Тәрбие сағаты
Тақырыбы: Елін танытқан ер
Мақсаты: Оқушыларға қазақ елінің біртуар азаматы Д. А. Қонаев туралы жан - жақты түсінік қалыптастыру, кемеңгер тұлғаның мемлекетке және халқына сіңірген еңбегін, ерлігін, қажырлы жүргізген саясатын үлгі ету, оқушылар бойына халқымыздың құндылықтарын сіңіріп тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Д. А. Қонаевтың суреттері, ғылыми еңбектері, баспасөз материалдарында жарияланған мақалалар, слайд.
Әли
- Армысыздар құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгін еліміздің біртуар азаматы, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыздың құрметіне ұйымдастырылып отырған
«Елін танытқан ер» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Әр дәуірге лайықты кемеңгер адамдар өмір сүреді. Қазақ халқының тарихында болмысы бөлек, мінезінің байлығымен, терең білім, ақыл - парасатымен дараланған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Бабалар әруағына шынайы берілген, халқына сүйкімді, ұлтқа қадірлі, шыныдай мөлдір, аса білікті адам. Егемендікті алғанда халқының алдында балаша қуанып шығып, адал ойын білдірген «Ту жығылмасын, Туды ұстаған ұл жығылмасын»- деп тәңіріне сыйынып халықпен бірге қуанып, келешекке сенген.
Әліби
«Болашақ жастардікі, ақиқаттан аттауға болмайды»- деген ойын ашып айтты. «Таулар алыстаған сайын асқақтай береді»- деген сөз бар. Ел мен жұртына қадір - қасиетімен танылған адамдар да сондай. Айлар алмасып, жылдар көшіп жылжыған сайын олардың даналығы мен даралығы ерекшелене түседі. Елі сағынады, халқы қадір - қасиетін, адамгершілігі мен асыл бейнесін асқақтатады. Бұл күн бәріміздің биік парасат, асыл адамгершілік, халқына деген қамқорлықтың үлгісін таныта білген ұлы адамды сағына еске алатын күніміз.
Аңсар;
Дінмұхамед-Ұлы тұлға ардақты,
Дінмұхамед-бар асылдан салмақты.
Дінмұхамед-күллі әлемге танылған,
Кісіліктің шамшырағы жан-жақты.
Дінмұхамед заманадан биік тұр,
Даналығы мәңгілікке сыйып тұр.
Қасиетті ұл,қабырғалы еліне,
Шыққан күнмен шапағатын құйып тұр.
Аманат: Ұлы Димашты бола ма, ұмытуға,
Ол - кемеңгер, ғажайып ұлы тұлға!
Жалғыз өзі жарады қапас күнде,
Ұлан байтақ даланы көркейтуге.
Әліби :
«Елім» дейтін ер болмаса,
«Ерім» дейтін ел қайдан болсын?! Халықтың қалауына, ығына жығылған басшының басты мақсаты да осы болуы керек. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ел үшін қызмет етіп, аянбай тер төкті. Ол адалдықты, шындықты ту еткен, халық үшін қалтқысыз қызмет еткен перзент. Ендеше елін танытқан еріміздің өмір жолына шолу жасап өтейік.
Наргиза:
Өмірбаяны
• 1912 жылы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында, қызметкердің отбасында өмірге келген.
• Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық, сауда мекемелерінде жұмыскер болып істеген. Қазақ, орыс тілдерінде жаза, оқи білетін сауатты болған.
• Анасы, Зәуре Байрқызы үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан.
• 1930 жылы – Алматыдағы №14 орта мектепті бітіргеннен кейін, 1931 - 1936 жылдары - Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті Қонаевты Мәскеудің Түсті металл институтына оқуға жібереді.
Бексұлтан: Өшпейді ғой, өлмейді ғой ұлы еңбек,
Елің барда мәңгі бақи еленбек.
Ел үшін атырам деп жарық таңды,
Сіңірді жан аямай ол көп еңбек
Әли;
Еңбек жолдары
Ақнұр:1936 жылы - Институтты ойдағыдай бітіріп, тау - кен инженері мамандығын алған Д. Қонаев 1937 - 1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болды.
1939 жылы - Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түсіп, “Алтайполиметалл” комбинаты бас инженерінің орынбасары, Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарды.1939 жылы – КОКП мүшелігіне қабылданды.
Аманат:
1942 - 1952 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды.
1955 - 1960 жылдары - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды.
1960 - 1986 жылдары – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарды.
Әліби: Ғұмыр кешпей қара бастың қамы үшін,
Қорғадыңыз ел мен жердің намысын.
Тарих өзі таразылар, танытар,
Ұлық қазақ Қонаевтың сан ісін.– Димаш Ахметұлы Қонаевтың ел басқарған кезеңі 1955 - 1986 жылдары. Осы жылдарда Қазақстанның экономикасы 7 есе өсіпті. Мыңдаған елді мекендер пайда болған, 68 жұмысшы поселкесі, 43 қала салыныпты. Халықтың саны өсті, ол республика қуатының өркендеуіне қол жеткізді.
Наргиза:
Көз суғарып таулардың тұлғасына,
Дінмұхамед деп жазам жыр басына.
Жыр басына жазбайын неге, ағайын,
Мұңдасыма айналса, сырласыма?!
Қаламымды малып ап жыр жазамын,
Димаш деген бұлақтың тұнбасына.
Димаш десем, жанарым нұрға толған,
Сауыт кеудем патша өлең, жырға толған
Бек-Али;
Димаш Ахметұлы Қонаевтың халық үшін, еліміз үшін жасаған еңбегі көзі тірісінде де жоғары бағаланды. Оған КСРО - дай алып державаның ең жоғары – Социалистік Еңбек Ері атағы үш рет берілді, ең жоғары ордені – Ленин орденімен 8 рет марапатталды. Сөйте тұра оның сіңірген еңбегін ұмытып, бір күнде бәрі теріс айналған кездері де болды. Шын мәнісінде Д. А. Қонаев еліміздің іргесін нықтап, еңсесін тіктеп, бүгінгідей қуатты мемлекетке айналдырып кеткен жан. Туған еліміздің тәуелсіздігіне бастау болған Желтоқсан оқиғасына да себепкер болғанын бәріміз де білеміз.
Осы айтылған жайттарға байланысты ол кісіге ән де арналды.
Әли: Желтоқсан оқиғасына байланысты Д. Қонаевқа арнайы жазылған «Қарабауыр қасқалдақ» әнін Ақжүністің орындауында қабыл алыңыздар.
Илияс: Жесірге пана болды,
Жетімге жаға болды.
Дінін сүйген дара болды,
Елу жыл елге аға болды – демекші, Д. А. Қонаевтың көзі тірісінде жеке адамдарға жасаған жақсылық, рахым, шапағатында шек жоқ. Абзал азаматтың өмірінің соңына дейін жеке үйі, саяжайы, тіпті кейде желпініп мінерге жекеменшік автомашинасы да болмапты. Неткен қарапайымдылық! Неткен адамгершілік! Жер жүзіне әйгілі болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тарихтың төрінен орын алатыны даусыз. «Қазағым», «Елім» деп өмір сүрген тұлға Димекеңді халық қызмет етіп жүрген кезде де, дүниеден озғаннан кейін де сүйеді. Өйткені «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» - демекші, артына мәңгі өлмес хаты қалды.
Ақжүніс: Димаш ата! Дидарыңыз жарық күн,
Ұранысыз қазақ деген халықтың.
Саясаттың дауылына сынбаған,
Өзіңізсіз ғой бәйтерегі тарихтың
Ақмарал;
Ардақтылар қалар мәңгі Ел есінде,
Ғасырлар мұхитының белесінде.
Мәңгілік Димекең де бізбен бірге,
Мәңгілік «Қазақстан» кемесінде
Сағи
-Әттең, өмір шолақ, дүние керуен. Елдің сый құрметіне бөленген көзінің тірісінде қазақ халқының ұлы тұлғасына айналған Д. А. Қонаев 1993 жылдың 22 маусымында Алакөл жағасындағы демалыс үйінде жүрек талмасынан кенеттен дүние салды. Бірақ Димаш атаның аты әр қазақтың жүрегінде ән болып жатталып қала бермек
Еркеназ:
Исі қазақ еске алады дәл бүгін,
Димаш ата жомарттығын, мәрттігін!
Сақтап қалды ар-намысын ұл-қызы,
Алып беріп тәуелсіздік теңдігін!
Дара тұлға, Данышпаным, Кемеңгер,
Туған күнмен құттықтайды туған ел!
Ұмытпайды мәңгі есте сақтайды,
Малайсары, Бақанасың, Балқан көл!
Диана:
Димаш ата! Көсемсін сен көреген,
Ата-жұртын нұр бақытқа бөлеген!
Балқаштықтар! шалқая басып жергенің,
Қонаевтың арқасында дер ем мен!
Санжар:
Сәуле шашып, арайланған нұр таңы,
Нұрландырар тау-тасыңды, қырқаны.
Әруағы көктен қарап тұр әні-
Жаса, жаса, Алты Алаштың ұрпағы!
Балқаш болса ата-жұрты мекені,
Қазақстан-Димекеңнің Отаны!
Нұрасыл:
Басшы бар ма бұл күнде жөн білетін,
Зауал туған ақ жағаң сөгілетін.
Қонаевтың тұсында ару қыздар,
Ай секілді алыстан көрінетін.
« Қазақ қызы» орындайтын Қасым Ақнұр
Алина:
Күндер қайда ат ізін тай басатын,
Зауал туған есікті Қайғы ашатын.
Қонаевтың тұсында қарттың бәрі,
Ақбоз үйдің төріне жайғасатын.
Дарын:
Ер мінетін ол кезде ат туатын,
Ар алдында кім-кімде тақ тұратын.
Жұрттың бәрі саналы ғұмыр кешіп,
Тіршілікте сөз қумай бақ қуатын.
Мирас:
Тамырына қан құйған құба белдің,
Димаш нағыз өзі еді тұлғалы ердің.
Мұражайдың төрінде тұр қасқайып,
Көзсіз батыр ерлігі туған елдің.
Асылжан:
Дүниенің сұмдығын жүре көрген,
Дінмұхаммед кісі емес жүрегі өлген.
Алатауы болатын алты алаштың,
Ғасырлардың төрінен түрегелген.
Ақиқатқа шындыққа ара тұрған,
Асыл еді ақ нұрдан жаратылған.
Жалғандықтың шайқаған шаңырағын,
Ұлы дайыл туғанда қанатынан.
Айзада:
Өмір-өзен жаңылып ағысынан,
Тауы қайтып, шындықтың сағы сынған.
Қайран Димаш қапыда көз жұмғалы,
Туған елге ер бар ма бақ ұсынған.
Ерасыл:
Құшағында жетіліп арлы ананың,
Кім көрмеді биікке самғағанын.
Қасиетіне айналған алты алаштың
Димаш еді киесі сардаланың.
Ақнұр;
Димаш аға аяулы ағатайым,
Сағынды ғой өзен, кел, бала қайың.
Алтын нұрдан жаралған асылым-ай,
Қазағымның өзіндей қарапайым.
Мәңгілікке өтсең де арамыздан,
Шықпай қойдың бір сәт те санамыздан.
Жүріп өткен жолында ойша шолып,
Сағым жүзген іздедім даламыздан.
Әліби:
Алыстан алаш десе, аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болғанда әкем-қазақ, шешем-қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!
Ән: «Мен Қазақпын» орындайтын Серікұлы Аңсар
Әли:
Халқымыздың біртуар азаматы Д. А. Қонаевтың есімі жылдар өтсе де, әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Бұл күндері Қазақстанның әр қаласында Димекеңнің атымен аталатын көшелер, мектептер, жоғарғы оқу орындары көптеп кездеседі. Дінмұхамед атымен аталатын жас ұрпақ та желкілдеп өсіп келеді. Олар, сірә, Димаш атасын, оның ғибратты өмірін еш уақытта ұмытпайды.
Әліби:
- Иә, қазақ халқы бар жерде Димекеңнің есімі ұмытыла қоймас. Елдің мәңгі есіндесіз, қазақтың асыл перзенті, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Бүгінгі міне мына ұрпақ, келешек жастары, өз Отанының шынайы патриоты болуды осы ұлы тұлғамыздан үйреніп, елінің адал азаматтары болады деп сенемін. Бүгінгі тәрбие сағатын өткізуіміздің негізгі мақсаты осы еді. Ендеше Отаным, Атамекенім деп соққан жүректерінің қағысын әнмен жеткізуге мүмкіндік берейік.
Хор «Атамекен»
Әли;
Жыр болып жүректерге жатталады.
Атамыздың есімі сақталады.
Ғасырдан ғасырларға аңыз етіп,
Ұрпағы мәңгі бақи мақтанады.
Әліби;
-Құрметті көрермен қауым сіздердің алдырыңызда өнер көрсеткен балаларға алғысымызды айта отырып, бүгінгі кешімізді аяқтаймыз, сау саламатта болыңыздар!
«Х. Көбіков атындағы орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталығымен»мемлекттік мекемесі
Тәрбие сағаты
Елін танытқан ер
Достарыңызбен бөлісу: |