1) Дедуктивті ойлау Пайымдаулар – субъект пен предикаттан тұратын сөйлемдер: «Ит мазасызданып тұр». Бұл жерде субъект – біз не туралы айтып тұрсақ сол: яғни «ит». Ал предикат – субъект туралы айтып тұрғанымыздың мәні: «мазасызданып тұр». Пайымдаулар белгілі бір формаларды қабылдауға тиіс: бір категорияға кіретін ұғымдар басқа категорияға да кіре алады (немесе кіре алмайды). Мысалы, «ит» категориясына жататын әлгі хайуан «мазасызданушылар» категориясына да жатады.
2) Индуктивті ойлау Ойлаудың индуктивті әдісі ықтимал қорытындыларды баяндауға бағытталған. Әрі қарай осы ықтимал қорытындылардан оларды да іс жүзінде тексеруге болатын басқа қорытындылар жасалуы мүмкін. Аристотель индуктивті ойлауды дамытқан жоқ. Фрэнсис Бэкон (1561-1626) мен Джон Стюарт Милльдің (1806-1873) еңбектерін біраз уақыт күтуге тура келді. Алғашқы кезден бастап-ақ тіл теориясының қалыптасуы логика-философиялық ұстанымдардың дәйектелуімен тығыз байланысты болды. Адамзат жаратылысының ерекше құралы болып табылатын тіл ойлау, пайымдау әрекеттерінің нәтижесін құрайтындықтан, оның табиғатын, қызметін анықтау міндеттері де өз бастауын танымдық ғылымдардан алды. Өзге ізденістер қатарында тілдік фактілер де сатылы дамудың көрсеткіші ретінде айқындалып, ғылыми нақтылауға дейін логикалық болжамдар мен уәждемелер тізбегін құрды.
«Логика» деген ұғымның бастапқы қолданысы да «logos» - ойдың сөз арқылы көрініс табуы сынды мағынаны білдірген екен, сол себепті К.Аханов та кезінде логика ғылымын оқып білу адамның ойлау мәдениетін арттыратыны сияқты, тіл білімін оқып білу адамның сөйлеу мәдениеті мен жазу мәдениетін арттырады, ой өрісін кеңейтеді. Ойлауды және оның заңдарын жете білу үшін логика ғылымы қаншалықты маңызды болса, тілді және оның заңдары мен қағидаларын жете білу үшін тіл білімі де соншалықты маңызды деген құнды қорытынды жасады. Ежелгі дәуір пәлсапасынан бастап өрбіген тіл мен ойлау арақатынасы, бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпаған логикалық және тілдік құрылымдар сияқты мәселелер терең танымның, бақылау мен пайымның негізінде дүниеге келді. Грек пәлсапасында тілдің өзі адам ойын сыртқа шығаратын қасиетіне орай сана мен қоршаған дүние байланысын сабақтастырушы құбылыс деп танылды. Ойшылдар зат пен оның атауы арасындағы байланыстың негізінде адамның сөйлеу мен ойлау әрекеттерін, олардың құрылымдық өзгешеліктерін айқындауға тырысты. Соның нәтижесінде пайда болған пайымдау теориясы сөйлем табиғатының шындықты бейнелер ерекшелігін зерделеуге бағыттала отырып, синкретті логика-лингвистикалық терминдерді қолданумен көзге түсті. Айталық, жоғарыда келтірілген «logos» сөзінің астарында сөйлеу, ойлау, пайымдау ұғымдары қатар берілді немесе «onoma» - атау мағынасында әрі зат есім нысаны ретінде, әрі логикада субъект есебінде қарастырылды; ал «rema» сөз табы мен сөйлем мүшелерін қатар білдірді.
Демек, тілдік категориялардың қалыптасу үдерісі логикалық бірліктермен үйлесімді сәйкестікте жүзеге асып отырды.
Қазір логика ілімі адамзаттың ойлау әрекетін сипаттау формалар мен заңдылықтар жүйесін айғақтайтын пәлсапалық, танымдық ғылымдар қатарында қарастырылып келеді. Логика ойлауды оның функциялары мен құрылымы, оны құрайтын элементтері, яғни түрлі формалары, сондай-ақ, олардың арасындағы байланыстар мен қатынастар тұрғысынан қарастырады. Ендеше, логика – дұрыс ойлау заңдары мен формалары туралы философиялық ғылым, - деп аталғандай, оның негізгі мәселелерін ойлау заңдылықтары мен пішіндері; ұғым мен пайымдау негіздері; ой қорыту принциптері, яғни М.Серғалиевтің пікіріне жүгінер болсақ, ойдың қайшылыққа ұрынбауы құрайды, сондықтан тілтанымның логикаға негізделген тұжырымдары да дедуктивті ізденістердің индуктивті зерттеулерге ұласуынан, жалпыдан жалқыға қарай және, керісінше, жалқыдан жалпыға жылжу, ауысу нормаларынан туындайды. Таным, соның ішінде тілдік таным, адам табиғатының басты көрсеткіштерінің бірі. Ол логикалық заңдарға бағынған ойлау әрекетінің ажырамас бөлшегі, философиялық пайымға негізделген сана әрекеті, қоршаған әлемнің сана мен жадыдағы көрінісі әрі қоры болып табылатындықтан, тіл теориясының танымдық негіздерін ойлау мен пайымдау формаларынан бөлек талдауға болмайды. Ойлау танымның негізін құрайтын, шынайы болмыстың көрініс табатын ең жоғарғы формасы, субъектіге заттар мен құбылыстардың байланысын танытушы әрі жаңа шығармашылық идеяларды дүниеге әкелуші құрал деп анықталады. Демек, oйлау формасы немесе логикалық форма дегеніміз – бұл ой құрылымы мен оның элементтері байланысының амалы болып табылады. Оның негізгі түрлерін ұғым, пайымдау, ой тұжырымы құрайды. Олай болса, ғылыми тұжырымдардың іргетасын қалайтын ой, таным, пайым мәселелерінің бірлігі адамның қоғамда өсуін де, өркендеп дамуын да саралайды. Адам танымдық үдерістер арқылы өзін қоршаған дүние мен заттар, құбылыстар мен ұғымдар туралы, олардың өзіндік белгілері мен қасиеттері хақында пікір-болжамдар қалыптастыра алатындықтан, оларды қарастырған кезде ой белгілі құбылыстар мен оқиғалардан олардың әлі байқалмаған, бірақ ықтимал болар себептеріне, даму заңдылықтарының реттілігіне қарай жүреді. Ғылыми-теориялық ұстанымдардың негізінде екі амал-тәсілден туындайтын көзқарастар жатыр деп есептелінеді. Оларды В.И. Постовалова: «логикаға негізделген не болмаса «солай болу керек» деген ой қорытындысынан бастау алатын түйіндер. Концептуалды дәйектелген немесе белгілі бір теориялық тұжырымдармен нақтыланған пікірлер», - деп топтайды. Автор әр тұжырымды өз алдына жеке емес, тығыз байланыста, ажырамас тұтастықта қарастыру керектігіне де баса назар аударады. Ол «логикалық пікірлер ғылыми ұстанымдардың алғашқы сатысын да құрауы мүмкін, оған бір пайымнан туындаған бірнеше қағидаларды келтіруге болады», - деп атап көрсетеді. Әр адамның өзіндік бақылау, ойлау, қорыту қабілеттері боларын ескерсек, олардың жинақтайтын тәжірибелері де, дүниетанымдары да, ой-түйіндері де бірдей бола бермейді. Қабылдау мен танымның әр түрлі деңгейлері әр келкі болжамдардың жасалуына, абстарктылы да нақты ойлау түрлерінің дамуына септігін тигізеді, соның ішінде О.Н. Лагута дедуктивті–индуктивті танымның бірден-бір көзі ретінде абстрактылы ойлаудың ерекшеліктеріне тоқталады. Ғалымның айтуына қарағанда, абстрактылы ойлау адамның төмендегідей қабілеттерінің дамуы нәтижесінде жүзеге асады.