Қоғамда орталық биліктің атына арыз-тілектердің жазылуы туралы Қарқаралы петициясы мысалында келтіріңіз
XX ғасырдың бас кезінде қазақтар арасында петициялық қозғалыс елеулі түрде етек алды. Қазақ халқы өзінің өмірлік маңызы бар шұғыл проблемаларын петициялар жолдау арқылы шешуге тырысып көрді. Ол петицияларда жер, дін және халыққа білім беру саласындағы алуан турлі талаптар қойылды.
Қазақ халқының өз құқықтарын қорғау жолындағы күресінің өзіндік ерекшелігінің бірі алуан түрлі петициялар (өтініш-талаптар) жолдау болды. Ондай петициялар 1902-1907 жылдары жазылып, жоғары билік орындарына жолдана бастаған еді. Оларда қазақ халқын христиан дініне енгізу саясатын тоқтату, мұсылман оқу орындарын құруға қажетті жағдайлар жасау, молдалардың қызметіне кең жол ашу жөнінде нақты талаптар қойылды. Ондай алғашқы петициялар жолдаудың бастамашылары алғашқы кезде дін қызметкерлері болды. Уақыт өте келе жағдай өзгере түсті. Бірінші орыс революциясы жылдарында петициялар жазуды қазақ қоғамының сауатты, зиялы өкілдері өз қолдарына алды.
Петициялар уезд бастықтарына, әскери губернияларға, генералгубернаторлардың, Ішкі істер министріне, тіпті Ресей императоры II Николайдың атына да жолданды.
Петициялар Қазаннан, Оралдан, Лепсіден, Қарқаралыдан және басқа да жерлерден жөнелтіліп жатты.
Отаршыл өкімет билігінің атына жолданған ірі көлемді әрі мазмұнды петициялардың бірі Қарқаралы петициясы болды. 1905 жылдың маусымында Қарқаралы қаласына жақын жердегі Қоянды (Ботов) жәрмеңкесінде қазақ халқының атынан император II Николайға арналған петиция ұйымдастырылды. Оған Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінен халық арасында кеңінен танымал беделді 42 қазақ қол қойды. Кейінірек оған Семей және Ақмола облыстарының басқа да уездеріндегі қазақтар қосылды. Петиция Қарқаралы қаласынан жіберілген еді. Ол жерден 1905 жылғы 22 шілде күні жергілікті пошта-телеграф арқылы патшаның өз атына жолданды. Петицияны жазуға белгілі саяси қайраткерлер Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Ақбаев, Т. Нүрекенов, т.б. белсене ат салысты.
Қарқаралы петициясында өлкені әкімшілік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық және сот ісін қазақ тілінде жүргізуді заңды түрде бекіту, отаршыл аппарат шенеуніктерін қысқарту, жоғары билік органдары мен Мемлекеттік Думаға қазақ депутаттарын сайлауға қатыстыру талаптары қойылды. Онда мынадай жолдар бар еді: «Мал бағумен айналысқаны үшін қырғыздар сайлау құқығынан неге айырылуы тиіс? Сауда-саттықпен, егіншілікпен, балық аулаумен және басқа да кәсіптің түрлерімен айналысушылар сайлау құқығынан айырылып отырған жоқ қой!»
Мемлекеттік шенеуніктер жоғары билік орындарына талап-тілектер айтып, петиция жолдаушыларды барынша жек көрді. Мұны Семей облысы әскери губернаторынын Дала генерал-губернаторының атына 1905 жылғы 19 маусымда жазған хатынан көруге болады: «Кырғыздардың петиция жолдап, талап қоюларына жол беруге болмайды».
Қарқаралы петициясынын мәтіні Ресей патшасының атына ғана жолданып қойған жоқ. Петицияның көшірмелері «Сын Отечества» және «Русские ведомости» сияқты орталық газеттерде жариялануы үшін олардың редакцияларына да жіберілді.
Достарыңызбен бөлісу: |