Тарихы[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Мүсіндеме тарихы ертеден бастау алады. Алғашқы қауымдық құрылыс кезінде жауынгерлерді, балалы ананы бейнелейтін тас мүсіндер кеңінен тараса, біздің заманымыздан бұрын 8 – 2 ғасырларда дамыған “Аң стилі” ежелгі Мүсіндеменің көрнекті мысалы бола алады. Көктегі күш пен жердегі билеушілердің құдіретін бейнелеу үшін жасалынған Мүсіндеме ежелгі дәуірдегі өркениеттердің (Грекия, Рим, Ассирия, Вавилон) ажырамас бөлігіне айналды. Көлемдері өте үлкен, тылсым күшті сипаттаған және ғұрыптық бағыттағы Мүсіндеме тек құдай мен билеушілердің, жеке тұлғалардың, аңыздық кейіпкерлердің (Мирон, Скопас, Геркулес, Циклоп, тағы басқа) бейнесін жасауға бағытталды. Орта ғасырлардағы Мүсіндеменің негізгі бағыттары шіркеулерді, ғибадатханаларды көркемдеуге (Құдай ана ғибадатханасы, Париж; Буддистік шіркеулер, Үндістан) арналды. Қайта өркендеу дәуірінде, Мүсіндеме адамзаттың ерлікке, еркіндікке деген ұмтылысын, тұлғалық қасиеттерін, табиғат сұлулығын бейнеледі. Донателло, Микеланджело, Гужон, Пилон, тағы басқа туындылары соңғы орта ғасырларда және жаңа дәуірде Еуропаның көптеген қала-қамалдарының іші-сыртын көркемдеу үшін кеңінен қолданылды. 18 – 19 ғасырларда Мүсіндеме адам бейнелері мен ескерткіш тұрғызу бағытында дамыды. Оның құрамында, классик., примитивизм, кубизм (П.Пикассо), конструктивизм (Н.Певзнер), сюрреализм, абстракционизм, тағы басқа бағыттағы Мүсіндеме бар. Қазақстан жеріндегі Мүсіндеменің пайда болу тарихы 3000 жылға созылады. Ол палеолит дәуірінде пайда болып, сақтар мен Түрік қағанаты тұсында кеңінен дамыды. Ата-баба рухына сену, жер, су, от иелеріне табыну (Көк Тәңірі, Жер-Су иесі, өмай ана, балбал тас, тағы басқа) және исламдық сенім (құлпытас, қойтас; кесенедегі бейнелер) Мүсіндеменің көптүрлілігіне әкеліп соқты. Кеңес дәуіріндегі Мүсіндеме өкілдерінің (Б.Төлеков, Е.Сергебаев, Х. Наурызбаев, Б. Төленов, Т. Досмағамбетов, тағы басқа) еңбектері халық батырлары, еңбек ерлері және соғыс ардагерлерін бейнелеуге арналса, соңғы кезеңдегі Мүсіндеме бағыты әлемдік құндылықтар мен жергілікті салт-дәстүр ерекшеліктерімен ұштаса отырып дамып келеді (Е.Рахмадиев, Н.Далбай, Ш.Төлешев). Сонымен қатар Мүсіндеме әлемдік техника жетістіктерін, өткен мен бүгінгінің өзара үндестігін және дүниежүзіндегі Мүсіндеме саласындағы жетістіктерді бейнелеуге және халық мақтанышы: ақындар, батырлар, қоғам қайраткерлері мүсіндерін сомдауға бағытталған (Кенесары мүсіні, Астана, 2001; Мұқағали Мақатаев, Алматы, 2003; Әл-Фараби мүсіні; ҚазҰУ қалашығы, 2004, тағы басқа).