«Тіл және қоғам» №3 (41) / 2015 тіл және қОҒам №3 (41) / 2015 альманах



Pdf көрінісі
бет2/12
Дата15.03.2017
өлшемі2,58 Mb.
#9908
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫҢ
11
«Тіл және қоғам» №3 (41) / 2015
Өлкенің  байлығын  солқылдата  соруға  ашылған  өнеркәсіп  орын- 
дарында, фабрик-зауыттарда, теміржолда, шахта-рудниктерде қазақ тілі 
түгілі, қазақ баласына менсініп қараған жан болмады. Ұлттық кемсіту 
экономикалық қанаудың сорақы түрлерін қолданумен толыға түсті.
Осылайша, қазақ тілі саяси-экономикалық өмірден ығыстырылған 
соң,  қазақ  тілінде  оқытатын  оқу  орындарының  жағдайы  ауырлаған 
үстіне  ауырлай  берді.  Ол  туралы  А.  Байтұрсынов  1913  жылы  былай 
жазған  еді:  «Қазақша  оқу  бір  белгілі  тәртіпке  келіп  жеткен  жоқ, 
кемшілігі есепсіз көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді, 
тәртіппен оқытарлық мұғалімдері аз, оқу програмы жоқ, белгілі оқу 
жылы жоқ, салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық ақы 
жоқ, қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті етерлік жасалған өрнек 
жоқ, оқыту ғылымын үйрететін даримұғаллимин (педучилище - Х.Ә.) 
жоқ». Мектептер мен медреседе оқығандарға мемлекеттік сұраныс та 
жоққа тән деңгейде қалды. Аралас немесе таза орыс тілді оқу орнын 
бітіргендер ғана ресми қызметке тартыла алды. 
Тілдің  иесі  –  халық.  Тұтас  халықты  өз  тілінен  айыру  тарихта 
болған. Қазақстанды толық отарлауға Ресей империясы үшін 130 жыл 
қажет  болды,  үздіксіз  қарсылыққа  кездесті,  яғни  патшалық  билік 
қазақ тілін аяусыз дискриминацияға ұшыратқанмен оның тамырына 
балта шабуға қолы босамады. Саны әлденеше миллион этностың тілін 
жою  мүмкін  де  емес  шығар.  Тіпті  казактардың  қоныстануы,  жерді 
алу, қалалардың бой көтеруі, қара шекпенділерді Еуразияның сайын 
даласына мың-мыңдап тоғыту дәстүрлі қоғамның іргесін шайқалтып, 
мешел қалуына әкелгенмен урбанизациядан алшақ тұрған әрі рулық-
тайпалық,  қауымдық  қарым-қатынастардан  қол  үзбеген  қазақ 
халқының тілдік тұтастығын бұза алмады. 
Алайда  қазақ  тілінің  тағдырына  төнген  қауіп-қатерді  тереңінен 
ұғынғандар Алаш зиялылары еді. Олар мемлекеттік билік қолға тимеген 
заманда-ақ тығырықтан шығудың нақты жолдарын көрсете алды. Бұл 
тезистің  ақиқатына  илану  үшін  «Алаш»  партиясы  бағдарламасының 
жобасына  көз  жүгіртсек  жетіп  жатыр.  Ресейдің  демократиялық, 
федеративті  республика  болуын  қалаған  алаштықтар  оған  кірген 
әр  мемлекеттің  іргесі  бөлек,  ынтымағы  бір,  әрқайсысы  өз  тізгінін 
алып  жүреді  деген  позицияда  тұрды.  Жергілікті  бостандық  мәнін 
де  өз  тізгінінің  өзінде  болуынан  көрді.  «Реті  келсе,  -  деп  көрсетілген 
бағдарлама  жобасында,  -  қазақ  автономиясы  сыбайлас  жұрттармен 
әзірге  бірлесе  болу,  реті  келмесе,  бірден-ақ  өз  алдына  жеке  болу». 
Өз  тізгінін  өзі  алып  жүру  ұлт  тілінің  қажетін  толық  атқару  екенін 
бағдарлама  жобасының  «Билік  һәм  сот»,  «Ғылым-білім  үйрету» 
бөлімдері  дәйектейді.  Мәселен,  қазақ  көп  жерде  сот  тілі  қазақ  тілі 
болатыны  қарастырылған.  Ал  зор  жазалы  қылмыстар  присяжный 
сотпен  қаралып,  присяжныйлар  қазақтан  алынатын  болды.  Осынау 
талаптар  өмірге  енгенде  демократиялы,  құқықты  мемлекет  құруға 
септігін тигізері сөзсіз еді. 

ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫҢ
12
«Тіл және қоғам» №3 (41) / 2015
Алаш  зиялыларының  білім  саласындағы  мақсаттары  отарлаудың 
зорлық-зомбылығын  аз  көрмеген  қазақ  тілінің  беделін  көтеріп  қана 
қоймай, қоғамдағы жетекші мәдени-рухани ролін асқақтатуды көздеді. 
Бастауыш мектептерде алғашқы үш класты ана тілінде оқу күн тәртібінде 
қойылды. Егер бастауыш мектепті тәмәмдаған баланың жасы 10-11-ге 
толатынын  ескерсек,  бұл  ұрпақ  ана  тілін  ешқашан  ұмытпайтынын 
ұғыну  қиын  емес.  Кезінде  мұны  А.  Байтұрсынов  кешенді  дәлелдеп 
шыққан  болатын.  1914  жылы  «Қазақ»  газетінің  бетінде  жарияланған 
«Бастауыш  мектеп»  атты  мақаласында  ол  былайша  ой  толғады: 
«Бастауыш  мектепте  кілең  қазақ  тілінде  үйретілетін  нәрселер:  оқу, 
жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс 
жайы.  Бастауыш  мектептің  кілең  орысша  оқитын  екі  жылында 
үйретілетін  білім  гимназияның  яки  реальный  мектептердің  төменгі 
кластарына  кірерлік  болу  тиіс.  Бастауыш  мектептер  осындай  болса, 
бұлардан әрі мұсылманша я орысша оқыту үшін қазақ балаларының 
бастауыш мектепте үйренген білімі негіз болуға жарайды».
Орта және кәсіби білім ісінде де қазақ тіліне басымдық беру жоба 
авторларының ойына да кіріп шықпады: «қазақ өз тілінде орта мектеп, 
университет ашу, оқу жолы өз алды автономия түрінде болу». Өкінішке 
орай,  Алаш  бағдарламасы  қилы-қилы  себептермен  қағаз  жүзінде 
қалды. Тәуелсіздіктің арқасында ғана сол ұлы идеяларды бүгінгі талап 
қажетіне сай қайта көтеруге мүмкіндік туды. 
Иә,  отарлау  саясатының  қазақ  тіліне  әкелген  кесапаты  аз  емес. 
Бірақ  ұлт  тіліне  нағыз  тозақ  кеңестік  тоталитарлық  жүйемен  келді. 
1921,  1931-1933  жылғы  аштықтардан,  1928  жылғы  кәмпескелеу  және 
1929 жылы басталған күштеп ұжымдастырудан, 1937-1938 жылдарғы 
қуғын-сүргіннен, 1938-1945 жылдарғы қанды қырғын соғыстардан ең 
аз дегенде 3 млн. қазақ баласының өмірі қиылды, ұлт зиялыларының 
қаймағы жойылды, қазақтардың өмір салты, дүниетанымы, әлеуметтік 
құрылымы түбегейлі өзгеріске ұшырады. Тап осындай демографиялық 
апат халқымыздың басынан «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» 
жылдары  да  өтпеген  шығар.  1897  жылғы  санақ  бойынша  өлкедегі  3, 
4 млн. қазақ өсудің орнына кеміп, 1939 жылы 2, 3 млн-ға зорға жетті, 
жарты ғасырға жетер-жетпес уақыт ішінде республика аумағындағы 
үлесі  82  пайыздан  38  пайызға  құлдырады.  Шынтуайтында 
Қазақстан  социалистік  эксперименттер  айлағына  айналды.  Халық 
шаруашылығын  индустриалаудың  алыптары  осында  салынды,  атом 
қаруын  сынау  осында  жүзеге  асырылды,  тың  игеру  негізінен  қазақ 
жерінің есебінен шешілді, экологиялық апаттың кермек дәмін алғаш 
татқандар  да  қазақстандықтар.  Қазақстан  қоғамын  социалистік 
принциптер  ұстанымына  сай  қайта  құрған  большевиктер  жергілікті 
ұлт мүддесімен ешбір санасқан емес. Ұлт мәселесінің білгірі саналған 
Сталин 20-жылдардың аяғына қарай шексіз билікті қолына алған соң 
аз  халықтардың  тілін  де,  өзін  де  жойып  жіберетін  қатыгездіктерге 
шімірікпестен  бара  берді.  Қиыр  Шығыстағы  кәрістердің,  Волга 

ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫҢ
13
«Тіл және қоғам» №3 (41) / 2015
бойындағы немістердің, Солтүстік Кавказ халықтарының, азды-көпті 
түрік-месхеттердің, поляктардың, гректердің зорлықпен Қазақстанға 
депортациялануы  сталиндік  жүгенсіздіктің  нәтижесі.  Бұған  кейінде 
хрущевтік  тың  игеру  науқаны  тұсындағы  көші-қон  үрдісі  қосылды. 
Демограф  М.  Тәтімовтың  есептеуі  бойынша,  кеңестік  жылдары 
Қазақстанға  әкелінген  немесе  стихиялы  миграциямен  келгендер 
7 млн. адамнан кем емес екен. Осылайша қазақтар Қазақстандағы үлес 
салмағы басым халықтан орыстардан кейінгі орынға ығыстырылды. 
Сталин  тұсындағы  социалистік  модернизациялау  қазақ  даласын 
экономикалық,  демографиялық,  әлеуметтік,  саяси,  мәдени  жаңа 
келбетке әкелумен қатар осылардың әрқайсында орыс тілінің үстем- 
дігін  орнатуға  жеткізді.  Бұл  объективті  мазмұндағы  орыстан- 
дыру  саясаты  еді.  Оның  мәні  орыстан  басқа  халықтардың,  яғни 
қазақтардың да, орыс тілі мен мәдениетін игере отырып, өзінің ұлттық 
құндылықтарын  сақтай,  қастерлей  алатын  менталитетте  қалуына 
саяды.  Объективті  орыстандыру  алысты  көздеген  жымысқы  саясат 
пен идеологияның басы ғана еді. Хрущевтік «жылымыққа» қарамастан 
тың  игеру  тұсындағы  демографиялық  қысым  салмағына  шыдамаған 
қазақ  қоғамы  субъективті  мазмұндағы  орыстану  үрдісіне  ұшырады. 
Басқаша  айтқанда,  төлқұжаттарында  қазақ  екендігі  көрсетілген, 
бірақ  өзін  мінез-құлқы,  мәдени-этикалық  ұстанымы,  сөйлейтін  тілі 
жағынан орыстан ажырата алмайтын ұрпақ қалыптасты. Қазақ тілін 
қажетсінбейтін, ыстығына күйіп, суғына тоңбайтын, ана тілінде оқу-
жазудан мақұрым қазақ қауымының қатары өсе түсті. Патшалықтың 
екі  ғасырға  жуық  көксеген  күні  туды.  А.Байтұрсыновтың  XX  ғасыр 
басында көрегендікпен айтқан: «Россия қол астында түрлі тілді, түрлі 
дінді,  түрлі  жазу-сызуды  тұтынып  отырған  жұрттар  бар.  Солардың 
бәрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, хүкіметке онан артық 
ұнамды іс болмас» деген қаупі ақиқатқа айнала бастады. 
Түптеп  келгенде,  Кеңес  үкіметінің  Қазақстанда  жүргізген  тіл 
саясаты  көп  жағдайда  бұрынғы  патша  үкіметі  ұстанған  ұлт  саяса- 
тының  заңды  жалғасы  іспетті  әрі  оның  қағидаларына  сәйкес  келді. 
Халық  ағарту  комиссариатының  аз  ұлттар  мектептері  туралы  1918 
жылғы  қазанның  31-індегі  қаулысы,  РКП(б)-ның  VIII  съезінің  ана 
тілінде  оқыту  арқылы  біртұтас  еңбек  мектебін  құру  туралы  оңды 
бастамалары, РКП(б) X съезінің (1921 жыл) елдің барлық халықтары 
үшін  ана  тілін  сот,  әкімшілік,  шаруашылық,  мәдениет  және  т.б. 
салаларға енгізу міндетін артқан ұлттық саясат туралы резолюциясы 
өз  мағынасында  толық  жүзеге  аспай,  қағаз  жүзінде  қалды.  Ұлттар 
істері жөніндегі халық комисары болған И.В. Сталин: Бір ғана ұлттық 
тепе-теңдікпен  шектелмей,  ұлттық  тепе-теңдіктен  ұлтардың  нақты 
теңелу  шараларына  көшу  керек  деген  тұжырымынан  Бас  хатшы 
лауазымына  жеткенде  айнып  шыға  келді  де,  кеңес  мемлекетіндегі 
бір-ақ  тілдің  –  орыс  тілінің  әлеуметтік,  саяси  және  шаруашылық 
салаларында кеңінен қанат жаюына жол ашты. 

ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫҢ
14
«Тіл және қоғам» №3 (41) / 2015
Қазақстанда қазақ тілі еркін де дербес дамуы құқығынан айрылды. 
Республика халқы – мейлі қазақ, украин, өзбек, ұйғыр және т.б. – 
әлем мәдениетінің барлық биіктерін орыс тілі арқылы меңгеруге тиіс 
болды.  Тарихшы  ғалым  Н.  Жанақова  дөп  басып  айтқандай,  ВКП(б) 
Орталық  Комитетінің  1938  жылғы  24  қаңтардағы  «Ұлт  мектептерін 
қайта  құру  туралы»  қаулысын  бұлжытпай  орындау  барысында  бір 
жыл  ішінде  ғана  республикамыздағы  тәжік,  түрік,  ұйғыр,  өзбек, 
дүнген,  татар,  болгар,  чуваш,  неміс,  құмық,  армян,  еврей,  күрд 
тілдерінде  оқытып  келген  мектептер  жабылып,  бұлар  орыс,  ішінара 
орыс-қазақ мектептері болып қайта ашылды. Ал озық әлем мәдениеті 
ретінде  бірінші  кезекте  европалық,  соның  ішінде  орыс  мәдениеті 
түсіндірілді. Ұлттық төл мәдениет, салт-дәстүрлер, шығыстық желілер 
мен сарындар кейде ашық, кейде бүркемеленген түрде кедергі ретінде 
қарастырылды.  Ұлттық  намыс  пен  санаға  ойтамызық  болған  Ахмет, 
Әлихан, Міржақып сияқты біртуар тұлғалар тарих бетінен сызылып, 
кеңес  үкіметінің,  пролетарлық  идеологияның  жаулары  ретінде 
насихатталды, олар туралы жазуға, айтуға тиым салынды. 
Ұлы  Отан  соғысынан  кейінгі  кезенде  республикамыздағы 
демографиялық  ахуал  орыс  халқы  өкілдерінің  пайдасына  шешіліп, 
қазақ тілінің құлдырауы белең алды. Қазақ тілін орыс тілі деңгейіне 
көтеру  міндеті  қойылғансып,  ол  «тілдік  құрылыс»  деген  атпен  жүр- 
гізілген  болды.  Осы  саясат  барысында  орта  және  жоғары  мектептер 
жүйесі  түзілді,  ұлттық  интеллигенция  қалыптасып,  мәдени  салада 
айтулы жетістіктер байқалды, қазақ тіліне саяси әдебиеттер, европалық 
жазушылар мен ақындар шығармалары аударылды. Мұның бәрі КСРО 
халықтарын орыс ұлтының айналасына шоғырландыру, орыстандыру 
мақсатында  жүргізілгендіктен  астарында  басқа  ұлттарды  бұрынғы 
дәстүрлерінен  айыру,  бетке  ұстар  қайраткерлерін  қуғын-сүргінге 
ұшырату сияқты келеңсіздіктер жатты. 
Әкімшіл-әміршіл жүйе жетпіс жыл бойы ұлттық санамызды жаншып, 
ғылыми-шығармашылық  бостандықтың  тоңы  жібімегендіктен  қоғам- 
танушы ғалымдар қазақ тілінің ішкі құрылысын зерттеумен шектелді 
де,  оның  қоғамдық  мәні,  өмірде  алар  орны,  жалпы  Қазақстандағы  тіл 
саясатының нақты жағдайы туралы үндемей келді. Бұл мәселеге ешкім 
батыл  бара  алмады.  Қалам  тарта  қалғанның  өзінде  перденің  бетін 
сипалап  қана  өтті,  сөйтіп  тарихи  шындық  ашылмады.  Социалистік 
құрылыс  дәуірінде  тіл  саясатында  жіберілген  кемшіліктердің,  оның 
зардаптарының  басты  қайнар  бұлағы  –  коммунистік  режим,  оның 
ұлт саясатында ұстанған үстем идеологиясы, әкімшілік басқару жүйесі 
десек, сол жылдардағы үгіт-насихат жұмысы да осы жүйенің талабына 
қызмет етті. Қазір айтылған жағдаяттардың бәрі белгілі болғанымен өз 
уақытында  шындықты  ашуға  батылымыз  жетпей,  өзіміз  қол  астында 
тіршілік еткен жүйені қолпаштаумен келдік.
Ресми  құжаттарда  сөзсіз  мақұлдағанмен  қазақ  тілі  нақты  өмірде 
қорғансыз қала берді, оны насихатау мен орнықтыру ісі «ұлтшылдық», 

ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫҢ
15
«Тіл және қоғам» №3 (41) / 2015
«сатқындық»,  «халықтар  достығына  қастандық»  деген  желеулермен 
айыпталды.  «Кеңес  халықтарының  ұлы  көсемі»  Сталиннің  ұлттарды 
ұлттық  тегі  мен  рухани  қазыналарынан  айырып,  оларды  «біртұтас 
кеңес халқына» айналдыру саясаты кесірінен Кеңес Одағында 98 тіл 
біржолата жер бетінен құрып, қазақ тілі сияқты ұлт тілдері жойылудың 
аз-ақ алдында қалды. 
Сталиннің  Кеңес  Одағын  мекендеген  ұлттар  мен  олардың  тілдері 
туралы әр жылдары айтқан «аса бағалы ғылыми тұжырымдамасы» мен 
оны жүзеге асырудағы шұғыл шаралар тіл саясатына орасан нұсқан 
келтірді.  «Ұлттарды  жақындастыру  мен  біріктіру»  тұжырымдамасы 
Сталиннің «ұлт тілдері бара-бара біртұтас аймақтық тілге айналады» 
деген пікірсымағына негізделіп, практикалық іс-шаралар осы мақсатқа 
орай  ұйымдастырылды.  Ұлттық  құрылымдар  табиғи  тегі  мен  түп-
тамырынан аластатылып, сол «біртұтас кеңес халқы» деген жасанды 
топқа шоғырландырылды. 
Қазақ тіліне қарсы үлкен саяси науқан Қазақстан КП(б) Орталық 
Комитетінің 1947 жылғы қаңтар айының 27-індегі «Қазақ КСР Ғылым 
академиясының тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси 
өрескел  қателер  туралы»  қаулысынан  бастау  алды.  Бұл  партиялық 
құжат  қазақ  тіліне  қарсы  жаңа  бір  «идеологиялық  шабуылдың» 
өзегіне  айналып,  қазақ  зиялы  қауымы  екінші  буынының  қуғын-
сүргінге  ұшырауына  себеп  болды.  Қаулыда  тілге  байланысты  атап 
көрсетілгендей:  «шын  мәнінде  Ұлы  Октябрь  революциясынан  кейін 
туған  және  Қазақ  ССР  өнеркәсібінің,  ауылшаруашылығының,  мәде- 
ниетінің өсуімен бірге үнемі байытылып келген қазіргі қазақ әдебиет 
тілінің  мәселелерін  талдау  жөнінде  де  саяси  елеулі  қателер  аз  емес. 
Кейбір тіл мамандары әлі де болса, іс жүзінде жалпы интернационалдық 
терминдерді,  оның  ішінде  орыс  терминдерін  қазіргі  қазақ  тіліне 
енгізуге  қарсы  бағытталған  теріс  көзқараста  болып  келді.  Мұның 
салдарынан  бірсыпыра  әлеуметтік-экономикалық  терминдер  қазақ 
тіліне  жалпы  жұрт  таныған  мағынасынан  өрескел  бұрмаланып 
аударылған  (Сауранбаевтың,  Кеңесбаевтың,  Балақаевтың  жалпы 
редакциясымен  шыққан  «Орысша-қазақша  сөздік»)  деп  белгілі  тіл 
зерттеуші қазақ ғалымдарына «түркішілдік бағытты ұстағаны үшін» 
айып тағылды. 
Осы  қаулыны  көпшілікке түсіндіру  мақсатында  Алматыда  ғылым, 
әдебиет  және  өнер  қызметкерлерінің  қалалық  жиналысы  өткізілді, 
онда  ВКП(б)  Орталық  Комитетінің  идеология  жұмысы  жөніндегі 
қаулыларын, Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің жоғарыда аталған 
қаулысын жүзеге асыру міндеттері туралы Қазақстан КП(б) Орталық 
Комитетінің  бірінші  хатшысы  Ж.  Шаяхметов  баяндама  жасады.  Тіл 
және  әдебиет  институтының  еңбектерін  «большевиктік  рухқа  сай 
келмейтін  ғылымға  жат  дүниелер»  ретінде  сынға  алды.  Жиналыста 
жарыссөзде сөйлеген Қазақстан КП(б) Орталық Комитеті жанындағы 
Маркс-Энгельс-Ленин  институтының  филиалы  директорының 

ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫҢ
16
«Тіл және қоғам» №3 (41) / 2015
орынбасары  Қ.  Шәріпов  қазақ  тілін  зерттеушілерге  жөн-жосықсыз 
шүйлікті: «Қазіргі қазақ тілі – әдеби, ғылыми, публицистикалық және 
мемлекеттік  тілі  тек  Ұлы  Октябрь  революциясынан  кейін  құрылды. 
Институттың  тіл  зерттеушілері  пантюркизмнің  батпағына  батып, 
қазіргі қазақ тілін жете зерттемеді, сондықтан институт қазіргі қазақ 
тілін зерттеу жолында бірде -бір елеулі шығарма бере алмады». 
Қаулыда сыналған қазақ тілін зерттеу ісіндегі «елеулі кемшіліктер» 
қысқа  мерзім  ішінде  «дұрыс  жолға»  қойылды.  Тіл  және  әдебиет 
институтының ғылыми-зерттеу жұмысынан қазақ тіліне байланысты 
«зиянды» тақырыптар алынып тасталып баспаға ұсынылып қойылған 
барлық ғылыми еңбектер түгел дерлік «қайта сұрыптаудан» өтті. 1947 
жылғы ақпан мен қазан аралығындағы сегіз ай ішінде Институттан 23 
адам, оның ішінде 9 адам «саяси жағынан жағымсыз қылықтары үшін» 
жұмыстан  шығарылды,  қаулыда  аттары  аталған  жетекші  ғалымдар 
бөлім басқарудан босатылды. 
Соғыстан  кейінгі  жылдары  республикамызда  орыс  тілін  өмірдің 
барлық  саласына  жан-жақты  енгізуге  партия,  үкімет  тарапынан 
айрықша  көңіл  бөлініп,  есесіне  қазақ  тілін  оқыту  мектептерде 
мүшкілдене түскендігін айта кету қажет. 1948 жылы Қазақстан КП(б) 
Орталық  Комитеті  қазақ  мектептерінде  орыс  тілін  оқыту  туралы 
арнайы  қаулы  қабылдады.  Осы  қаулыға  орай  Оқу  министрлігі  оқу 
жылының екінші жартысынан қазақ мектептерінің бірінші класында 
орыс тілін оқытуды енгізуді қолға алды, қазақтың орта дәрежелі бес 
мектебінің 8-10 кластарында математика, физика және химия пәндерін 
орыс тілінде тәжірибе ретінде оқытуға тапсырма берілді. 
Қазақстан  КП(б)  Орталық  Комитетінің  V  съезге  (1951  ж.)  есепті 
баяндамасында  орыс  тілін  оқыту  дәрежесінің  төмен  болып  отыр- 
ғандығы  айтылып,  «орыс  тілін  білмейінше  сауатты,  озат,  барлық 
жағынан  мәдениетті  адам  болуға  болмайтындығын  ұмытпау  керек» 
деп атап көрсетілді. Партиялық қағиданы басшылыққа алған ғалымдар 
тіпті  кәсіби  этикадан  ауытқып  жатты.  Мәселен,  белгілі  тілші-ғалым 
Н. Сауранбаев «И.В. Сталиннің тіл білімі бойынша еңбектері – Қазақстан 
тілшілерінің жұмыс бағдарламасы» атты көлемді мақаласында қазақ 
тілін  зерттеу  ісінде  көптеген  олқылықтарға  жол  берілгендігін  тілге 
тиек  етіп,  ана  тілі  үшін  бар  өмірін  сарп  еткен  ұлтжанды,  халқының 
адал перзенті, көрнекті тілші-ғалым С. Аманжоловтың біртұтас қазақ 
тілі  туралы  ой-тұжырымдарын  «ұлтшылдық»  тұрғысында  аяусыз 
сынға алды, орыс тілі қазақ тілі үшін үлкен аға тіл ретінде ұсынылып, 
орта  ғасырлардағы  моңғол,  араб  және  парсы  тілдерінен  қазақ  тіліне 
енген  сөздер  күштеп  енгізілгендігі  туралы  пікір  өрбітті.  Орыс  тіліне 
бас ұру, еліктеу қағидалары сол кездегі «заман талабымен» жазылған 
басқа мақалаларда да жиі ұшырасады. 
Әміршіл-әкімшіл  жүйенің  идеологиясына  күдік  түсіретін  немесе 
қайшы келетін шығармалар кітапхана қорларынан, дүкен сөрелерінен 
алынып,  жойылып  отырды.  Айталық,  50-ші  жылдар  барысында 

ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫҢ
17
«Тіл және қоғам» №3 (41) / 2015
Қазақстан  Компартиясы  Орталық  Комитетінің  арнайы  шешімімен 
М. Әуезовтің, С. Мұқановтың, Ә. Тәжібаевтің, А. Жұбановтың, тағы 
басқа  жазушылардың,  ғалымдардың  шығармалары  көз  көрмейтін 
қоймаларға  жіберілді.  70-ші  жылдары,  одан  кейінде де бұл  тәжірибе 
ұмыт  қалмай,  одан  әрі  толыға  түсті.  Қазақ  зиялыларының  ана 
тілінде  жазған  кітаптары  ғана  емес,  орысша  жариялаған  еңбектері 
де  партиялық  қатал  сынға  алынып,  тиісті  «жазасын»  алып  отырды. 
Осы орайда О. Сүлейменовтің, О. Ысмағұловтың, Ғ. Сапарғалиев пен 
М.Дүйсеновтің  тарихи,  антропологиялық,  социологиялық  тақырып- 
тарға жазған еңбектерінің тағдырын еске алсақ та жеткілікті. 1946- 1959 
жылдар аралығында ғана қазақша кітаптардың таралым саны 17 %-ға 
қысқарып кетіпті. 
Республикалық  мерзімді  баспасөз  беттері  мен  архив  құжаттары 
қазақ  мектептерінде  орыс  тілінің  оқытылуы  туралы  материалдарға 
толы болып, қазақ тілінің жайы тасада қала берді, аракідік қазақ тілі 
оқулықтарының  сапасы  ғана  тілге  тиек  етілді.  Осылайша  қазақ  тілі 
отбасы, ошаққасы тіліне айнала бастағандықтан көптеген ата-аналар 
балаларын орысша оқытуға мәжбүр болды. Кеңселерде іс қағаздары 
орыс тілінде жүргізілді. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарында 
сабақ негізінен орыс тілінде оқытылды. 
Қалыптасқан  жағдайды  жартыкеш  шешімдер  өзгерте  алмады. 
Мәселен,  1948  жылы  Қазақстан  Компартиясы  Орталық  Комитеті  іс 
қағаздарын ішінара қазақша жүргізу туралы шешім қабылдап, ауыл 
шаруашылығы,  медициналық,  педагогикалық,  дене  тәрбиесі  арнайы 
орта оқу орындарында оқитын басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету 
үшін оқу жоспарына 300 сағаттан уақыт бөлуді тапсырды. Бірақ осы 
шараны жүзеге асыру үшін Мәскеудегі тиісті министрліктің рұқсаты 
алынатын  болсын,  делінді  шешімде.  Ал  орталық  мелшиген  күйінде 
қала берді. Бұл аздайын 50-ші жылдардың аяғына дейін институттар 
мен  университетке  қабылдау  емтихандары  негізінен  орыс  тілінде 
жүрді.  Қазақ  мектебін  бітіргендер  үшін  бұдан  артық  қиыншылық 
болған жоқ. 1954 жылы Алматыдағы мал дәрігерлік, ауыл шаруашылық, 
медициналық институттарға Гурьев облысындағы қазақ мектептерін 
бітірген 174 талапкер құжат тапсырған екен, орысша білмегендіктен 
олардың 12-сі ғана сынақтан өте алыпты, қалғандары «құлаған» екен. 
Сталиндік  объективті  орыстандырудың  мән-мағынасын  ашқан 
талдаулар бүгінгі Қазақстанда аз емес. Әйткенмен сөзді кешегі аға ұлт 
өкіліне берген жөн тәрізді. Бұл орайда орыстың көрнекті жазушысы 
Сергей  Баруздиннің  тіл  арқылы  орыстандыру  саясаты  туралы  «.  .  . 
бұл  шаралар  ұлттар  мен  халықтардың  қосылу  процесін  тездеткен 
Сталиннің  заманынан  басталды.  Ол  мұны  тіледі  ме,  тілемеді  ме, 
әйтеуір  бұл  жағдай  белгілі  бір  деңгейде  орыстандыруға  әкеп  соқты» 
деп шындықты айтқаны ерлікке пара-пар. 
Сталиннен  басталған  тіл  жөніндегі  «көрегендікті»  ҚСРО-ның 
социалистік құрылыс жылдарындағы тағы бір басшысы Н.С. Хрущев 

ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫҢ
18
«Тіл және қоғам» №3 (41) / 2015
одан  әрі  «шебер»  дамытып,  Белорус  мемлекеттік  университетінде 
сөйлеген  сөзінде:  «Орыс  тілін  неғұрлым  жақсы  білетін  болсақ, 
соғұрлым коммунизмді тезірек орнатамыз» деп ашық үндеу тастады. 
Елбасының «ұлы сөзін» іске асыруға құлшына кіріскендер аз болған 
жоқ, «ізгі мақсатқа» жету жолында ана тілін құрбандыққа шалуға тура 
келді. Сол «жылымық» жылдары Хрущевтің әмірімен кең байтақ қазақ 
даласы  жабайы  өлке  ретінде  танылып,  тың  жерлерді  игеру  жұмысы 
қызу қарқын алды. Мұндай «бүкілхалықтық» істің салмағы жергілікті 
халыққа  соққы  болып  тиді:  барлық  салада  орыс  тілі  үстемдік  етіп, 
қазақ тілінің қолданылу аясы тым тарылып кетті: 1950-1970 жылдары 
аясында  1314  қазақ  мектебінің  жабылуы  осы  тың  игерудің  зардабы. 
Тың  өлкесіндегі  бес  облыста  қазақ  тіліндегі  барлық  облыстық, 
аудандық газеттер жабылып, олардың орнына бір ғана «Тың өлкесі» 
газеті пайда болды. Орыстілділер қазақ газеттерін менсінбейтін мінез 
шығарды.  Бір  мысал  келтіре  кетейік.  1954  жылы  республиканың 
бас  газеті  «Социалистік  Қазақстан»  Солтүстік  Қазақстан  облысына 
қарасты  Соколов  ауданындағы  қысқа  әзірлік  жайы  туралы  сыни 
мақала жариялаған екен. Аупартком хатшысы М. Ташев деген біреу 
сынға оң жауап бермек түгілі аупартком аппаратында қазақша білетін 
қадр  жоқ  деген  резолюциямен  мақаланы  редакцияға  қайтарып 
жіберіпті. 
Қазақ  тілін  шектеу,  іс  жүзінде  табанға  салу  саясаты  жергілікті 
халықты  рухани  күйзеліске  ұшыратты.  Тілдік  орта  әлсірегендіктен 
ұлттың  рухани  тамыры  солып,  ұлттық  салт-дәстүр,  тұрмыс  жоғала 
бастады.  Ол  әкімшілік-аумақтық  реформалармен  де  бекемделді. 
Тың  игеру  кезінде  бұрынғы  ұсақ  колхоздар  ірілендіріліп,  совхозға 
айналды, «болашағы жоқ» деген сылтаумен қазақ ауылдарының іргесі 
қирап, жергілікті тұрғындар жаңа совхоздарға көшірілді, сөйтіп орыс 
тілді ортаға кіріптар болуға тура келді. Қазақтар қалың қоныстанған 
колхоздардың  бұрынғы  орталығы  бригадаға  немесе  бөлімшеге 
айналды.  Жергілікті  халық  балаларын  ана  тілінде  оқыта  алмай, 
амалсыздан орыс кластарына берді. 
Республикада сол жылдары жүргізілген тіл саясатының зардабынан 
қазақ тіліндегі бірнеше басылымдар мүлдем жабылып қалды, олардың 
бірсыпырасы  тәуелсіздік  алған  соң  әрең  дегенде  қалпына  келтірілді. 
Екі  тілде  өз  алдына  бөлек  шығып  келген  облыстық  газеттердің 
редакциялары біріктірілді. Қазақ журналистикасының байырғы өкілі, 
белгілі  қаламгер  Кәкен  Сейілханов  қынжыла  жазғандай:  «Сонау 
он  тоғызыншы  жылдардан  бері  дәстүрлі  тарихы  бар,  тіпті  Ұлы  Отан 
соғысының  қиын-қыстау  жылдарынының  өзінде  дербес  шығып 
келген Семей облыстық «Екпінді» газеті (қазіргі «Семей таңы») 50-ші 
жылдардың аяғынан бастап орыс тілінде шығатын «Иртыш» газетінің 
аудармасына айналды». Мұның өзі қазақ оқырмандарының көпшілік 
бөлігінің  «Иртыш»  газетіне  ойысып  кетуіне  себеп  болды.  Семей 
облысында  жергілікті  халықтың  үлесі  басым  болғанына  қарамастан 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет