Сөз ортасындағы дауыссыз дыбыс сәйкестіктері. Ескерткіште бір сөздің д дыбысымен айтылатын варианты да, й дыбысымен айтылатын варианты да жарыса қолданылып й ~ д сәйкестігін құраған: айақ (аяқ), адақ (аяқ). Айақ. Аяқ. Қамуқ башдин айақ аби бақаға 244 (Бастан-аяқ түп-түгел тірлік суына [аби-бақаға]). Адақ. Аяқ. Башым дайим адақыңқа йарашур 192 (Басым әрдәйім аяғыңды құшуға жарасады). Қазақ тіліндегі аяқ сөзінің даму кестесі мынадай: тш (ч) > тй > дй > й.
Зерттеу жұмыстарында көрсетілгендей, й – оғыз тілдері мен қарлұқ-ұйғыр тілдеріне, ж – қыпшақ тілдеріне тән. Яғни ескерткіш тілінде оғыз және қыпшақ тілдерінің элементтері жарыса қолданылған деген пікірдің шүбәсіз екендігіне көз жеткіземіз.
Тілдегі бұл құбылысты Ғ. Мұсабаев былай түсіндіреді: «д, з, й дыбыстары тарихи даму барысында өзара алмасуы үшін белгілі фактор әсер етуі қажет. д дыбысы й дыбысына айналу үшін о баста аффрикат дз немесе дж болуы қажет. Ондай дыбыс болмаса, д дыбысы й дыбысына айналмайды. дз аффрикаты бертін келе өз ішінде дербес екі дыбысқа бөлініп, д және з болып қалыптасқан. Бір тілдер д дыбысын алып, адақ деп кетсе (ойрот, қырғыз, қазақ), енді біреулер з дыбысын алып, азақ (ұйғыр) деп кеткен» [42, 48-50 бб.].
Ескерткіште кейбір сөздерде л дыбысы қазақ тілінде т дыбысына алмасып, нәтижесінде л ~ т сәйкестігі түзілген. Сақла. Сақта. Халалдин сақлағыл иманымызны 592 (Адалдықпен сақтай гөр иманымызды). Арысланлар. Арыстандар. Көзүң ахусы арысланларны аулар 446 (Көзіңнің жайраны арыстандарды аулайды). Мн-да т дыбысымен айтылса, қазақ тілінде с дыбысымен айтылады: Қаты. Қасы. Китаби айласаң бу қыш қатымда 52 (Кітап жазсаң осы қыста қасымда).
Ескерткіш тіліндегі сөз ортасындағы қ дыбысы қазақ тілінде ғ дыбысына сәйкес келеді. Йақа. Жаға. Сақақыңны йақаң киши өпар бас 456 (Сағағыңды жағаңның ұшы ғана өбеді).
Ескерткіштегі ғ дыбысы қазақ тілінде у, қ дыбыстарымен қатар й дыбысына да сәйкес келеді. Мысалы, бағла – байла. Бағла. Байла. Көңүлни бағлағайын өзга йара 556 (Көңілімді байлайын өзге жарға). Бұл сәйкестіктер қазіргі түркі тілдеріне кең жайылған құбылыс.
Түркі тілдеріндегі ғ ~ й сәйкестігін мына мысалдан байқаймыз: түрк., bağlamak; әзірб., bağlamag; башқ., bäyläv; қырғ., bayō; өзб., báğlämák; тат., bäyläv; түркм., bağlamak; ұйғ., bağlimak., қаз., байла [43, 44-45 бб.].
Ескерткіштегі сөз ортасындағы ғ дыбысы қазақ тіліндегі у дыбысына сәйкес келеді: ағыз – ауыз, ағыр – ауыр, бағр – бауыр. Бұл сөздер оғыз көне және қарлұқ-ұйғыр тілдерінде осы күйінде айтылады. Ағыз. Ауыз. Нетар ол ағызда мунча йалған 252 (Неліктен аузыңда мұнша жалған). Ауыз. Адамның, жан-жануардың тамақ қабылдайтын мүшесі. Ағыр. Ауыр. Ағыр уйқучы бахтим неча йатқай 277 (Бақытым қашанға дейін қалың ұйқыда жата береді). Ауыр. Салмақты, зілдей.
Сонымен ескерткіштегі бір ғана ғ дыбысы қазақ тілінде й, у-ға сәйкес келіп, ғ ~ й, ғ ~ у сәйкестіктердің түзілуіне ықпал жасаған. Сөз ортасы мен сөз соңындағы ғ-ның у-ға, г-нің й-ге ауысу жайын Ж. Аралбаев XIV-XV ғғ. бұрын болған деп ойлайды [26, 88 б.].
А. Айғабылов ғ/г, қ/к дыбыстарының тілімізде алмасуы туралы мынадай қорытынды жасайды: «ғ/г, қ/к дыбыстарының тілімізде алмасу жайы туралы қорыта айтқанда, алғаш бұл фонемалар қатаң айтылып, кейін келе ұяңдану процесі нәтижесінде ғ, г дыбыстары морфонологиялық құбылыс ретінде пайда болған деуге болады. Сондықтан ғ/г дыбыстарының жай-жапсары дауысты дыбысқа, үнді дыбысқа қатысты болсын таза фонетикалық заңдылық аясында қарастыруға келмейтін, анықтап айтқанда артикуляциялық шек, мүмкіндік дегендермен өлшеуге көнбейтін сөйлеу дағдысынан қалыптасқан құбылыс болуға керек» [44, 56 б.].
Ескерткіш тілі мен қазақ тіліндегі ғ~у, ғ~й және қ~й сәйкестіктері түркі тілдерінің ішінде қыпшақ тобы тілдеріне ғ/г, қ/к~у, ғ/г, қ/к~й сәйкестіктерінің жаттығы жоқ екеніне дәлел бола алады.
Ескерткіште сөз ортасында мына дыбыстар қазақ тілімен салыстырғанда м ~ н – н ~ м алмасуларын құрайды. Емди деген сөздегі м дыбысы қазақ тілінде н дыбысына сәйкес келеді. Емди. Енді. Айайын емди бир қыйт´а, ишиткил 603 (Айтайын енді бір қыйт ә, құлағың сал). Ал кейбір сөздерде бұған керісінше құбылысты аңғарамыз: н дыбысы м дыбысына сәйкес келеді. Унут – ұмыт Унут. Ұмыт. Унутма бандани бахри худара 630 (Құдай үшін пенде ақысын ұмытпа!).
Достарыңызбен бөлісу: |