Талғат сайрамбаев



Pdf көрінісі
бет47/58
Дата07.02.2017
өлшемі2,81 Mb.
#3584
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   58

Сын  есімнің  баяндауыш  қызметінде  жұмсалуы  көптеген  ең-

бектерде  сөз  болады.  Бірақ  оның  тұлғалық  жағынан  келгенде 

мынаны  көруге  болады.  М.Томанов  сын  есімдердің  тек  нөлдік 

тұлғада  баяндауыш  болуын  көрсетсе,  Н.Сауранбаев,  М.Балақаев 

жіктеліп  барып  жұмсалуын,  С.Аманжолов  сын  есімдердің  таза 

күйінде келетінін айта келіп, сын есімдер тəуелденіп, баяндауыш 

болады деп көрсетеді. 

Сан  есім.  Сан  есімнің  баяндауыш  қызметі  жайында  сөз  бол-

ғанда оның тұлғалық жағы да түрліше көрсетіліп берілген. М. Тома-

нов тек нөлдік тұлғасын көрсетсе, Н. Сауранбаев, М. Балақаев оған 

қоса сын есімнің жатыс септікте келуін де көрсетеді. Сан есімнің 

баяндауыш  қызметінде  жұмсалуының  нөлдік  тұлғада,  реттік  сан 

есім мен -ау, -еу жұрнақты топтау сан есімін де жатқызады. 



Есімдік.  Есімдіктің  баяндауыш  қызметінде  С.  Аманжолов 

нөлдік  тұлға,  жіктік  жалғауы  мен  -нікі, -дікі  жұрнақты  түрлерін 

көрсетсе, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, М.Томановтар олардың тек 

жіктеліп барып қана баяндауыш болуын көрсетумен шектеледі. 

Жалпы  есімдердің  баяндауыш  қызметінде  жұмсалуында, 

біріншіден,  сөз  таптарының  қатысы  əртүрлі.  Мұндай  кезде 

ғалымдардың  көбісі  зат  есімге  назар  аударса,  басқа  сөз  тап-

тарына  назар  аудара  бермейді.  Екіншіден,  баяндауыш  қызме-

тінде  жұмсалатын  есімдерді  тұлғалық  жағынан  ғана  көрсетеді. 

Тұлғалық  жағынан  бай  сөз  табы  ретінде  көбіне  зат  есім  арқау 

етілсе, басқа сөз таптары ол дəрежеде емес. Оның өзі есімдердің 

баяндауыш  қызметінде  жұмсалуын  толық  ашып  бере  алмайды. 

Біздіңше,  есімдердің  баяндауыш  қызметінде  жұмсалуы  олардың 

əрқайсысының өзіндік ерекшеліктеріне тікелей байланысты. 

Баяндауыштар құрамы жағынан дара жəне күрделі болатындағы 

айқын.  Дара  баяндауыштар,  оларды  айқындау  оқушыларға  онша 

қиындық келтірмесе керек. Өйткені дербес мағынасы бар есімдер 

де сөйлемді тиянақтау дəрежесіне сай дербес жұмсала береді. 

Таза есімдер де күрделі есімді баяндауышты құрайды. Ондай 

кезде таза зат есімдерден құралған баяндауыштар мол кездеседі. 



501

Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері

Мысалы:  Менің  ойлайтыным – бейбіт  отырған  ел  адамдарының 

өмірі, қауат болып жатқан адам еңбегі (Б.Майлин) дегенде есімді 

күрделі  баяндауыш – адам  еңбегі.  Бұл  жерде  жеке  еңбегі  сөзін 

баяндауыш деуге келмейді, өйткені ол сол сөйлемде жеке тұрып 

тиянақтай  алмай,  ілік  жалғауы  жасырын  тұрған  адам  сөзімен 

бірлікте ғана сөйлемді тиянақтайды. Сол сияқты таза сын есімді 

баяндауыштар  да  сол  іспетті:  Сақалына  буырыл  кіргені  болма-

са, Майбасар баяғысынша қызыл күрең жүзді (М.Əуезов). Оның 

үстіне бұл екі сөздің қайсысы негізгі мағынаға ие дегенде, негізінен 

ой соңғы сөзге көбірек түсетіні айқын. Сонда, зат есімді күрделі 

баяндауыштар көбіне изафеттік құрылыстың қай түрі болғанымен, 

олар  тек  сол  тобымен  баяндауыш  болып  жұмсалады.  Əрине, 

таза  зат  есімді  күрделі  баяндауыштар,  олардың  жігі,  сөйлемді 

тиянақтаудағы  əрбір  сыңарының  ерекшелігі  онша  қиындық 

келтірмегенімен,  есімдердің  аралас  түрде  баяндауыш  болуының 

өзіндік  ерекшеліктері  баршылық.  Ол  үшін  мына  мысалдарды 

талдап  көрелік.  Империализм – капитализмнің  жоғарғы  саты-



сы (В.И.Ленин). Мына қонақтар – қадірлі қонақтар (Б.Майлин). 

Осы  сөйлемдердегі  баяндауыштардың  екі  түрін  айтуға  бола-

ды.  Біріншіден,  империализм    сатысы,  қонақтар    қонақтар 

дейтін  болсақ,  онда  сөйлемді  тиянақтаушы  сөздер  мағыналық 

та,  грамматикалық  та  қиыса  байланыспайды.  Екіншіден,  саты-

сы, қонақтар сөздері дербес мағынасы бар есімдер болғанымен, 

сөйлемдегі  ойды  қамти  алмайды.  Яғни  сөйлемдегі  негізгі  айты-

латын,  көтерілетін  мəселе  онымен      баяндалмайды.  Сондықтан 

да  ол  сөздер  қаншалықты  дербес  мағыналы  сөздер  болғанымен, 

сөйлемдегі  ойды  тиянақтау  барысында  олар  қалайда  басқа  бір 

сөздерді  өздерінің  жетегіне  ала  отырып,  яғни  басқа  сөздермен 

түйдектеліп  жұмсалу  барысында  ғана  сөйлемді  мағыналық 

жағынан  тиянақтау  дəрежесіне  ие  болады.  Мысалда  ондай 

сөздерге жоғарғы, қадірлі сын есімдері қатысты деп білеміз. Бірақ 

сын  есімдер  зат  есімдермен  қабыса  байланысып,  анықтауыштық 

қатынас  құрайтын  сөздер  деп  қалыптасып  кеткені  айқын.  Осы 

сөйлемдегі  жоғарғы,  қадірлі  сөздері  сатысы,  қонақтар  зат 

есіміне анықтауыш қызметін атқаруы тиіс. Осы сияқты Біз қазір 

алты  үйміз  (X.Жұмабеков)  дегенде  де  осыны  айтуға  болады. 

Бұған қарағанда, кейде есімді сөйлемдерде сөйлем соңында кел-



502

Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері

ген зат есімдер, олардың сөйлемді тиянақтау дəрежесі ойлануды 

қажет етеді. 

Қазақ  тіл  білімінде  бұл  туралы  мəселені  алғаш  көтерген – 

М.Балақаев. Автор əлденеше есім тіркесіп келгенде, оның негізгі 

мағынаға ие болатыны соңғы сөзі деп, ол – жақсы оқушы дегенде 



оқушы сөзі шешуші қызмет атқарады да, жақсы анықтауыш емес, 

оған көмекші дəрежеде деп көрсетеді. Негізінде мұнда ол оқушы 

деп  айтсақ  та,  бұл  сөйлем  тиянақты.  Дегенмен  жақсы  сөзі  осы 

арада интонациялық жағынан жеке алынып, жеке сөйлем мүшесі 

бола      алатындай  дəрежеде  ме?  Сол  сияқты  автор  керісінше  Бұл 

ат – жақсы  ат  дегенде  негізгі  мағына  күрделі  баяндауыштың 

жақсы сөзіне түседі де, ат көмекшілік қызметте жұмсалады дейді. 

Бұған  қарағанда  əртүрлі  сөз  таптарының  қатысы  арқылы  жасал-

ған  күрделі  баяндауыштардың  негізгі  сыңары  сөйлемнің  жалпы 

мəніне қарай өзгеріп отыратын сияқты. Осы сияқты факті автор-

дың 1954 жылғы академиялық   грамматикасында орын алған бо-

латын. Сонда күрделі есімді баяндауыштардың əрбір сыңарының 

сөйлем мазмұнын айқындаудағы орны ерекше.

Есімдер баяндауыш қызметінде жұмсалу барысында бұрынғы 

табиғи  семантикасына  қарағанда,  көбіне  сөйлемді  тиянақтау 

дəрежесі  негізгі  бағытта  болады.  Соған  сəйкес  олардың  ондай 

кездегі  мағыналық  ерекшеліктері  синтаксистік  қызметіне  сəйкес 

түрлі өзгерістерге ұшырайды. 



Зат есімнің баяндауыш қызметінде жұмсалуы

Зат  есімнің  сөйлемде  баяндауыш  болуы  бұрыннан  айты-

лып  жүрген  мəселе  болғанымен,  оның  тұлғалық  ерекшеліктері, 

құрылысы, оған кейбір дəнекер сөздердің қосылуы арқылы баян-

дауыш болу мəселелері жан-жақты қаралған емес.

Жалпы, зат есім жалқы, жалпы, негізгі, туынды, дара, күрделі 

жəне түрлі жалғаулар арқылы да келе береді. Осы құрамдағы зат 

есімдердің зат есімдік қасиеті олардың баяндауыштық қызметінде 

сақтала  ма?  Негізінде  зат  есімдер – морфологияда  тұлғалық 

жағынан басқа сөз таптарына қарағанда өзгеруге бейім сөз табы. 

Енді  ол  сөз  табы  баяндауыш  болған  кезде  едəуір  дəрежеде  осы 

қалпын  сақтайтынын  көруге  болады.  Зат  есімдердің  баяндау-



503

Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері

ыш  қызметінде  жұмсалуын  алдымен  құрылысына  қарай  бөле 

келіп,  онан  кейін  олардың  тұлғалық  ерекшеліктерінің  негізінде 

қарастыруды жөн көрдік. 



Зат  есімді  дара  баяндауыштар.  Дара  зат  есімді  баяндауыш-

тар көбіне бір сөзден болып келеді. Кейде  баяндауыш құрамына 

көмекші сөздер тобына жатпайтын, сол зат есімдермен дефис не 

бірігіп жазылатын дүр, тұғын формалары мен демеулік шылаулар 

енеді. 

а)  Нөлдік  тұлғадағы  зат  есімдердің  баяндауыш  қызметінде 



жұмсалуын  ең  алдымен  жалқы  есімдердің  нөлдік  тұлғасынан 

бастасақ:  Бұл  топтың  ортасындағылар – Абай  мен  Асылбек 

(М.Əуезов).  Оның  беталысы – Сырдария  (Ғ.Мүсірепов). – Са-

лаумағайлакүм, мен Сырбай ғой, Əбеке (Ə.Тəжібаев). Қазақ əнін 

салатын – Күнзила мен Жабай (Ғ.Мүсірепов). Мұндағы  курсив-

пен  жазылған  баяндауыштар – ономастикалық,  топонимикалық 

жағынан да жалқы есімдер. Ондай кезде олар дара жəне бірыңғай 

түрде  де  жұмсала  береді.  Ал  соңғы  сөйлемдегі  Сырбай  жалқы 

есіміне қатысты жұмсалған ғой шылауы баяндауыштық тұлғаның 

бірі ретінде алдындағы сөзді нақтылай түсіп тұр.

ə) Жалпы есімдердің атау тұлғада баяндауыш болуы. Мысалы: 

Мұндай шарт-шұртта командир де жауынгер. Тасығандары – өзі 

өскен шөп емес, қолдан еккен жоңышқа, бидайық, мысыққұйрық 

(Ғ.Мұстафин).

Зат есімдердің баяндауыш қызметінде тек нөлдік тұлғада емес, 

түрлі  жалғаулардың  жалғануы  арқылы  баяндауыш  болуы  жиі 

кездеседі. 

а) Көптік жалғаулы зат есімді баяндауыштар. Мысалы: Шал-

ғын  арасы  толған – ұсақты-ірілі,  қанатты-қанатсыз  шегірткелер 

(С.Мұқанов). 

ə)  Тəуелдік  жалғаулы  зат  есімді  баяндауыштар.  Мысалы: 

Əкенің  баласы – адамның дұшпаны, Адамның баласы – бауырың 

(Абай).  Ескіліктің  қалдығынан  қол  үзбеу – кейбір  ақындардың 

надандығы, білімсіздігі (Е.Ысмайлов). 

б) Септік жалғаулы зат есімді баяндауыштар. Зат есімнің сеп-

тік  жалғауында  баяндауыш  болуы,  оның  ішінде  көбіне  жатыс 

септікті  баяндауыштар  бұрыннан  айтылып  келе  жатыр.  Шығыс 

жалғаулы зат есімді баяндауыштар да бұрыннан бар екені айқын. 


504

Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері

Соңғы  септік  жалғаулы  баяндауыштар  көбіне  мақал-мəтелдерде 

көп жұмсалады. Кейінгі кезде барыс жалғаулы сөздер де баянда-

уыш  қызметінде  жұмсалу  дəрежесіне  ие  бола  бастады.  Əрине, 

жатыс,  шығыс  жалғаулы  баяндауыштар  тілімізде  бұрыннан  қа-

лыптасып, баяндауыштық тұлға ретінде айтылып келе жатқанымен, 

барыс  жалғаулы  баяндауыштар – соңғы  кездің  жемісі.  Алдыңғы 

септік  жалғаулы  баяндауыштарды  уақтысында  орыс  тілі  неме-

се  аударманың  əсері  арқылы  қалыптасты  дейміз.  Шынында,  со-

лай  да  болар.  Əсіресе,  жатыс  жалғаулы  баяндауыштар  туралы 

осыны  айтуға  болар.  Ал  шығыс  жалғаулы  баяндауыштар  тарихи 

қалыптасқан  тұрақты  тіркестерде  толық  орын  алған.  Сондықтан 

да ол септікті баяндауыштарды орыс тілі немесе аударманың əсері 

деу онша келе бермесе керек. Ал барыс жалғаулы баяндауыш таза 

аударманың  əсерінен  туған  құбылыс  екені  рас.  Жаңа  қалыптаса 

бастаған  барыс  жалғаулы  зат  есімді  баяндауыштар  баяндауыш 

қызметінде жұмсалуында əлі де болса естілуі жағынан да, қолдану 

дəрежесі  жағынан  да  басқа  септікті  баяндауыштарға  қарағанда 

енді-енді ене бастағанын байқатады. Сонымен, зат есімдер баян-

дауыш  қызметінде  барыс,  жатыс,  шығыс  септік  жалғауларында 

жұмсалады  деп  білеміз.  Əрине,  олардың  қолданылу  аясы  бірдей 

емес. Жатыс, шығыс жалғаулы əрі бұрын, əрі мол жұмсалса, ба-

рыс  жалғаулы  баяндауыштар  əрі  соңғы  кездің  жемісі,  əрі  жаңа 

қалыптаса бастаған баяндауыш формасы деп білеміз.

а)  Барыс  жалғаулы  зат  есімді  баяндауыштар:  СОКП XXVI 

съезінің  қарарлары – өмірге! («Қазақ  əдебиеті»).  Ең  жақсы 

кітап  балаларға  («Қазақ  əдебиеті»).  Бүкіл  билік – советтерге 

(«Социалистік  Қазақстан»).  ə)  Жатыс  жалғаулы  зат  есімді  ба-

яндауыштар:  Екі  көзі  осы  ауылдың  ақылшысы  есепті  сақалы 

аппақ қудай – Сансызбайда (Б.Мұқаев). Ананың көңілі – балада, 

баланың көңілі – далада (Мақал). Ел адамы аттылы-жаяу, үлкен-

ді-кішілі  тегіс  далада  (Ғ.Мұстафин).  б)  Шығыс  жалғаулы  зат 

есімді  баяндауыштар:  Күндестік  те  еліңнен,  Қамалау  да  еліңнен, 

Табалау  да  еліңнен,  Абалау  да  еліңнен  (Дастандар).  Көрші, 

Қазақстанның  қай  түкпіріненмін  дедің? – Оңтүстіктен  (Б.Қой-

шыбаев).


Жалпы,  септік  жалғаулы  сөздерге  қойылатын  сұрақтардың 

да саны, түрі туралы ойлану қажет. Бұрын зат есімнен жасалған 



505

Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері

баяндауыштардың сұрауы ретінде көбіне қайда, қайдан сұраула-

ры ғана айтылып келді. Өйткені зат есімдердің ішінде ондай септік 

жалғаулы сөздер көбіне мекендік мағынаға ие деп келушілік ба-

сым  болды.  Негізінде  жатыс,  шығыс  жалғаулы  сөздер  үнемі  ол 

сұрақтарға  ғана  жауап  беріп  қана  қоймай,  кімде  сұрауларына  да 

жауап береді. Оны жоғарыдағы мысалдар дəлелдейді. Екіншіден, 

есімді баяндауыштардың сұраулары ретінде енді барыс септігінің 

де сұраулары анықталу керек. Яғни есімдер, оның ішінде зат есім-

нен болған барыс жалғаулы баяндауыштарға қайда сұрауларынан 

гөрі кімге, неге  сұраулары мағыналық жағынан ыңғайлы келеді.

в)  Жіктік  жалғаулы  зат  есімді  баяндауыштар.  Біздер,  жастар, 

көппіз, жұлдызбыз, арыстанбыз, батырмыз, қорықпаймыз, жан-

шып,  таптап  кетеміз,  жанып  тұрған  отпыз,  жауынбыз,  біз  қой-

маймыз, біз кенелтеміз, біз қарық қыламыз дей бергеннен не ты-

нады (Ж.Аймауытов). Мен баяғы Жамбылмын, Əлі сөзге даңғыл-



мын (Жамбыл). 

Зат  есімдердің  жіктік  жалғауы  арқылы  баяндауыш  қызметін-

де  жоғарыдағы  мысалдардан  көрінгендей,  екі  түрлі  жағдайда 

кездеседі.  Зат  есімдерге  жіктік  жалғауы  тікелей  жалғанса  (жұл-



дызбыз, Жамбылмын), кейде шығыс жалғауынан кейін де жалға-

нып  жұмсала  береді.  Жалқы  зат  есімдердің  жіктеле  бермейтіні 

бұрыннан мəлім. Бірақ жіктік жалғауы тек түбір зат есімдерге ғана 

жалғанып қоймай, шығыс септік жалғаулы зат есімдерге де жалға-

на береді. Мысалы: мен данамын, мен ауылданмын, т.б. Сол сияқты 

жіктік жалғауы -нікі, -дікі қосымшалы зат есімдерге де жалғанып, 

бұрын  да  баяндауыштық  қызметте  жұмсалып  тұрған  сөзге  тағы 

да  үстемеленіп  жұмсала  береді.  Мысалы:  Мен  осы  жердікімін 

(Ғ.Мұстафин). Бұл жер колхоздікі («Социалистік Қазақстан»).  

Зат  есімнен  жасалған  баяндауыштарға  кейде,  тұғын  қосым-

шасы  қосылып  та  жұмсала  береді.  Негізінде  бұл  қосымша  ай-

татұғын,  жазатұғын  сияқты  көбіне  етістікке  қатысты  болып 

келетін  болса,  олар  қазіргі  кезде  белсенді  құбылыс  емес.  Деген-

мен  етістікті  түбірге  жалғануының  өзі  сиреп  бара  жатқан 

бұл  тұлға  кейде  зат  есімдерге  де  қосылып,  көбіне  тарихи 

романдардағы  кейіпкерлердің  сөйлеуі  арқылы  қазіргі  əдебиет-

терден  де  кездестіреміз:  Əуелден  еншісі  бөлінбеген  ен  қазақтың 

ене  қазаны  Сайрам  болған  да,  аяқтарының  ұшынан  басып,  ай-


506

Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері

быны  кірер  ата  шаңырағы  Түркістан-тұғын.  Жер  түбіндегі 

жеті  атаңның  аруағы  түгел  риза  болар,  жер  бетіндегі  жеті 

ұрпағыңның  кеудесін  аяққаптай  қылар  айрықша  əңгіме-тұғын 

(Ə.Кекілбаев).  Кейде  дүр    тұлғасы  арқылы  да  зат  есімдер  баян-

дауыш  қызметінде  жұмсала  береді.  Бұл  қосымшаның  да  тұғын 

қосымшасы  сияқты  қазіргі  кезде  көп  кездеспейтінін  көруге  бо-

лады.  Мысалы:  Жолдарымның  түскені  игі  еді.  Сейфолла  кісі 

-дүр (Т. Əлімқұлов). б) Кейде зат есімді баяндауыштар -тын, - тін 

қосымшалары арқылы да жасала береді: Атасы үлкен басымен ша-

руадан жеркенбейтін, бейнетқор кісі- тін (Б. Шаханов).

Зат  есімді  күрделі  баяндауыштар.  Барлық  оқулықтарда 

баяндауыштардың  күрделі  түрі  айтылғанымен,  олар  көлемі, 

түрлері  жағынан  дара  баяндауыштың    жасалуына  қарағанда 

əлдеқайда  аз  жазылды.  Оның  үстіне  күрделі  баяндауыштардың 

жасалуында  есімдердің  əрқайсысы  жеке-жеке  көрсетілмей,  зат 

есім  мен  сын  есімнің,  сан  есім  мен  зат  есімнің  тіркесі,  зат  есім 

мен  көмекші  есімнің  түйдектелуі  сияқты  түрлі  құрамдағы  күр-

делі  баяндауыштар  сөз  болды.  Шындап  келгенде,  тек  зат  есім-

дерден  ғана  құралған  баяндауыштың  бірнеше  жасалу  жолы 

бар  екенін  көруге  болады.  Əсіресе,  күрделі  зат  есімді  баян-

дауыштардың  жасалуының  өзін  үш  топқа  бөліп  көрсетуге  бо-

лады:  а)  əртүрлі  зат  есімдердің  түйдектеліп  баяндауыш  болуы; 

ə) бір ғана зат есімнің түрлі формада баяндауыш болуы; б) бір зат 

есімнің қайталануы арқылы.

Зат  есімдер  баяндауыш  қызметінде  кемінде  екі  немесе 

одан  да  көп  құрамда  келе  береді.  Ондай  құрамдағы  зат  есімді 

баяндауыштардың көп ұшырайтыны əртүрлі мағынадағы зат есімді 

баяндауыштар.  Адамның  аты,  əкесінің  аты  мен  күрделі  жалқы 

есімдер арқылы: Шын аты Федор Иванович Песин (Ғ.Мұстафин). 

Ілік жалғауының жасырын түрі мен тəуелдік жалғаулы сөздердің 

тіркесі  арқылы:  Əке  болу – табиғат    заңы  (Ғ.Мүсірепов).  Ілік 

жалғаулы  сөз  бен  тəуелдік  жалғаулы  сөздердің  тіркесі  арқылы: 

Анау Жалбыр рөліндегі автопарктегі токарь жігіт – Тұрсынбектің 

Майыры («Лениншіл жас»). Коммунистер шығып сөйлеп жатыр, 

сөйлегендердің  көбі  авиазаводтың  жұмысшылары  («Лениншіл 

жас»). Кейде мұндай изафеттік құбылыс тек осындай екі құрамды 

ғана болып қоймай, одан да гөрі күрделене түседі. Ондай кезде зат 



507

Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері

есімдер ілік жалғауының ашық та, жасырын түрінде де зат есімдер 

тəуелдік  жалғаулы  зат  есімдермен  тіркесіп,  тағы  да  күрделене 

түседі. Мысалы: Сергей Петрович 1914 жылдан бері коммунистік 



партиясының  мүшесі  (Ғ.Мұстафин).  Сол  сияқты  ондай  тіркесті 

зат  есімдер  жіктеліп  барып  та  күрделі  баяндауыш  қызметінде 

жұмсала  алады:  Мен  соның  адамымын  (Ғ.Мүсірепов).  Қай  жыл-

дан бері партия мүшесісің? (Ə.Нұрпейісов).

Зат  есімді  күрделі  баяндауыштардың  бірінші  сыңары  ілік 

жалғауының  ашық  не  жасырын  түріндегі  сөздер  мен  тəуелдік 

жалғауынан  кейінгі  жатыс  септігінің  жалғауында  келуі  арқылы 

да зат есімді күрделі баяндауыштар жасалады: Бірі сұлу Баянның 

күншығыс етегінде Жантемір қажының ауылында (С.Сейфуллин). 

Ұзын  қазы,  мырза  қазы,  тел  қазылар  үлкен  үйде,  жеңгеміздің 



кебежесінде (Т.Əлімқұлов). Зат есімді күрделі баяндауыштардың 

бірінші  сыңарлары  ілік  жалғауының  жасырын  не  ашық  түрі  бо-

лады  да,  екінші  сыңарындағы  тəуелдік  жалғаулы  сөзге  шығыс 

септігінің  жалғануы  арқылы  жасалады:  Осы  күнгі  өнеріміздің 

асылдарының  бəрі  сол  халық  қазынасынан  (М.Қалдыбаев).  Бұл 

үй – колхоз бастығының үйі (С.Бердіқұлов).

Зат  есімді  күрделі  баяндауыштың  жасалуында  əртүрлі  зат 

есімдердің  қызметі  ерекше.  Дегенмен  зат  есімді  күрделі  баян-

дауыштардың  жасалуында  ондай  құрамды  зат  есімдердей  дəре-

жеде  болмағанымен,  кейде  бір  ғана  зат  есімнің  қайталануы 

арқылы  жасалған  күрделі  зат  есімдер  де  баяндауыш  қызметінде 

жұмсалуы  кездесіп  жүр.  Мысалы:  Сонау  Марқакөлдегі  немере 

апаң  Рабиға  бар  еді  ғой,  соның  құдасының  құдасымын  (М.Ма-

қатаев). Екі етегі жасқа толы күнде бір үйдің шаңырағы шорт сы-

нып жатқанда, жұртты жұмысқа шақыру да қорлықтың қорлығы 

(С.Бердіқұлов).  Осы  сөйлемдерде  құдасының  құдасымын,  қор-



лықтың  қорлығы  сияқты  зат  есім  мен  зат  есімнің  қайталануы 

арқылы құралған топтар бар. Əрине, олардың бірінші сыңарлары 



құдасының, қорлықтың зат есімдерін анықтауыш, ал құдасымын, 

қорлығы  зат  есімдерін  баяндауыш  деуге  болады.  Бірақ  бұл  топ-

тарды  осылай  іштей  əрбір  сөйлем  мүшесіне  жеке-жеке  талдай-

тын  болсақ,  олардың  соңғы  сыңарлары  құдасымын,  қорлығы  зат 

есімдері сол өзі қатысты сөйлемдерді тиянақтап, сол сөйлемдердегі 

бастауыштағы  оқиғаны  баяндау  жағы  көмескіленеді.  Былайша 


508

Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері

алғанда,  бірінші  сөйлемдегі    ілік  жалғаулы  сөзді  алып  тастап, 

сөйлемді  «Сонау  Марқакөлдегі  немере  апаң  Рабиға  бар  еді  ғой, 

соның  құдасымын»  деп  те  айта  салсақ,  онда  айтушы  апасының 

тікелей  құдасы  болып  шығады.  Ал  ол  Рабиғаның  құдасының 

құдасы ғой.

Зат есімдер қай сөйлем мүшесі болған кезде жеке-дара жұмса-

ла  береді.  Дегенмен  кейде  зат  есімдер  қаншалықты  дербес  ма-

ғыналы  болғанымен,  сөйлемді  тиянақтауда  жеке-дара  қолда-

нылмай,  қалайда  басқа  бір  сөздерді  жетегіне  ала  отырып,  сол 

сөздермен  мағыналық  бірлікте  болып,  сөйлемнің  баяндауышы 

қызметінде  жұмсала  алады.  Əрине,  ондай  құрамды  баяндауыш-

тар  туралы  екі  нəрсені  ескеруге  тура  келеді.  Біріншіден,  ондай 

құрамды  баяндауыштардың  негізгі  сыңары,  яғни  ой  тұжырымы 

зат  есім  сөзінде  болуы  тиіс.  Бірақ  негізгі  сыңардағы  зат  есім 

бастауыштың мəн-жайын түгелдей нақтылай алмайды. Сондықтан 

да  ондай  зат  есімдер  сөйлемді  тиянақтауда  енді  өзіне  басқа  бір 

сөзді  керек  етеді.  Ондай  сөздер  қатарында  негізінде  сын  есім, 

сан есім, есімдік, есімше де, сол сияқты түрлі дəнекер сөздер де 

болады.


а) Осы арыздарды жіберіп, өздері көрінбеген Керімбек, Асыл-

бек  дейтін  ағайынды  Жанаевтар  (М.Əуезов)  деген  сөйлемдегі 

баяндауыштар  мыналар:  Керімбек,  Асылбек  дейтін  ағайынды 

Жанаевтар  деген  топты  былайша  алғанда  бір  есімді  баяндауыш 

немесе  осында  ағайынды  Жанаевтар  баяндауыш  та,  Керімбек, 



Асылбек дейтін зат есімдер мен көмекші етістікті топты анықта-

уыш  деуге  де  болады.  Бірақ  осы  топты  баяндауышты  топтан 

ажыратуға  келе  ме?  Мағыналық  жағынан  келгенде  Керімбек, 

Асылбектер  де  Жанаевтар,  ал  Жанаев  деп  отырғанымыз – 

Керімбек  пен  Асылбек.  Олай  болса,  мағыналық  жағынан  олар 

бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі айқындау арқылы сол тобымен 

бір-ақ  баяндауыш  қызметінде  жұмсалған  деуге  болады.  Бірақ 

бұл  топты  баяндауышты  таза  есімді  деуге  келмейді.  Өйткені 

мұны  құрайтын  элементтер  таза  есімді  ғана  емес,  мұнда  дейтін 

көмекші  етістігі  де  бар.  Сондықтан  бұл  топты  аралас  құрамды 

баяндауыштарға  жатқыздық.  Бірақ  құрама  баяндауыштың  жаса-

луы мен бұл баяндауыштың жасалуының арасында айырмашылық 

бар. Құрама баяндауышта негізгі есімді сыңары бірінші орында, ал 



509

Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері

оған  көмекшілік  қызметте  жұмсалатын  көмекші  етістіктер  олар-

дың  шақтық  мəнін  білдіру  үшін  соңында  ғана  қосақталуы  тиіс. 

Ал бұл жерде есімше тұлғалы көмекші етістігі Керімбек, Асылбек 

жəне ағайынды Жанаевтар сияқты бір топтағы сөздер тобын бай-

ланыстыра түсіп, мағынасын толықтыруға себеп болып тұр. 

ə)  Пристань  басы  абың-күбің  əңгіме,  əрлі-берлі  ағылған  ала 

шұбар  тобыр  (Ж.Жұмаханов).  Жалқауға  от  басы  айшылық  жер 

(Мақал) – деген сөйлемдердегі баяндауыштардың жігі жоғарыдағы 

келтірілген  баяндауыштар  іспетті.  Тек  онда  баяндауыштардың 

дені зат есімдер болып келсе, бұл сөйлемдердегі баяндауыштарға 

шұбар,  айшылық  сияқты  сапалық,  қатыстық  сын  есімдері  тобы, 

жер сөздерімен бірлікте жұмсалу арқылы аралас құрамды баянда-

уыш болып, сөйлемді тиянақтау дəрежесіне ие болып тұр. 

Осы сияқты құбылысты сан есім, есімдіктерден де көруге бола-

ды. Сын есім, сан есім, кейбір есімдіктер заттың анықтауышы бо-

лып жұмсалуға бейім болғанымен, кейде сөйлемнің жалпы мəніне 

байланысты  өзіне  қатысты  зат  есімдермен  мағыналық  бірлікте 

тұрып,  аралас  құрамды  баяндауыштың  күрделі  сөйлем  мүшесін 

жасауға  себеп  болады.  Мəселен,  Менен  үлкен  екі  қыз  Айымгүл 

мен  Сəлім  екеуі  де  балалы-шағалы,  үйлі-баранды  болған  адам-

дар (Б.Қыдырбекұлы). Алматы – менің екінші үйім («Социалистік 

Қазақстан»).

б)  Жалпы  зат  есімді  баяндауыштар  септік  жалғауында 

да  келе  беретіні  айқын.  Сол  іспетті  мұндай  аралас  құрамды 

баяндауыштардың да негізгі сыңары зат есімдері əртүрлі септікте 

келіп,  оны  күрделендіруші  сыңарлары  жоғарыдағы  сөз  таптары 

болады. Мысалы: Оның соңынан қарап тұрған жұрт əртүрлі ойда 

(Б.Қойшыбаев).  Бостон  Ерназарды  оған  дейін  білуші  еді,  қанша 

дегенмен бір совхоздан ғой. Демек, олар көбінесе айнала дүниеге 

жауыға қарайтындар тұқымынан (Ш.Айтматов).

в)  Мұндай  баяндауышты  топтардың  құрамында  сан  есімдер 

де зат есімдермен бірлікте жұмсала береді. Сонда ол сөз таптары 

бірлікте келіп, сөйлемді тиянақтау қасиетіне ие болады. Бірақ бір 

күрделі баяндауыштың құрамындағы зат есім мен сан есімнің, ең 

алдымен, баяндауыш болуында қай сөз табының қызметі басым. 

Жалпы, бастауышқа қатысты ойды нақтылаудағы қайсысы басым 

деген мəселе де нақтылауды қажет етеді. Алда əу бастан жеке-да-



510

Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері

ра Далабай келе жатыр. Қосар аттарды жетелеуші Ордабай  екеуі 

(Н.Əбуталиев).  Ақберген  əлгі  Əдібектермен  Ақмолаға  барып,  ел 

соңынан бір қос болып келген бес кісінің бірі (Ғ.Мүсірепов). Осы 

сөйлемдердің  соңында  сан  есімдер  келгенімен,  ол  сан  есімдер 

сол  сөйлемді  тиянақтай  алмайды.  Сондықтан  ол  сан  есімдер  тек 



Далабай  мен  Ордабай  зат  есімдерімен  бірлікте  ғана  сөйлемді 

тиянақтаса  керек.  Бұған  қарағанда  есімді  баяндауыштардың  бірі 

зат есім, бірі сан есім тіркесі арқылы да жасалады екен. Қалайда 

осындай құрамды баяндауыштарда əрі заттық та, сандық та қасиет 

бар. Олар сөйлемді тиянақтауда өзара мағына бірлігін жасап тұр.

г)  Зат  есім  жəне  оған  қосымша  ретінде  есімдерден  құралған 

бірнеше  матаса  байланысқан  сөздер  тобы.  Ондай  ілік  жалғаулы 

сөздер  сатылана  байланыса  келіп,  сол  тобымен  сөйлемдегі 

бастауыштың жай-күйін білдіре алады. Мысалы: Келесісі – «Бірлік» 

совхозының  үшінші  фермасының  бухгалтері  (Д.Досжанов). 

Мұндағы  негізгі  баяндауыш  –  «Бірлік»  совхозының  үшінші  фер-



масының  бухгалтері.  Осы  топты  зат  есімді  баяндауыштардың 

құрамында  ілік  жалғауының  ашық  жəне  жасырын  түрлері  де 

кездеседі.  Негізінен  осы  сияқты  зат  есімдерге  ілік  жалғаулы 

есімдіктер де тіркесіп келіп, күрделі зат есімді баяндауыш жасауға 

қатысады.  Мысалы:  Бұл  немененің  лебі?  (Ғ.Мүсірепов).  Мұнда 

негізгі  мағына  лебі  сөзінде  де,  немене  оған  көмекші  қызметте 

жұмсалған. Зат есімді баяндауышты күрделендіруде айқындауыш, 

оның  ішінде  қосалқы  айқындауыштардың  қызметі  ерекше:  Бұл 

тапқаны – Абулақап  мұғалім  (Б.Майлин).  Алдарына  жайылған 

үлкен қызыл ала дастархан. Оң жақ шетте қымыз сапырып отыр-

ған Ажар бəйбіше (А. Лекеров). 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   58




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет