1.5 Халық болып қалыптасу үрдісі немесе этногенез мәселесі
«Төртеу түгел, төрт босаға сау, төрт түстік өңірі толы болса, төртүшкіл неғайбіл дүниенің құпиясы да, төбедегісі де біздікі» деп үн тастаған «Айыр қалпақ Майқы би» айтқандай, бүгінгі таңда көшпелі өркениет құбылысындағы этнос бітімін шешу барысында жан-жақты шежіре деректерін таным-талғамнан өткізу қажеттігі сұранып отыр. Қазақ халқының даму тарихы Еуразияның Орталық Азия көлемінде (ежелгі дәуірден) қалыптаса бастаған этникалық байланыспен сабақтастырған жөн. Тарихи әдебиетте қазақтың тегін сараптауда лингвистикалық және антропологиялық аспектілерін бөлшектеп, өзекті ретінде қарастырады. Әрине, ғылыми талдау болғандықтан, таным тәсілдерінің қолданатын жолдары әрқилы. Сондай-ақ, дамып отырған осы аймақта екі үрдісінде негіз бар. Ежелгі уақытта мекендеушілердің етене негізі - қазіргілердің генетикалық тегі мен жігіне сәйкес келеді. Осыған сауал ретінде Л.Н.Гумилевтың пікірін келтірейік: «Көшпелілер тарихты бізге ұқсамайтын...рудың шыққан тегінің шежіресі тәрізденіп...эталоны өлі ата-бабасы болған жолмен қабылдаған»,-дейді. Осы дәйек шынайы түрде көрініс тауып отыр. Мәселен, арий мен сақ дәстүрлерін бүгінгі күні қазақтың салт-дәстүрлері мен ырымдарынан байқауға болады. Келесі бір жерінде Л.Н.Гумилев: «Этникалық атаудың екі мағынасы болады: этникалық топтың тікелей өз аты және белгілі бір мәдени немесе саяси комплексті құрайтын тайпалар тобының жинақталған аты»,-деді. Рашид ад-дин мұны да атап өткен болатын: «Әрқайсысының дербес аты болса да моңғолдардың даңқын өздеріне телігісі келіп, өздерін моңғолдар деп атаған наймандар, жалайырлар, керейттер, тағы басқа тайпалар сияқты , көптеген рулар ұлылық пен қадір-қасиет іздеп, өздерін татарлар тегіне жатқызып, солардың атымен белгілі болған»,-дейді. Сонда - Арий, Сақ, Үйсін, Қаңлы, Ғұн, Түрік, Моңғол, Қазақ аттары дәуірдің саяси және т.б. құбылыстарына байланысты болған жинақталған атау десек, шыққан тегі бір болған «ырыздық жанталасы» кезінде жалғыз халықтың басынан кешірген әрқилы оқиғалардың қорыту түзетулері дейміз. «Осы сөздің жаны бар» дегендей, жан ағарту бағытын ілгеріден бастайық.
Адамның жаратылысы жайлы бірнеше ілімнің бар екендігі баршаға мәлім, олар: космологиялық негіз болатын ілім, діни, ғылыми және т.б. Әрқайсысына тоқталмай, діни ілімін талдап көрелік. Адам-ата мен Хауа-ана мың жасап 400 үрім-бұтақ таратыпты. Көне кездегі «топан судан» аман қалған «Үлкен көш» - Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауында паналапты. Адамзаттың қайта туу дәуірін өрістетіп, тірі қалған Сам мен Шам ұрпағынан Ірфихшид, Халиғ, Ірғон, Асух, Ахур, Саурух, Ярух және Ибраһим тарайды. Адам-ата мен Хауа-ана тұрған баққа тағзым еткен Ибраһим пайғамбардан төрт ұл: Смағил кіндігі – арабтар, Хайдар кіндігі – еуропалықтар, Хамид кіндігі – ұлы моғолдар, Соломон кіндігі – еврейлер тарайды. Соломонның Меңсұлу қызымен шаңырақ көтерген Әннес Хамидұлы сахабадан үш қыз және бір ұл Мұңлығұл тарайды. Мұңлығұл атамыздың бес әйелінен тараған 92 баулы еліміз осы. Халқымыздың шежіресінен айтылатын «бесенеден белгілі» дейтін танымдылығы содан. Құнанбай Өскенбайұлы қажылық жолында жүргенде, кімсің сұрағына: «Біз қазақпыз, кәззап атанған Әннес сахабаның нәсіліміз. Құдай жолы құлымыз, Мұхаммед үмбетіміз. Құлшылық парымызды өтейік. Қағбаға тағзым етіп, бір Жаратушыға жүгінушіміз»,-деп жауап беріпті. Сондағы қазіргі қазақ хандығы атанған 6000 жылдық тарихы бар хандықтар күйреп, қайта құрылған хандық жұрнағы.
Қазақ елінің тегін «Алаш» сөзі мен «Шумер» өркениетімен байланыстырған О. Сүлейменов лингвистикалық тәсілді қолдана отырып дәлелдеген еді, осы шеруді Қорқыт атаның толғауынан байқауға болады: «Сыбай ұлы жалғызбын, Тауға біткен жалбызбын, Мені де баурай күнатып, Алты Алаштың Қорқытымын». Тарих әдебиетінде Алаш сөзі жайлы қозғалған мәселелер көп болса да, соның дәйектісі жылқы жануарын қолға үйрету мен көшпелі тұрмыстың негізін қалайтын бірқатар элементтерге байланысты. Олар қазақтар үшін қасиетті «алаш» ұғымынан көрініс табады. М.Ж.Көпеев қазақ халқының пайда болуын аты аңызға айналған қазақтардың алғашқы ұрпағы - Алаша ханмен байланыстырады. Ол: «Алаша хан үш жүз жігіт пен он үш дана ақсақалды бастап, Ұлытау жазығында Қазақ мемлекетін кұрды. Жүздердің қолбасшылары Үйсін, Арғын және Алшын батырлар Алаша ханды ақ киізге салып, Ұлытау шыңына көтеріпті»,- деп, шежіресін қорытады. Қазіргі уақытта алаш ұғымы елдік және ұлттық бірліктің негізі ретінде қолданылған ұран екені белгілі. Мифологиялық қанатты аттың бейнесі – «алаша» бастау алса, «алаша аттан» - төрткүл дүниені дүр сілкіндірген көшпеліліктің ұраны шығады.
Қазақ елінің шыққан тегі, этногенетикалық үрдістің басы - алғашқы қауым дәуірінен басталады. Еуразияның Орталық Азия көлемінде болған этникалық үрдіс әр кезеңдерде саяси қауымдастықтардың тарихи түрде көшпелі өркениетті, яғни мал өсіру мен отырықшы егіншілікті, қала мәдениеті мен шаруашылық түрлерінің өзара байланысын және қоғамдық қатынастардағы озық өзгерістерін дамытты. Қазіргі Қазақстан, Сібір және Орта Азия жерлерінде дамыған андронов мәдениеті номада негізін қалады. Олардың мұрагерлері болып ерте темір ғасырында скиф-сақ мәдени ошағы орын басады. Үйсін, Қаңлы, Сармат, Кушан, Ғұн кезеңі бір әулет қоластында біріктіретін, ел атауына сәйкес келетін ерте мемлекеттік бірлестіктер мен империялық басқару жүйесініің алғы шарттарын жаратты. Қола мен ерте темір дәуірлеріндегі шаруашылық, мәдени дәстүрлердің этникалық дамуы мен лингвистикалық жақындастықтар, кейінгі тайпа мен тайпа одақтарының, сондай-ақ қазақ халқының да мәдени-тарихи қауымдастықтарының қалыптасу процесінде - археология, этнология, этнография, топонимика, палеоантропология жүргізген зерттеу қорытындылары - ата-бабалық негіз пайда болғанын куәлендіреді. Ұлы Даланың этникалық процестегі шешуші кезеңі бірінші мыңжылдықтың орта кезіне тура келеді. Жаңа әлеуметтік (империялық) қатынастың құрылуы - Түрік дәуірін, яғни жалпытүріктік этникалық сана-сезімнің – түріктік (ұлттық) тіл мен идеологияның қалыптасуымен аяқталады. Сапалық жағынан өзгеріс енгізген моңғол дәуірі көшпелі өркениет тарихын қанат серпінінен өткізеді, түрік елін соңғы рет біріктірген шыңғыздықтар әулеті аса маңызды факторларға жол ашады. Бірақ, сырттан келген саяси себеп пен іштегі тартыс түрік елінің бөлшектеніп, дараланған мемлекеттік құрылымдардың пайда болуына жағдай жасайды. Сөйтіп, осының салдарынан саяси түрде Қазақ хандығы қалыптасады, ал оның негізін құрған алаш тайпалары қазақ атауын қабылдайды.
Қытайдан оралып келген Зәкенұлы Тұрсынхан Қазақстан оқырмандарын қытайдың ғалымы Су Бэйхайдың «Қазақтың тұтас тарихы» деп аталатын төрт томнан тұратын еңбегімен таныстырды. Еңбегін бағалай келіп: «бұрынғы қасаң көзқарастарынан шыққан, қазаққа тиесілі түйінді мәселелер жан-жақты зерттелген»,-деп жоғары баға береді. Автордың ұсынған дәйектері бойынша қазақтардың түп-төркіні - Хан патшалығы дәуіріндегі үйсіндер – қазақ халқының ұлт болып қалыптасуындағы негізгі этникалық арнасы және ұйытқысы болады, Қазақ ұлты ХV ғасырда емес, б.д.д. ІІ ғасырда қалыптасқан деген пікірді жан-жақтылы дәлелдеді. Тарихтағы үйсін, қаңлы, қыпшақ ұлыстары қазақ халқын қалыптастырған негізгі этникалық тұлғалар ретінде бастан-аяқ қазақ даласында билік құрған. Ал ғұн, түрік, қарақидан, моңғол тектес этникалық топтар мен ұлыстар билеп төстегенімен, әлдеқашан қалыптасқан қазақтың ұлттық құрамына сіңісіп бөгделенуге ұшырап кетті,- дейді. Шыңғыс жорығы қазақ даласындағы көптеген ұлттар мен ұлыстардың өзара бірігіп, өз алдына ірі ұлттық құрамдарға жіктелуіне оңды ықпал етті. Моңғол әулеті билеген дәуірдегі қазақтардың Қытай мәдениетіне қосқан үлесін айырықша бағалайды. Солардың өкілі ретінде Ханбалыққа (Пекин) дейін барып өз шығармаларын қытай тілінде жазған Төте, Темірташ, Тайбұқа, Найсан, Қаңлы Сисан тектес тарихшы, ақын, хаткер, музыканттарды бір-бірлеп таныстырады, әрі оларды қазақ халқының төл перзенттері ретінде дәлелдейді. Әрине, Су Бэйхайдың «Қазақтың тұтас тарихы» еңбегі – қазақ тарихнамасына қосылған ғылыми құндылыққа ие бағалы байлық дейміз. Сондықтан бұл еңбекті қолдана отырып зерттеп, ғылыми айналысқа енгізудің мән-маңызы ерекше. Сөйтіп, халық болып қалыптасу үрдісін қорытып айтылатын түйін мына мәндерге ие:
1. Қазақстанның ежелгі тұрғындары Еуразиялық аймақта мекен құрды. Антропологиялық сипаты еуропа нәсілдік дала түрі болды. Тарихи көзқараста әзірше тұрақталған лингвистикалық сипаты үндіеуропалық үйелменің ежелгі иран тармағына кіреді. Бірақ кейінгі зерттеулер әуел бастан тіл тармағы түркілік болды деген дәйектер көрініс тапты.
2. Ең көне өркениеттің тұрғындары кейініректегі антропологиялық жұрттың құрылуының басты өзегі болып қала берді. Жергілікті ұрпақтың антропологиялық негізі өткен кезеңмен генетикалық байланысы үзілмеді.
3. Тарихи даму мен жағрафиялық жағдайына байланысты біздің заманымыздың І мыңжылдығында Шығыс пен Батыс арасындағы көпірлік рөлі - қоныс аударулар орталығына айналдырады. Енді оның генофонына шығыстық сипат қосыла бастайды.
4. Қазіргі қазақтарға тән кейіп ХІV-ХV ғасырларда екі нәсілдің – тұрақты еуропеоидтық және кейін қосылған моңғолоидтық нәсілдердің далалық түрі қалыптасты.
Достарыңызбен бөлісу: |