Терминологиясы



Pdf көрінісі
бет20/22
Дата05.02.2017
өлшемі1,84 Mb.
#3429
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

ТЕРМИНЖАСАМНЫҢ 
ҚАЙСЫБІР ҚАЛТАРЫСТАРЫ
Еңсе  көтерген  əрбір  елдің  қуат-күші,  байлық  бақыты 
экономикалық  даму  дейгейімен  ғана  емес,  сонымен  бірге 
мəдени, рухани өрісімен де айқындалады.
Ал  мəдени  өре,  рухани  талғам  дегендеріміз  сол 
елдің  негізгі  қолданыс  құралы – тілге  тікелей  тəуелді. 
Мұның  жоғарғы  сатысы  əдеби  тіл  деп  білеміз.  Академик 
Ə.Т. Қайдаров айтпақшы, қазақ əдеби тілінің жон арқасы – 
ғылым  тілі  десек,  ғылым  тілінің  жон  арқасы – терминоло-
гия дер едік. Ендеше ғылым тілі əдеби тіліміздің бір негізгі 
көрсеткіші болып есептеледі. Міне, ендігі əңгіме тіліміздің 
осы ғылым тілінің бүгінгі жайы жəне сол ғылымның негізгі 
материалы – қазақ  терминологиясының  қазіргі  жайы-күйі 
қалай?
Жалпы  қазақ  терминологиясының  қалыптасу  тари-
хын  парақтасақ,  құбылмалы  қоғам  дамуының  өріміне  орай 
əрқилы сəттерді бастан кешіріп отырғанын байқаймыз.
Ғасырымыздың  басында  əлденеше  оқулықтар  мен  «Тіл 
құралдарын» жазу арқылы қазақ тілінің терминдену сипатын 
қалыптастырған  Ахмет  Байтұрсынұлының  орны  айрықша. 
Ол  оныншы,  жиырмасыншы  жылдары  əуелі  қазақ  тілі  мен 
əдебиетінің, сосын жалпы мəдениетіміздің қолданыс əжетіне 
жараған  терминдерді  жасап,  қалыптастырды.  Ол  жасаған 
терминдердің  тілімізге  сіңіп,  кірігіп  кететіндігі  соншама, 
қолдан  жасалған  арнайы  лексика  екеніне  шүбə  келтіре  ал-
маймыз. Осы үлгі белгілі себептермен кейін өзінің жалғасын 
таппай, үзіліп қалды. Алпыс-жетпіс жылды артқа тастап ба-
рып қайта табысқан осы мұраның өзін əжетімізге жаратуда 
əлі де салақтығымыз байқалады. Əйтпесе терминжасамның 
тарихи  негізін  көрсеткен  Байтұрсынұлы  үлгісі  əлі  де 
ескерілмей отырғаны қайран қалдырады.
Тұңғыш  профессор  Қ.  Жұбанұлының  да  қазақ  термино-
логиясын  қалыптастырудағы  орны  бөлек.  Терминжасам-

ның  əрқилы  мəселелерін  əңгіме  еткен  Н.  Сауранбаевтың, 
С. Бəйішевтің, М. Жанғалиннің, М. Балақаевтың, Қ. Сағын-
дықовтың,  Қ.  Шəріповтің,  І.  Жарылғаповтың,  Ə.  Сатыбал-
диевтың, А. Əбдірахмановтың, Ə. Қайдаровтың да еңбектері 
есімізде.  Мақсат – қозғалып  отырған  мəселе  турасындағы 
еңбектерге  талдау  емес,  əрине.  Бұларды  еске  алудағы  ойы-
мыз,  қанша  дегенмен  қазақ  терминологиясының  өзіндік 
тарихы  барын,  онда  терминжасамның  мол  тəжірибесі  жи-
нақталғанын  еске  сала  отырып,  бұл  тəжірибелерді  күн-
делікті  практикалық  істе  өте  салғырт  пайдаланатындығы-
мызды айту.
Алайда  тіл  дамыту  тарихына  көз  жіберсек,  тіл  заңын 
үнемі  бұзумен  келген  екенбіз.  Бұзу  емей  немене,  орыс  тілі 
арқылы сатылап бізге жеткен жат сөздерді, яғни терминдерді, 
русизмдерді,  яғни  кеңестік  ұғымдарды  құран  сөзіндей 
сол  күйінде  бұлжытпай  алу  ауруына  шалдықтық.  Бұған 
етіміздің  үйренгендігі  соншама,  кеңестік  тіл  тəрбиесінің 
өтіп  кеткендігі  соншама  мұны  біз  əлі  күнге  тіл  байытудың 
ең  тиімді  де  өнімді  тəсілі  деп  жүрміз.  Миды  жаулап  ала 
бастаған  əлгі  терминдердің  дөп  түсетін  баламалары  барын 
айта  бастасақ  болды,  дөп  бір  шиқанына  тиіп  кеткендей 
байбалам  салатындар  да  шықты.  Ондайларға  «оу,  ағайын, 
қазақтың тілін мейлінше меңгерген кешегі арыстар – Ахмет, 
Халел,  Мыржақыптардың  айтып  кеткені  ғой!»  деп  ұқтыра 
алмайсың. Тіл заңдылығы талабы тұрғысынан да жөні осы-
лай деп айтқаныңа құлақ аспайды.
Шынында,  айсыз-күнсіз  жан  ауыртпай  даярға  ұмтылу 
салдарынан  тіліміздің  шырқын 70 жыл  бойы  бұзып  кел-
генімізді  ашып  айтар  кез  келді.  Сонау 30-жылдардың  орта 
шенінен басталған тіл бұзар зиянкестік əлі күнге жалғасып 
келеді.
Міне,  сондықтан  біз  соңғы  бес-он  жылдың  барысын-
да  баспасөз  бетінде  көрініс  тауып  жатқан  ізденістерді, 
тілдің  ішкі  мүмкіндіктерін  сарқа  пайдалану  бағытындағы 
əрекеттер  деп  бағалап,  қолдаймыз  да  қуаттаймыз.  Ал  дұ-
рыс-бұрыстығы екінші мəселе.

359
Тарихқа  жүгінсек,  өзін  жəне  өз  тілін  құрметтейтін 
бірде-бір  ел  өзге  тілдердің  сөздерін  сол  күйінде  өзгертпей 
қабылдағаны жоқ екен. Зер салыңыз:
А.  Байтұрсынұлы: «Біз  сияқты  мəдениет  жемісіне  жаңа 
аузы  тиген  жұрт,  өз  тілінде  жоқ  деп  мəдени  жұрттардың 
тіліндегі  даяр  сөздерді  алғыштап,  ана  тілі  мен  жат  тілдің 
сөздерін алмастыра-алмастыра, ақырында ана тілінің қайда 
кеткенін білмей, айрылып қалуы ықтимал. Сондықтан мəдени 
жұрттардың  тіліндегі  əдебиеттерін,  ғылыми  кітаптарын 
қазақ тіліне аударғанда, пəн сөздерінің (терминдердің – Ө.А.
даярлығына қызықпай (астын сызған біз), ана тілімізден 
қарастырып  сөз  табуымыз  керек.  Сонда  біздің  əдебиеті-
міздің тілі таза болады» (А. Байтұрсынұлы. Ақ жол. Алматы, 
1991. 350-351-бб.).
Ал  Х.  Досмұхамедұлы  жат  сөздерді  қабылдау  жөнінде 
былай  дейді: «Тілге  кірген  жат  сөздер  сіңу  үшін,  тілге 
«өздік»  болуы  үшін  сол  тілдің  заңымен  өзгеріп,  танымас-
тай халге келуі керек. Бүйтпесе жат сөздер бұралқы болып, 
тілдің  шырқын  бұзады,  тілге  зиян  келтіреді.  Жат  сөздерді 
қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап 
алу  керек.  Жат  сөздерді  өзгертпей,  бұлжытпай  алатын  жер 
дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады». Осындай талғамсыз 
да  талапсыздығымыздың  нəтижесінде,  біз  тілімізге  ин-
тертерминдерді  қаптатып  алған  екенбіз.  Бұл  бір  қарағанда 
ана  тілге  жасалған  шапқыншылық  сияқты.  Неге  десеңіз, 
жат дыбыстарға мініп келген жасақ сияқты жат сөздер саны 
қазір  сөз  байлығымыздың 70-80% шамасын  құрайды.  Сон-
да  барған  сайын  дамып,  кең  қанат  жаюға  тиісті  деген  төл 
байлығымыздың тынысы күннен-күнге тарыла түсіпті. Қазақ 
тілінің қадірінің кете бастауының бір себебі осыдан да болар 
ма екен дейсің.
Дайын  терминдерді  сол  күйінде  қабылдау,  біріншіден, 
елді ізденгіш, еңбекшіл қабілетінен айырады, екіншіден, ана 
тілінен безінуге бастайтын төте жол. Бұл тіл байлығыңның 
70-80%-і  жат  сөздер  болып  отырса,  онда  өзге  түгілі  жап-
пай орысша сауаттанған қазаққа қазақ тілінің қажеті қанша.

360
Баз біреулер ғылым тілі дамымай отыр десе, енді біреу-
лер  «ойбай,  не  сен  айтасың,  ғылым  тілі  бізде  əлдеқашан 
қалыптасқан» деп өрекпиді.
Біріншілері, ғылыми ұғымдарға негіз болар байлықты өз 
тілімізден  тауып,  соны  қолданысқа  қоса  алмай  отырғанын 
айтқысы  келсе,  екіншілері  əлгі 70-80%-ті  мақтан  етеді.  Ол 
80 пайыздың өзі де əлі ғылыми оралымға енбей, іске жара-
тылмай  отырғанымен  жұмыс  жоқ.  Ал  алда-жалда  қазақта 
жазыла  қалған  жаратылыстану  ғылым  саласындағы  еңбек-
тің  бірін  оқып  көріңіз.  Одан  қазақ  тілінің  байлығын  емес, 
оның  əбден  шұбарланғанын  көресіз.  Міне,  ғылым  тілінің 
бүгінгі сиқы осы.
Əрине  бұл  айтылғандардан  қазақ  терминологиясын  қа-
лыптастыруда жартымды ештеңе жасалмаған екен ғой деген 
қорытынды тумасқа керек. Отызыншы, кейін 50-60-70-жыл-
дары əлденеше сөздіктер түзіліп, жүздеген терминдер Мем-
терминком  арқылы  қолданысқа  енді.  Терминжасам  ісімен 
тікелей  айналысқан  авторлар  да  бар.  Осы  шаруаның  басы-
қасында  болған  І.  Кеңесбаев,  М.  Балақаев,  І.  Жарылғапов, 
Қ. Сағындықов, О. Жəутіков, Б. Бірімжанов, А. Əбдірахманов, 
Ə. Қайдаров, Ө. Жолдасбековтердің еңбегі зор екені даусыз.
Алайда  күні  бүгінгі  дейін  толассыз  жүргізіліп  келе 
жатқан  бұл  ісіміздің  негізінен  қате  принциптерді  ұстанға-
нын байқаймыз. Байқаймыз да, қазақ тілінің «орыстануына» 
тікелей  өзіміз  себепші  болғанымызға  күйінуге  тура  келеді. 
Неге  десеңіз,  сонау 1935 жылдан  бастап  қазақ  тілінде  тер-
минжасам  қазақ  тілінің  емес,  орыс  тілінің  заңдылығын 
сақтау  принципін  көздеумен  келген  екен.  Яғни  «орыс  тілі-
нен  жəне  орыс  тілі  арқылы  келген  терминдердің  бəрін 
мұртын  бұзбай»,  қаз  қалпында  қабылдап  келгенбіз.  Бұған 
мысал келтіріп жатудың қажеті бола қоймас.
Өйткені  қай  сөздікті  қарасаңыз  да  интертерминнен  аяқ 
алып  жүре  алмайсыз.  Жəне  олар  түп  негізін,  түрін  сақтай 
отырып  қазақ  тілі  сөздік  қорының  заңды  жүйесіне  орасан 
зор нұқсан келтірді. Олармен бірге қазақ тіліне мүлде керек-

361
сіз əріптер келіп енді. Сонымен бірге тіліміздің айтылу, жазу 
нормасы бұзыла бастады. Мұның бəріне себепші болған үш 
түрлі құжаттан үш үзінді келтірсек жеткілікті болар.
Қараңыз: 1. «Халықаралық  терминдер  орысша  қалай 
алынса,  қазақша  да  солай  алынады» (1935 ж. 23 шілде, 
Қазақстан Халық Комиссарлар Советінің 812-ші қаулысы»; 
2. «… қазақ  тілінде  баламасы  жоқ  шетелдік  жəне  орыс 
терминдері аударылмай алынатын болсын, бұлардың жазы-
луы  орысша  болсын» (БК(б)П  Орталық  Комитетінің  В.И. 
Ленин мен И.В. Сталин шығармаларын қазақ тіліне аударуға 
байланысты 1947 жылғы арнайы қаулысы); 3. Сондай-ақ 1983 
жы-лы біраз өзгертулер мен толықтырулар енгізілген «Қазақ 
тілі  орфографиясы  негізгі  ережелерінің» 18-параграфында 
«Орыс  тілінен  енген  атау  сөздердің  тұлғасы  сақталып, 
орыс  орфографиясы  бойынша,  өзгерілмей  жазылады»  деп 
заңдастыра  түскен  екенбіз.  Сонда  біз  емле  ережелерін  қай 
тілдің қамын ойлап түзіп отырмыз деген ой келмей ме?
Сөйтіп  термин  жасауда  жіберген  кемшіліктерден  күні 
бүгінге дейін арыла алмай отырмыз. Бұдан айығудың амал-
дары  бар  ма  дегенде  өткен  жылы  «Егемен  Қазақстан» 
газетінде  жарияланған  академик  Ə.Т.  Қайдаровтың  «Қазақ 
тілі терминологиясына жаңаша көзқарас» деген мақаласына 
иек  артамыз.  Бір  өкініштісі,  содан  бері  де  біраз  уақыт 
өткенмен  бұл  жөнінде  селт  етіп,  үн  қосқан  пікірдің  мүлде 
селдірлігі.
Біздің ойымызша, бұған назар аудармауға болмайтынын 
бүгінгі күннің зəру мəселесін аумағымен алып қарастырған 
өте  құнды  еңбек.  Автор  терминжасам  принциптерін 
түбірімен  түгел  қайта  қараудың  қажет  екенін  айта  келе, 
нақты  өз  ұстанымын  ұсынады.  Пікірсайысына  шақыратын 
да тұстары бар. Біз профессор Ə. Қайдаровтың бұл «жаңаша 
көзқарасын» негізінен қуаттай отырып, қайсыбір тұстардағы 
өзіміздік  топшылауларымызды  ортаға  сала  кеткенді  жөн 
көріп отырмыз.

362
Автор  терминжасам  «шаруашылығына»  байланысты  ой-
ларын баяндай келе, оны он бір принцип негізінде түйіндейді. 
Бұлардың  біразы  Қ.  Жұбановта  да,  Н.  Сауранбаев  пен 
С. Бəйішовте де, М. Жанғалин мен Қ. Сағындықов пайым-
дауларында да кездеседі.
Алайда автор бұлардың бəрін ой елегінен өткізе отырып, 
мүлде жаңа баптар енгізеді.
Міне, осыларды сарапқа сала келе, біз қазақ тілінде тер-
мин  жасаудың  он  бір  емес,  негізінен  бес  принципті  бой 
көрсететінін байқайтынымызды баяндамақпыз.
Тілдік  материалдар  ары  кеткенде  алты,  жеті  принцип 
шеңберінен  шықпайтын  тəрізді.  Шынтуайтқа  келгенде 
əңгіме бұл принциптердің санында емес, мəнінде ғой.
Қысқасы,  бірінші  жəне  ең  негізгі  принцип  ретінде  біз 
қазақ  тілі  сөз  байлығын  барынша  сарқа  пайдалану  деп 
білеміз.  Басында  айтылғанымен  осы  принципке  жете  мəн 
берілмей келгенін несіне жасырамыз.
2.  Терминжасамда  тіл  байлығын  сарқа  пайдалану  прин-
ципі  сарқылған  кезде  екінші  бір  қазынаның  көзі  ашылуға 
тиіс.  Ол  түпнегізі  бір  түркі  тілдері.  Біз  күні  бүгінге  дейін 
бұл  байлығымызды  да  ескермей  келдік.  Ендеше  түркі  тіл-
дері  сөз  байлығын  сарқа  пайдалану  принципін  естен 
шығаруға мүлде болмайды.
3.  Қазақ  тілі  арнайы  лексикасының  құрамын  байыта  тү-
суге тиісті бір принцип, ол интернационалдық терминдерге 
байланысты мəселеден туындайды. Өрескел қателіктер осы 
интертерминдер  негізінде  орын  алып  келгені  мəлім.  Мұны 
қабылдаудың  үш  түрлі  жолы  бар  сияқты.  Ол,  біріншіден, 
интертерминдердің  мағынасын  дəл  беретін  балама  табу; 
екіншіден, оларды сөзбе-сөз аудару, калькалау; үшіншіден, 
мұның ешқайсысына көнбеген интертерминдердің тұлғасын 
өзгертіп, қазақ тілінің заңдылығына бағындыра қабылдау.
4.  Қысқарған  терминдер  жасау  принципі.  Мұнда  да 
негізінен  өз  байлығымызды  сарқа  пайдалана  отырып,  өзге 

363
терминдерді  өзіндік  етіп  алудың  жолдары  қатты  қарас-
тырылып отыруы керек.
5.  Академик  Ə.  Қайдаров  көрсетіп  отырған  шарттылық 
принципі.  Сөз  жоқ  бұл  терминжасам  ісінде  өзіндік  орны 
бар  принцип.  Термин  негізінде  белгілі  бір  қалыпқа  түсіп, 
соны қатып ұстайтын арнайы лексикалық қабатты құрайтын 
болғандықтан да шарттылық болмай тұрмайды.
6.  Терминдер,  сондай-ақ  жазу  принципіне  қарай  бе-
йімделетін  болғандық,  олардың  тағдыры  емле  ережелеріне 
де  байланысты.  Яғни  бұдан  терминдерді  жазу  принципі 
шығады. Бұл салада да шалағайлықтарымыз жетіп жатыр.
7. Бұл шаруаның бəріне де мемлекет тарапынан үздіксіз 
қамқорлық қажет-ақ. 
Мұны Əбдуали Туғанбайұлы көрсеткендей, негізгі прин-
циптер қатарына қосса да, қосылса да болады деп есептейміз.
Міне, қазақ терминологиясын тіліміздің ішкі болмысына 
орай  жасап  қалыптастырамыз  десек,  осы  айтылған  прин-
циптер негізінде қыруар жұмыс істеуге тура келеді. Өйткені 
тіліміз  əлі  қалыптасу,  даму  кезеңін  бастан  өткеріп  біткен 
жоқ. Мүмкіндігі сарқылар да түрі жоқ.
Осылардың  бəрін  баяндай  келгенде  терминология 
«шаруашылығымызды»  жөнге  келтіру  үшін  не  істеу  керек 
деген  сұрақ  туындайды.  Біздің  ойымызша  мынадай  шара-
ларды жедел түрде қолға алу керек. 
1.  Терминология – ғылым  мен  техника  тілін  дамытатын 
лексиканың  бірден-бір  күрделі  қабаты.  Бұған  иелік  жасай-
тын  бір  мекеме  болса,  ол – Ұлттық  Ғылым  академиясы 
болу  керек.  Түзілген,  түзіліп  жатқан,  енді  түзілетін  терми-
нологиялық  сөздіктер  материалының  ғылыми  негіздерін 
қарастыратын  ғалымдар  болмағанда  кімдер  болу  керек. 
Ендеше  осы  игі  шаруаны  қолға  алып,  қадағалап  отыра-
тын  Ұлттық  Ғылым  академиясы  төралқасының  жанынан, 
тікелей  президенттің  өзі  басқаратын  барлық  терминолог-
ғалымдардың  күшін  бір  жерге  түйістіретін  Ғылыми 
орталық құрған жөн.

364
Бұл  орталық  Мемлекеттік  терминология  комиссиясы-
мен  тығыз  байланыс  жасай  отырып,  ең  əуелі  терминжасам 
принциптерін  айқындауы  тиіс.  Сол  негізде  бүкіл  бұрынғы 
жарияланған сөздіктер мен олқылықтарды қайта түзіп, лек-
легімен түр-түрін баспадан шығаруды реттеуі керек. Сондай-
ақ  дау  туғызып  келе  жатқан  терминдерді  топ-тобымен 
іріктеп алып, оларды алдымен газет арқылы көпшілік талқы-
сына  ұсынып,  сосын  Мемтерминком  мəжілісінде  үздіксіз 
бекітіп отыруды дағдыға айналдыру қажет.
2.  Мемтерминком  жұмысына  айрықша  мəн  берілуі  тиіс. 
Ғылыми  орталықты  да,  Мемтерминкомды  да  қаржылан-
дыру, мамандарды ынталандыру жайын ойластырған жөн.
Жарты  ғасырдан  астам  уақыт  бойы  жақсылы-жаманды 
жұмыс  істеп,  жүздеген  терминдердің  қолданысқа  еніп, 
тұрақтауына  себепші  боп  келген  Мемлекеттік  термино-
логия  комиссиясының  жұмысын  мүлде  қайтадан  қарап, 
түбірлі  өзгерістер  енгізу  қажет. «Күштілері  сөз  айтса,  бас 
изеймін  шыбындап»  деген  принцип  негізінде  жұмыс  істеп 
келген  бұл  комиссия  жұмысын  жандандыру  жолдарын 
қарастыру  керек-ақ.  Ол  үшін,  бəлкім,  арнайы  конференция 
шақырып, өз алдына бөлек ақылға салған жөн болар. Жəне 
ол  комиссияның  мемлекет  атынан  сөйлейтін  құқы  болуы 
тиіс.  Ең  бастысы,  бұл  мемлекеттік  мəні  бір  істі  мемлекет 
қамқорлығына алмаса болмайды.
3.  Қазақ  тілі  терминологиясы  жазу  сауаттылығын  арт-
тыратын  емле  ережелеріне  тікелей  тəуелді,  яғни  термин 
сөздер  үшін  бөлек  емле  жасалмайды,  ол  ортақ  ережеге 
бағынады. Ендеше емле ережемізде термин сөздерді жасау, 
қабылдау жөнінде жіберілген өрескел қатені түзеу қажет.
4.  Əу  бастан-ақ  қазақ  тілінде  термин  жасаудың  ғылыми 
принциптері жасалған.
Бірақ,  əсіресе,  орыс  жəне  интернационалдық  терминдер 
жөнінде  тіліміздің  табиғатына  мүлде  жат  бағыт  ұстанып 
келгеніміз өкінішті-ақ. Бұл жөніндегі үш түрлі құжатты еске 
салып өттік. Оларды үлгі ретінде қолдануды тоқтату керек.

365
5.  Терминжасамның  жаңа  үлгілерін  баспасөзде  жария-
лай  отырып,  оның  негізінде  жыл  сайын  пікірсайысын 
өткізіп отыралық.
6.  Терминолог  кадр  дайындау  мəселесі  мүлде  жолға  қо-
йылмаған. Соның түрлі жолдары қарастырылып, мамандар-
ды  шетелге  тəжірибе  алмасуға  дейін  жіберуді  ойластыру 
қажет.
7.  Қазақ  терминологиясының  өзекті  мəселелері  жөнінде 
үздіксіз  радиотелехабарларын  жүргізіп,  екі  жылда  бір  ғы-
лыми-практикалық  конференция  өткізіп  отыруды  рəсімге 
айналдыру қажет.
8. Бүкіл түркі тілдеріне ортақ терминологиялық қор жа-
сау ісімен шұғылдану керек. Ол үшін ең алдымен біз жазу-
ымызды жөнге қоюымыз қажет. Яғни түркі тілдерінің көбі 
көше  бастаған  латын  əліпбесі  жөніндегі  Ə.  Қайдаровтың 
ұсынысын қарайтын уақыт жетті.
Болашағы  зор  тілдің  қай-қайсысы  да  үнемі  қалыптасу, 
даму үстінде болады екен. Бір шүкіршілігі сол, қазақ тілі де 
өзінің  осындай  өміршеңдігін  жоғалтқан  емес.  Соңғы  жеті-
он жылда оның қолданыс өрісі үнемі тұмшаланумен келеді 
десек  те,  жанды  организм  есебінде  ол  тыныс-тіршілігін, 
қозғалысын тоқтатпады.
Яғни  ол  əлі  қалыптасу  жолы  ұзара  түскен  екен.  Себебі, 
«орыс  тілінің  қалыптасу  жолы  неғұрлым  ұзақ  болса, 
соғұрлым  келісіп,  кемелдене  түседі»  деп  В.Т.  Белинский 
айтқандай,  қазақ  тілінің  де  осы  күнді  басынан  кешіріп 
отырғаны мəлім. 
Мұны  біз  əсіресе  соңғы  кездегі  қоғам  дамуына  орай 
туындап  жатқан  сансыз  жаңа  ұғымдар  мен  атаулар  тасқы-
нын  беруге  жегілген  терминологиялық  жүйеден  айқын 
аңғарамыз.  Мұны  ғылым  тілінде  терминологиялық  тасқын 
немесе  жаңа  қолданыстар  мен  жаңа  ұғымдардың  нақтыла-
нуы  дер  едік.  Мына  мысалдарға  зер  салыңыз:  бағдарлама, 
жарғы, құжат, айқындама, тұжырымдама, ұшақ, əуежай, 
жекешелендіру,  қауымдастық,  егемендік,  бірлестіктер, 

құзыр,  уағдаластық,  зейнеткер,  кешен,  кешенді  ғимарат, 
демеуші, ақпарат, бағдаршам, елтаңба, жариялылық, зей-
нетақы,  мəртебе,  өтем  (компенсация),  пікір  сайыс  (дис-
куссия),  сыйақы  (премия),  тұғырнама  (платформа),  тара-
лым  (тираж),  тапсырыс  (заказ),  шаруашылық  есеп  (хоз. 
расчет),  шығармашылық,  шаруа  қожалық  (крест.  хоз-во), 
ілеспе аударма т.т.
Ана  тіліміздің  ғылыми  өресін  айқындайтын  айрықша 
белгісі, оның терминологиялық жүйесінің қаншалықты өріс 
алып, қалыптасуына тікелей қатысты.
Осы  ретте  белгілі  суреткер  Константин  Паустовскийдің 
мына  бір  пікірін  қайталағың  келеді.  Ол: «Əрбір  адамның, 
өзінің  ана  тіліне  деген  көзқарасына  қарап  оның  мəдени 
деңгейіне  ғана  емес,  сонымен  бірге  азаматтық  қасиеттері 
жөнінде де мүлтіксіз баға беруге болады. Өз Отанына деген 
махаббат  өз  ана  тіліне  деген  шынайы  махаббатсыз  болуы 
мүмкін  емес.  Өз  ана  тіліне  немқұрайдылықпен  қарайтын 
адам хайуанмен бірдей. Оның ана тіліне деген немкеттілігі 
өз  халқының  өткеніне,  қазіргісі  мен  келешегіне  деген 
немкеттілікпен  сабақтасып  жатады,  сондықтан  ондайлар 
зиянды», – деген  еді.  Ендеше  осы  немкеттіліктен  арылып, 
ана  тіліміздің  абыройын  биіктете  түсер  ғылым  тіліне,  яғни 
оның  терминологиялық  жүйесіне  жаңаша  бір  көзқараспен 
үңіліп, байлығымызды қасиетпен тұтынып, ұрпағымызға са-
ралап, сап таза күйінде жеткізейік!
2001 жыл

367
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ КІРМЕ СӨЗДЕР 
МЕН ИНТЕРТЕРМИНДЕР ЖАЙЫНДА
Қазақ тілінің сөздік құрамына əрқилы жолдармен, əрқилы 
кезеңдерде  енген,  бірақ  байырғы  сөздік  қорына  тəн  емес 
сөздер тобы əдетте кірме сөздер деп аталып жүр. Бұлардың 
қатарында  терминдік  тұрақты  ұғымы  тиянақталмай  ауыт-
қып  жүрген  тағы  бірнеше  атау  сөздерді  əңгімелеуге  бола-
ды.  Олар – шет  тіл  сөздері,  интернационалдық  терминдер, 
ғылыми  терминдер,  арабизмдер,  русизмдер,  техникалық 
атаулар,  халықаралық  терминдер  т.т.  Бұлардың  бəрінің 
өзді-өзіне тəн аздаған ерекшеліктерімен бірге, ортақ белгілері 
де  жетерлік.  Олардың  тілімізге  келу,  ену  жолдары  талай 
сырдың  бетін  ашады.  Мұрты  бұзылмай  əу  баста  түпнұсқа 
тілде  қалай  пайда  болса,  дəл  сол  қалпында  қабылданған 
кірмелер де бар. Сонымен бірге тіл даму процесінде едəуір 
өзгеріске ұшырап, сыртқы түрін құбылтып алған мысалдар 
да баршылық.
Бұларды,  əрине,  бір  қатарға  қойып  талдауға  болмас  еді. 
Алып  отырған  объектіміз  кірме  сөздер  мен  терминдер 
болғанмен, бұл жерде кірме сөздер бір бөлек, кірме тіркес-
тер  бір  бөлек  жəне  «өздік»  терминдер  мен  «өзгелік»  тер-
миндер  жəне  терминдік  тіркестер  өз  алдына  жеке-жеке 
қарастырылуға тиіс мəселелер. Дегенмен мұның əрқайсысы 
өзіндік  зерттеу  сарабынан  əлі  өтіп  үлгермегендіктен  біз 
бұларды  əзірге  өзара  тығыз  байланыста  қарастыруға  мəж-
бүрміз.
Жалпы дəстүрлі əдебиетте өзге тілден сөз алмасу проце-
сін  прогрестік  құбылыс  деп  табады.  Яғни  бұл  тіл  байы-
тудың  бір  көзі  саналады.  Бір  қарағанда  солай  да  сияқты. 
Бұған мысал ретінде қазақ тілі тарихының қалыптасу жолы-
на зер салса болады. Біз бұдан қазақ тілін қорландыра түсуге 
себі  тиген,  оның  сөздік  қорын  байытқан  əлденеше  кезеңді 
көреміз.

368
Мамандардың  айтуына  қарағанда,  мұны  мынадай 
кезеңдерге  бөліп,  əрі  диахрондық  сипатта  қарауға  болатын 
тəрізді, оның өзін де шартты түрде ғана.
Кірме  сөздердің  тілімізге  қатар  енген  ыңғайына  қарай 
айқындалатын  ең  үлкен  екі  дəуірді  байқаймыз.  Ол – ара-
бизмдер, парсизмдерді алып келген VІІІ–ІX ғасырдан бергі 
жердегі  он  ғасырлық  уақыт  пен XX ғасырдың  еншісіне 
тиетін  интернационалдық  терминдер  мен  русизмдер. 
Қазақ  тіліндегі  араб,  парсы  сөздерінің  табиғатын  зертте-
ген  Л.  Рүстемов  бұларды 14,5 пайыз  шамасында  деп 
көрсеткен.
Біз бұл жолы батыс Еуропа тілдері мен орыс тілінен ен-
ген сөздердің кейбір тұстарына ғана тоқтағанды жөн көріп 
отырмыз.
Жалпы  кірме  сөздер  табиғаты  қызық.  Əдетте  бір  тілден 
екінші  тілге  алуан-алуан  сөз  элементтері  өтіп  жатады.  Бұл 
морфология,  синтаксис,  лексика  салаларына  тəн  құбылыс. 
Əсіресе  лексика  саласындағы  кірме  сөздер  жайы  айрықша 
назар  аудартады.  Өйткені  тілдік  процесте  сөз  алмасудың 
жөні  бөлек.  Ең  жиілік  жағынан  сөздің  алдына  фонема  да, 
морфема да түсе алмайды.
Лексика – тіл  білімінің  басқа  салаларына  қарағанда 
сыртқы  əсердің  қандайына  болса  да  елгезектік  танытып 
тұратын қабатқа бай. Қоғамда болып жататын өзгерістердің 
бəрі  дерлік  лексикадан  орын  теуіп  жатады.  Бұл  негізінен 
халық  пен  халықтың  өзара  қарым-қатынасына  байланысты 
болып жататын процес болып табылады. Cоның ішінде зат-
тар мен ұғымдар атауы бір тілден екінші тілге жиірек ауы-
сып жатады.
Белгілі бір тілде кірме сөздер қарасының көбейіп кетуін 
қайсыбір  зерттеуші  əлгілерді  қабылдаушы  тілдің  кедей-
лігінен деп түсіндіруге тырысуы мүмкін. Мұндай пиғылдар 
болған да. Ал негізгі себеп, біздіңше, басқа. Тіл тілде, оның 
ішінде  қазақ  тілінде  əсіресе,  ғылыми-техникалық  прог-
рестің  қанат  жаюына  байланысты  көптеген  сөздер  мен 

369
ұғымдарды  жаңаша  саралауға  тура  келді.  Əрбір  саладағы 
сөз  саралау  барысында  қайсыбір  ұғымдарды  нақтылай, 
анықтай түсу ниетімен өзге тіл элементтерін қоспалап, жа-
рыстыра  қолдану  дағдысы  пайда  болды.  Мəселен,  репор-
таж,  репортер,  информация,  хобби,  коммерсант,  бизнес, 
холдинг,  комфорт,  сервис,  лимит  дегендер,  бір  қарағанда 
мұқтажымызды  өтеп  тұрғандай.  Екінші  жағынан,  дəл  осы 
сөздерді  арқалаған  мағыналық  жүгін  түгел  бере  қоятын 
лексикалық  элементтердің  қазақ  тілінен  əзір  табыла 
қоймауынан.  Кейде  авто,  аудио,  авиа,  аэро,  кино,  метро 
тəрізді  қысқарған  сөз  бөліктері  де  бір  тілден  екінші  тілге 
көшіп  жүреді.  Бұларды  автоқалам,  аэрошана,  киноқон-
дырғы деген мысалдардағыдай түрде туындатып, сөздердің 
жаңа бір үйірін жасауға болатынын байқаймыз.
Зерттеушілердің  топшылауынша,  ғылымда  терминжа-
самның  басты-басты  (ең  негізгі)  деген  үш  тəсілінің  жігі 
айқындала түскен тəрізді.
Оның  біріншісі  бойынша  терминжасам  процесінде 
туынды  сөздер,  біріккен  сөздер,  қысқарған  сөздер  жəне 
сөзтіркестері  іске  тартылады.  Сонымен  бірге  жалпы 
халықтық  тіл  элементтері  де  қолданылып  жатуы  мүмкін. 
Яғни  тілдің  өз  сөз  байлығын  сарқа  пайдалану  принципіне 
қатысты тəсіл.
Екінші  тəсілдің  мəнісі  мынада.  Тілде  бұрыннан  бар 
термин  сөздердің  негізінде,  немесе  оның  мағынасы  мен 
тұлғасын аздап өзгертіп барып жаңа термин жасау.
Мысалы:  оқу – оқулық – оқу  құралы;  немесе  кейбір 
синонимдес  сөздердің  мағыналық  жігін  таратып  жаңа  өріс 
беруге болады: ілім – білім – ғылым т.т.
Yшінші  тəсіл  бойынша  өзге  тілдердегі  дайын  термин-
дерді  қабылдап  алу.  Бір  кезде  қазақ  тілінде  қаптап  қатар 
түзеген коммунизм, социализм, марксизм, совет, коммунист, 
лектор, журналист, юрист т.т. осыған дəлел.
Осы соңғы тəсіл жайына біраз тоқтала түсу қажет.
Негізгі  сөздік  қорымызға  жатпайтын  бөгде  сөздер 
жоғарыда сөз болғанындай қазақ тілінде əрқилы аталып жүр. 

370
Шет  тіл  сөздері,  бөгде  сөздер,  интернационалдық  термин-
дер,  кірме  сөздер,  кірмелер  т.т.  Жалпы  біз  тілімізге  ешқан-
дай  өзгеріссіз  енген  сөздерді  де,  тұлғалық  өзгерістерге 
душар  боп,  төл  байлығымыздың  қатарынан  орын  алған 
сөздерді  де  кірме  сөздер  ретінде  əңгімелеп  жүрміз.  Əйтсе 
де кірме сөздер табиғатын тарихи кезеңдерге бөліп жіктеп, 
жүйелеп қарау керек сияқты.
Мəселен,  бұлардың  тіліміздегі  өрісін  саралай  отырып 
біз формалды түрде мынадай үш түрлі ыңғайды байқаймыз. 
Біріншінің  қатарына  тілімізге  бағзы  бір  замандарда  еніп 
қолданыла  келе  əбден  сіңіп,  бөтендігі  байқалмай  мүлде 
өздік болып үлгерген сөздерді жатқызуға болады. Мəселен: 
мəдениет, қағида, ғылым, білім, ғалым, мұғалім, мектеп, ме-
дресе тəрізді арабы сөздер мен сот, жəшік, бəтіңке, болыс, 
бөкебай, бөтелке, əптек тəрізді орыс сөздері əу бастағы өзге-
лік ерекшелігін сыпырып тастап, қазақ тілінің заңдылығына 
сəйкес  икемделіп,  төл  байлығымызды  молайтқан  қазына. 
Екіншіге  сыртқы  пішінін  өзгертпегенімен  жиі  қолданылу 
нəтижесінде  сол  қалпында-ақ  негізгі  сөз  байлығымыздан 
жатырқамай орын ала бастаған аспирант, студент, акаде-
мик,  пойыз,  станса,  журналист,  корреспондент,  машина, 
автомашина,  солдат,  лейтенант,  офицер,  касса,  кассир, 
экономика, трамвай, троллейбус тəрізді сөздерді жатқызуға 
болады. Ал үшінші лекті таза шет тіл сөздері құрайды. Бұлар 
көбінесе  мамандар  аузында,  аз  ғана  топтың  қолданысында 
жүрген  сөздер.  Бұл  жерде  əңгіме  тілге  тиек  етіліп  отырған 
терминдердің ертелі-кеш енуі ғана емес, олардың қолданыс 
аясы мен өрісінің де шеңбері есепте болуы тиіс.
Мұндай саралаудың бəрі əрине шартты. Дегенмен мұндай 
зерттеуде жүйелілік бола қоймайды.
Кез  келген  тілдің  сөздік  құрамын  байыта  түсетін  лек-
сикалық  қабаттың  қатарында  кірме  сөздердің  алар  орны 
ерекше.  Оны  жоғарыда  айтылғандардан-ақ  аңғаруға  бола-
ды.  Тарихқа  жүгінсек,  ешкіммен  араласпай  томаға-тұйық, 
өзімен-өзі  боп  отырған  бірде-бір  елді,  бірде-бір  халықты 

371
таба алмайсыз. Тіл құбылысындағы əлгіндей ауыс-түйістер 
өзара қарым-қатынас, тығыз байланысқа орай туындаған.
Яғни  өзара  ауыс-түйіс,  алыс-беріс  экономикалық  өмірде 
ғана  емес,  əлеуметтік  өмірде  де  өріс  алған.  Мұндай  құбы-
лыстар  қоғам  дамуындағы  өзгерістерге  орай  əр  кезеңде  əр 
алуан күй кешеді. Тілде де соған сəйкес ауыс-түйістер болып 
жатады.
Жалпы  тілдердің  өзара  қарым-қатынасы,  бір-біріне  ық-
пал-əсері əр алуан деңгейде.
Яғни  лингвистикалық,  əлеуметтік  жəне  этнотарихи 
факторлардың  бəрі  қым-қуат  араласып  қайнап  жататыны 
лингвистерді  селқос  қалдыра  алмайды.  Олар  бұл  мəселені 
үнемі  қадағалап  отырғанын  көреміз.  Сондағы  олардың, 
əсіресе, назар аударатыны тілдерді өзара əсер етуге мəжбүр 
ететін жағдай, себеп жəне олардың нəтижесі.
Қазақстан – тілдік  қарым-қатынас,  ауыс-түйіс  жағынан 
өте  ыңғайлы  жерде  орналасқан.  Ол  дəстүрі,  тарихы,  тілі 
қилы-қилы  елдермен  шектеседі.  Мысалы,  шығысында  Қы-
тай  мен  Моңғолия,  солтүстігінде  ұлы  Ресей  империясы, 
оңтүстік жəне оңтүстік батысында Өзбекстан, Түркменстан, 
Əзірбайжан  арқылы  Ауғанстан,  Иран,  Түркия  елдеріне  қол 
ұзартып  жатады.  Қазақ  халқы  өзінің  байтақ  атамекенінде 
түркі  тілдес  халықтардың  ішінде  тіл  тазалығын  барынша 
сақтап келген ұлт десек те, тарихи сапырылыстар кезеңінде 
кірме  сөздерден  ол  да  аман  қала  алған  жоқ.  Жалпы  жоға-
рыда  ескерткеніміздей,  тіл  байытудың  бір  өнімді  көзі  деп 
танылып жүрген бұл тəсілдің қазақ тіліндегі табиғаты линг-
вистикалық  зерттеулер  үшін  қызғылықты  материал  бере 
алады. Неге десеңіз, аталып өткендей, қазақтар тарихтың өз 
еншісіне бөліп бергеніндей орыстармен де, қытайлармен де, 
моңғолдармен де, қалмақтармен де, парсылармен де, əсіресе 
түркі  тілдес  туыстарымен  тығыз  қарым-қатынаста  болған. 
Ендеше  осы  қарым-қатынастарды  бүкіл  тарихи  аумағымен 
алып,  өзара  тығыз  байланыстыра,  жүйелі  түрде  зерттесе 
бұл тілдердің бəрінің тарихы үшін таптырмайтын деректер 
берері хақ.

372
Осы ретпен қарайтын болсақ, тілімізден иран-парсы эле-
менттерін  молынан  кезіктіреміз.  Мысалы,  гүл,  дос,  дерт, 
апта,  қораз,  таба  тəрізді  зат  есім  сөздерін;  азат,  зерек, 
нəзік, пəк тəрізді сын есім сөздерін табамыз.
Ал X ғасырдан бастап түркі тілдеріне, оның ішінде қазақ 
тіліне  араб  сөздері  қаптап  ене  бастады.  Бұл  əсіресе  ис-
лам  дінінің  енуіне  байланысты  қарқындай  түскен.  Белгілі 
зерттеуші  Л.З.  Рүстемовтің  есептеуінше  қазақ  тіліндегі 
арабизмдердің  саны  шамамен 14,5%-тің  айналасы.  Сонда 
байқалатыны,  кірме  араб  сөздерінің  көбі  негізінен  мəдени-
ағарту, саяси жəне сауда-саттық, яғни экономикалық салалар 
бойынша жəне араб жазуына орай сап түзейді. Қазақ тіліне 
енген  сөздердің  құрамын  қарап  отырсақ,  мынадай  жайды 
аңғарамыз.  Сөздің  негізгі  мағыналы  бөлігі  араб  сөзі  де,  ал 
сөз  тудыратын  екінші  бөлігі  парсыша.  Мысалы,  айла-кер, 
кітап-хана.
Араб  тілінен  енген  сөздерді  жалпы  екі  топқа  бөліп 
қарастыруға  болады.  Бірінші  топқа  тіліміздегі  түбегейлі 
игерілген, семантикалық, фонетикалық жəне морфологиялық 
пішіні мүлде өзгерген, кіріккен сөздерді жатқызамыз. Олар 
əдеби тілде де, ауызекі сөйлеу тілінде де қолданысқа еркін 
еніп, тіпті жаңа сөздер жасауға дейін негіз болып жатады. Ал 
екінші бір топты баспасөз бен көркем əдебиет жəне ғылыми 
əдебиеттерде  кездесетін  сөздер  құрайды.  Бұлар  жалпы  ха-
лықтық  сипат  ала  алмаған,  соған  қарамастан  арнайы  сала-
лардан аттап өте алмайтын сөздер.
Жоғарыда келтірілген сөздерді жалпы қазақ тілінің сөздік 
құрамындағы  арабизмдерге  жататын  кірмелердің  қай  кез-
де  еніп,  қалай,  қашан  игерілгенін  бүгіндері  тап  басып  ай-
тып,  дəлдікпен  баяндау  қиынға  соғады.  Бұл  негізінен  əлгі 
сөздердің мүлде кірігіп, сіңіп кетуінің салдарынан.
Соған қарамастан бұлардың аумағын формалды түрде бы-
лайша жіктеп қарауға болатын сияқты.
1. Табиғат құбылыстары мен апатты жағдайлар атауы: нұр 
(свет, луч), апат (стихийное бедствие) т.т.;

373
2.  Адамның  ішкі  жан  дүниесі  мен  сыртқы  күш  қуатына 
тəн  сөздер,  анатомиялық  атаулар:  запыран  (желчь),  ғашық 
(влюбленный);
3. Құрылыс, тұрмыстың атаулары: ғимарат (сооружение), 
зембіл (носилка), əбдіре (сундук), ғибадатхана (храм), дар-
база (ворота), дастархан (обед, скатерть), дорба (мешочек), 
жатақхана (общежитие) т.б.;
4.  Тағам,  сусын  атаулары:  алуа  (халва),  қамыр  (тесто), 
шарап (вино), шербет (сладкий напиток), палау (плов), қияр 
(огурец).
5. Қоғамдық-саяси өмірге байланысты атаулар: мемлекет 
(государство),  Отан  (Родина),  саясат  (политика),  өкімет 
(правительство),  пəрмен  (приказ),  ресми  (официально), 
мəжіліс (заседание, собрание), мəлімдеме (заявление).
6.  Оқу,  тəрбие  жұмысына  байланысты  атаулар:  тəрбие 
(воспитание),  тəртіп  (дисциплина),  кітап  (книга),  мектеп 
(школа), мұғалім (учитель), ноқат (точка), тəлімгер (настав-
ник) т.т.;
7. Ғылым мен оның салалары: əріп (буква), əдебиет (ли-
тература), тарих (история), пəлсафа (философия).
8. Діни лексика: дін (религия), құран (коран), азан (утрен-
няя молитва), алла (бог).
Сонымен  қазіргі  қазақ  тіліндегі  арабизмдер,  көбіне-көп 
қоғамдық-саяси өмір, мемлекет басқару, мəдени-ағарту, оқу, 
тəрбие, ғылым, діни ұғымдар туралы болып келеді. Бұлардың 
бəрі дерлік сөздерді қолдану, игеру барысында фонетикалық, 
морфологиялық өзгерістерге ұшыраған.
Ал  орыс  тілінен  жəне  орыс  тілі  арқылы  енген  кірме 
сөздер мен интернационалдық терминдердің қазақ тіліндегі 
табиғатын  зерттеу  өте  қызғылықты  тақырып.  Бұларды 
бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады.
1)  Қазақстанның  Ресейге  қосылуына (1731 ж.)  дейінгі 
кезең. Бұл кезеңде бірен-сараңдаған ғана тілдік ауыс-түйістер 
кездеседі.
2) 1731 жылдан XІX  ғ. екінші  жартысына  дейінгі  кезең. 
Бұл  тұста  орыс  миссионерлері  мен  оқымыстылары  жер, 

374
ел  жайын  зерттеу,  игеру  мақсатымен  түрлі  экспедициялық 
сапарларға  шығып,  жергілікті  халықпен  тығыз  байланыс 
орната  бастады.  Қазақ  арасынан  да  орыс  ортасына  барып, 
олардың  ілімі,  біліміне  ден  қоя  бастаған  бірен-сарандар 
шығады. Осының нəтижесінде жат сөздер шеруі басталады.
3) XІX ғ. ІІ жартысы мен Қазан төңкерісіне дейінгі кезең. 
Бұл  кезеңде  қазақ  мектептері  ашылып,  газет,  журналдар 
шыға  бастайды.  Қазақ  пен  орыстың  арасы  бұрынғыдан  да 
жақындай  түседі.  Қазақ  жерін  айналдыра  қоршаған  казак 
станицалары,  түрлі  бекіністер  салынады.  Орыс  шаруалары 
келіп  шұрайлы  жерлерімізге  егін  салып,  игере  бастайды. 
Осының  бəрі  тіл  дамуына  ықпалын  тигізбей  қойған  жоқ. 
Жергілікті  халықтың,  яғни  қазақтардың  тілін,  əдет-ғұрпын, 
салт-санасын игеру мақсатымен қысқаша сөздіктер түзіліп, 
қостілді  оқу  орындары  ашылады.  Ондағы  мақсат  қазақ 
халқын  сауаттандырып,  мəдени  өрісін  көтеру  емес,  оларды 
билеп-төстеудің жолдарын қарастырудан туған əрекеттер еді.
4) 1917 жылдан 50-жылдарға  дейінгі  кезең.  Бұл  қазақ 
мəдениеті мен тілін, өнері мен əдебиетін айрықша қозғалысқа 
салған  сапалы  да  қасіретке  толы  жылдар  еді.  Шынында  да 
бұл жылдарда мəдени өрлеу де болды, құлдырау мен тоқырау 
да болды. Өрлеу дейтініміз, халық ағарту саласында қыруар 
іс тындырылды.
Жаппай  сауатсыздықты  жою  шаралары  қолға  алынып, 
мектептер  жұмыс  істей  бастады.  Түрлі  оқулықтар  түзіліп, 
елдің  бəрі  білімге  ұмтылды.  Институттар,  түрлі  орта  оқу 
орындары  жұмыс  істеді.  Сан  алуан  газеттер  мен  журнал-
дар  жұрт  қолына  тиіп,  саналылықтың  жаршысына  айнал-
ды.  Баспалардан  сан  түрлі  кітаптар  басылып  шығып,  олар 
да  мəдениет,  төңкеріс  идеяларына  қызмет  етті.  Сан  салада 
мамандар  тəрбиеленді.  Қазақ  академиясы  құрылды,  театр-
лар  есігін  айқара  ашып,  көрермендерін  күте  бастады.  Ал 
қасіретті  жылдар  дейтініміз:  дəл  осы 20-30-жылдар  мен 
50-жылдардың басында қазақ зиялыларының көбінің көзінің 
жойылуы.

375
Кəмпеске, ашаршылық, репрессия, соғыстың, тың көтеру 
дейтін  саясаттағы  сайқал  əрекеттері  нəтижесінде  елімізде 
қазақтар  арасын  ыдыратып,  орыстандыру  ерекше  жедел 
қарқынмен жүргізілді.
5) 50-інші мен 80-жылдар аралығын қамтитын кезең. Бұл 
жылдары  қазақ  тілін  жандандыру  жайында  біраз  əрекеттер 
болды.  Əсіресе  сол  жылдардағы  баспасөз  материалдарын 
қарап  отырсақ,  қазақ  тілінің  сөз  байлығын  қолданысқа  ба-
рынша  молырақ  қосуға  тырысқан  əрекеттерді  байқаймыз. 
Сондай-ақ  қазақ  тілін  ғылым  тіліне  айналдыру  жолдары 
қарастырылған  мақалалар  жазыла  бастайды.  Сөйтіп  бұл 
əрекеттер 1985 жылдың  сəуіріне  ұласады  да,  содан  былай 
қарай тіл тынысы кеңейе түскендей болды. Ал 1986 жылғы 
оқиға ана тіліміздің де бағын ашқандай еді. Міне, сондықтан 
да  осы 86-жылдан  бері  қарайғы  кезеңді  ең  нəтижелі  кезең 
ретінде қараймыз.
6) Яғни бұл кезеңнің тіл дамытудағы Қазақстанның еге-
мендікке жетіп, тəуелсіз ел болу үлесі ұшан-теңіз деп айтуға 
болады.  Тіл  туралы  Заңның  екі  нұсқасы  жарияланып,  онда 
қазақ  тілінің  мемлекеттік  мəртебеге  ие  болуы,  мемлекеттік 
Бағдарламаның  түзілуі,  Конституциямыздың  қабылдануы, 
барлық  ресми  мекемелерде  іс  қағаздарының  екі  тілде 
бірдей  жүргізіле  бастауы,  балабақшалар  мен  мектептердің 
көптеп  іске  қосылып,  оқулықтар  мен  тілашарлардың 
көбеюі т.т. толып жатқан игі істер сөз жоқ біздің тіліміз бен 
мəдениетімізді  жаңаша  бір  арнаға  салып  жібергені  даусыз. 
Міне,  осы  баяндалған  кезеңдердің  əрқайсысының  кірме 
сөздерді игеруде өз мөрі, өз жолы бар. Сол кірме сөздер мен 
интертерминдерді игеру жайы, ерекшелігі жағынан үлкен екі 
салаға бөліп қарауға болады. Оның бірі – Қазан төңкерісіне 
дейінгі кезең, екіншісі – Қазан төңкерісінен кейінгі кезең.
Тілімізге  төңкеріске  дейін  кірген  сөздердің  көбі  өзі  ен-
ген  тілдің,  яғни  қазақ  тілінің  заңдылықтарын  қабылдап, 
фонетикалық,  морфологиялық  өзгерістерге  ұшырап,  өздік 
сипат алып, төл туындылар қатарына қосылған. Сөйтіп олар 

376
жат  ортаны  өгейсінбей  өзіндік  пішінге  ие  бола  келе,  тіпті 
жаңа сөз процесіне де, яғни сөзден сөз тудыру процесіне де 
араласа алатын халге жеткен.
Ал  төңкерістен  кейінгі  жердегі  кірме  сөздер  мен  интер-
терминдер  тағдыры  ə  дегенде  қазақ  зиялыларының  неше 
алуан  қақпақылына  түсіп  барып,  ақыры  сол  сірескен  қал-
пында  өңін  де,  түсін  де,  шырайын  да  бермеген  күйі  қатар 
түзеді.
Мұның өзі атам заманнан қалыптасқан тіл заңдылығына 
қайшылықтар əкеліп, төл сөздеріміздің өзін айту мен жазуда 
қисынсыз, бұзып қолданатындай сиықсыздыққа ұрындырды. 
Міне, сондықтан да біз осы проблеманы өз тіліміздің даму 
мен  қалыптасу  тұрғысынан  түбегейлі  ішіне  кіре  зерттеп, 
емле  ережелері  мен  терминжасам  принциптерін  түбірімен 
қайта  қарау  керек  деп  түйеміз.  Біздің  бұл  пікірімізді  мына 
төмендегі талдаулар мен топшылаулар дəлелдей түссе керек.
Терминологияның  жалпы  теориясы  тіл  мəдениеті  про-
блемасымен  қай  жерде  қиысып,  қай  жерде  түйіседі,  оның 
бір-бірімен  байланысы  қандай?  Мұның  өмір  танытқан,  тіл 
дамытқан  табиғи  заңдылығы  бар.  Терминолог  белгілі  бір 
ұғымды  білдірерлік  əлденеше  үлгінің  ішінен  біреуін  ғана 
таңдауға міндетті.
Жəне  таңдалған  термин  сөз  тіл  заңдылығына  сəйкес 
болуға тиіс. Яғни əдеби тілдің нормасын сақтап, лексикалық 
байлығымыздың қатарына қосылуы керек. 
Əдетте отандық лингвистика деп жүрген бұрынғы Одақ-
тық  тіл  білімінде,  қазіргі  орыс  тілшілері  арасында  терми-
нологияны  əдеби  тілден  тыс  жеке-дара  қарауға  тырысатын 
ағым бар. Яғни мұны олар əдеби тілдің құрамдас бір бөлігі 
деп  емес,  лексиканың  өз  алдына  дербес  жатқан  саласы 
ретінде қарайды.
Сондай-ақ жалпы халықтық тіл мен терминдік лексиканың 
нормалық  сипатын  анықтау  принципінде  өзіндік  айырма 
бар  екені  байқалады.  Алдыңғыны  түрлі  эксперимент  жа-
сап, дұрыс-бұрыстығын анықтауға əбден болады. Ал термин 

377
сөздерді бұлай əуреге салып жатудың қажеті жоқ. Ол нақты 
терминдік мəнді арқалап, жекелік сипат алса болды.
Терминология  жалпы  лексикологиямен  бара-бар,  яғни 
екеуі  бір-біріне  параллельді.  О.С.  Ахманова  сөздігінде  т.т. 
сұраулықтарда  мұны  тілдің  сөздік  қор  құрамын  зерттейтін 
тіл  білімінің  бір  саласы  деп  анықтама  берілуі  тегін  емес. 
Француз  ғалымдары,  атап  айтқанда,  Дюбуа  лексикология 
қалыптасу үшін оның алдында лексикографиялық жұмыстар 
болатынын,  ал  терминологияның  əуелі  терминографияны 
(яғни терминологиялық сөздіктерді) қажет етпейтінін өзара 
ерекшелік есебінде əңгімелейді.
Лексикологияның  қарастыратын  мəнді  мəселесінің  бірі 
номинация  (атауыштандыру)  мен  сөздер  мағынасын  тексе-
ру. Номинация туралы ғылым ономасиология деп аталса, сөз 
мағынасын тексеретін саланы – семантика дейміз.
Жалпы  терминология  негізінен  ұғымдар  атауымен  шұ-
ғылданады.  Сонымен  бірге  сөздер  мағынасына  да  бағыш-
тайды.  Əйтсе  де  терминология  үшін  əйтеуір  сөздің  бəрі 
емес, белгілі бір ұғымның дəл атауы боларлық сөздер қажет.
Терминологияның, термин сөздердің осындай өзіндік сы-
рын ескермей, жаппай жаңа сөз жасаумен айналысу қашанда 
жаңсақтыққа, жалғандыққа апарады. Əңгіме түп негізден та-
райтын байырғы сөздер негізінде жасалуға тиісті арнайы лек-
сика жөнінде болып отыр. Осыдан келіп шығатын бір түйін 
мынау:  терминология  мəселесімен  шұғылданғысы  келетін 
маман лингвистикалық дайындықпен қатар белгілі бір пəнді 
жете игеруге міндетті. Мұның үстіне сол тілдің жəне бірнеше 
тілдің сөзжасам мүмкіндіктерін жақсы білгені жөн. Сонымен 
бірге логика, информатика жəне лингвистикалық статистика 
негіздерінен толық мағлұматы болуға тиіс.
Терминжасам  мəселесімен  айналысып  жүрген  қазіргі 
талапкерлеріміздің іс-əрекеті осы талапқа толық жауап бере 
ала ма? Əрине, жоқ. Бұл процестегі көптеген шалағайлықтар 
осындай  себептер  салдарынан  ба  деп  түйеміз.  Əр  алуан 
ізденіс, əрекеттер бар. Мұндай əрекеттерден шаршаудың да 
қажеті жоқ.

Ағылшындар  парк  ішіндегі  жолдарды  салмай  тұрып, 
адамдардың жүрген жерлерін бақылап, жолдарын сөйтіп ба-
рып  адам  жүрген  соқпақтарға  тас  төсеп,  жол  салады  екен. 
Кейде терминжасам ісінде де осы принципті ескеріп отырған 
жөн  сияқты.  Яғни  жаңа  жасалған  терминдерді  ə  дегеннен 
алтын  тапқандай  алақайлап  ала  жүгіретініміз  бар.  Сондай-
ақ жаңалықты жерден алып, жерге салып сынай жөнелетін 
сиықсыздығымыз тағы бар. Олардың қолданыс өрісін біраз 
бақылап, барлай түсу керек қой. Сонда ғана жаңадан пайда 
болған  терминдердің  өміршеңдігін  айқындай  аламыз.  Ен-
деше қазіргі баспасөз беттерінде беріліп жатқан жаңа үлгі-
ұсыныстар  ат-тонды  алып  қашып  «ойбай  не  дейсің,  тілді 
бүлдіріп  жатыр,  баяғыдан  қалыптасқан  интертерминдердің 
бəрін  аударып,  оларды  қолданыстан  аластап  жатыр»  деп 
байбалам  салудың  да  реті  жоқ.  Бұл  тіл  жөнінде  жылдар 
бойы  жіберіп  келген  қателіктердің  орнын  қайтсек  толты-
рамыз деген əрекеттер. Алдын ала аттандап елді дүрліктір-
генше,  жасалып  жатқан  əрбір  жаңалықтың,  жаңа  қол-
даныстың  байыбына  баралық.  Əрбір  ғылым  сұранысы  мен 
талап-талғамы  тұрғысынан  мұның  қандай  реті  бар  жəне 
тіліміздің  ішкі  заңдылығына  сəйкесе  ме,  жоқ  па  дегенді 
есепке ала отырып саралаған жөн.
Жалпы  біздің  қоғамда,  оның  ішінде  ғылыми  мекемелер 
мен білім беретін орындарда үйлестіру жұмысы мүлде мар-
дымсыз.  Сонымен  бірге  тамаша  өнім  беріп  отырған  баспа-
лар  жағдайы  да  солай.  Соңғы  кезде  жасалып,  жарияланып 
жатқан сөздіктердің, тілашарлардың түр-түрі қолға тие бас-
тады.  Бірақ  осылардың  бəрі  бірдей  мемлекеттік  тіліміздің 
деңгейін байқата ала ма, соған қызмет ете алар сапасы қалай? 
Бұған нақты жауап беру қиын. Ал шығып жатқан сан алуан 
оқулықтар мен оқу құралдары, сұраулық, əдістемеліктер т.т. 
бүгінгі  тірлігімізге  ауадай  қажет  еңбектерді  тіл  мəдениеті 
тұрғысынан қадағалап, саралап отырған кім бар? Қай меке-
ме, қандай ұйым мұны мойнына ала алады?

Мемлекеттік  тіліміздің  мəртебесін  көтерудің  тура  жолы 
осы екен деп, мұны оңай олжаға айналдырып бар жатқанымыз 
жоқ па? Əлденеше жылдар бойы көз майын тауысып барып 
сауаттана келе салауатты жұмыс жасалатын қазіргі бұл іс кез 
келгеннің қанжығасына байланған сияқты.
Əңгіме  базбір  терминдерді  аудару,  аудармау,  қабылдау, 
қабылдамауда ғана емес, жан-жақты өріс алып, бұтақтанып 
тамырланып бара жатқан алақұлалықта. Егер егеменді елдің 
мемлекеттік  тілін,  оның  ішінде  ғылым  тілін  шұбарламай 
əдебилендіреміз, өзінің таза да пəк табиғи қалпын сақтаймыз 
десек,  күні  бүгінге  дейін  етек  алып,  осы  ала-құлалыққа 
мүмкіндік  жасап  келген  терминжасам  принциптерімізді 
түгелімен  қайта  қарап,  сұрыптап,  саралап  тілдің  өз 
заңдылығына  сəйкестендіруіміз  керек.  Осыған  орай  қазақ 
тілінің  ережелерін  қайта  түзіп,  жұртшылыққа  ұсынар  кез 
келді.  Сөйтіп  əр  кезде  терминжасам,  термин  қабылдау, 
термин  түзу  ісімізде  құбыланамалық  қағидатқа  айналған 
интертерминдерді  сол  қалпында  ендіруде  өз  тіліміздің 
заңдылығын барынша сақтай отырып қайта саралау қажет.

380

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет