Мемлекеттік Дума және қазақтар. Ресейдегі азаттық қозғалыстың өрлеу барысында қазақ қоғамына да жеткен тарихи жаңалықтардың бірі 1905 жылы 6 тамызда шыққан манифест бойынша қазақ еліне де Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқығының берілуі еді. Ұлт зиялылары Мемлекеттік Дума мінберін империяның Қазақстандағы саясатына, әсіресе, жер мәселесін тура шешуге ықпал жасау құралы ретінде бағалап, оның жұмысына үміт артып, депутат сайлау науқаны мен Дума жанындағы мұсылман фракциясы жұмысына белсене араласты. I Мемлекеттік Дума (1906 жылы 27 сәуір- 8 шілде) жұмысына қазақ елінің атынан тоғыз депутат қатысты. Оның ішінде 4 миллиондық қазақ халқынан 5 депутат: Орал облысынан — Алпысбай Қалменов (титулды кеңесші), Торғай облысынан — Ахмет Бірімжанов (сот тергеушісі), Семей облысынан — Әлихан Бөкейханов(экономист), Бөкей Ордасынан-Б. Құлманов (титулды кеңесші)және Ақмола облысынан –Ш.Қосшығұлов(молда) сайланды. Орыс халқы 4 депутат сайлады.Дума отырысында А. Бірімжанов сөз сөйлеп, қазақ елінің жерге байланысты шешілмей жатқан көп мәселелері бар екенін айтып, аграрлық мәселе бойынша құрылған комиссияның құрамына қазақ депутаттарынан өкіл енгізуді ұсынды. Қазақ депутаттары, сондай-ақ мұсылмандар фракциясы тарапынан аграрлық мәселеге байланысты даярланған тұжырымдаманы жазуға қатынасып, үкімет орындарына қазақ жеріне көшіп келгендерді орналастырумен айналысатын комиссиялардың заңсыз әрекеттеріне тыйым салу жөнінде сұрау салды. Бар болғаны 73 күн жұмыс жасап үкімет шешімімен таратылған I Думаның 182 депутаты наразылық танытып Выборг (Финляндия) Манифестіне қол қойды. Олардың арасында Ә. Бөкейханов та бар еді. Өз жұмысын 1907 жылы 20 ақпанда бастаған екінші Мемлекеттік Думаға Қазақстаннан 14 депутат сайланды. Соның ішінде қазақ халқынан 7 депутат: Орал облысынан заңгер Б. Қаратаев, Жетісу облысынан инженер М. Тынышпаев, Сырдария облысынан титулды кеңесші Б. Құлманов және Семей облысынан малшы Т. Нұрекенов, Торғай облысынан- сот тергеушісі А.Бірімжанов, Ақмола облысынан малшы Ш.Қосшығұлов және Сырдария облысынан малшы Т.Аллабергенов сайланды. Бұл аталған кісілердің ішінде үшеуінің жоғары білімі болды. Бұл Думаға орыс халқынан 7 депутат сайланды. Дума жұмысында қызу пікір тартысын тудырған тағы да аграрлық және қоныс аудару мәселесі болып шықты. Жергілікті халықтардың құқығы мен мүддесі ескерусіз қалғандығы айтылып, ешқандай да даярлықсыз жүргізіліп жатқан қоныс аудару саясаты өткір сынға алынды. Дума мәжілісінде сөйлеген депутат Б.Қаратаев. «130 000 помещиктің мүддесін қорғау үмітін» үкімет жерсіз орыс шаруаларына егіншілікке жарамды қазақ жерлерін тартып әперіп отырғандығын айтып, осы жағдайға байланысты зиялы орыс қауымынан қолдау күтетіндігін білдірді. Дума құрамында жер мәселесіне байланысты қазақ халқына жанашырлықпен қараған Волков 2-ші, Скалозубов, Дзюбинский, Виноградов, Мақсұдов, Жағыпаров сияқты депутаттар бар еді. Мәселен, Орынборлық депутат Т.И.Седелъников басқа сібірлік депутаттардың ұйымдастыруымен Ақмола, Семей облыстарындағы жергілікті халықтың жер тапшылығын көріп отырғандығын баяндаған 53 депутаттың қолы қойылған Мәлімдеме Дума төрағасына тапсырылды. Дегенмен Дума мүшелерінің талап-тілегіне қарамастан билік орындары тарапынан отарлау үдерісіне белгілі бір шектеу қоя алатындай құжат қабылданған жоқ. Ал 1907 жылы 3 маусымда үкімет қабылдаған заңда «көшпелі бұратаналар сайлауға қатыса алмайды» деп көрсетілді. III және IV Думаларға қазақ қоғамынан депутаттар сайланбады. Қазақ зиялыларының жаңадан қалыптаса бастаған орыс парламентіне артқан үміті ақталған жоқ. Сонымен бірге Дума жұмысына тікелей және мұсылман фракциясы арқылы қатынаса жүріп ұлт зиялылары саяси тәжірибе жинады, көздеген мұратқа жету үшін ауыр да ұзақ жолдан жүріп өту қажеттігін түсінді.