Фразеологизмдер. Жазба ескерткіш тіліндегі тұрақты сөз тіркестерінің мағыналары қазақ тіліндегі фразологизмдердің мағыналарымен толықтай сәйкес келеді.
Ғалым Р. Сыздықова Қадырғали Жалайыридың «Жами ат-тауарих» атты шығармасының тіліндегі тұрақты тіркестеріне әрі синхронды, әрі диахронды аспектіде тарихи-салыстырмалы зерттеу жүргізген болса, Б. Әбілқасымов «Әбілғазының «Шежіре-и-түркі» атты шығармасындағы тұрақты сөз тіркестері» атты еңбегінде «шежіреде» кездесетін фразеологизмдерді қазақ тіліне қатысы тұрғысынан мынадай төрт топқа бөліп қарастырады:
1 Қазіргі қазақ тілінде формасы да, беретін мағынасы да дәлме-дәл келетін фразеологизмдер;
2 Формалары ұқсас болғанымен, мағыналары басқа-басқа фразеологизмдер;
3 Мағынасы қазіргі қазақ тіліндегі фразеологизмдерге сәйкес келгенімен, кейбір формалық /фонетикалық, морфологиялық/ өзгерістерге ұшыраған фразеологизмдер;
4 Қазіргі қазақ тілінде кездеспейтін фразеологизмдер [88, 90 б.].
Мн ескерткішінің қазақ тіліне қатысты элементтері жайлы зерттеген ғалым Ә. Керімов: «Мухаббат-намеде» отыздан астам фразеологиялық тіркестер бар. Солардың көпшілігі – қазақ әдеби тілінде де актив қолданыста жүрген тұрақты сөз тіркестері» деген пікір білдірген [17, 15 б.]. Ал осы жазба мұрағаттың текстологиялық ерекшеліктерін зерттеген Г. Убайдуллаева өзінің жүргізген статистикалық мәліметі бойынша 37 фразалық тіркес бар деп нақты көрсетеді [22, 102 б.].
Біз ескерткіштегі фразеолгизмдердің негізінен, түркі сөздерінің өзара тіркесінен жасалатынын, сонымен қатар араб-парсы элементтерінің түркі етістіктерімен тіркесіп келуінен де жасалған фразеологизмдерді ескере отырып, тұрақты сөз тіркестерін: 1) түркі сөздерінің өзара тіркесінен жасалған; 2) араб-парсы элементтерінің түркі етістіктерімен тіркесіп келуінен жасалған деп бөліп қарастырамыз. Яғни, ескерткіштегі тұрақты тіркестерді жалпы грамматикалық құрылысына қарай етістік және есім тіркестер деп екіге бөліп қарастыруға болады.
Алдымен түркі сөздерінің өзара тіркесінен жасалған фразеологизмдер: йети қат, йир өптим, қош тутты, йүз мың, арслан йүрак, ачықмыш бөри, йети көк банда, егү аты, йаман көз, йырақ тутсын, башдин айақ, қаны қайнаб, менгү йаша, урур ах, неча ким тун узун болса таңы бар, күйүрди көңлүми, йат болур, көзүндин салма, йети иқлим, йир йүзи, аты қалды, бойун сундум, тирик болун, көзга илмас, йүз чавүрман, көңлүм қушы, ачық сөзи, есрүк көз, көңли тартар, қул қылды, айақың өпмагин, көңүл татмады, көңүлни бағлағайын.
Араб-парсы элементтерінің өзін іштей: 1) түркі етістіктерімен тіркесіп келуінен жасалған: йад қылдым, мажлис қурулды, қабул қылдым, хидмат қылайын, қурбан болайын, Йаратқан бақый тутсун, гөш қылды, ғамхор болғыл, дү´а қылды, саламимни текүр, дад қылғыл, дарман йоқ, қасд қылур, мат болур, қадрини билмас, шукрини қыл, теңри мурадыңға текүрсүн; 2) араб-парсы есім сөздерінен болған: Сүлайманның пырақы, даулат хумайы, Йүсүпниң жамали, жаннат хауасы, аби бақа, үмүр бағы, Каусар булақ, даулат нишаны, бахт ашйаны, Фирдаус бағы, таңри нуры, икки жехан, ики ´алам, Хызыр суйы, қыйаметке текин деп бөліп көрсетуді жөн көрдік.
Екі тілдің (қазақ, монғол) фразеологиялық бірліктеріне этнолингвистикалық тұрғыдан салыстырмалы ғылыми талдау жасаған Г. Сағидолла былай дейді: «Фразеологизмдер – тіл иесінің мәдениетінен, ділінен, салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан, дүниетанымынан хабардар ететін құнды деректер мен бағалы мағлұматтар көзі. Олар – тіл иесі халықтың ақиқат болмыс шындығын тануына, таныған дүние ғаламның фрагменттерін санасында қорытуына, айнала қоршаған әлемді игеруіне қатысты жинақталған тәжірибесін тілінде бейнелі етіп бекітуіне байланысты туындаған тілдік композициялар» [89, 15 б.].
Ескерткіште жеті сан есіміне тіркесіп жасалған екі фразеологизм кездесті: йети иқлим, йети көк банда. Қазақ тілінде жеті ықылым «бүкіл әлем», «дүние» деген мағынада түсініледі. Бұл жерде иқлим сөзі «ел», «жұрт» мағынасында жұмсалған. Қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде «аспан» деген мағынаны білдіру үшін көне заманнан келе жатқан көк дегенмен бірге иран тілінен енген аспан сөзі қатар қолданылатыны қалыпты жағдай. Қазақ тілінде аспан, көк басқа түркі тілдерінде тек ғана фонетикалық жағынан айырмашылықтар болмаса беретін мағынасы бірдей. «Мухаббат-намедегі» діни сенім-нанымға байланысты туған йети көк «жеті көк» фразеологизмі аспан денелеріне байланысты туындаған болуы керек. Ойымызды ғалым Н. Уәлиұлының қазақ тіліндегі «...жеті ғалам, жеті дүние, жеті қабат көк т.б. тұрақты сөз орамдарында ғаламның мифологиялық қабаттары жайындағы халықтың байырғы таным-түсінігі сақталған» [90, 13 б.] деген пікірімен тұжырымдаймыз.
Құрамындағы сөздердің мағыналары бір-бірімен байланыста болып, өзіндік мағыналары жойыла қоймаған фразеологиялық бірліктер жазба мұрағат тілінде едәуір. Бойун сунду – ырқына жүрді, айтқанына көнді, бағынды. Бойун сундум бу йолда миң балаға 411 (Мойын сұндым бұ жолда мың пәлеге). Бұл тіркес қазақ тіліндегі мойын қойды [ұсынды, сұнды] тіркестерінің мағыналарымен толық сәйкес келіп осы мағынада жұмсалады.
Достарыңызбен бөлісу: |