Текүр – елт – йетүр. Бұл етістік сөздерден болған синонимдер белгілі бір жерге, бір нәрсеге қолы жету мағыналарын береді. Мени хайрат мақамынға йетүргил 330 (Қайраттың мақамына мені жеткіз); Саламим гүлга елт, ей таң насими 235 (Сәлемімді гүлге жеткіз, ей таң самалы); Саламимни текүр ол дилситанға 239 (Сәлемімді жеткіз, жүрегім ділгәр жанға). Бұл топтағы синоним сөздердің қазақ тілімен салыстырғанда алдыңғы сыңарлары көне сөздер қатарына жатады. Соңғы сыңарынан қазақ тілімен салыстырғанда й ~ ж сәйкестігі байқалады.
Түркі сөздерінің араб-парсы сөздерімен синоним бола алатындығын қарастырсақ. Бұлардың бір сыңары түркі сөзінен, келесі сыңары араб-парсы сөздерінен болып ескерткіште синонимдік қатар түзілген.
Гүл – чечак. Түрлі түсті, үлбіреген хош иісті өсімдіктің жалпы аттары мағынасында түсініледі. Гүл афшанлық қылур бустан ичинда 150 (Гүлдің жұпар иісін бүкіл баққа жайып тұр). Чечак йапрақлары йирга түшүптүр 153 (Шешек жапырақтары жерге түсіп тұр).
Қазіргі түркі тілдерінің бірсыпырасында бұл екі сөз де қатар қолданылып, синонимдік жұп құрайды. Ал төл тілімізде шешек сөзінің орнына гүл тұлғасы жұмсалады.
Достарыңызбен бөлісу: |