1. Тәрбие әдістері, тәсілдері, құралдары туралы түсінік
Тәрбие әдістері- тәрбие мақсатына жету жолы.
Тәрбие әдісі дегеніміз - оқушылардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара байланысты педагогикалық жұмыс тәсілдері.
Тәрбие әдісі (гректің "методос" — жол деген сөз) — бұл мектеп тәжірибесінде тәрбиеге қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдаланылатын жол, тәсілдер - тәрбиелеу саласына, еркіне, сезіміне, іс-әрекетіне әсер ету шаралары.
Тәрбиелеу мақсаттарына әртүрлі жолдармен жетуге болады.Тәрбиеші тәрбиеленушімен, олардың күшқуатына, мүмкіңдіктеріне, ынталарына сүйене отырып,істеген жұмысында қанша жол тапса, сонша тәрбие мақсатына жету тәсілі ашылады. Әрине, кейбір жолдар басқасына қарағанда мақсатқа тезірек жеткізеді. Тәрбиешінің алдында тәрбиеге сай келетін, көзделген жетістікке тез апаратын және аз күш жұмсайтын жаңа, қолданылмаған жол табу міндеті тұрады. Құрастыру, тандау және тәрбие әдістерін дұрыс пайдалану - кәсіптік педагогиканың асқар шыңы болып есептеледі.
Тәрбие тәсілі - жалпы әдістің бөлігі, жеке дара әрекет (әсер ету), нақты іс. Тәсілдер — бұл тәрбиешінің қойылған мақсатқа тез жету үшін тәрбиеленушімен бірге салатын соқпақ жолы деуге болады. Егер оны басқа тәрбиешілер де пайдалана бастаса, біртіндеп ол соқпақ үлкен жолға -әдіске айналады. Тәрбие әдістері мен тәсілдерін тану, оларды дұрыс қолдану - бұл педагогикалык. шеберлік деңгейінің маңызды сипаттамасын білдіреді. Тәрбие әдістері мен тәсілдері тығыз байланысты.
Тәрбие тәсілдері дегеніміз - әдістің бір бөлігі. Тәрбие тәсілдері:
1. Тәрбиенің мақсаттарын, міндеттерін, оларға жетудің жолдарын ұсыну.
2. Ақпараттық - ағартушылық.
3. Бағдарлау - іс-қызмет.
4. Қатынас.
5. Бағалау.
Тәрбиенің мақсаттары мен міндеттерін және оларға жетудің жолдарын ұсыну тәсілін қолданып мұғалім оқушыларды идеялық адамгершілік көзқарастармен қаруландырып, өз еңбегі мен ұжым еңбегін жоспарлауға, ұйымдастыруға, еңбекпен іс-қызметтің мақсаттарына жету жолдарын таңдауға, іс-қызметтің сапасы мен нәтижелерін олардың алдағы мақсаттарға сәйкестігін анықтатуға үйретеді.
Бағдарлау - іс-қызметтік тәсіл оқушыларды еңбекке даярлауға қызмет етіп, еңбек белсенділігін туғызып, іс-қызметке жауапкершілікпен қарауды, халық игілігін молайту жолында еңбек ету қажеттігі сенімін қалыптастырады. Балалар күнделікті іс-қызметке қатысып, қоғамның материалдық саласында адамгершілік және еңбек бағдарларын дұрыс таңдап дамытады.
Қарым-қатынас тәсілі (коммуникативтік тәсіл) - балалар мен ересектердің іс-қызмет кезіндегі қатынасына негізделіп, оқушылардың қоғамдық мінез-құлық нормаларын игеруіне көмектеседі. Оқушылар тәртіп ережелері жөніндегі ақпаратты топта, сыныпта, мектепте құрастырып, оны төменгі және жоғары сынып оқушылары, мұғалімдер, ата-аналар, ересек адамдар арасында жетілдіреді.
Бағалау тәсілі көмегімен мектеп оқушылары адамдардық кимыл-әрекеттерін, көзқарастарын, сенімдерін, тәртіп бағыттарын айқындауға, негіздеуге, өз іс-қызметін, оқу мен еңбектегі жетістіктерін, адамгершілік сапаларын өздері бағалауға үйренеді. Оқушы іс-қызметтің адамгершілік жақтарын бағалауға жаттығады. Мұғалім бағалауды, өзіне-өзі баға беруді қалыптастырып қамқорлық жасайды. Баға беру алынған білімді жеке тәжірибемен байланыстырып, оған жаңа қасиет береді.
Достарыңызбен бөлісу: |