Киши – адам – жан. Жехан қалмас кишига жавидана 176 (Адам қалмас жаһанда мәңгі бақи). Қазіргі қазақ тілі тұрғысынан кишиге қарағанда адам атауы өте жиі қолданылады екен. Қазақ тілінде адам, кісі, жан, пенде, қаумет көне [87, 33 б.].
Хүсн – көрк – жамал. Қыйамат көрклүсин хүснүңға не сөз 225 (Қиямет көріктісің, сұлулығыңа не сөз бар). Саламимни текүр ол көркка байға 241 (Сәлемімді жеткіз ол көрікке байға). Жамалиң тек кишиниң йоқ жамали 223 (Жамалыңдай кісінің жоқ жамалы). Қазақ тілінде сұлу, әдемі, әсем, көркем, ару, әрлі, бәденді, ажарлы, шырайлы, келбетті, кескінді, көрікті, сиықты, келімді, зипа, айдай, реңді, өңді, қияпатты көне [87, 507 б.].
Бір қатарға топтасқан жеке сөздердің санының әрқилы болуы, әрине, әртүрлі себептерге, қажеттіліке байланысты. Бұдан әр сөз табының осы категорияны тудыруға қосатын өзіндік үлесінің әрқалай екендігін көруге болады. Сөз таптарының ішінен зат есім, сын есім, етістік синонимдерге бай болса, сан есімдер, есімдіктер, шылау сөздерден пайда болған мәндес сөздер аз ұшырасады. Тіл білімінде синонимдік сөздер өзара мағыналық ұқсастығына, грамматикалық мәндестігіне, бір ұялық қатардан туатын жалпы ұғымдастығына қарай топтастырылады.
Синонимдік қатарды құрастырушы сөздер бір-бірімен мағыналық жақтан жуық, өз ара мәндес болып, барлығының бір сөз табына қатысты сөздерден жасалынады. Әртүрлі сөз табына қатысты сөздерден синонимдік қатар жасалынбайды. Белгілі бір синонимдік қатардың болуы үшін, оның құрамындағы сөздердің барлығы да бірыңғай зат есім сөздерден, яки бірыңғай сын есім сөздерден, не бірыңғай етістіктен жасалуы шарт. Ескерткіштегі синонимдік қатар құрайтын сөздер барлық дерлік сөз табынан кездеседі. Араб-парсы элементтері өз алдына бір-біріне синоним қатарларын да түзе алады. Кейбір араб-парсы сөздері түркі сөздерімен синонимдік қатар құрайды.
Ескерткіште зат есімдер мен етістіктерден болған синонимдер қатары едәуір. Ал сын есімдерден, үстеулерден, есімдіктерден болған синонимдер бірен-саран.
Мысалы, зат есім синонимдер: аспан – көк – фалак – хауа, тәңір – йаратқан – уған – йаздан – хақ – хақтағала, ең – йүз – йаңак – чехра – дидар, қуйаш – күн, қапуғ – ишик, ажал – өлүм, бахр – дарйа, гүл – чечак, са´адат – бахт, жахан –´алам – ажун.
Сын есім синонимдер: йахшы – егү, көп – өкүш – талим, хүсн – лықа – жамал – көрк, ´айан – байық /анық, айқын деген мағына береді/.
Сан есім синонимдер: араб тілінен енген сад /жүз/ – йүз /жүз/.
Есімдікке жататын синонимдер: қанча – нече, ошал – ошул, қамуқ – жүмла.
Үстеуге жататын синонимдер: тағы – дағы, мундақ – бүйла, бурун – азалда – ашуну – оза.
Етістіктен болған синонимдер: ай – айт – де – те; қыл – ет – айла; сүй – өп; дагүл – емас /болымсыздық етістігінің мағынасын береді/ тур – қоп, йаратты /жаратты/ - төратти /жаратты/, бит – түгат – түган.
Ескерткіштегі синоним сөздердің басым көпшілігінің кейбір сыңарлары қазіргі қазақ тілімізбен салыстырғанда көне сөздердің қатарынан орын алады.
Достарыңызбен бөлісу: |