1.7 Қала мәдениеті
Төл тарихымыздың қырық қатпарлы қыртысын бойына бүгіп жатқан жәдігерлігіміздің бірі – көне қалалар. Бірақ мән берілмеудің салдарынан сан жылдар бойы бұл көкейкесті мәселе теріс түсіндірілді. Сол себепті қазақ халқының көшпенді тіршілікпен қатар отырықшы шаруашылық түрлерімен шұғылданған, соның ішінде сәулет – құрылыс кәсібімен айналысқаны айтылмады. Ал грек, француз жиһанкездері қолжазбаларына жүгінсек, архивтік материалдарды ақтарып, археологиялық қазба мұрағаттарымен таныссақ, туған топырағымызда тұрақтап тұрған халық қолымен салынған қалалардың аз болмағанын білеміз. Бірақ біразының аты мүлдем өзгертіліп, не орфоэпиялық өзгеріске ұшырағандықтан қазақ халқына қатысы жоқтай көрінді. Бұл қалалар қазақ халқына қатысы жоқ деуші тарихшылар да табылады. Мұндай бұрмалаудың бір кезде академик Әлкей Марғұлан, профессор Уахит Шәлекенов бетін қайырғанды.
Қазақ құрылыс өнерінің қарашаңырағы – киіз үй. Оның сән-салтанатын жатжұрттық жиһанкездер жоғары бағалаған. Атақты Рим империясының ақшаңқай сарайында тәрбиеленген Менандр Протитер қазақтың он екі қанат киіз үйін көргенде Европадағы мәрмәр сарайды да қорашсынатынын жасырмаған. 1253-1255 жылдары қазақ даласын басып өткен француз елшісі Рубрук киіз үйлерді арту үшін арбаға 22 өгізге дейін жегілгенін тілге тиек етеді. Қытай ақыны Бо-Цзюн-Иди (772-846 ж.ж.) киіз үйдің сұлулығын тамаша өлеңмен суреттеген. Содан болса керек, қадым заманнан ХІХ ғасыр аралығында ел аумағында салынған 25 мыңға тарта мәдени ескерткіштер бітім табиғатында киіз үйге, оның уық, шаңырағына ұқсас келеді.
Қазақ даласында құрылыс өнерінің thnt ғасырда-ақ кең қанат жайғаны, солардың тұрақтап тұрған халық қолымен салынғаны, жойқын жау жорығынан жермен жексен болғаны белгілі. Араб географы Әл-Макдиси оныншы ғасырдың өзінде Қазақстанның аумағында 200-ден астам қала барын баяндаған.
Ортағасырлық отырықшы мәдениеттің ошағына айналған қала – Баласағұн. Оның алтыншы ғасырда іргесі қаланып, түркі тектес тайпалардың орталығы болғаны белгілі. Бірақ қала тыныштығын 1212 жылғы қара қытайлар шабуылы бұзады. Қала халқы жаумен 12 күн бойы айқасады. Күші басым қарақытайлар баласағұндықтарды тізе бүктіреді. Тұрғындардың дүние мүлкін үш күн тонайды. Қарақытайдан бас көтеріп, қарсылық көрсетеді - ау деген 47 мың азаматын қырады. Соған қарамастан қаһарман халық мәдениет ошақтарын қорғап қалған. Қалада жұма намазы оқылатын қырыққа жуық үлкен мешіт, күнделікті құдайға тәубелік ететін екі жүздей кіші мешіт болған, он медресе орналасқан. Жалпы Талас, Шу өзендерінің атырабы тоғызыншы ғасырда–ақ ісләм дініне еніп, түрік тілінде сөйлеген, төл жазулары болған. Қала жетпіс шаршы шақырым аумақты алып жатқан. Шаһар сыртынан сегіз-он метрлік ендікте канал қазылып, онымен су келтірілген. Қалаға кіретін бірнеше қақпалар (дарбазалар) болған. Осынай үлкен тіршілік орталығы мән бермеудің салдарынан 700 жылдан астам уақыт бедерінде Ақтөбе атанып, жамағат жадында үлкенді – кішілі төбе түрінде сақталады. Соңғы жиырма жылға жуық мерзімде археолог – ғалымдарымыздың үздіксіз ізденісі нәтижесінде төл атын қайта иемденіп, Жібек жолы бойындағы туристер тамашалайтын елуден астам қаланың қатарына қосылды. Енді тарихи қорық ұйымдастырса тіптен жақсы болар еді. Оған мүмкіндік те бар тәрізді.
Ортағасырлық отырықшы мәдениеттің ошағына айналған үлкенді – кішілі қалалар қатарына Шу да жатады. Шу – тайпа басының есімін иемденген шаһар. Александр Македонский біздің жыл санауымызға дейінгі 356-323 жылдар шеңберінде атой салып Самарқанды алған соң Жетісудағы түрік тайпаларын бағындыруға бел буады. Бас салып Шу қаласына шабуылға шығады. Бірақ шабуыл сәтсіздікпен аяқталады. Себебі, ел шетіне жау тигенде қала тұрғындары түгелдей атқа қонады, туған қаласын қорғап қалады. Парсы патшасы Кирдің де жойқын жорығын тойтарады. Арамза пиғылды патша Шу топырағында жан тапсырады. Оның жаугерлігін жалғастыруға бел буған І-Дарийдің де демі осында таусылады.
Кезінде аты әлем халқының назарына іліккен ірі шаһар – Тараз. Ол туралы ең алғашқы жазба дерек 568 жылы осы жерде болған түрік қағаны Дизабулмен жүздескен Византия елшісі Зимархтың күнделігінде кездеседі. Сол кезде түрік қағанаты құлашын кеңге жайып, сонау Алтай, Монғолияның батыс бөктері, Кавказ қыраттарына дейінгі кең аймақты алып жатқаны белгілі. Содан алпыс екі жыл өткен соң, яғни, 630 жылы Қытайдың Сюань Цзинь жиһанкезі аталмыш шаһарда болғанын аумағы 2,5 – 2,7 шақырымды (қазіргі есеп бойынша) алып жатқанын, сауда–саттығы дамығанын хабарлайды. Халықтың тұрмыстық қажетін өтейтін монша, қоғамдық үйлер қаланың терістігінен орын тепкенін, түстік бетіне мешіт, медресе, ақша соғатын үй, датқаның салтанатты сарайлары бой көтергенін баяндаған. Қыштан жасалған су құбырлары барлығына қарағанда, халықтың тұрмыс қажетін өтеу жақсы жолға қойылғаны байқалады. Су шығыршық арқылы алынып әрі қарай көлбеу орналасқан құбырлар арқылы тұтынушылар тұрағына таратылған.
Үстімен Жібек жолы өтіп, тоғыз тарау сауда орталығына айналған қала – Талас. Сол кезде мұнда ғұндар билік құрады. Алайда айлакер қытай басшылары ғұн мемлекетін құлатуды көздейді, тұрғылықты тайпалар арасына іріткі салады. Сол арқылы ғұн мемлекетінің іштей ыдырауына қолы жетеді. Арамза әрекеті іске асқан соң көп әскер жіберіп, елге ойран салады. Сонда да қаймықпаған қала халқы мен ғұн әскерлері өз астанасын жан аямай қорғайды. Қала мұнараларынан жау жендеттеріне оқ жаудырады. Бірақ күші басым қытайлықтар қалаға баса көктеп кіреді, халқын қырады, әсем ғимараттарын қиратады. Ғұн патшасы Чжичже сарайының күлін көкке ұшыратады. Оның басын императорға табыс ету үшін Қытайға кері алып келеді. Жетісу жеріндегі сол кездегі сұлу қала Талас тағдыры осылай аянышты аяқталады. Сол кездің оқиғаларын бейнелейтін суреттер әлі күнге Қытай мұражайында сақтаулы.
Келесі бір жәдігерлік – түрік әлемінің ұлы ойшылы Қожа Ахмет Яссауидің кіндік қаны тамған қасиетті топырақ Испиджаб қаласы. Ол – 702-756 жылдары өмір сүрген Түргеш мемлекетінің ірі сауда және мәдени орталығы. Араб қолбасшысы Күтейба 714 жылы жойқын жорықпен Шашты (Ташкентті) жаулап алған соң, Испиджабқа (Сайрамға) шабуыл жасайды. Бірақ халықтың күшті қарсылығын кездестіріп, кері шегінеді. Қала билеушісі Қадырхан қаған атағын алады. Қала 240 жылы Саманилер шабулына ұшырап, сол ұрыста жау қаланы басып алып, айнала қорған салдырады. Сол кезде Испиджаб үлкен кеңістікті алып жатқан (шекарасыз солтүстік батыста Сауранға дейін. Шығыста Таласқа дейін созылған) шаһар еді. ХІІІ ғасырда Жібек жолының үлкен тармағына кіреді, теңге сарайы салынады.
ХІІ-ХVІІ ғасырлардағы қазақ халқының тарихынан тереңірек мәлімет алмақ болсақ, Сығанақ қаласын іздейміз. Ол - қазақ мәдениетінің дәуірлер тұсы Ақ Орданың астанасы. Қала әубаста шағын бекініс, керуен сарай ретінде салынған. Кейіннен қалаға айналып, халқы көбейіп, мешіт, хан сарайы салынған, базары болған. Кезінде Жошы әулетінің астанасына айналады, онда қыпшақ хандарының құрылтайы өткізіледі. Сауда-саттығы күшейеді. Орта Азия тарихшысы Ибн Халдунның жазбасында Сығанақ базарына тәулігіне 500 түйе жүк тауар түсіріліп, сатылған. Шартараптан керуендер келген. Қысқасы мұңғылдар келмес бұрын гүлденген қала болған. Соңғы жауынгерлері қалғанша жаумен жеті күн бойы айқасады. Алайда, күші басым Шыңғысхан түмендері қалаға басып кіреді, халқын азаптайды, ғимараттарын талқандайды. Кейіннен Жәнібек хан билік құрған кезде қираған қала қалпына келтіріледі, ал Ерзен хан Сығанақта сәулетті құрылыстар салғызады.
Біздің заманымыздың бірінші ғасырында Арыс өзенінің Сырға құяр сағасында іргесі қаланған көне қала – Отырар. Әуелі ені 1-1,2 , биіктігі – 0,3-0,5 метрлік шағын үш бөлмелі мекен жайлар ретінде (қалған бөлігі жер астында) қабырғасы көтеріледі. Жергілікті халықтың құрылыс салудағы шеберліктерін шыңдай түсуі нәтижесінде тоғызыншы ғасырда Отырар - Фараб (қала) дәрежесіне дейін көтеріледі. Қаланың берік қамалы, аспалы көпірлері мен жабдықталған қақпалары болған. Қаланың шет аймақтарына қыштан жасалған құбырлар арқылы су жүргізіледі. Көпшілікке арналған бірнеше монша болған. Археологтар сонда екі моншаның орнын ашып алды. Қалада нәжіс тарайтын жүйенің болуы, тандыр пештер барлығы көп нәрсені аңғартады.
Ортағасырлық қала құрылысының сәулет өнерінің теңдесі жоқ туындысы – Түркістан қаласы қасындағы Қожа Ахмет Иассауи ғимараты. Бұл құрылыстың өн бойынан бүкіл ортағасырлық құрылыс өнерінің жетістіктері айқын аңғарылады. Ол күрделі порталды – күмбезді құрылыс. Жамағатқана күмбезінің биіктігі 37,5 метр. Ғимараттың орталық залының төңірегінде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме бар. Орталық зал – қазандық төбесі жалаң қабат күмбезбен көмкерілген төрт бұрышты бөлме. Қазандық күмбезі сегіз қырлы діңгек үстіндегі паруазды желкенге табан тірейді. Қазандық бөлмесінің ортасында 60 шелек су сиятын, салмағы екі тонналық қазан бар. Қазанда қант қосылған су толы тұрады да мұны мешіт қызметшілері жұма намазы аяқталғаннан кейін емдік қасиеті бар ішімдік ретінде діндәрлерге үлестіріп береді. Кезінде қазан тұсында жылқының қыл құйрығы тағылған ту тұрған. Тудың жартылай бейнесі және араб жазуларымен өрнектелген мұрағасы болған. Қазандықтан басқа бөлмелерге қарай қос қатарлы сегіз дәліз тарайды. Оның алтауы - өтпелі де, екеуі - тұйық. Биіктігі қос қабатты үйдей дәліздер бүкіл кешенді өзалдына дербес бөліктерге бөледі. Бүкіл кешенді сегіз түрлі бөліктерге бөлу арқылы жасалған жүйенің қарапайымдылығы мен дәлдігі ғана ғимаратты ірге топырағы қатты ылғалданған кезде де құлаудан сақтап қалғанын қазіргі құрылысшылар анықтап отыр. Алайда, кешенді қиратуды көздеп, патшалы Ресейдің генерал Черняев бастаған әскер тобы Түркістан қаласына неше дүркін зеңбіректен оқ жаудырған кезде Қожа Ахмет Иассауи ғимараты 11 жерден зақымдалады. Оны қалпына келтіруге мұсылман қауымынан 1907 жылы жәрдем жиналады. Бұл көмек те айтарлықтай нәтиже бермейді. 1910 жылы шайқылар ұйымы жинаған 12 мың сомға сәулет ғимаратының төбесі мен қабырғаларының бір бөлігіне ғана азды-көпті жөндеу жүгізіліпті. Сонан кейінгі қомақты жұмыс – 1992 жылы Түрік мемлекеті 54 миллион доллар көмек көрсетіп, сапалы жөндеу жүргізілді. Биыл сол сәулет ғимараты атақты бабамыз Қожа Ахмет Иассауидің 900 жылдық торқалы тойына қарсы өзінің бір кездегі кереметтей көзтартарлық сән-салтанатында қалпына келтіріліп, түрік әлемі халықтарын қуантты.
Сарыарқа жеріндегі жауһар жәдігерліктің бірі – Жошыхан мазары. Бұл көне заман ескерткіші – қалқалы-күмбезді құрылысқа жатады. Қабырғасы біркелкі күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған. Мазардың жанында күмбезден, қалқадан құлап түскен кірпіш сынықтары шашылып жатыр. Сынықтарына зер салғанда ашық жылы түсті, қызғылт қоңыр болып бабымен күйдірілгені көрінеді. Осы кезге дейін алғашқы өңін жоғалтпай тұруы, оның құрамын ұсақ қиыршық құмнан, түрлі тұждардан және басқа да қоспалардан арылтып, арнайы дайындалғанын аңғартады. Ғасырлар бойы жел өтінде, күн көзінде тұрған кірпіштер жаздың аптап ыстығы, қыстың қақаған аязы әсерінен өрмекші торындай болмашы шытынай жарылғаны байқалады. Бірақ әлі өңі таймаған, бояуы қанық, әдемі көгілдір жасыл түсті. Құрылыстың сырт көрінісінің ерекше әсемдігін тас қалау шеберлері де ширата түскен. Ол - мазар қабырғасының жоғары қарай тартыла өрілуі.
Ортағасырлық қалалар жайлы әңгіме өрбіткенде Атырау қаласының терістігінде Жайық жағасында бой көтеріп, бұдан тоғыз ғасыр бұрын іргесі қаланған Сарайшық қаласы жайлы айтпай кету әбестік болар. Бұл қала – кезінде аты әлемге әйгілі болған Алтын Орда мемлекетінің астанасы. Сарайшық Евразияны жалғастырған керуен жолдың бойында орналасып, аса зор сауда – саттық қызмет атқарған. Сол кезде Сарайшықта шаруашылық пен мәдениет дамыған; қыштан жасалған ыдыстар, пышақ, айна, күміс теңгелер, білезік, сырға сияқты әсемдік бұйымдар болғаны археологиялық қазбалар арқылы анықталып отыр. Иван Грозный 1578 жылы жалдамалы казактарды жіберіп, бұлш жерді жаулап алады. Алтын Орда күйреп, Сарайшық енді казактар билігі орнаған патша бекінісіне айналады. Отарлық озбырлыққа қарсы күрескендер қала түрмесіне отырғызылады.
Сол ғасырлар тоғысында іргетасы қаланған қалалар біздің заманымызға тұнжыраған тас, төмпешік төбе, үйінді топырақ, қазылған ор, құлаған үй қабырғасы қалпында келіп жетті. Сол тұнып тұрған тарихи мұрағаттарға зор мән беріп, сырын түсінуге тырысуымыз керек. Себебі, қазақтың киіз үйі, тіркеспе қыстауы, тоқал тамы, қоржын үйі – біз үшін ескінің ескерткіші ғана емес, теңдесі жоқ тәрбие құралы, ұлттық мақтаныш айғағы. Оларды танып, тарихын зерттеу арқылы ата–бабаларымыздың өткендегі өміріне, тұрмыс–салтына, күн көрісіне, өндіргіш күштеріне, құрылыс салу мәдениетіне, әлеуметтік қарым-қатынастарына ілтипатымыз арта түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |