Тәуелсіз Қазақстанның өткені мен бүгінгі жетістіктері
1.Еділ мен Ертістің арасындағы далалық алқапта көшпелі империялардың ұрпақтары уақыт өте келе қазақ деген біртұтас халыққа бірікті. Қазақ хандығы құрылып, Керей мен Жәнібек, Қасым мен Хақназар, Есім мен Тәуке, т.б. хандар Дешті Қыпшақтың қуатты әміршілері болды. Алайда тағдырдың талабымен қазақ елі дербестігінен айырылып, қазақ жері Ресей империясының құрамына енді. Тәуелсіздікті қайтадан қалпына келтіремін деген «Алаш» зиялыларының демократиялық идеялары сәтсіздікке ұшырады, 1930-жылдардан бастап, тоталитарлық жүйе халықтың тілі мен өмір салтына, тарихы мен мәдениетіне орасан зор зиянын тигізді.
2.Бірақ 16 миллион халқы бар көпұлтты Қазақстан мемлекеті 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін қайта жариялады. Дәл осы күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутаттары «Қазақстан республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылдады. Заңның бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Ол өзінің жеріне,ұлттық табысына жоғары иелік ету құқығы бар,тәуелсіз сыртқы және ішкі саясатын жүргізеді,басқа шет мемлекеттермен халықаралық құқықтық принциптері негізінде өзара байланыс жасайды» - деп көрсетілді.
3. «Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның біртұтас халқын құрайды, олар республикадағы егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады. Республика азаматтары өздерінің ұлтына,ұстайтын дініне,қандай қоғамдық бірлестікке жататынына, тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына,шұғылданатын қызметіне, тұрғылықты орнына қарамастан бірдей құқықтар иеленіп,бірдей міндеткерлікте болады» - делінген. Заңда Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау мақсатында өзінің Қарулы Күштерін құруға хақылы екендігі, Республика азаматтарының әскери міндетін өтеу,оның тәртіптері мен талаптары жөнінде айтылған. Сөйтіп 1991 жылы 16 желтоқсан республиканың тәуелсіз күні ретінде бүкіл әлемге танылды. Осыдан кейін Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде дами бастады. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы дайындылды. Облыстардың, қалалардың жане аудандардың басқару органдарына реформалар жүргізілді. Өзінің тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасын дүниежүзінің ондаған елі таныды. Біздің елді алғашқылардың бірі болып Түркия,сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания және т.б. ірі-ірі мемлекеттер мойындады.
4.Қазақстан шет елдерде дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашуға кірісті. Ал Алматыда шет елдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлттық ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істей бастады. Республиканың егемендікке қол жеткен алғашқы кезінен бастап-ақ, мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-шарттарға қол қою жүзеге асырылды.
А.Е. Құлжанова