XX ғасырдың басында Қазақ өлкесінде тау-кен өнеркәсібі даму үстінде болды. Өйткені, қазақ жерінің қазба байлығын игеруде жақсы жолға қойыла бастаған еді. 1902 жылы барлығы 18695 жұмысшы еңбек ететін 197 өндіріс орны жұмыс істеген. Тау-кен өндірісімен бірге өнім өңдейтін шағын кәсіпорындар жуйесі де қалыптаса бастады. Бұл кезеңде өлкеде 690 кәсіпорын болса, ал онда 7297 адам жұмыс істеген. XX ғасырдың ең ірі деген өндіріс орындарына Қарағанды кемір шахталары, Қазақ өлкесінің шығыс және орталық аудандарындағы түсті металлургия, Орал-Ембі мұнай өңдеу кәсіпорындары кірді. Ісжүзінде бұл өндіріс орындары шетел кәсіпкерлерінің, негізінен ағылшын, француз, американдықтардың қолында болды. «Спасск мыс кеніші» акционерлік қоғамының төрағасы ағылшын парламентінің мүшесі Артур Фелл, ал төрағаның орынбасары Франция президентінің жиені Эрнест Жан Карно болды. Орыстық-Азиялық деп аталатын Риддер мен Екібастұз кеніштерінің корпорациясы ағылшын компаниясының иелігіне беріліп, оған болашақ АҚШ президенті Герберт Гувер мен ағылшын қаржыгері Уркварт қаржы салды.
Қазақстандағы ХVІІІ-ХІХ ғасыр басындағы отаршылдыққа қарсы ұлттық қозғалыстардың мақсаты және ерекшеліктерін баяндаңыз
Ұлт-азаттық қозғалыс — отар елдерге тән тарихи құбылыс. Ұлт-азаттық қозғалыстың басты мақсаты — ұлтты езгіден азат ету, оның ұлттық мүддесін қорғайтын мемлекеттілігін қалпына келтіру және отаршылдық билікті жою арқылы ұлттық дербестікке қол жеткізу. Демек, ұлт-азаттық қозғалыс — отар халықтардың отарлық езгіге қарсы жалпы халықтық күресі. Оның басты мақсаты — ұлтты өзге мемлекеттің экономикалық, саяси және басқа езгісінен азат ету, елдің табиғи ұлттық мүддесін қорғауға қабілетті мемлекеттілігін қалпына келтіру. Отаршыл жүйені жою және отарсыздандыру шараларын іске асыру арқылы шынайы дербестікке қол жеткізу. Яғни, ұлт-азаттық қозғалыс дегеніміз — отарлық тәуелділіктегі халықтардың жат-жұрттық езгіге қарсы жалпыұлттық күресі. XVIII ғасырдағы қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық жолындағы күресі — Отан қорғау мақсатын көздеді. Елдің бір бөлігі жау қолында қалған жағдайда оны азат ету ісі жалпыұлттық міндетке айналды. Отан соғысы мен ұлт-азаттық қозғалыстың мақсаты ортақ — елдің мемлекеттік тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сыртқы қауіптен қорғау. Сондықтан бұл ұғымдар бір-біріне жақын, мазмұны жағынан өзара астасып жатыр.
Дегенмен ұлт-азаттық қозғалыстың мазмұны тереңірек. Ұлт-азаттық күрес қоғам өмірінің барлық салаларымен байланыста дамиды. Мұндай байланыстылық тек саясат пен экономикадан ғана байқалып қана қоймай, қоғамның мәдени-рухани жағын да қамтиды. Ұлт-азаттық қозғалыс — бұл ұлттық, әлеуметтік, экономикалық, саяси, діни, рухани қайшылықтардың түйіні. Демек, ұлт-азаттық қозғалыстар туралы жан-жақты шынайы тарихи контексте оқып-үйренуіміз қажет. Қазақ халқының төл тарихы революцияға дейін де, кеңестік дәуірде де отаршыл саясат, таптық идеология, еуроцентристік қағидалар тұрғысынан зерттелді. Отаршылдық дәуірде ұлт-азаттық күрестерге «бүлік» деген айдар тағылды. Ал оған қатысушылар «бүлікшілдер», «тонаушылар» аталды. Ресейдің империялық пиғылдарына қарсы, жалпы адамзаттың өркениет көшінде өз этносын сақтап қалу жолындағы халықтың азапты күресі жоққа шығарылды. Осылайша ұлт-азаттық қозғалыстардың толыққанды шынайы тарихына қатысты талай шындықтар бұрмаланды. Ұлт-азаттық қозғалыстардың туу себептері.
XVIII ғасырдың алғашқы жартысында қазақ қоғамының онсыз да ауыр жағдайын солтүстік-батыстан — башқұрттар мен Еділ қалмақтары, солтүстіктен — Сібір қазақтары, оңтүстіктен Қоқан және Хиуа хандықтары тарапынан төнген қауіп күрделендіре түсті.
Қазақ елінің халықаралық жағдайының шиеленісіне түсуі және ішкі ұлттық тұтастықтың болмауы Әбілқайыр бастаған саяси топтың Ресей империясының үкіметімен жақындасуына жол ашты. Бұл жағдай қазақ қоғамындағы саяси күштердің өзара алауыздығын тереңдете түсті.
Кіші жүзде өзара дүрдараз Әбілқайыр хан мен Батыр сұлтан билік жүргізсе, Орта жүзде Сәмеке мен Күшік хандар ресми хан саналғанымен, Барақ пен Әбілмәмбет сұлтандар да дербес билікті иемденді. Сәмеке мен Күшіктің билігі Ұлы жүздің бір бөлігіне де тарады. Олар өз кезегінде Жоңғарияға тәуелділікте болды. Ал Ұлы жүздің қалған бөлігінде Жолбарыс ханның билігі сақталды. Патша үкіметі қазақ билеушілерінің өзара алауыздығын шебер пайдаланып, әкімшілік және саяси шаралар арқылы батыс аудандарды отарлауын жеделдетті. Қазақ жерінің батыс бөлігі Ресей империясына іргелес орналасқан аймақ еді. Кіші жүздің бірінші болып Ресейге қосылуы мұнда, отарлық езгінің алғашқы ауыртпалығын да ала келді. Осыған байланысты Кіші жүз үнемі ұлт-азаттық қозғалыстың ошағына айналды.
XVIII ғасырдағы қазақ қоғамындағы билеуші топтардың арасындағы алауыздық 1748 жылы Әбілқайыр ханның өліміне әкелді. Бұл қазақ жүздерінің басын біріктіру мүмкіндігін әлсіретті. Әбілқайыр ханның орнына келген Нұралы ханның билігі енді Орта жүзге жүрмеді. Тіпті Кіші жүздің өзінде Әбілқайыр мұрагерлерінің жағдайы орнықты болмады. Нұралыны Кіші жүздің рубасылары түгелдей мойындаған жоқ.