ҚОРЫТЫНДЫ
Жұмыс, негізінен, қоғамдық ғылымдар саласын қам-
тығанмен, оның басқа да тармақтарына тəн мəліметтер
алынды. Мұнда терминология əдеби тіліміздің бір бөлшегі
ретінде ғана емес, сонымен бірге оның өз алдына дербес,
лексиканың өзекті де ауқымды жеке-дара саласы екені баса
айтылады, яғни мемлекеттік тіліміздің негізі – жазба əдеби
тіл дейтін болсақ, оның күре тамыры – терминология мен
ғылым тілі екені дəлелденеді. Соңғы екеуі кейбір ғылыми
əдебиетте қатар қарастырылғанымен, терминология ғылым
тілінің ауқымына кіреді де, оның қалыптасуы мен дамуына
тікелей ықпал жасайды. Өйткені ғылым тілінің қалыпта-
суын əйгілейтін бірінші шарт, оның терминологиялық
жүйесінің жасалуы. Яғни терминологиялық жүйесі жа-
салмаған саланың ғылым тілі аталуға қақы жоқ. Сондықтан
біз мұны үнемі тұтастықта, бірлікте қарауға тырыстық.
Бұлардың бірінсіз-бірінің күні жоқ, бірінің жолын бірі
ашып отырады.
Ал тіл-тілдің нақты қызметке көшіп, терминденуі
қилы-қилы жолдармен жасалады. Қазақ тілінің табиғатынан
да, біз осындай өзіндік ерекшелікті байқаймыз. Жалпы,
термин сөздердің пайда болуы, əдетте баспасөз бен баспа
жұмыстарының жолға қойылып, ғылыми əдебиеттер мен
арнайы мақалалардың, оқулықтар мен оқу құралдарының
шығуымен байланысты қарастырылады.
Терминологияның өмір сүретін табиғи ортасы ғылым
тілі екені рас. Алайда ол өз ішінде тұйықталып, тұмшаланып
тұра бермейді. Ол үнемі жалпы əдеби тіл лексикасынан
нəр алады, үнемі сонымен байланыста өмір кешеді. Біз
қарастырған сонау 20–30-жылдарда да, одан бергі кезең-
дерде де мұндай өзара байланыстар күшеймесе, азаймаған.
Анық байқалатыны, терминология тек өзіндік орта-
да, яғни ғылыми тіл лексикасының ішінде ғана терминдік
мəнде айқын, дəл көрінеді. Кейде қайсыбір терминдер өз
248
үйірінен шығыңқырап кетіп, өзге бір ортадан, мəселен,
түсіндірме сөздіктерден, көркем шығармалардан орын теуіп
жататыны бар. Бұл оның қолданыла келе ортақ сипат ала ба-
стауынан болса керек.
Біздің бұл жұмыстағы көздеген басты мақсатымыз қазақ
терминологиясын тарихи тұрғыда қарастырып, оның жаса-
лу жолдарын, қалыптасу кезеңдерін, даму барысын анық-
тау, сөйтіп оның ғылым тілін өркендетудегі рөлін көрсету,
қазіргі бағыт, бағдарды айқындау т.т. Сондағы келер кейбір
түйіннің бір парасы мына тектес.
1. Термин дегеніміз, негізінен, арнайы ұғымдар, түсі-
ніктер атауы. Ол қандай ұғым, қандай мағына арқаласа
да бір мəнді болуға тиіс. Олардың қатарында кездесетін
көпмағыналылық, синонимдік нышандар мəтінде (тексте),
сөйлеуде кездесіп қалғанмен, бұл қасиет оның негізгі
табиғатына тəн емес. Қолданыс барысы кейде термин та-
биғатына əсер етіп те жатуы мүмкін. Бірақ бұл жалпылық
сипат алмауы тиіс.
2. Термин сөз нақты қолданыстағы тақілетіне қарамас-
тан өзінің бір мəнділік тұтастығын сақтайды, ал бұл сақ-
талмаса, онда оның терминдік сипатқа əлі ие болмағаны. Бұл
оның мəністік, яғни семантикалық сипаты, ерекшелігі.
Ал оның, яғни ұғымның мəністік (семантикалық) құры-
лымы жағынан жеке, туынды, күрделі, қысқарған, тіркесті
болып келе береді. Мұндай құрылымдық ерекшелігіне
қарамастан ол тұтас бір ұғымды дəл білдіруге міндетті
жəне құрылымдық шегі айқындалмаған əрбір термин, тер-
минденген ұғымның шеңберімен тығыз байланыста болады
əрі соны білдіреді.
3. Терминді құрайтын не десек, ең алдымен, мыналарды
атар едік: негіз, яғни түбір, қосымшалар, тұтас сөз, ерекше
белгі – символ. Міне, сондықтан оған морфема ұғымынан
гөрі терминоэлемент деген ұғым сəйкес келіңкірейді. Өйт-
кені бұл атау соны құрап тұрған барлық белгіні қамтиды.
249
Жай сөздер мен терминдер арасындағы семантикалық
айырым белгілерін мағынаға ықпал ететін сыртқы жағ-
дайлармен салыстыра қарау арқылы анықтауға болады.
Сонда бір байқалатыны жалпы əдеби тіл құрамындағы
сөздер бойынан өзіне тəн табиғи лексикалық мағынасы
сезіліп тұрса, терминдер үшін əуел баста саналы түрде
телінген нақты ұғым тəн. Осының салдарынан терминоло-
гия лексика-семантикалық процестерден тыс қалып оты-
рады. Мəселен, ол белгілі бір лексикалық жүйенің, атап
айтқанда, ғылым тілінің шеңберінде шектеліп, тура жəне
ауыспалы мағынасының дамуы тəрізді мəністік түрленуден
шет қалады.
Жалпы, əдебитіл лексикасы семантикалық жағынан
толқымалы болса, терминдерде бұл басты, яғни мұнда
семантикалық дəлдік, тұрақтылық басым. Терминоло-
гия саласындағы лексика-семантикалық процестер жалпы
əдеби тіліміздегіге қарағанда басқашалау жүріп жата-
ды. Ол тілдің ішкі табиғатынан, ішкі даму заңдылығынан
туындамайды, көбіне-көп сыртқы жағдайларға байланысты
көрінеді. Атап айтқанда, терминология ғылым мен нақты
өмір шындығының дамуына орай туындайтын ұғымдар
арқылы өрістейді. Ғылым мен терминнің байланысы ұғым
мазмұнының жүрдектігінен айқынырақ көрінеді. Бұл жер-
де тілдік белгі (таңба) тиянақтылау болып, қарастырылып
отырған объект мəні əрқилы қақпақылға түсуі мүмкін.
Сондай-ақ мағына бір сəт тұрақты пішін танытып, əлгі
белгі қозғалысқа түскіш болады. Бұл негізінен кез келген
терминологиялық жүйенің бастапқы қалыптасу тұсына тəн
құбылыс.
4. Сонымен, қоғам дамуының заңдылықтарына сəйкес
өмірдің өзі күн тəртібіне шығарып отырған өзекті мəселе-
нің бірі – терминология деп білеміз. Біздің зерттеуіміз
бойынша, мұның 70–80 жылдық тарихы бар екені анық-
талды. Бастауында А.Байтұрсынұлы сынды ерен тұлға
тұрған бұл сала күрделі жасалу, қалыптасу жолдарынан
250
өтіпті. Сонда байқалатыны – қазақ зиялылары бұған үнемі
мəн беріп, соған өздері де қал-қадарынша қолқабыс жасап
отырғаны.
5. Қазіргі кезеңде бірде-бір тілдің, оның ішінде қазақ
тілінің де сөз байлығын терминологиялық жүйесіз танып,
білу еш мүмкін емес. Стильдік тармақтары сараланып,
нормалы қалыпқа түскен қазақ тілінің бүгінгі тандағы тер-
миндік жүйесі оның 70-80%-ке жуығын құрайды екен.
6. Лексиканың бұл қабатын бір есептен өмірдегі болып
өткен, болып жатқан жəне болатын, тіл құралы арқылы бей-
неленетін жаңалықтардың, жаңа ұғым, жаңа түсінік, жаңа
пайымдаулардың өлшемі, айнасы десе де болғандай.
7. Терминологиялық жүйе – тілдің əдебилігінің бір бел-
гісі ретінде пайда болатын арнайы лексика. Ол қоғам
дамуындағы өзгеріс, өріс, қозғалыс-құбылыстарға орай
түрленіп, бірде жанданып, бірде солғындап, бірде қорланып
отырады.
8. Қазақ халқының мəдени өмірінде де тіл дамытуға,
оның ішіндегі терминологиялық лексиканың қалыптасуына
əкеп соқтырған айтулы оқиғалар болды. Қазан төңкерісі
мен тəуелсіздік аралығында болып өткен неше оқиғалар
мен елімізге қасірет, қайғы арқалатқан нəубетке толы кезең-
дерді де, сəл де болса еңсе биіктеткен шуақты шақтарды да
есепке алып отырмыз.
9. Соларға байланысты туындаған терминдік ұғымдар
мен жаңа қолданыстарды саралай келгенде, бұл сала-
ны кезеңдік жағынан, ең алдымен, іргелі екі бөлікке бөліп
қарау керек сияқты. Оның бірі – XІX ғасырдың екінші жар-
тысы мен Қазан төңкерісі аралығын алып жатқан алғашқы
кезең де, екіншісі – тіліміздің əдебилену мен термин-
дену сапасын мейлінше үдете түскен содан бергі дəуір.
Терминдік сөзқолданыс жағынан бұл екі кезеңнің арасына
теңдік белгісін қойып қарауға болмайды. Əйтсе де бұлар-
дың əрқайсысының термин қалыптастыруға қосқан өзіндік
үлесі бар. Соған лайықты бағаланады да.
251
10. Қазақ халқының мəдени өмірінде XІX ғасырдың
екінші жартысы прогрестік мəні ерекше оқиғалармен ай-
қындалады. Бұл кезде қазақ тілінің тұңғыш баспасөзі
пайда болды. Баспасөздің пайда болуы тілдің қоғамдық
қызметін күшейте түсті. Ал тілдің қоғамдық қызметінің
артуы оның терминологиялық лексикасының жасалуына,
жандануына тікелей қатысты. Міне, осы процесті біз, əсіресе
«Дала уəлаятының газеті», «Түркістан уəлаятының газеті»,
«Қазақ» газетінің жəне «Айқап» журналының беттерінде
жарияланған түрлі материалдардың сөз саптаулары ар-
қылы толық аңғарамыз.
11. Оларда жарияланған материалдардың көбі аудар-
ма материалдар болған, соған қарағанда алғашқы термин
қолданыс, яғни сөздерді арнайы терминдік мəнде пайда-
лану үлгісі, біріншіден, тұңғыш баспасөздің тууымен бай-
ланысты болса, екіншіден, аудармаға қатысты деп білеміз.
Өйткені қазақша терминдердің бəрі де орыс тіліндегі
түпнұсқа сөздерге балама іздеуден, соны қазақшаға дəл,
нақты беру əрекетінен туған. Ендеше, терминжасауда
баспасөз бен аударманың атқаратын рөлі айрықша. Мұның
осылай екенін өткен өмір шындығы толық дəлелдеп
шықты. Сөйтіп, осы пікірді негізге ала отырып (солай ету
керек те), біз қазақ терминологиясының жасалу тарихы бір
ғасырға таяу мерзімді қамтиды деп түйеміз.
12. Бірақ бұл тұста термин жасау ісі стихиялы түрде
жүріп жатты. Əрбір автор мен газетшілердің өз кезеңіне
лайықты сөз қолдану машығын танытатын бұл деректер
терминжасаудың алғашқы үлгілері ретінде ғылыми ізденіс-
ке объект бола алады. Сондықтан алғашқы баспасөз мате-
риалдарын талдай келе, оны терминжасамның балаң кезі
деп есептейміз.
13. Қазақ терминологиясының жасалу, қалыптасу тари-
хын зерттегенде өркениетке өзгеше мол қазына қалдырған
Ахмет Байтұрсынұлының орны мүлде бөлек. Қазақ мəде-
ниеті, қазақ тілі, қазақ əдебиеті, қазақ өнері саласындағы
252
ғылыми ой-толғауларға өзек болып отырған қазіргі терми-
нологиялық жүйе негізінен осы А. Байтұрсынұлынікі. Көре-
гендікпен жасалған терминсөздер арқылы Ахаң қаншама
ұрпақтың сауатын көтеріп, ғылыми ізденіске жол ашқанын
таңдана еске аламыз. Оның мұрасын игеру бүгінгі ұрпақ-
тың игі міндеті. А. Байтұрсынұлының еңбектерін сара-
лай келе, оның қазақ терминологиясының атасы екенінде
біршама дəлелдедік деп ойлаймыз.
14. Қазақ терминологиясы дейтін ұғымның мағынасы
мейлінше кең. Ол барлық ғылым салалары мен техника та-
рамдарын мерзімді баспасөз бен радио, теледидар тілін, оқу-
ағарту ісін, түрлі саяси, көркем, арнайы əдебиеттер тілін
қамтитын түсініктер, атаулар жиынтығы. Міне, осының
бəрінің даму қарқыны үдей түскен бүгінгі заманда тілдегі
жаңалықтар заңдылығын теориялық тұрғыдан талдап,
ғылыми бағасын бермек түгілі, солардың санын, жасалу
жолын, жүйесін, шеңберін анықтап алудың өзі оңайға
түспейді. Сондықтан біз бұл зерттеуімізде, негізінен
қоғамдық-саяси жəне гуманитарлық ғылымдар термино-
логиясын ғана тірек еттік. Мұның бірінші себебі, əлгіндей
болса, екінші себебі, бұл салалар қазақ тіліндегі терминдік
жүйенің жасалу, қалыптасу жағынан ғылыми ой-толғауға
өте мол да қызықты материал бере алатыны. Бұған қоса
қазақ тілінде қалыптасқан терминдер жүйесінен бірінші
кезекте тұратын осылар.
15. Осы сала бойынша сонау 20-жылдардан бастап күні
бүгінге дейін 40 шамалы екі тілді терминологиялық сөздік
жарық көрген екен. Олардың отыздан астамын электрон-
ды есептеу машинасының сарабына салып, реестр сөздерді
есептегенімізде (көптеген қайталаулар да осының ішінде)
қоғамдық жəне гуманитарлық ғылымдар терминдерінің
саны алпыс мыңнан (67000) асып кетті. Сонда мұның өзін
əлденеше салаға бөліп, жеке-жеке зерттеу қажеттігі көрі-
неді. Біз, бұл жолы, ойымызға тірек боларлық мысалдар-
ды ғана көсіп алып отырғанымыз болмаса, тереңдеп жəне
253
жан-жақты талдап үлгергеніміз жоқ. Жəне бұл – бір ғана
зерттеумен шектелмейтін, əлі талай ізденістерге мол мате-
риал беретін керемет бай халықтық қазына. Мұның үстіне
1982 жылдан бері қарай жинақталып келе жатқан термино-
логия мен аударма теориясы бөлімінің картотекалық қоры
қазір 500 мыңға таяу материалдарын да пайдаландық. Бұл
да болашақта талай ғылыми сарамандықты күтіп, талдауға
дайын тұрған байлығымыз.
16. Терминнің жасалуын өткен ғасырдан тартып, қау-
лап дамуын төңкеріс дəуірімен байланыстыра келе, мұның
ғылыми негізінің қарастырылуын 30-жылдардан бастаған
жөн. Қазақ терминологиясының барлық мəселелеріне ол
кезде Қазақ АССР Оқу халық комиссариаты жанындағы
Академиялық Орталық (Акцентр), сосын осы комисса-
риат жанындағы əдістемелік бюро басшылық еткен. Осы
шаралардың бəрінің басы-қасында белгілі тілші проф.
Қ.Жұбанов болған. Ал содан бергі жерде, яғни 1935 жыл-
дан бастап, қазақ əдеби тілінің ғылыми терминологиясын
жасау ісіне Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанындағы
Мемлекеттік терминология комиссиясы (қазір Қазақстан
Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы комис-
сия) басшылық жасап келеді. Сондай-ақ терминжасам ісі-
нің практикасымен мерзімді баспасөз айналысса, оның
ғылыми дəйектілігімен қал-қадарынша Қазақ КСР Ғылым
академиясы Тіл жəне əдебиет институты, БК(б)П Орталық
Комитеті жанындағы Маркс-Энгельс-Ленин институты-
ның қазақ филиалы шұғылданды.
17. Қазақ терминологиясының түзілуі мен қалыптасуы-
на себеп болған басты факторлардың бірі – жазу мəселесі.
Егер жазу болмаса, термин туралы əңгіме қозғаудың мəні
бола қоймас еді. Міне, сондықтан сауаттылық кепілі – жазу
мəселесі қазақ зиялыларын ə дегеннен-ақ толғандырған.
Қазақ мəдениеті тарихи қысқа мерзім ішінде үш жазуды
бастан кешіргені мəлім: араб, латын, орыс графикасына
негізделген бұлардың ұлттық тілімізді қалыптастырудағы
254
қызметі бірдей бола алмағанмен, əрқайсысының халық
мəдениеті тарихынан алатын өз орны бар. Ал термино-
логиялық лексиканы қалыптастыру ыңғайы жағынан бұл
үш жазудың үшеуі үш түрлі үлгіні салыстыра зерттеуге
қызғылықты материал береді деп қараймыз.
18. Термин сөздердің жасалуы мен қалыптасуында
аударманың рөлі орасан зор екеніне, əсіресе лингвисти-
калық ілім тұрғысынан жеткілікті мəн берілмей келгеніне
ерекше назар аударамыз. Зерттеу нəтижесі мұның өз ал-
дына бір үлкен проблема екенін көрсетті. Алдағы уақытта
мұны түпкілікті зерттеу нысанына айналдыру мүмкіндігін
қарастыру қажет деп санаймыз. Əсіресе мұның саяси
əдебиет, көркем əдебиет, ғылыми əдебиет жəне түрлі оқу-
лықтар мен оқу құралдарын аударуға байланысты туын-
дайтын таза терминологиялық проблемаларының өзі тия-
нақты ізденістердің жүргізілуін талап етеді.
Күні бүгінге дейін бізде аударманың, негізінен, көркем
əдебиетке байланысты мəселелері ғана сөз болып келді.
Яғни бұл проблема көбінесе əдебиеттану тұрғысынан
қарастырылып келгені мəлім. Ал оның лингвистикалық
тұр-ғыдан қарастырылатын жай-жапсары ескерусіз қала
бере-тін. Осы орайда, біз Қ. Жұбанов, С. Аманжолов тəрізді
белгілі тілші ғалымдар пікіріне жүгіне отырып, аудар-
машылардың ескере бермейтін ішкі мəселелеріне де назар
аудардық. Мұның аудару процесінде сəл де болса септігі
тиюі ықтимал. Мəселен, жеке сөздер мен сөз тіркестерінің
контекстегі қызметі мен жеке тұрғанда білдірер мағынасын
жете түсінбей тұрып, бірден аудару салдарынан кетер
кемшілікті талдайтын Қ. Жұбанов пікірін үлгі ретінде
ұсындық.
19. Қоғамдық жəне гуманитар ғылымдары бұл күнде
тармақтана сараланып, сала-салаға бөлініп, əрқайсысы өз
алдына бір-бір отау тігіп, даму жолына түсті. Соған орай
олардың əрқайсысының өзіндік терминологиялық жүйесі
жасалып, қалыптасты.
255
Терминологиялық жүйенің қалыптасу деңгейі сол ғылым
саласының қаншалықты дəрежеде дамып отырғанының
көрсеткіші болуға жарайды. Ал, керісінше, дамыған ғы-
лымның терминологиялық жүйесі жетілген болып шы-
ғады. Мəселен, қазіргі қазақ тіл білімінің, əдебиеттану
ғылымының, философия, заң ғылымдарының ой-пікір
өрбітуге пайдаланып отырған тілдік құралының дені тер-
миндер мен терминдік мəндегі сөздер не сөз тіркестері бо-
лып келеді. Онсыз бұл ғылым салалары бойынша зерделі
еңбектер тумаған болар еді. Осыған қарап, бұл ғылым
салаларының терминологиялық жүйесі қайта соқпайтын-
дай, талас пікір тудырмайтындай дəрежеде толық жаса-
лып, қалыптасып бітті деуге болмас еді. Неге десеңіз, бұл
ғылыми проблема есебінде қазақ тіл білімінде тек кейінгі
кезеңдерде ғана қолға алына бастады. Оған дəлел бола-
тын жұмыста атап көрсетілген диссертациялық зерттеулер.
Сондықтан əрбір терминологиялық жүйе ғылыми тұрғыдан
жеткілікті зерттеліп, өзінің бағасын алған жоқ деп есептей-
міз. Осыған орай сала-сала бойынша ғылыми зерттеу
жұмыстар жасалуы тиіс екенін еске саламыз.
20. Қазақ терминологиясының қалыптасуында əрбір ке-
зеңнің өз мөрін көреміз. Мысалы, бұқара халықты жаппай
сауаттандыру, тəркілеу, ұжымдастыру, жаңа экономика-
лық саясат, индустрияландыру, Отан қорғау, бесжылдық
жоспар, стахановшылық, тың игеру, ғарышқа ұшу, кос-
мосқа құлаш ұру, интенсивтендіру, бетбұрыс, жеделде-
ту, қайта құру, егемендік, тəуелсіздік алу, БҰҰ-на мүше
болу кезеңдерін терминологиялық тұрғыдан қарасақ,
ұлттық лексикамыздың құрамына орай неше алуан жаңа
қолданыстардың қосылғанын байқаймыз. Сонда бұл тілі-
міздің жаңа сипатта дамуының бір маңызды көрінісі бо-
лып табылады. Осыған қарап, қазақтың ұлттық əдеби
тілі бұрын-сонды болмаған дəрежеде дамып, толысып,
қоғамдық халықаралық сипаты арта түскен əлуетті де бе-
делді қатынас құралының біріне айналды деп түйе аламыз.
256
Оның осындай сипатқа көшуі терминологиялық жүйенің
дамуына тікелей байланысты.
21. Қазақ терминологиясының жасалуына ең басты екі
арна, екі көз себеп болды: оның бірі – ұлттық тіліміздің өз
сөз байлығы, ішкі мүмкіншілігіде, екіншісі – əрқилы тілдік
амалдар қолдану нəтижесінде қабылданған кірме сөздер,
интер терминдер. Бұларды іштей жіліктеп, бірнеше топқа
бөліп қарау қажет. Сондай жағдайда ізденістерде жүйе
болады.
22. Құрылымдық жағынан терминдердің мынадай түр-
лері бар: түбір термин, туынды термин, күрделі термин,
тіркесім арқылы жасалған термин, фразалық термин
жəне номенклатуралық атаулар.
23. Қазақ тілінің сөзжасам амалдары терминжасам про-
цесінде де актив қызмет атқарады. Терминжасамның уақыт
сынынан өткен бірнеше тəсілдері бар. Олар мыналар:
а) Семантикалық немесе лексика-семантикалық тəсіл.
Яғни жалпы əдеби тіл құрамындағы байырғы сөздерді,
диалектизмдерді терминдік мəнде қолдану немесе бір
саладан екінші салаға термин көшіру, нақты айтсақ, тер-
миндендіру. Бұлар кейде сөздердің мағынасын кеңейту
арқылы да, тарылту арқылы да жасала береді.
ə) Морфология немесе синтаксистік тəсіл. Мұның
екеуін екі бөлек тəсіл есебінде қарастырса да болады.
Өйткені бұл екеуінің де терминжасам құралдары осы-
лайша бөліп қарауға татиды. Мысалы, морфологиялық
тəсілдің терминжасамға қатыстырылатын басты құралы –
қосымшалар. Яғни қазақ тілінің түрлі сөз түстегіш, сөз
түрлендіргіш, мағына үстегіш жалғау, жұрнақтарының
жалғануы нəтижесінде пайда болған сөздерді морфоло-
гиялық тəсіл арқылы жасалған термин дейміз. Сонда бір
байқалған нəрсе, бұрын сөзжасамдық қабілеті төменделініп
жүрген қосымшалардың терминжасам процесінде актив-
тене бастауы. Мысалы, сөз жасауда өте жиі қолданылатын
актив жалғау ретінде -шы, -ші, -лық, -лік ғана аталып жүрсе,
257
біз қоғамдық ғылымдар терминологиясын, оның əсіресе
соңғы он бес-жиырма жыл ішіндегі терминжасам процесін
тексере -ма, -ме, -кер,-гер, -ым, -ім, -ыс, -іс, -қы, -гі
жұрнақтарының да өнімді қызметін анықтадық. Жəне
бұл морфологиялық тəсіл аумағына тəн сөздер мен төл
қосымшалар ғана емес, кірме сөздер мен кірме терминдер
(-ист, -изм) де енеді.
Синтаксистік тəсіл де терминжасамның өнімді амал-
дарының біріне айналды. Сөздерді біріктіру, тіркестіру
амалдары арқылы жасалатын бұл тəсіл қазақтың байырғы
сөздеріне ғана емес, кірме сөздерге де тəн заңдылық екенін
танытады. Бұл да тіл байытудың, оның ішінде, ғылыми
ұғымдарды терминдендірудің өте өнімді жолы болып есеп-
теледі.
б) Қазіргі қазақ тілінің халықаралық сипаты бұрынғы-
дан əлдеқайда арта түскенін біз үнемі аңғара бермейміз.
Шындығында, тіл қуаты осы бір лексикалық қатардың төл
туындыдай қабылдауына тікелей байланысты. Яғни қазіргі
қазақ əдеби тілінің сөздік құрамын қайсы салалары бойын-
ша саралап қарағанда, оның 70, 80 процентке жуығын осы
кірме сөздер құрайтыны анықталып отыр. Оның ішінде ер-
теректе еніп, өзінің түпкі нұсқасын жоғалтқан араб, парсы
сөздері де, бірен-саран орыс сөздері де бар. Ал орыс тілінен,
сол арқылы еуропа тілдерінен енген интернационалдық
терминдер терминжасамның аса бір өнімді тəсілі мен кезі
болып отыр. Осы тəсіл арқылы терминдердің неше ал-
уан құрылымдық модельдері жасалды. Терминжасамның
бұл тəсілі де зерттеу үшін қыруар қызықты материал бере
алады.
в) Зерттеушілердің назарына түссе де, қолы бармай
жүрген бір сала – терминдерді калькалау жолымен жа-
сау, яғни калькалау тəсілі деп ойлаймыз. Терминжасам
процесінде айрықша рөлі бар бұл тəсіл арқылы тілімізде
неше алуан жаңа қолданыс, мағыналық топтар, сөз жарату
дағдысы пайда болды.
258
Қазақ тілінде мұның да əлі аумағы мен шеңбері түгел
анықталып, ғылым талқысына түскен емес. Бұл тəсіл
бойынша өзге тілдегі ұғым мен түсініктің идеясы, мазмұны
алынады да, ұлттық тіл құралдары арқылы жабдықталады.
Соған байланысты алғашында калькалау арқылы пайда
болған терминдік қолданыстар қазақ ұғымына тосындау
көрінуі де ықтимал. Ал бірақ қолданыла келе сіңіп кеткен
калька терминдердің есебі тіпті мол екені – бұл тəсілдің
де қазақша терминжасамның сыннан өткен амалына ай-
налғанына дəлел.
24. Сонымен, қазіргі қазақ терминологиясы қазақ əдеби
тілінің ең күрделі де қызықты, дербес тармағын құрайды.
Оның өзіндік даму, қалыптасу жолдары, құрылымдық
модельдері, тəсілдері, зандылықтары бар. Тіл мəдениеті
тұрғысынан бұлардың барлығы ескеріліп, сақталып отыруға
тиіс. Бұл лексиканың тағы бір өзіндік ерекшелігі мы-
нау: оны қоғам мүшелері саналы түрде саралап, реттеп,
жүйелеп, қолданысқа келісе отырып енгізуіне болады. Мем-
терминком тарапынан алпыс жыл барысында жүргізілген
шаралар осының дұрыстығын дəлелдейді.
25. Арнайы лексиканың бұл саласы əлі түгел жинақта-
лып, сараланып біткен жоқ. Бұған деген құштарлық күн
санап артып отырған бүгінгі таңда оның сала-саласы
бойынша терминологиялық сөздіктерді қайта түзіп, серия-
лы түрде баспадан шығаруды қолға алатын мезгіл жетті
деп ойлаймыз. Сонымен бірге түркі халықтары тілдері
терминдерінің салыстырмалы сөздігінің қажеттілігін де
байқадық. Осыған орай, туыс тілдердің терминологиялық
жүйелерін өзара байланыстыра зерттеу мол нəтиже берер
еді деген ойымызды да ортаға салғымыз келеді.
26. Түп төркіні бір түркі халықтарының тіл туысты-
ғын пайдалана отырып, ортақ терминологиялық қор жа-
сау мəселесін де ойластыру артық болмас еді. Ол үшін, ең
əуелі, жазу жүйемізді бірыңғайлағанымыз абзал. Біздің
ойымызша жəне зерттеу нəтижесі байқатқанындай, түркі
259
халықтарының терминологиялық лексикасын жүйелеуге
болатын сияқты. Бұл мəселеде латын əліпбиіне негізделген
жазудың қолқабысы мол болар еді. Ғылымның барлық са-
лаларына техникаландыру процесінің өзгеше қарқынмен
ене бастаған мына заманда латын жазуының көмегі зор
болмақ деп білеміз.
27. Қазір тілімізде бұрын-соңды болмаған құбылыстар,
сілкіністер болып жатыр. Баспасөз бетінде көктемгі қыз-
ғалдақтай қаулап шыға бастаған терминдік қолданыс-
тарды игеру тіпті де оңай болмай отыр. Солар жайында
мағлұмат беру мақсатымен жұмыстың соңына қосымша
материал бердік. Онда негізінен соңғы он-он бес жылда,
əсіресе 1989 жылдан бергі жерде пайда болған жаңалық-
тарға назар аударылды. Сонда байқалатын ең басты
жаңалық – тіліміздің ішкі мүмкіндігіне түбегейлі бетбұ-
рыстың жасалып отырғаны. Негізінен, бұл əрекетті қол-
дай отырып, біз ондаған жылдар бойғы терминжасам
тəжірибемізде сыннан өткен негізгі принциптерімізді де
елеусіз қалдыруға болмайтынын ескертеміз. Ол қандай
принциптер?
Біріншіден, қазақ тілінің сөз байлығын барынша сарқа
пайдалану принципі. Мұның əр алуан түрлері мен жолда-
ры көрсетілді. Сөзжасам процесінде қолданылатын əдіс,
амалдардың тиімді, тиімсіздері сараланды. Екіншіден,
тіліміздің мүмкіншілігі таусылған тұста əмбеге ортақ
интернационалдық терминдерді қабылдау принципі, интер-
терминдерді қабылдаудың да тілімізде орныға бастаған
бірнеше тəсілдері бар. Оларды да көрсетуге тырыстық.
Мəселен, интертерминдерді түп тілде немесе орыс тілінде
қалыптасқан түпнұсқа түрінде ендіру яки қазақ тілінің
өз заңдылығына бағындырып, икемдеп алу. Араб, парсы
сөздерімен төңкерістің алғы, артқы кезеңдеріндегі орыс
тілінен дыбысталу жүйесі өзгеріп енген сөздерді білеміз.
Тіл дамуында, терминжасам процесінде көрініс беріп
отырған бұл əрекеттерді, негізінен, қуаттай отырып,
интернационалдық терминдердің кез келгенін ретті-
ретсіз аударуға əуестенушіліктің барлық уақытта бірдей
тиімді бола бермейтінін де ескертеміз. Əрине, ана
тілімізден мағынасы дөп түсіп жатқан баламасы табылған
жердің бəрінде бұл принципті ұстанып отыру лазым. Ал
халқымыздың тұрмыс, тіршілігінде, іс-əрекетінде, жазу-
сызу дағдысында болмаған терминдік ұғымдарды сол бас-
тапқы қалпында қабылдаған жөн. Мұндай мысалдардың
біразы келтірілді. Сондай-ақ қайсыбір интертерминдерді
тіліміздің фонетикалық заңдылығын сақтап алу қажет
деген ойдың да негізі жоқ емес.
Мемлекеттік тіліміздің мəртебесін республикада ғана
емес, халықаралық деңгейге көтереміз десек, термин-
жасамның осындай заңдылықтары қатаң сақталып, қада-
ғаланып отыруы тиіс.
|