сөз тіркесі – сөйлем құраудың негізі. Ал
сол кітаптың 12-бетінде сөз тіркесіне мынадай анықтама берілген:
«Кейбір сөз (сөйлем мүшесі) басқа сөзді я сөз тізбегін анықтап,
толықтап, пысықтап немесе түрліше қиюласып, бірін-бірі керек
ету жолымен байланысады. Мұндай байланыстарды сөйлемдегі
сөздердің тіркесі дейміз». Бұл айтылғанға қарағанда, сөз тіркесі
сөйлемдегі сөздердің байланысы болып шығады.
Сөйтіп, қазақ тілі оқулығында «сөз тіркесі» деген термин
1950 жылдардан кейін оқта-текте аталады, бірақ оны авторлар-
дың қай мағынада жұмсап отырғаны аян емес, оған берген
анықтамалары да аз болды.
Қазақ тілі синтаксисіне елеулі еңбек сіңірген ғалым С.Жиен-
баев болатын. Оның жай жəне құрмалас сөйлем мəселелеріне
арналған құнды зерттеулерінің қатарында сөз тіркесі бөлек тал-
данбайды. Бірақ «үйірлі мүше» деген атпен қай сөздің қандай
сөздермен топ құрай алатыны жөнінде айтқандарының сөздердің
толықтауыш, пысықтауыш қызметтерін айыру жөніндегі дəлел-
дерінің есімді, етістікті сөз тіркестеріне қатысы бар.
1954 жылы «Қазіргі қазақ тілі» деген атпен көлемді кітап
шықты. Бұл кітап – қазақ тіл білімінің фонетика, лексика, грам-
матика мəселелеріне қатысты жан-жақты мағлұмат беретін елеулі
еңбек. Онда жеке адамға табыну, дəйексөзге əуестену тəрізді елеулі
кемшіліктер бола тұрса да, көп мəселелер жүйеленіп, ғылыми
тұрғыдан дұрыс баяндалған, көптеген жаңалықтар енгізілген.
Ол кітаптың синтаксис саласындағы бір жаңалығы – сөз тіркесі
синтаксисінің жай сөйлем синтаксисінен бөліп алынып, өзіндік
өзгешеліктері бар мəселелер ретінде қарастырылуы. Осыны ай-
тып отырған автордың сол жұмысында қате тұжырымы да бол-
ды. Онда сөз тіркесі əрі сөз таптарының, əрі сөйлем мүшелерінің
тіркесі ретінде салаласатын, сабақтасатын байланыстағы сөздер
деп қаралған. Кейінгі зерттеулеріміз мəселеге басқаша қарау ке-
рек екенін көрсетті. Дұрысында, сөз тіркесі – сөйлем мүшелерінің
тіркесі емес, сөз таптарының тіркесі. Сөз тіркесіндегі сөздер тек
538
Қазіргі қазақ тілі
сабақтаса байланысады, салаласа байланысатын бірыңғай мүше-
лер сөз тіркесі деп есептелмейді. Олар жай сөйлем синтаксисінде
қаралуға тиіс. Осы сынды өзге автор адресіне де айтуға болады
1
.
Жалпы түркітануға байланысты əдебиеттерде сөз тіркесі
дегенді бөліп қарамай-ақ, «анықтауыштық есімдер тобы» («имен-
ные определительные группы») дегенге ерекше көңіл бөлінді.
Оның себебі: ертедегі түркітанушылар түркі тілдерінің синтак-
систік құрылыстарында кездесетін өзгеше құбылыстарды ай-
қындауды басты міндет етті.
Расында, зат есім мен зат есімнің, сын есім мен сан есімдердің
зат есімдермен жалғаусыз қатар тұру арқылы байланысқа еніп,
анықтауыштық қатынаста жұмсалуы түркі тілдерінің елеулі
өзгешелігі болып саналады. Олар түркітанушыларды қызықтырмай
қоймайды
[4]. Бірақ олар ондай есімдер тобын сөз тіркесі деген
тұрғыдан емес, сөйлем мүшелерінің құрылыс ерекшеліктерін
айқындау тұрғысынан қарастырады (Əрине, екеуі бір емес).
§3. Сөз тіркесі жайындағы пікірлер
Кейбір авторлар есімдер тобын сөз тіркесі деп танығанымен,
олардың басты ерекшелігі біртұтастығында деп есептеді. Мысалы,
Франция түркітанушысы Ж.Денидің ізімен проф. А.П.Поцелуев-
ский былай дейді: «Два или несколько слов, представляющих
собою одно целое с точки зрения логической и формальной, на-
зываются словосочетанием»
[5]. Осылай сөз тіркесін жеке сөзге
балап, бір бүтін («одно целое») дейтін себебі тіркескен сөздердің
соңғылары есептеледі де, бағыныңқылары орыс тіліндегідей
есептелмейді. Бұл анықтама бойынша, лексикалық тіркестерді ғана
сөз тіркесі деп тануға болатын тəрізді. Бірақ автордың келтірген
мысалдарында, сөз тіркестерін топтастыруында ол байқалмайды.
А.П.Поцелуевский сөз тіркестерін былай бөледі: 1) детерминативті;
2) салалас; 3) сабақтас; 4) сөйлем. Бұл бөлістің қандай принцип-
ке негізделгенін түсіну қиын. Дегенмен автордың сөз тіркесі
аясына əр алуан сөздер тобын тарту керек деген ойын аңғаруға
1
Мысалы, Е.И.Убрятованың «Исследования по синтаксису якутского языка» деген
кітабының 69-79-беттерін қараңыз.
539
Қазіргі қазақ тілі
болады. Сондықтан Н.К.Дмитриев сөз тіркесін сөйлемнен ай-
ырып тану керек екеніне ерекше көңіл бөледі: «Технически и
словосочетание, и предложения представляют собой группу или
комплекс нескольких слов. Тем не менее, принципы, по кото-
рым соединяются оба комплекса, совершенно различны. Вся-
кое синтаксическое сочетание, части которого не осознаются
нами как внутренние связанные подлежащее и сказуемое, будет
не предложением, а словосочетанием»
[6]. Мұндағы бастауыш –
баяндауыштық қатынаста тұрмаған сөздер тобының бəрі сөз тір-
кесі деген пікір біраз дəлелдей түсуді тілейтін болар, бірақ
ғалымның сөз тіркесін сөйлемнен айыру керек екенін айтқанының
үлкен мəні бар. Сол талап Н.К.Дмитриевтің сөз тіркесі жай-
ында жазған мақаласында да принципті мəселенің бірі ретінде
қарастырылады да, сөйлем мен сөз тіркесін олардың білдіретін
мағыналарына қарап айыру керек екенін тұжырымдайды. Сөйлем
пайымдауды (суждение) білдіреді, сөз тіркесі оны білдірмейді
дейді
[7].
Осындай суждение дегенді сөз тіркесі мен сөйлем арасын
айырып тұратын межелі жік деп тану Н.А.Баскаковтың жазған
мақалаларында да бар
[8]. Бұл пікірді құптауға болмас. Өйткені
«суждение» (пайымдау), біріншіден, грамматикалық категория-
ларға тəн ұғым емес, логика ғылымына тəн. Оны елемегенде, сөз
тіркесі болып есептелетін синтаксистік топтар сөйлем сияқты
адамның ойын білдірудің, қарым-қатынас жасаудың да форма-
сы болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмады. Соны жоққа
шығару үшін Н.А.Баскаков, А.И.Инкижекова – Грекулмен бірігіп
құрастырған хакас-орыс тілінің сөздігі соңындағы грамматика-
лық очеркте етістікті сөз тіркесінің басыңқы сөзі есімше, көсемше
тұлғалы болуын талап етеді. Автордың ойынша, онда болды десек –
сөйлем, онда болған, онда болып десек – сөз тіркесі. Сондай-ақ
атқа мінді – сөйлем, атқа мініп, атқа мінген – сөз тіркесі. Сөз
тіркестерін қарастыруға ешқандай қатысы жоқ (жіктік, есімше,
көсемше) тұлғаларға сүйеніп сөз етпей, тек атқа мін, онда бол де-
сек, қайтер еді? деген сұрақ туады.
Сөз тіркестері мен сөйлемнің бір емес екенін мағыналарына
қарап та, əлгідей тұлғалық дəйекші қою арқылы да айыру мүмкін
емес. Сөздер тобын сөз тіркесі деп те, сөйлем деп те тануға бо-
540
Қазіргі қазақ тілі
латын орайы бар рас. Сонда да сөйлемді сөйлемдік қасиеттеріне
қарап танып, мысалы, жазық дала дегенді сөз тіркесі деп танысақ,
атқа мінді дегенді əрі сөйлем, əрі сөз тіркесі ретінде қарастыру
керек. Осындай мысалдарды тек сөз тіркесі не тек сөйлем ретінде
тану үшін Н.К.Дмитриев те, Н.А.Баскаков та «атрибуттық» топ-
тарды ғана сөз тіркесі деп қарастырады.
Н.А.Баскаков «атрибуттық» (анықтауыштық) сөз тіркесі де-
генді кең түрде түсінеді. Сонда анықтауыштық, пысықтауыштық,
толықтауыштық қатынастағы сөздер тобын пайымдауды білдір-
месе, сөз тіркесі деп таниды да, білдірсе – сөйлем, сөз тіркесі емес
деп таниды.
Түркі тілдерін зерттеушілердің ішінде сөз тіркесін жан-жақ-
ты зерттеудің объектісі еткен ғалымның бірі – Е.И.Убрятова. Ол
«Исследования по синтаксису якутского языка» деген кітабында
сөз тіркестерінің түрлерін, негізінде, синтаксистік байланыс
формаларының ізімен қарастырады. Сөйте отырып, сөз тіркесін
«бір бүтін мағыналық единица» («целостная смысловая единица»,
82-бет) деп танып, екінші жағынан, сөз тіркестерін «предикативті»,
«предикативті емес» деген тұрғыдан да қарастырады.
Е.И.Убрятова сөз тіркестерін сөйлем мүшелері мен сөз тап-
тарының басын біріктіріп, жан-жақты қарастыруды көздеген.
Сондықтан оның зерттеуінде сөз тіркесіне бай материалдар
негізінде жасалған дұрыс қорытындыларымен қатар лексикаға
жəне сөйлем синтаксисіне тəн мəселелерді олармен араластырып
алған жайлары да бар. Жалпы алғанда, бұл аталған кітап – құнды
еңбектің бірі. Сөйтіп, түркі тілдерін зерттеушілер еңбектерінде сөз
тіркесінің көп мəселелері əлі күнге дейін дұрыс шешімін тапқан
жоқ.
Сөйлемнің синтаксисі екі бөлініп қарастырылады: 1) жай сөй-
лемнің синтаксисі; 2) құрмалас сөйлемнің синтаксисі.
Қазақ тіл білімі тарихында Қ.Жұбанов пен А.Байтұрсынов
ерекше орын алады. Тілдік құрылыстың табиғи жүйелері негізінде
фонетика, лексика, грамматикалық категориялардың жұмсалу заң-
дылықтары қалыптасады. Тілдік тəсілдердің жұмсалу жүйелерін
айқындап, оларға өзінше ат қойып, айдар таққан кісі Ахмет
Байтұрсынов болады да, олардың жұмсалу, даму, қалыптасу заң-
дылықтарын айқындауға ерекше күш жұмсаған проф. Құдайберген
541
Қазіргі қазақ тілі
Жұбанов болды. Екеуі де кезінде əділетсіздіктің құрбаны болды
да, олардың қазақ тіл біліміндегі ізін қуған жас ғалымдар кафе-
дралар мен Тіл білімі институттары құрамында ғылыми-зерттеу
жұмыстарымен шұғылданды. Олар мақала, кітап, оқулықтар
жазса да, докторлық, кандидаттық диссертация жазса да, Ахмет
Байтұрсынов құрастырған тілдегі фонетикалық, грамматикалық
жүйелік пен ұғым, категория атауларын (терминдерін) пайда-
ланды. Бірқатары Қ.Жұбановтың салған жолымен жеке катего-
рияларды, олардың даму заңдылықтарын, тарихи құбылыстарын
айқындауды мақсат етті жəне басқа тіл мəдениеті, стилистика,
диалектология, т.б. мəселесімен шұғылданды. Солардың бəрі –
қазақ тіл білімінің табысы.
Қазақ тіл білімі – жас ғылым саласы. Ғылымның жастығы
ғылыми объектілердің зерттелу дəрежесімен өлшенеді. Əсіресе,
синтаксис ғылымының жастығы, біріншіден, адамның ой жұмы-
сының нəтижелерінің синтезі ретінде тұтасқан бөлшектерінің
пайда болу, жұмсалу заңдылықтарын айқындаудың қиын екені-
мен байланысты болса, екінші жағынан, оның негізгі зерттеу-
шілерінің аз-кемдігімен байланысты
1
.
Қазақ тілі ғылымының келешектегі зерттеушілері синтаксис
мəселелерін оқып-үйреніп, басқаларға үйрететін келешектегі жас
мамандар, студенттер ғылымның зерттелу тарихымен таныс бола
жүріп, өздерін де ардақты ана тілінің маманы етуге жол ашады,
оны өмірлік істерімен сабақтастырады.
Синтаксистің басты зерттеу объектілерінің бірі – сөйлем.
Сөйлем – сөз тіркесін қамтитын, қарым-қатынасты қамтамасыз
ететін тілдік материалдардың біртұтас бөлшегі. Біздің басқаға
айтатын ойымыз мақсатты болады: кейде, мысалы, естіген-
білгенімізді біреуге хабарлауды мақсат етсек, кейде біреуден
бірдеңені сұрап білуді мақсат ете сөйлейміз. Сондай мақсатты
ойларымызды сөздерден сөйлем құрау арқылы білдіреміз. Ал
1
Қазақ тілінің сөз тіркестері жайында зерттеушілеріміз табысты еңбек етті. Оның
жеке мəселелері бойынша 3-4 докторлық, жиырма шақты кандидаттық диссертация
қорғалды; бірнеше монографиялық еңбек, мақалалар жазылды; филолог-студенттерге
арналған оқулықтар, оқу құралдарынан тиісті орын алды; көп жылдан бері сөз
тіркесінің синтаксисі дербес синтаксис саласы болып оқытылатын болды. Бірақ оның
зерттеушілерін күтіп тұрған мəселелері əлі аз емес.
542
Қазіргі қазақ тілі
сөздер сөйлем құрамына ену үшін өзара мағыналық, синтаксистік
байланысқа түсіп, өзара тіркесіп айтылады. Сөздердің тіркесуі-
нен сөз тіркестері жасалады.
Сөйтіп, сөздерден сөз тіркесі, сөз тіркестерінен сөйлем
құралады. Сөз де, сөз тіркесі де – сөйлем құраудың материалда-
ры. Сөйлем кейде көп сөзден, кейде жеке сөзден не сөз тіркесінен
жасалады. Соңғы жағдайда сөздер мен сөз тіркестері өздерінің
лексикалық жəне синтаксистік қасиетін жоймайды. Түн. Аспан-
да алақандай бұлт жоқ. Не болмаса: Желсіз түн. Екі кісі жүріп
келеміз. Бұл сөйлемдерде түн – əрі сөз, əрі сөйлем; желсіз түн –
əрі сөз тіркесі, əрі сөйлем. Осылайша, кейде сөздің, сөз тіркесінің
жəне сөйлемнің тілдік материал құрамы бірдей болғанымен,
олардың түсінігі бірдей емес.
Сөз – айналадағы объективтік шындықтың адам басындағы
сəулесі ретінде жеке-жеке ұғымды білдірсе, сөз тіркесі олардың
грамматикалық қарым-қатынасын жəне мағыналық тобын
білдіреді. Ал сөйлем жеке ұғымдардың синтезі ретіндегі пайымда-
уды хабарлауды, сұрауды, модальділікті білдіреді. Əдетте, бұлар
жеке сөйлеммен тиянақталып, ойымыз жеке сөйлеммен аяқтала
бермейді.
Сөйлемнің аяқталған ойды білдіруі оның маңындағы басқа
сөйлемдермен қатынасына қарап та айқындалады. Мысалы: Түн,
аспанда жымыңдаған жұлдыздар. Екі кісі даңғыл жолмен жүріп
келеміз деген үш сөйлемнің алдыңғысын (Түн) соңғыларымен
байланыстыра қарамасақ, сөйлем демей, жеке сөз деп таныр едік.
Сол сияқты, Аспанда жымыңдаған жұлдыздар деген сөйлемнің
де тиянақтылығы айналасындағы басқа сөйлемдермен байла-
ныстыра қарағанда немесе талдағанда анық байқалады. Контек-
стен бөліп алынған сөйлемдер əр уақытта мүлде аяқталған ойды
білдірмейді, біршама ғана аяқталған ойды білдіреді. Тағы бір-екі
мысал келтірейік.
1. Күн сары белге шұқшиып барып қалыпты. Тұс-тұстан
көтерілген қою шаң тымық əуеде жаймен ғана ыдырап барады.
2. Əлдеқайда шырқаған əн естіледі. Ойды өзіне тартып
ап, бойды тербеп тұрғандай. Ауыл шымыр-шымыр қайнайды:
өрістен мал қайтты, көшеде ойнаған бала, жүгірген ит-құс
(Ғ.Мұстафин).
543
Қазіргі қазақ тілі
1-мысалдағы екі сөйлемнің екеуі де өз алдына тиянақты. Екеуі
де дараланып оқшау тұрған қалпында аяқталған екі түрлі ойды
білдіреді. Солай бола тұрса да, ол екеуін өзара мағыналық байланы-
сы жағынан қарасақ, табиғаттың бір мезгілдегі суретін көз алдыңа
елестетеді. Ал 2-мысалдағы 6 сөйлемде мағыналық даралық бірдей
емес. Əлдеқайда шырқаған əн естіледі деген сөйлемнің мағынасы
айқын. Ал 2-сөйлемді онымен байланыстырып қарамай, оқшау
тұрған күйінде оқысақ, əңгіменің не жайында екенін аңғара алмас
едік, өйткені Ойды өзіне тартып ап, бойды тербеп тұрғандай
деген сөйлемде əңгіме не туралы айтылып отырғаны күңгірт.
Егер оны бірінші сөйлеммен байланыстыра оқысақ, əңгіменің əн
жайында болып отырғаны айдан анық бола қалады. Одан кейінгі
сөйлемдер де өзара байланысты: Ауыл шымыр-шымыр қайнайды
дегенді Өрістен мал қайтты, көшеде ойнаған бала, жүгірген ит-
құс деген сөйлемдер саралай түсіп отыр.
Сөйлем бір сөзден тұрса да, өзара байланысты бірнеше сөзден
құралса да, ол дауыс ырғағы жағынан тұтастанып, айналасындағы
басқа сөйлемдерден пауза арқылы оқшаулануымен қатар, олармен
мағыналық қатынасқа еніп, ұласып, ұштасып жатады.
Сөйлемнің сөзден, сөз тіркесінен бөлек единица екенін
айқындайтын басты белгілері мыналар: 1) сөйлем біршама а я қ -
т а л ғ а н о й д ы , м о д а л ь д ы л ы қ т ы
1
білдіреді; 2) сөйлем
өзара байланысқа енген с ө з д е р д е н , с ө з т і р к е с т е р і н е н
қ ұ р а л а д ы ; 3) сөйлем бастауыш пен баяндауыштың байланы-
сынан туған п р е д и к а т т ы қ қатынасты білдіреді; əрбір сөйлем-
нің а й т ы л у с а з ы (интонациясы) болады.
Осыларды негізге алып, сөйлемге мынадай анықтама беруге
болады:
Предикаттық қатынас негізінде біршама аяқталған ойды
білдіретін тиянақты сөздер тізбегін сөйлем дейміз.
Сөйлемдегі сөздердің əрқайсысы өзінің лексикалық мағына-
сына лайық сөйлем құруға қатысып, тұтас ойдың мазмұнына
ортақтасып тұрады. Олар сонымен қатар, сөйлемде жалаң мүше
қызметінде күрделі мүше құрамында тұрып, өздерінің лексикалық
жəне грамматикалық мағыналарын айқындай толықтыра түседі.
1
Айтылған ойға айтушының субъективті көзқарасын білдіруді модальдылық дейміз.
544
Қазіргі қазақ тілі
Сөздер сөз тіркестерінің құрамына ену арқылы сөйлем құрау-
дың материалы болады да, бастауыш-баяндауыштық (тұрлаулы),
толықтауыш, анықтауыш, пысықтауыштық (тұрлаусыз) қатынаста
жұмсалады. Тұрлаулы мүшелер сөйлем құраудың бас арқауы,
негізі болса, тұрлаусыз мүшелер олардың маңына ұйысып, баста-
уыш, баяндауыш арқылы айтылған ойды толықтырып, айқындай
түседі.
Сөйлемнің айтылу мақсаты:
Сөйлемдер айтылу мақсатына қарай х а б а р л ы , с ұ р а у л ы ,
б ұ й р ы қ т ы жəне л е п т і болып бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |